Рединг университетінің профессоры, климатолог Мария Шахгеданова талай жылдан бері Іле Алатауындағы мұздықтарды зерттеп келеді. Қазақстан Республикасы География институтының дерегінше, кейінгі 60 жылда климаттың өзгеруі салдарынан Қазақстандағы мұздықтар ауданының шамамен 45 пайызынан айырылды.
Бұл сұхбатымызда біз мұздықтарымызға не болып жатқаны, ауыл шаруашылығын өзгерістерге қалай бейімдеу қажеттігі және мұздықтарды сақтап қалу үшін не істеу керек екені жөнінде Мария Шахгедановамен сөйлестік.
Жалпы алғанда, Қазақстанда табиғи ресурстар зерттелген бе? Зерттеулердің саны мен сапасы қандай?
Қазақстанда дәстүрлі түрде айтарлықтай көп зерттеу жүргізілді. 1990 жылға дейін өте байыпты бақылаулар жасалып, су ресурсына жататын қар жамылғысын бақылайтын көптеген гидробекет пен метеостанциялар жұмыс істеді; мұздықтардың бірқатарын бақылау 1957-58 жылдары басталған. Өкінішке қарай, 1990 жылдары бақылау саны азайып кетті, бірақ қазір жағдай жақсарып келеді. Десек те көп жерде жұмыс жалғасып та жатты – осы тұста жұмысы еш тоқтамаған Іле Алатауындағы Тұйықсу тау обсерваториясын ерекше атап өткім келеді. Жалпы бұл аймақтағы су ресурстары туралы біршама ақпарат жиналған деп айтуға болады. Ағыстың сипаты қалай өзгеретінін, таудан қанша су ағып жатқанын азды-көпті сипаттай аламыз. Бұл жерде мәселе мынада: Орталық Азия мен Қазақстандағы барлық өзеннің ағысы бұзылған, яғни қолмен басқарылады. Сондықтан біз әрдайым «таудан шыққан су ағыны» терминін қолданамыз, яғни табиғи өзгерістердің көрсеткіші болып саналатын биік таудағы ағын, ал жазық жерде не болып жатқанын біршама нашар білеміз. Өйткені ол жақта суды үлкен көлемде тартып алады әрі ағын қолмен қатты өзгертілген. Осы бір адами фактор бағалау жасауға кедергі келтіреді. Біз таудан бастау алатын жердегі жағдайды, табиғи ағынның жағдайы туралы айта аламыз.
Таудан келетін ағын суға қазір не болып жатыр?
Мұздықтар жылдам ери бастағанда, ең әуелі соның салдарынан ағынның көлемі ұлғаяды: біз қазір осы кезеңдеміз. Одан кейін ағын шарықтау шегіне жетіп, сосын азаяды. Оның шарықтау шегі қашан болатыны бізге өте маңызды.
Меніңше, біз қазір ағын судың шамалы деңгейде артқан сәтінде тұрмыз, таудан келетін ағын азайды деп айтуға келмейді, бұл сәтке әлі жете қоймадық. Я табиғи ағынның ұзақ мерзімді тренді байқалмайды, я болмаса ағын көлемі әлі де өсіп жатыр. Ағынның негізгі қорегі қар болған аймақтарда тренд байқалмайды, бірақ мұздықтан көбірек қоректенетін жерлерден трендті байқаймыз. Сондай-ақ, тенденцияның көрініп-көрінбеуі қай жылдан бастап қарастыратыныңызға байланысты екенін ұмытпауымыз керек. Өлшем жұмыстарының көпшілігі қатты қуаңшылық болған 70-жылдары басталған. Сондықтан осы жылдармен байланысын есептегенде, тренд біршама бұзылады, бірақ елуінші жылдардан санай бастасаңыз, мен айтып отырған көрініс ортаға шығады: ағын мұздықтардан қоректенетін аймақтарда ағын судың көлемі өсіп жатыр.
Көктемгі ағынның біршама артқаны байқалады, өйткені көп жерде қар ертерек ери бастайды. Осы тұста болашақта ағын қалай өзгермек деген сұрақ туындайды. Біздің зерттеу тобымыз Жоңғар Алатауынан бастап Іле Алатауына дейінгі Солтүстік Тянь-Шань өзендері туралы мақала жариялады. Болжауымызша, 2030–2040 жылдарға қарай ағын азая бастайды. Мұздықтар мүлде жоқ жерде жазғы ағын азая түспек, яғни ағынның шарықтау шегі көктемге ауысады, ал мұздықты жерлерде олардың үлесі тамыз айында азаймақ. 2030–2040 жылдардан бастап, шілде-тамыз айларының екінші жартысына қарай ағын судың төмендегенін күте берсек болады.
Бір қызығы, ысыну ең қарқынды күйге жеткенде, ағын баяу азаяды, өйткені сол сәтте мұздықтар да қарқынды еріп жатады, бірақ мұның өзі сақталып қалған мұздықтардың көлеміне байланысты. Ағынға қайнаркөз болып отырған мұздықтың ауданы шектік межеден төмендесе, онда ағын да азаяды. Өйткені мұз ағын қалыптастыруға жеткіліксіз болып қалады. Дегенмен мұндай болжамдарды айтқанда, олардың нақты емес екенін түсінгеніміз өте маңызды. Нақты болмау себептерінің ең негізгісі жауын-шашынның өзгеруіне қатысты болып отыр. IPCC-тың (Intergovernmental Panel on Climate Change – Климаттың өзгеруі бойынша үкіметаралық панель) Орталық Азияға арналған бұрынғы есебінде модельдерді талдау қиын болған, өйткені трендтердің бағыт-бағдары бір-біріне сәйкес келмеді. Жауын-шашын болжамындағы белгісіздік өте жоғары болды. IPCC-тің соңғы алтыншы есебінде жағдай біршама өзгерді, енді біз қысқы жауын-шашын мен таудағы жауын-шашын көбейеді деп қарастырып отырмыз. Бұлар температураның көтерілуіне байланысты.
Дегенмен температура жоғарылаған жағдайда атмосфераның ылғалдылығы да артуы ықтимал. Яғни температураның бір градусқа көтерілуі атмосфераның ылғалдылығын 7 пайызға арттыруы мүмкін. Қысқы жауын-шашын мен көбіне теріс температура болатын таулы жерлердегі жауын-шашын мөлшері артады дейтін тұжырым осы жерден келіп шығады. Бұлар жағдайды жеңілдетуі де мүмкін. Бірақ мұндай болжамдардың айқын болмау көрсеткіші өте жоғары. Әзірге спутниктік суреттерден қардың жиналып қалғанын әрі кейінгі он жылда Қазақстанның биік таулы аймақтарында жауын-шашын біршама артқан болуы мүмкін екенін көріп отырмыз. Сосын осы болжамдардың барлығын алып, мұздықтар қалай өзгеретіні туралы үлгіні құрастырасыз. Мұнда да белгісіз тұстар баршылық, өйткені ашық мұздықтармен қатар, беті моренамен (сынып-үгілген тау жыныстары – ред.) жабылған мұздықтар да бар, оларға климаттың өзгеруі түрліше әсер етеді. Осылайша бұл да біраз белгісіздік тудырады. Әрі қарай гидрологиялық үлгі бізге ағын суды есептеп, су ресурстарын бағалап береді. Бұл жерде де, әрине, кейбір ауытқулар болады. Бірақ қайталап айтайын, бұлардың барлығы су жазыққа жеткенге дейін жұмыс істеп, сосын өте күрделі антропогендік (адами – ред.) фактор басталады әрі ол климаттың өзгеруінен гөрі, суды пайдалану мәселесіне көбірек жақын.
Сондай-ақ су ресурстары бірнеше құрамдас бөліктен тұратынын атап өткен жөн болар, яғни жауын-шашын, бірден ағып кететін сұйық жауын-шашын – яғни жаңбыр, қатты жауын-шашын – маусымдық қар жамылғысы бар. Міне, [осылардың ішінде қатты жауын-шашын] климаттың өзгеруінен өте жылдам реакцияға түседі, яғни бұл жылдам реакция білдіру жүйесі болып саналады. Реакцияны біраз кешірек білдіретін мұздықтар бар, яғни мұздықтың климат өзгеруіне жауап қайтару мерзімі оның көлеміне байланысты әрі ол бірнеше жылдан бастап, ондаған жылға дейін созылуы мүмкін. Бұл – орташа жауап беру жүйесі. Сонымен қатар, жерасты мұзы бар, оларға мұздықтардың астына көмілген мұздарды, тас глетчерлерінің арасындағы мұздықтарды жатқызуға болады. Бұлар – Тянь-Шань тауларындағы мәңгі тоң. Осы компонент климаттың өзгеруіне баяу жауап қайтарады. Одан бөлек, жерасты сулары да бар. Міне, осы үш компонент: қар, мұз және жерасты мұзы қосылып, климат өзгеруінің су ресурстарына әсерін біршама басып, процесті соза түседі. Әрине, "бұл жүйелердің әрқайсының үлесі қандай?" деген сұрақ жауапсыз қалып отыр. Негізгісі – қар, екінші кезекте – мұз, содан кейін жаздың аяғында және күздің басында ағынды ұстап тұратын жер астындағы мұздар.
Жерасты сулары мен мұздықтары туралы не білеміз?
Бізде таудағы жерасты сулары туралы деректер жоқтың қасы. Мұздық ағыны жерасты суларын қалай қоректендіреді деген мәселе де өте қызық. Ал бұған болашақта не болуы мүмкін? Яғни, мен сізге сұрақтарды айтып бере аламын, бірақ жерасты суларына түсініктеме бергім келмейді, себебі мен гидрогеолог емеспін.
Суды көп алып, оны ұтымсыз пайдаланады
Қазақстанның кейбір өңірінде қазірдің өзінде су тапшылығы бар. Бұл климаттың өзгеруінен болып отыр ма, әлде суды ұтымсыз пайдаланудың салдары ма?
Бұл ұтымды пайдаланбау мәселесі. Өйткені жоғарыда айтып өткенімдей, егер ағынның, су көлемінің өзгеру трендін қарастырамын десеңіз, суды алғанға дейінгіні, яғни бөгет пен су қоймалары басталатын сәтке дейінгіні қарауыңыз керек. Ал әзірге біз ол жақтан айтарлықтай өзгеріс байқамадық не болмаса көп жерде өсу байқалады. Бұл қардың ертерек және қарқынды еруі есебінен көктемгі ағынның артуы болуы мүмкін. Бірақ содан соң адамның әсері басталады, осы тұста Қазақстандағы суару жүйесі ескіргенін айта кету керек. Негізінен каналдар арқылы суарылады – су ағып, егіс алқаптарына құйылады. Әрине, климаттың өзгеруі мен суды пайдалану тұрғысынан бұл өте қисынсыз жүйе. Өйткені өсімдіктер судың бір бөлігін ғана алып, бір бөлігі топыраққа сіңіп, тағы бір бөлігі буланып кетеді. Бұл дегеніміз – суды тектен текке жоғалту. Соның салдарынан су тапшылығы туындайды, өйткені суды көп алып, оны ұтымсыз пайдаланады. Көп жағдайда суару жүйелерінің жағдайы өте аянышты.
Бірнеше жыл бұрын шаруалармен кездескен едік, сонда көбі климаттың өзгеруіне байланысты су тапшылығын айтты. Зерттеу жұмысымыздың нәтижесін көрсеткенімізде, олар әкімшілікке барып, «бізді неге алдап жүрсіңдер, ғалымдар су көп деп отыр», – деп, салмақты талаптар қоя бастады. Артынша қызу пікірталас басталды. Әкімдіктегілер «суға қашан ақша төледіңіздер, суару жүйелерін қашан жөндеп, күтіп ұстадыңыздар?» – деп айта бастады. Суды егістікке жайдан-жай ағыза салады, бұл өте қисынсыз. Суды қажет кезде ғана беретін немесе өсімдіктің тамырына тікелей жеткізетін тамшылатып яки жаңбыр түрінде суару жүйесіне ауысуымыз керек, бірақ бұл қымбат. Мысалы, менің Сәуле Сүлейменова және Бақтыбек Дүйісбек деген екі PhD докторантым бар, екеуі де «Болашақ» қорының қаржысына Ұлыбританияда білім алған. Олар климат өзгеруінің жүгері мен соя өнімділігіне әсері мен оларды өсіру кезінде суды пайдалану мәселелерін зерттейді, сонымен қатар, Сәуле Қазақ Егіншілік және өсімдік шаруашылығы институтымен соя бойынша бірлескен жұмыс жүргізген.
Фермерлер суды өзіне оңтайлы кезде емес, оны берген кезде алады, ал модельдер судың қисынсыз әрі көбіне артығымен жұмсалатынын көрсетеді. Егістікке суды аз мөлшерде, аз уақыт аралығымен беру жақсырақ болатын сияқты, сонда ол азырақ буланады, ал өсімдіктер өзіне қажет нәрсені алады. Бұл тағы да ұйымдастыру мәселесі, яғни климат мәселесі емес. Фермер әкімшілікпен келісімге келе ала ма, әкімшілік қажет кезде диқанды сумен қамтамасыз ете ала ма? Бұл сұраққа көп жағдайда «жоқ, болмайды» деген жауап беріледі. Біз жүгері бойынша Алексей Горбатюктің жеке шаруа қожалығымен жұмыс істедік. Оның жүгері егістігі бар, «иә, осы бір ескірген әрі тиімсіз суарудан құтылып, заманауи жүйелерге ауысқым келеді, бірақ оған көп ақшам жоқ», – дейді ол. Айтпақшы, өсімдік шаруашылығы институты суару жүйелерінің түр-түрін сынақтан өткізіп жатыр, әрине, заманауи тамшылату және жаңбырлату жүйелері тиімдірек екені анық. Бірақ қайтадан барлығы сіздің егіс алқабыңыз суару каналының қай жерінде орналасқанына байланысты болып шығады, егер басында болсаңыз, онда сіз бақыттысыз, ал аяқ жақта болсаңыз, онда жолыңыздың болмағаны.
Қара көміртек шығарындыларын тоқтатуымыз керек
Қырғызстанда мұздықтар тез еріп жатқаны туралы ақпаратты көруге болады, бұл қаншалықты рас? Бұған бірдеңе жасауға бола ма?
Тәжікстан 2025 жылды мұздықтарды халықаралық қорғау жылы деп жариялау туралы бастама көтерді. Өте керемет идея, бірақ оны жүзеге асыру қиын. Мұздықтарды қорғау дегеніміз нені білдіреді? Не істемексіз? Сіз жасай алатын жалғыз нәрсе – парниктік газ шығарындыларын азайту және климаттың ысынуын баяулату. Бірақ көміртектің атмосферада болу уақыты шамамен 100 жыл. Яғни барлық шығарындыны қазір-ақ толық тоқтатсаңыз да, осыған дейін шығарылған көміртек жүздеген жыл бойы атмосферада қалып, климатты ысытуын жалғастыра береді. Демек, мұздықтарды қорғау – нақты әрекеттен гөрі ұранға көбірек келеді. Шынымен жасауға болатын жалғыз-ақ нәрсе – қара көміртек, яғни күйе мұздықтарға түспес үшін олардың шығарындыларын тоқтату. Бір кездері мұздықтардың ластануы бойынша зерттеу жүргізілген, оны қайта қолға алғымыз келеді. Біз мұздықтарға түсетін шаңды, аэрозольдың кез келген түрін ұстайтын құрылғылар орнатып, онда не бар екенін көргіміз келеді. Көмір – мұздықтардың қас жауы. Көмір қара түсті болғандықтан, мұздықтардың бетіне түскенде күн сәулесінің шағылысуын азайтып, мұздықтар тез еріп кетеді. Мысалы, Гималайдағы мұздықтар осыдан қатты зардап шегіп келеді. Көмір бар жерде ешқандай жақсылық күте алмаймыз.
Бірақ бұл екінші фактор. Мұздықтар температураның көтерілуіне байланысты еріп жатыр әрі 70–80 жылдары ұзақ уақыт бойы құрғақ кезең болып, Орталық Азиядағы мұздықтардың балансына қатты әсер етті. Қазір жауын-шашын мөлшері аздап көбейіп, жағдай жақсарды. Мұздықтар орналасқан биіктігіне қарай ериді. Осылайша, төмен биіктікте орналасқан мұздықтар жоғары биіктіктегі мұздықтарға қарағанда тезірек ериді. Сонымен қатар, оның қандай мұздық екені де маңызды. Тілі күнге ашық тау аңғарындағы мұздық, айталық, жан-жағынан қоршалған, тостағандағыдай кертпеш мұздыққа қарағанда тез ериді. Сыртқы беткейлердегі, яғни Іле Алатауындағы мұздықтар, Өзбекстанның мұздықтары ішкі Тянь-Шаньда орналасқан биіктегі мұздықтарға қарағанда тез еріп жатыр.
Көктемгі ағын суды қалай жинап, сақтаймыз дегенді ойлауымыз керек.
Сіздің болжамдарыңыз 2040 жылға қарай экономикамыз, суды тұтынуымыз айтарлықтай өзгеретінін көрсете ме?
Біріншіден, өте үлкен белгісіздік факторын атап өткім келеді. Екіншіден, біздің модельдеріміз ағынның төмендеуі жаздың екінші жартысында ағынның мұздық құрамдас бөлігінің азаюына байланысты болатынын көрсетеді. Ал қар құрамдас бөлігі қалады. Мәселе ағынның қашан болатынында. Ол ертерек болуы әбден мүмкін, яғни жауын-шашынның шарықтау шегі жазықтарда – сәуір-мамыр айларында, мамыр мен маусымның бірінші жартысында – еріген қардың ағыны, ал шілде-тамызда – мұздықтың ағыны. Яғни шілде-тамыз айларында мұздықтардың ағыны азаймақ. Бұл қайта бөлу мәселесі, өйткені мұздық суды өздігінен өндірмейді, оны жауын-шашыннан алып, сақтайды. Яғни кез келген мұздықты қатқан су қоймасы ретінде елестетуге болады. Ал жалпы, шілде-тамыз айларының аяғында ағын судың азаюына алаңдайтын болсақ, көктемгі ағын суды қалай жинап, қалай сақтаймыз дегенді ойлауымыз керек. Батыс елдерінің тәжірибесіне көз жүгіртсеңіз, оларда мұздықтарды шағын су қоймаларымен алмастыратын жүйелер жақсы дамыған. Яғни сіз Швейцариядағы кез келген су электр станциясына барсаңыз, «қазір біз осы мұздықтардан су алып жатырмыз, олар ериді деп болжадық, мұздықтардың орнына мұнда және мұнда су қоймалары салынады, осы жерге қар суы жиналып, жаз бойы қайта бөлінеді», – деп, плакатта жазылып тұрады. Бұл ағынға негізделген бейімделу жүйесі, бірақ бұдан басқалары да бар.
Осыған сүйене отырып, сіз вегетациялық кезеңі ертерек аяқталатын, ерте пісетін сұрыптарды пайдалана аласыз. Бұлай жасауға әбден болады, өйткені мұндай сорттар бар. Дегенмен температура тағы көтеріліп, бәрі тез өсетін болып барады, сондықтан дақылды суару керек кезеңді қысқартуға болады.
Бұл бейімделу бағдарламасы деп аталады. Кез келген мемлекетте, соның ішінде Қазақстанда да климаттың өзгеруіне бейімделу стратегиясы бар. Менің айтып отырғаным стратегия емес, қазірдің өзінде тактика болып отыр. Болашақ жұмыстың көп бөлігі осында болуы керек деп ойлаймын. Өйткені бір қызығы, барлық табиғи өзгерісті есептеу әлеуметтік және экономикалық жүйелердің қалай реакция білдіретінінен гөрі әлдеқайда оңай. Сонымен қатар мынаны да айта кетейін, Орталық Азияда сараптама тұрғысынан сауатты адамдар, жақсы математиктер, гляциологтар, гидрологтар бар, ал бірақ сіздерде әлеуметтік-экономикалық мәселелермен айналысатын мамандар өте аз. Олар өте қажет, олардың бейімделу саласына қатысты жұмысы ынталандырылуға тиіс.
Климаттың өзгеруі кезіндегі шу
Ғалымдардың кейбірі қазіргі сәтте ысыну шарықтау шегіне жеткенін, бұдан әрі қайта салқындай бастайтыны туралы пікірлер айтып жатады. Мұндай көзқарасқа қалай қарайсыз?
Менің ойымша, біз не туралы айтып жатқанымызды анықтап алуымыз керек. Климаттың барлық табиғи өзгерісі циклдік, яғни қайталанып отырады. Бізге бірнеше негізгі мәселені ажыратып алу қажет. Климаттың өзгеруі деген ұғым бар, ол ұзақ уақыт бойы жүреді, яғни бұл тұста ондаған, жүздеген жыл туралы айтып отырмыз. Өзгеруге үнемі мәжбүрлейтін қандай да бір күш болады, оны forcing деп атаймыз, мысалы, күн радиациясының артуы немесе атмосферадағы парниктік газдардың көбеюі. Сонымен бірге, климаттың өзгергіштігі деген ұғым бар. Климаттың өзгергіштігі – толығымен табиғи процесс және мұнда біз көбіне декадалық, шамамен он жылдық климаттық ауытқулар туралы айтамыз. Айталық, 70-жылдар – ыстық, ал кейбір онжылдықтар суық болды. Бұл жай ғана циклдік нәрсе, климаттың өзгеруімен бірге көтеріліп жатқан шу. Сондықтан біреуін екіншісінен ажырата білуіміз керек. Иә, климаттың ысынуына қарамастан табиғи өзгергіштікке байланысты біршама салқын кезеңдер де болуы мүмкін.
Ал климаттың өзгеруі бұдан былай өзгергіштік емес, ол – нағыз өзгеру. Климаттың өзгеруі үнемі біркелкі емес, оның жылдамдығы артып немесе баяулайтын кезеңдер болады. Бірақ климаттың антропогендік өзгеруіндегі жалпы тренд – ысыну үрдісі дер едім. Тағы бір нәрсе – климат табиғи түрде де өзгереді және сәл салқындауға алып баратын өте ұзақ мерзімді, мыңжылдық үрдістер де бар, бірақ бұл мүлдем басқа уақыт шкаласы. Сондықтан мен айтаққа ермес едім. Мен посткеңестік кеңістікте, оның ішінде Қазақстанда, оның ішінде аға буын өкілдері климаттың өзгеруіне қатысты мәселелердің бәріне сенуге аса бейім емес деп айтар едім. Дегенмен бұл сенім емес, білім мәселесі. Кейде олардың мынадай пікіріне кезігесің: қарашы, мұздықтар шегініп жатыр, мәңгілік мұздар еріп жатыр, бірақ климаттың өзгеруі жүріп жатқан жоқ. Олар мұны сізге сіңіруге тырысқанда, өте мұқият болыңыз. Табиғи өзгергіштіктің шуы бар, сонымен қатар, біз жылынуды бағалағанда, қаншалықты жылынып жатқанын, климаттық сигналды ғана емес, сондай-ақ өзгергіштікті бағалаймыз. Біздің міндетіміз көбінесе өзгеруді өзгергіштікпен салыстыру. Орта ендіктерде (Қазақстан да соларға жатады) өте үлкен өзгеру бар, дегенмен өзгергіштік те өте жоғары. Өзгергіштік өзгеруді жасырып қалады, бірақ мен өзімді алдамас едім.
Алматы қаласы мен Алматы облысындағы климаттың өзгеруін зерттедіңіз бе?
Иә, біз бұл өзгерістерді зерттедік. Әрине, қыста және ауыспалы маусымда температураның көтерілу үрдісі бар, ал жазда аздап көтерілу қарқыны азырақ. Бұл жағдайда сіз қандай деректерді пайдаланатыныңызға өте мұқият болуыңыз керек, өйткені станциялардың көбі қалада орналасқан әрі ондағы жылу аралы станциялардың жұмысына қатты әсер етеді. Егер қалалық станциялардың көрсеткіштерін есепке алмасақ, онда иә, біз қыс мезгілінде температураның көбірек жоғарылап, жазғы маусымда азырақ көтерілгенін көреміз.
Суық мезгілде температура жылы мезгілге қарағанда жоғарырақ, тезірек және күштірек көтеріледі, бірақ, көріп тұрсыз, бұл үрдіс туралы сөйлескенде, сіз қайтадан нақты не туралы айтып жатқаныңызды ажыратып алуыңыз керек. Мен студенттерге жиі мынадай сұрақ қоямын: «Сіздер ауа температурасы екі градусқа жоғары болады дейсіздер. Екі градусқа жоғары болады дегенде, бұған нені қосасыз, оны қалай түсінесіз, бұл күн сайын екі градус жылы болады дегенді білдіре ме? Әлде жалпы орташа температураның екі градусқа көтерілуіне апарып соғатын төтенше оқиғалар көбірек бола ма?» Демек, экстремал құбылыстардың, яғни өте жоғары температураның көрінісі де, саны да көбейіп барады екен. Бұл өте жағымсыз құбылыс. Иә, экстремал оқиғалардың саны арта береді.
Жауын-шашын көктемде көп болып, ал жазда жауын-шашын іс жүзінде жоғалып, Ауғанстандағыдай болады дейтін жауынға қатысты болжам бар. Сіздің болжамдарыңыз қандай?
Орталық Азияда жауын-шашынның ең жоғары мөлшері әрқашан көктемде болады. Оңтүстік аймақтарда — наурыз-сәуір айларының соңы, солтүстік аймақтарда, соның ішінде Қазақстанда, жазықтарда — сәуір-мамыр-маусым айының басы. Таулы жерлерде, биік таулы жерлерде — маусым-шілде айларында. Қазіргі климаттық болжамға сәйкес, суық кезеңдегі қысқы жауын-шашын көбейеді, ал биік таулы аймақтарды есептемегенде, жазда азаяды. Бірақ мен бұл болжамдардағы белгісіздік өте жоғары екенін баса айтамын. Жауын-шашыннан бөлек булану да бар. Бізді қызықтыратыны, жауын-шашыннан булануды алып тастағанда ненің қалатыны. Температура көтерілетіндіктен, булану да артады, сол себепті негізінен, әрине, болжам көңіл көншітпейді, бірақ бұл апатты да емес. Жазда жауын-шашын мөлшері өзгермесе немесе аздап азайып, булану айтарлықтай көбейсе, иә, ылғал аз болмақ. Практикалық тұрғыдан бізді көктемгі жауын-шашыннан немесе ертерек ери бастайтын қар жамылғысынан болатын топырақтағы ылғал қоры қызықтырады. Температураның көтерілуіне байланысты булану күшейсе, топырақ тезірек кебеді. Әзірше ешқандай апатты болжамдарды көріп тұрғаным жоқ. Алматының климаты Ауғанстандағыдай болады деу артықтау деп білемін, бірақ бұлай ойлауға негіз де бар. Шөлденуге келетін болсақ, Қазақстанда бұл ылғалға, жауын-шашынға байланысты, ол да циклді түрде жүреді, бірақ шөлденуде өте күшті антропогендік фактор бар. Арал теңізі осындай шөлденудің жарқын мысалы бола алады. Сосын, әрине, суарылып, кейін тастап кеткен игерілген жерлер шаңды дауылдың көзіне айналады. Тағы бір өте жағымсыз фактор — дала өрттері, яғни жоғары температура кезінде өрттің тұтану ықтималдығы артып әрі шөп жанып кеткен соң жалаңаш жер ғана қалады. Бұл Қазақстандағы шөлдену мен шаңды дауылдың негізгі көзі болып саналады.
Поддержите журналистику, которой доверяют.