6293
12 января 2024
Бейімбет Молдағали, Астана, фотосурет Жанар Кәрімованыкі

Кіші Талдыкөл: «Автотұрағы бар жабайы парк»

Астана көлдерінің жай-күйі туралы

Кіші Талдыкөл: «Автотұрағы бар жабайы парк»

Кіші Талдыкөлдің аумағы 2010 жылдардан бастап игеріле бастады, әсіресе 2020 жылдан бері қарай айрықша озбырлықпен игеріліп жатыр. Төрт жыл бойы қоғам қала ішіндегі көлдің жойылуына қарсы күресумен келеді. Былтыр шілде айында Жоғарғы сот Астана әкімдігінің әрекетсіздігін заңсыз деп танып, министрліктердің комитеттеріне қатысты жеке ұйғарым шығарды. Осыған қарамастан сот құрылыс салушылардың және көлдің орнына салынатын болашақ үй тұрғындарының құқығын қорғауды ұйғарды.

Көл аумағы қалай өзгергенін және Астана әкімдігінің оларға қатысты жоспары қандай екенін баяндаймыз.

Былтыр 21 шілдеде Кіші Талдыкөл туралы іс бойынша алғашқы сот отырысына 30 шақты адам келгенде: «Бұрын осынша адам жиналғанын көрмеппін», – деді Жоғарғы сот қызметкерлерінің бірі. Әкімдік, министрліктер, құрылыс салушылар, зерттеушілер мен талап етуші «Aqiqat” корпоративтік заңгерлер коалициясы» ҚБ өкілдерін тыңдауға сотқа үш отырыс қажет болды. Қоғамдық бірлестік бүкіл Кіші Талдыкөл аумағына су қорғау аймақтары мен жолақтарын орнатуды сұрады.

Көл аумағы 2010 жылдардан бері белсенді түрде игеріліп келеді. Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясының (ҚБСА) маманы және SOS.Taldykol ҚБ мүшесі Руслан Уразалиев 2012 жылдан бері Үлкен Талдыкөлді қоса алғанда Талдыкөл көлдер тобын сақтау тұжырымдамасын ұсынып келе жатқанын айтты. Алайда, сол кезден бері көлдер аумағы қатты өзгерді, мұны спутник түсірілімінен көруге болады. Белсенді құрылыстың кесірінен бұрынғы біртұтас көлдер жүйесі енді учаскелерге бөлініп қалған. Толығымен көміліп тасталған бесінші учаскеге (Сығанақ пен Роза Бағланова көшелерінің арасы) рекреациялық экопарк салу жоспарланып отыр, ал жетінші учаскеге су қорғау аймағы мен жолақтар орнатылуға тиіс. Учаскелердің шартты нөмірлерін слайдтардың бірінен көре аласыздар.

2023 жылғы 21 шілдеде сот бірнеше жылға созылған сот ісіне нүкте қойды және 2022 жылғы 2 желтоқсандағы апелляциялық сот қаулысын күшінде қалдырды. Сот Кіші Талдыкөл көлдер тобына су қорғау аймақтары мен жолақтарын орнатпаған әкімдіктің әрекетсіздігін заңсыз деп танып, қала билігін үш ай мерзімде №7 учаскеге ғана орнатуға міндеттеді, өйткені басқа аумақта «су қабаты жойылып біткен».

Сонымен қатар сот әкімдіктің Кіші Талдыкөл аумағын су қоры бар жер санатынан елді мекен жері санатына ауыстыру туралы қаулысының күшін жойды.

«Сот эпопеясы белсенділер мен заңгерлер айтқандай әкімдіктікі қате екенін растап берді, бірақ біраз учаскеге бизнес ақша құйғандықтан, кейбір жерге үйлер салынып, кей жерге салымшылардың ақшасы тартылғандықтан, сот әкімдік пен құрылыс салушылар жағына шықты», – деп түсіндірді заңгер, ҚБ өкілі Шыңғыс Темір.

Оның айтуынша, әкімдікке сенім артқан бизнес қаржылай шығынға ұшырамас үшін сот алғашында көлдің үш, кейін тек бір учаскесін қалдыруға шешім қабылдады. Заңгер мен экобелсенділер мұны қисынсыз деп санайды. Сот алқасы бұл шешімді тұрғын үйлердің тұрғыны болып отырған немесе болуды жоспарлаған азаматтардың мүддесін және қаланы, соның ішінде әлеуметтік инфрақұрылымды қорғау деп түсіндірді.

Экопарк қандай болады?

Аумақта әлеуметтік инфрақұрылым көп емес, бұл жерде негізінен тұрғын үй кешендері орналасқан. Мұнда бұрын көл болғанын тұрғын үй кешендерінің бірінің City Lake деген атауынан түсінуге болады, ол қазақша «қаладағы көл» деген мағына береді. 2022 жылы наурызда көлдің орнына құрылыс салуға қарсы акция кезінде осы тұрғын үй кешенінің бір тұрғыны пәтер сатып алған кезде әкімдік көл аумағын жақсартып, ол жерге серуендеу аймақтары мен веложол салуға, яхт-клуб ұйымдастыруға уәде бергенін айтты.

Бесінші учаскеде Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының бауырлары құрылтайшы болып келетін Sat-NS компаниясының Respublica тұрғын үй орамы орналасқан. Компания сайтында сатып алушыларға «Кіші Талдыкөл базасындағы Астананың табиғи экопаркімен көрші боласыздар» деп уәде берілген.

Орамға қарсы бетте жаңа Ecopark тұрғын үй кешені салынып жатыр, атауы әкімдіктің көлдің бесінші учаскесіне экопарк салу жоспарынан хабар береді. Учаскені толықтай тегістеп тастағаннан кейін бұл жерде қауырт жұмыс басталды – жүк көліктері мен экскаваторлар жаз бойы бір тынбады.

4 желтоқсанда Астана әкімі Жеңіс Қасымбекпен кездесуде Sos.Taldykol және Menin Elim Dala қоғамдық бірлестіктерінің белсенділері бекітілген жұмыс жобаларынсыз жұмыс істеу заңсыз екенін жеткізді. Белсенділердің айтуынша, кездесуде әкімдік экопарк жобасы жоқ деп экопарк құрылысын тоқтатуға тапсырма берген. Сонымен қатар әкім «жобасы болмағандықтан» жуырдағы бір-екі жылда экопарк салуға қажеттілік жоқ екенін айтқан. Құрылыс салушы жұмысты уақытша тоқтату орындау мерзіміне әсер етеді деп қарсылық білдірді.

Сондай-ақ кездесуде экопарктің бағасы 5,3 млрд теңге екені айтылды. 2022 жылғы ақпанда әкімдік экопаркті қаржыландыруға 1 млрд теңге бөлінді деп хабарлады. Астананың қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы «Власть» сауалына берген жауабында экопарк құны туралы сұрақты елеусіз қалдырды.

Әйтсе де, 22 желтоқсанда орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте әкім Жеңіс Қасымбек журналистердің сұрағына жауап берген уақытта экопарк құрылысы бойынша жұмыстың уақытша тоқтағаны туралы ештеңе айтқан жоқ.

«Үш учаске бойынша жұмысты жалғастырамыз. Сіз айтқандай, бесінші учаскеде рекреациялық парк салынады. Құрылысты келесі жылы бастаймыз», – деді Ж.Қасымбек.

Экопарк қашан пайдалануға беріледі деген сұраққа әкім «бұл бір-екі жыл салынатын нәрсе» деп жауап берді.

Суды қалай қайтаруға болады?

Қоршаған ортаны қорғау басқармасы «Власть» сауалына берген жауабында бесінші учаскедегі жұмыстар Рекреациялық аймақтың немесе экопарктің құрылысымен байланысты екенін растады. Жобада су түбін тереңдету жұмыстары қарастырылған, бұл «суды түбіндегі, балшық және басқа да зиян шөгінділерден тазартуға мүмкіндік береді». Басқарманың ақпараты бойынша, бұл, сондай-ақ, орташа тереңдікті көбейтеді және су балансын сақтайды.

Басқарма маманы Қыдыр Жиенәлінің айтуынша, жобада «негізінен көгалдандыру мен суды қалпына келтіру қарастырылған».

«Суды қалпына келтіру керек. Жабайы парк сияқты болады, бірақ ішінде веложолдар, кеспе тастан жаяу жолдар, автотұрақтар, көпірлер мен шағын архитектуралық пішіндер – балалар алағы мен спорт алаңдары болады», – дейді Жиенәлі.

Оның айтуынша, учаскедегі су «территорияға құрылыс салынғандықтан жоғалып кетті, бұдан жерасты суының жолдары жабылып қалды». Суды қайтару үшін учаскенің түрлі бөліктеріне «су пайда болғанша 9-7 шағын тоған қазып тастау» жоспарланған, сосын осы тоғандардан шыққан су бүкіл учаскені толтыруға тиіс. Жиенәлі жобада тоғандарға арналған орын таңдалды, олардың бәрінде зерттеу жұмыстары жүргізілді және сарапшылардан тұжырым алынды дейді. Бірақ маман жұмыс атқару алдында топырақ пен жерге қандай ғылыми зерттеу және талдау жүргізілгенін нақтылаған жоқ.

Әкім жобаны тоқтата тұруды тапсырғанын нақтылап қойған сұрақтан кейін ғана есіне алды.

Қазір №5 учаскенің түрі осындай. Қазылған учаске мен толқынға ұқсас, қар басқан үйінділер жатыр. Қаланың осы ауданында құрылыс крандарының өте көп болуы – қала экономикасының «негізгі драйвері» құрылыс екенінің тағы бір дәлелі. Учаскенің шығыс жақ бөлігінде техника шашырай орналасқан. Бұның бәрі апокалипсис секілді көрінеді, тек торғайлар ғана көлдің осы учаскесінде бұрын тіршілік болғанын еске салады.

2021 жылы №5 учаске осындай болған

Қорғалмаған көлдер

Әкім брифинг кезінде келесі жылы №7 және №9 учаскелерді «абаттандыру және көгалдандыру» жұмысы басталатынын хабарлады. Суы көбірек сақталған жетінші учаскеде сот шешімімен 2022 жылы да, 2023 жылы да үш ай мерзімде су қорғау аймақтары мен жолақтары орналасуы керек еді. Бірақ бірінші шешімнен кейін жыл өткен соң және екінші шешімнен кейін бес айдан кейін су қорғау аймақтары мен жолақтары орнатылған жоқ. Әкім аймақтар мен жолақтар орнатудың кешігуі туралы сұраққа жауап берген жоқ. Ол тек су қорғау аймақтары мен жолақтарын орнату жобасы дайын екенін және әділет министрлігінің мақұлдауын күтіп жатқанын жеткізді және жыл соңына дейін әкімдік сайтында жарияланады деп уәде етті.

№7 мен №9 учаскелерді жақында ашылған Шыңғыс Айтматов көшесінің жалғасымен қосылған Ұлы дала көшесінің жалғасы бөліп тастады. Осы көшелер қиылысатын жаққа қарай элиталық Ellington Hills коттедждер мен таунхаустар салынып жатқанын байқауға болады. Аттас компания жанында көл, абаттандырылған жағалау мен аквапаркі бар ойын-сауық және сауда орталығы болады деп уәде береді.

Бұл «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының территориясындағы туристік ауданның бір бөлігі болады. Премьер-министрдің баспасөз қызметі таратқан ақпарат бойынша, инвесторы – Біріккен Араб Әмірлігінің Ellington Properties Development LLC компаниясы. Жоба құны 1 трлн теңгеден асады, ал жалпы көлемі 333 га болады.

Былтыр Ellington Group KAZ және Ellington City Tourism Ltd жекеменшік компаниялары №6 көл учаскесінде су қорғау аймақтары мен жолақтарын орнату шешімінің күшін жоюды сұрады. Екі компания да «Астана» Халықаралық қаржы орталығының алаңында елордада туристік аудан жобасын іске асыру үшін 175 млрд теңгеден (Ellington Group KAZ) және 538 млрд теңгеден (Ellington City Tourism Ltd) асатын жалпы инвестициялау сомасымен құрылған. Сол кезде апелляциялық сот Астана әкімдігін осы учаскеде су қорғау аймақтары мен жолақтарын орнатуға міндеттейтін сот шешімінің күшін жойды. Учаске қазір жартылай көмілген.

Жабық тыңдау

Руслан Уразалиев ҚБСА төрт әкіммен белсенді жұмыс істеп, ол жерге алғашқы қалалық табиғи парк құруды ұсынды дейді. Бірақ бәрі қаланың бұрынғы әкімі Алтай Көлгінов кезінде өзгерді, сол тұста көл көміле бастады.

«Әлеуеті үлкен еді, бірақ әлі күнге дейін табиғи экожүйені дамыту үшін ең оңтайлы идея осы екенінен үміт үзбейміз. Ол жердің бәрін игеріп, құрылыс салып тастамай, оны мейлінше қала ортасымен ықпалдастыру керек», – дейді Уразалиев.

Руслан Уразалиев

Қалалықтардың белсенділігіне қарамастан, олардың «экопаркты» жобалауға қатысуы шектеулі болып қалып отыр. Қоршаған ортаны қорғау басқармасы экопаркті жобалау бойынша қандай қоғамдық талқылау өткізілгені туралы сұраққа жауап берген жоқ. Уразалиев қоғамдық тыңдау тек жобаның алдыңғы нұсқасына ғана өткізілгенін айтты.

«Қоғамдық тыңдау қоғамның қатысуынсыз мейілінше құпия өткізілді. Бізге хабарландыру Есіл ауданы әкімдігінің хабарландыру тақтасына ілінді деп айтты, яғни сол жерге келіп, қарау керек екен, ешкім оқымайтын бір газеттерден, экопорталдан оқу керек екен. Бұл үшеуін де көп қаралады дей алмаймын. Егер нені қайдан іздеу керегін білмесеңіз, хабарландыруды таба алмайсыз», – дейді Уразалиев.

SOS.Taldykol қоғамдық бірлестігі Экологиялық кодекс аясында көлдерді сақтау жолында күресті жалғастырып, жобаларға әлеуметтік-экологиялық сараптама жүргізуді бастауды жоспарлап отыр. Қала тұрғындарын ақпараттандыру да жұмыстың маңызды бөлігі болмақ.

Читайте этот материал на русском.