4112
31 января 2024
Власть редакциясы, иллюстрация Данияр Мүсіровтікі.

Автократтарға арналған тарих сабағы

Қазақстан халықты қайтадан тәуелсіз ақпараттан алшақтатын заңнаманы қабылдауға дайындалып жатыр

Автократтарға арналған тарих сабағы

Қазақстандық депутаттар заңнамаға «Азаттық» радиосының қызметіне тыйым салуға алып келуі мүмкін түзетулер енгізуді ұсынып отыр. Сыртқы істер министрлігі “Азаттықтың” 36 журналисін аккредиттеуден бас тартқанын есепке алсақ, мұны кездейсоқтық деп айтуға келмес.

Парламентшілердің масс-медиа туралы заңнаманы өзгертуге деген талпынысын авторлардың бірі «нарықты реттеу» деп түсіндіреді, осылайша ол түзетулер тікелей «Азаттыққа» бағытталды деген ойды жоққа шығарғысы келеді.

«Біз белгілі бір басылымға бағыттап заң жазбаймыз», – деп түсіндірді депутат Шаталов «Азаттыққа».

Депутат хабардар емес шығар, әйтсе де, Қазақстанда бұған дейін «белгілі бір басылымға бағытталып» жазылған заңдар болған. 2000 жылдардың басында әйгілі болған «Республика» газетінің иесі және бас редакторы Ирина Петрушованың жұмысын жалғастыруға мүмкіндігі болмасын деген мақсатта БАҚ туралы заңды өзгерткен.

Петрушова Ресей азаматы еді, ал БАҚ туралы заңға қазақстандық басылымдардың бас редакторы Қазақстан азаматы ғана бола алады деген норма енгізілді. Тағы бір түзету бойынша, шетел азаматы масс-медианың 20 пайызына ғана иелік ете алатын болды. Сол кезде билік өкілдері мысал ретінде «Республиканы» нұсқап, заңды өзгерту қажет екенін алға тартқан. Әйтсе де, ол кезде шын мәнінде не болып жатқаны айтпаса да түсінікті еді. Қазір де солай.

«Республиканы» жабуға сот кірісті, редакцияны ойрандады, тиражға тыйым салды, жаңасын басып шығарудан бас тартты, басылым директорын қамауда ұстады.

Он жыл өтті, «Республика» қазір газет емес, бірақ жұмысын жалғастырып жатыр. Ал Қазақстанда зерттейтін, сараптама жасайтын, репортаж жариялайтын және проблемаларды көтеретін басқа басылымдар пайда болды.

Журналистің жұмысы сол – проблемалар туралы жазу. Билікті жақсы көру не мақтау емес, наразылық акциясы өтпей жатқандай, белсенділерді ұстап жатпағандай кейіп таныту емес. Егер бәрін керісінше істер болса, ол журналистика емес, пропаганда болар еді. Ақырында депутат болудың да ауылы алыс емес.

«Азаттықтың» құндылығы да сол – олар оқиғаны шынайы көрсетеді. Астанада кабинетте отырғандарға бұл шынайылық ұнамайтын болар, әйтсе де, ол еш боямасыз. Одан айырылар болсақ, проблеманың бәрін бір мезетте шеше алмаймыз, керісінше, шынайы өмірден байланыс үзіледі де, жағдай нашарлай түспек. Мұндай жағдай Қазақстанның жаңа тарихында бұған дейін болған.

Қазір «Азаттыққа қатысты түзетулерді» қабылдау деген сөз «Азаттық» пен оның жергілікті редакцияларын тұншықтыруға бар күш-жігерін салған Лукашенко, Путин мен Жапаров секілділердің қатарына қосылуды білдіреді. Ал ол жер өте тар, бірақ әрдайым орын бар.

Билік бұл қатарға қосылып-қосылмауды таңдай алады. Сол секілді «Азаттық» журналистерінің де таңдауы бар – жұмысты жалғастыру немесе доғару. Біз «Азаттықтың» дәл бұрынғыша кәсіпті таңдайтынына сенеміз. Және оларды барынша қолдаймыз.

«Власть» редакциясының мәлімдемесі.

Читайте этот материал на русском.

Read this article in English.