4576
18 марта 2024

Назарбаевтан Лукашенкоға дейін: Голливуд диктаторлар қызметінде

Америкалық продюсер автократтардың «беделін» Оливер Стоунның сұхбаты арқылы қалпына келтіруді ұсынған

Назарбаевтан Лукашенкоға дейін: Голливуд диктаторлар қызметінде

Вячеслав Абрамов (OCCRP/«Власть»), Светлана Ромашкина («Власть»), Джулия Уоллес (OCCRP), Кевин Холл (OCCRP)

Оливер Стоунның Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен сұхбатын түсірген, Украинаға ресейшіл көзқарас тұрғысынан қарайтын Игорь Лопатенок басқа да бірқатар жоба дайындаған.

Зерттеудің негізгі түйіні:

- Лопатеноктің командасы Александр Лукашенко, Илхам Әлиев және басқа да авторитар көшбасшылар туралы фильм түсіру үшін сценарий дайындаған.

- Таныстыруына қарағанда, ол фильмдердің мақсаты – беделді «қалпына келтіру»: диктаторларға адам құқығын қорғау және демократия мәселесін талқылауды ұсынған.

- Екі фильмде де сұхбат алушы Оливер Стоун болады деп жоспарланған. Стоунның өзі бұл жобалардан қаншалықты хабардар екені белгісіз. Фильмдердің ешбірі түсірілмеген.

- Сыртқа тарап кеткен хаттарға қарағанда, Лопатеноктің Украина туралы фильмінің біріне қаржыны украин олигархы және Владимир Путиннің жақын серіктесі Виктор Медведчук берген болуы мүмкін.

Владимир Путин, Александр Лукашенко мен Илхам Әлиевті өз елінің халқына қарсы сұмдық қылмысқа барды деп айыптайды. Алайда, әлем қатігез диктаторларды көргенімен, Игорь Лопатенок бұл тұстан мүмкіндіктерді аңдаған сияқты.

Деректі фильм түсірумен айналысатын америкалық продюсердің бірқатар ауқымды жобасы бар. Голливудтық белгілі режиссер Оливер Стоунмен бірге Украина туралы екі деректі фильм түсірген, оны көпшілік Кремльдің пропагандасы деп атады. Сонымен бірге Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы сегіз сериядан тұратын фильмі бар.

Лопатенок мұнымен шектелгісі келмегенге ұқсайды. OCCRP мен «Власть» журналистерінің қолына тиген көптеген құжатқа қарағанда, ол Беларусь, Әзербайжан және басқа да бірнеше елдің автократ басшыларын ақтайтын деректі фильмдер түсіруді жоспарлаған. Режиссер кемінде екі фильмде сұхбат алушы Оливер Стоун болады деп уәде берген.

Оливер Стоун (сол жақта) мен Игорь Лопатенок (оң жақта)

Фото: Independent Photo Agency / Alamy Live News

Электронды хаттар, сценарийлер мен презентациялар түріндегі қолға түскен файлдарға қарап Стоунның Лопатеноктің жоспарынан қаншалықты хабардар болғаны, олардың көпшілігі туралы білген-білмегені түсініксіз. Жоспарланған жобаның бірде-біреуі жүзеге аспаған. Стоун мен оның менеджері біздің пікір сұраған хатымызға жауап берген жоқ.

Өткен аптада OCCRP сауалына жауап берген Лопатеноктің айтуынша, Стоун диктаторларға арнап (режиссер оларды «кейіпкерлерім» деп атады) сценарий дайындалып жатқанын білген.

«Бұл бір сенсация жасайтын нәрсе емес. Бәрін түсініп тұрсыз ғой?» – дейді Лопатенок Стоунның фильмдер туралы білетін-білмейтінін сұрағанда.

Лопатенок алдыңғы фильмдерді кім қаржыландырғаны және Стоунның қатысуымен түсіріледі деп жоспарлаған фильмдердің неге түсірілмегеніне қатысты сауалдарға жауап беруден бас тартты. Біздің редакторымыз ашу кернеген Лопатенок «біз сендермен жеке сөйлесеміз», «көздеріңді құртамыз» деп қоқан-лоқы жасай бастаған сәтте әңгімені тоқтатты.

Режиссер сұрақтарға электрондық поштамен жауап беру туралы хатымызды елеусіз қалдырды. Оның орнына Intelligencer.today порталында оны OCCRP «арандатушы ақпараттық операциясының» «құрбаны» деп атаған мақаланың қосалқы авторы болды.

Қолға түскен құжаттарға қарағанда, Лопатенок автократтарды тарту үшін олардың әлемдік аренадағы беделін көтеруге уәде берген.

Презентациялардың бірінде (оның екі атауы бар: «Оливер Стоунның деректі фильмі» және «Илхам Әлиев пен Әзербайжан туралы») Стоунның көшбасшымен «бетпе-бет кездесіп», «президенттікке келу жолын ғана емес, сонымен бірге Әзербайжанның салтанатты да тартымды тарихын талқылайтыны» көрсетілген.

Келесі бір презентацияда «бүкіл әлемнің назары ауып тұрған» шақта «көпшілікке қазіргі Беларусь пен оның көшбасшысы туралы көрсетуді» ұсынады.

«Біз, фильм авторлары, Александр Григорьевич Лукашенконың даналығына және әрекеттерінің реттілігіне сенеміз». – делінген Лукашенко мен Стоунның ақ-қара түсті суреті бейнеленген мұқаба көрсетілген құжатта.

Құжатта уақыты көрсетілмеген, нақты қандай «әрекеттер» туралы айтып отырғаны белгісіз. Шамасы, әңгіме Лукашенко режимі аяусыз басып-жаншыған 2020 жылғы үкіметке қарсы жаппай наразылық шаралары туралы болса керек. Стоун бұл жайлы біліп, білмегені белгісіз.

Лопатенок командасының өзара жазысқан хаттарына қарағанда, Стоун кемінде бір жобаға қатысуға келісім берген, ол – Лукашенко туралы фильм. Шамасы, 2022 жылдың ақпан айында Ресей Украинға жаппай басып кіргеннен бастап оның жоспары өзгерген сияқты (2022 жылдың наурыз айында Стоун көпшілік алдында соғысты айыптап, Ресейдің «қате» жібергенін, ал АҚШ Путинді осы әрекетке «итермелегенін» айтқан болатын).

«Өкінішке қарай, [беларус] жобасы Оливердің бас тартуына байланысты тоқтап тұр, – дейді продюсер Игорь Кобзев сол жылдың маусым айында команда мүшесіне жазған хатында. – Сұхбат алатын басқа адам іздеуге талпынғанымызбен, Украинадағы соғысқа байланысты ол мүмкін болмай тұр (ешкім келіспейді). Мен өте қиын жағдайдамын». Кобзев комментарий сұраған жазбамызды жауапсыз қалдырды.

Оған дейін Лопатенок табысқа жетудің кілтін тапқан адам секілді елестейтін. Оның командасындағы азғантай сценарист пен продюсер диктаторларға тартымды ұсыныс жасап, әлемге әйгілі режиссермен бірге фильмге түсуді ұсынатын.

Командағылардың бірі аты-жөнін атамауды өтініп, процестің «монетизацияланғаны» туралы айтты. Негізі Лопатенок ықпалды тұлғаларға олар бас тарта алмайтындай ұсыныс жасады - әңгіме олардың халықаралық аренадағы легитимділігі жайлы.

«Стоун – оның өтімді жұлдызы болды. Бар болғаны сол, – дейді командаласы. – Адамдар жылтыраққа тез алданады ғой, ал бұл жағдайдағы жылтырақ Оливер Стоун болды. Мұнысы нәтижесіз де болған жоқ. «О-о, Оливер Стоунмен сұхбат па? Мені бүкіл әлем көреді!» десті».

Алайда, Стоун әлемдік деңгейде атақ алып келеді деп үміттену бекершілік. Бір кездері кино сыншыларының сүйікті кейіпкері, табысты фильмдердің кепілі әрі көптеген «Оскар» иегері болған Стоунды Variety журналы «күмәнді картиналардың» авторы деп атағалы біраз болды.

2000–2010 жылдары Стоун бірнеше сериядан тұратын деректі фильм түсіріп, Фидель Кастро мен Уго Чавеске солшыл радикалдық бағыттағы саяси бағдарламасын ұсынатын платформа жасап берді. 2017 жылы «Путинмен сұхбат» деп аталатын төрт сериялы әңгіме жарыққа шықты.

The New York Times газеті оны Ресей президентін «тым әсірелеп көрсеткен», «жарамсақ», «ақылға қонымсыз» сұхбат деп атады, мұнда Путин америкалықтарға «қатал, бірақ әділетті көшбасшы, екіжүзді Батыстың жаласының құрбаны» бейнесінде ұсынылады.

«Ол Стоун мырзаны журналист деп отыр ма, жақтасы дей ме, әлде ақымақ санай ма?» – деп жазады басылым шолушысы.

Кремльде Владимир Путинмен сөйлесіп тұрған Оливер Стоун

Фото: AlamyStockPhoto

Путин режимінің жақтасы, қаржы мәселесінде де беделі дұрыс емес Лопатенокпен бірлескен жобаларға көпшілік назар аудара қойған жоқ, әйтсе де, көрермен қауымды сыншылар ашықтан-ашық пропаганда деп бағалаған әлеммен таныта түсті.

«Оливер Стоунның деректі фильмі» деп аталатын Әлиев туралы картинаның презентациясында Лопатенок фильм «Әзербайжан мен оның президентінің көпшілік алдындағы образына айтарлықтай жағымды әсер етеді» дегенді баса айтады.

Жобаны Әлиевке таныстырған-таныстырмағаны белгісіз, алайда Еуразия бойынша сарапшының айтуынша, автократ шын мәнінде өзі билік етіп отырған режимнің аймақтағы оң ықпалын көрсетуге тырысып келеді.

«Мұндай фильм мәдениет, спорт (ауқымды дүниелерден), халықаралық оқиғалар, конференциялар арқылы имиджді «қалпына келтіруге» қызмет ететін векторға жатады деп санаймын», – дейді Нью-Йорктегі Барнард колледждің саясаттану профессоры, еуразиялық трансұлттық желілер бойынша сарапшы Александр Кули.

Ол посткеңестік кеңістіктегі елдердің көшбасшылары көбінесе «модернизатор образында көрінуге тырысатынын» айтады. «Ондай басқарушылардың айналасында әрдайым мүдделі топтар болады... алайда, беделін ақтап алу олардың салмағын арттырып, модернизация жасамақ ниетін сенімді ете түседі».

Адам құқығы қорындағы клептократиямен күрес бөлімінің басшысы Кейси Мишель көп жағдайда авторитар басшылардың голливуд деңгейіндегі танымалдығы сол елдердің халқының соры екенін айтады. Қор голливуд жұлдыздарын авторитар режимдермен жұмыс істемеуге шақырып жүргелі біраз болды.

«Америкалық режиссер диктатор басшыға пропаганда жүргізудің жаңа мүмкіндігін ұсынып отырғанын көрген мұндай елдердің, мысалы, Қазақстанның тұрғындары қандай күйде болатынын елестетудің өзі қиын, – дейді Мишель. – Халық шын мәнінде режимнің қандай екенін біледі, ал әлдебір америкалық азамат шығады да, күллі әлемге диктатормен сұхбатты ұсынады, оған қарсы бір ауыз сөз айтпайды».

Днепрде...

56 жастағы Лопатенок Днепрге жақын маңдағы, Киевтің оңтүстік-батысына қарай 500 шақырым жердегі шағын қалада дүниеге келген. Университетте физика-техника факультетінде оқыған, әртүрлі салада жұмыс істеп көргеннен кейін, ақыры украин киноиндустриясынан орнын тауып, ескі кеңестік фильмдерге бір реңк бере бастады.

2008 жылы АҚШ-қа қоныс аударып, бір жылдан кейін голливудтың өлшемімен алғанда шағын Grading Dimension PicturesInc. фирмасын ашты. Facebook желісінде бар-жоғы 31 жазылушысы бар, парақшасында шала-шарпы ағылшынша «киностудия фильм дайындаумен айналысады, ұйымдастыру жұмысынан бастап постпродакшнға дейінгі қызмет көрсетеді» деп жазылған.

2018 жылы Лопатенок екі рет банкрот болғанын жариялады, сондағысы Малибудағы 2,75 млн АҚШ доллары тұратын үйінен айырылып қалмаудың қамы еді. Үйін кепілге қойған ақшаны құйып, кредиторлардың алдындағы қарызынан құтылу үшін «қаржыландыруға қол жеткізгенін» айтып ант-су ішті.

Лопатенок АҚШ-қа қоныс аударып, Американың азаматтығын алғанына қарамастан, әлі күнге дейін әлеуметтік желіде Кремльдің қолайына жағатын пікірін айтып, Sputnik Ресей мемлекеттік медиасына шығып тұрады. YouTube желісінде 2020 жылы Құрама Штаттардағы президент сайлауы қарсаңында 90-жылдары Джо Байден сексуалдық зорлық көрсеткенін мәлімдеген Тара Рид жүргізетін The Politics of Survival («Аман қалу саясаты») арнасынан да көрініп қалады (айыптауын негізсіз деп тапқаннан кейін Рид Мәскеуге қоныс аударған).

Лопатеноктің Стоунмен қашан танысқаны белгісіз, дегенмен 2010 жылдары екеуі бірлесіп Лопатеноктің туған жері туралы екі фильмді жарыққа шығарды: 2016 жылы – «Отқа оранған Украина», 2019 жылы – «Украина үшін күрес». Кремльдің көзқарасы тұрғысынан бейнеленген деректі фильмдерде Еуромайдан деген атпен таныс 2014 жылғы революция туралы айтылады, он жыл бұрын Украинада Ресей президентіне бүйрегі бұрып тұратын Виктор Янукович режимі құлаған болатын.

«Майданға қатысты көзқарасым, әлбетте, теріс», – деген болатын Лопатенок 2016 жылы «Комсомольская правда» газетіне берген сұхбатында. Төңкерісті оның ойынша «шетелдік арнайы қызмет қолдағанын» айтуды да ұмытпаған.

Стоун мен Лопатеноктің бірлескен жобасын халықаралық медианың көпшілігі елеусіз қалдырғанымен, ресейлік БАҚ мақтау жаудырды: «Известия» газеті фильм «Киев элитасының бетпердесін ашып, Еуропаны таңғалдырды» деп жазды.

Сицилияның Таормина қаласындағы кинофестивальде өткен «Украина үшін күрес» фильмінің премьерасында қызыл кілемде Лопатенок пен Стоунға украиналық саясаткер, бизнесмен, ежелден Владимир Путиннің жақтасы және фильмнің бас кейіпкері Виктор Медведчук қосылды.

«Украина үшін күрес» фильмінің премьерасы

Фото: IMDB

Америкалық The Daily Beast басылымы фильм Украинадағы саяси ықпалын арттырмақ болған Медведчуктің «пиар құралы» болуы мүмкін деген жорамал айтады (кең ауқымды соғыс оның елдегі саяси мансабына нүкте қойды: Медведчукті сатқын деп айыптап, тұтқындарды алмастыру шеңберінде Ресейге берді).

«Власть» журналистерінің қолына түскен құжаттарға сүйенсек, фильмді ішінара Медведчук қаржыландырған.

«Таорминада... [Медведчуктің әйелі] Оксана Медведчукпен (Марченко), одан кейін Горанмен аз-кем тілдесудің сәті түсті, – деп жазады Лопатенок командасының сценарисі режиссердің әйеліне. – Әлбетте, олар бәріне келісіп отыр, шығынды толық жабады».

Режиссердің әйелі Горан «Оливердің қаламақысының бір бөлігін және Монакодағы түсірілім ақысын» аударғанын айтып жауап берген, кейінірек «одан басқа ештеңе алмағанын» да айтқан. Журналистер Горанның фамилиясын анықтай алмады және оның жобадағы рөлін де анықтау мүмкін болмады.

Медведчук пен әйелі комментарий беру туралы өтінішімізді елеусіз қалдырды, ал Лопатенок «Украина үшін күрес» фильміне қаржыны қайдан алғаны туралы сұраққа жауап бермеді.

Неліктен автократтарға басымдық бергені туралы сұраққа Лопатенок жай ғана өз кейіпкерлері жайлы фильм түсіргенін айтты.

«Олардың халықты қалай басқарып отырғанына бас иемін. Минскіде көшелер тап-таза... Лос-Анжелестегідей көше кезіп жүргендер жоқ», – деп түсіндірді ол.

«Диктаторларға арналған жылтырақ»

2019 жылдың соңында Стоун мен Лопатенок Назарбаевқа арналған «Qazaq. Алтын адамның тарихы» фильмінің жұмыстарын бастады. 2022 жылы OCCRP мен «Власть» Назарбаевтың бақылауындағы қайырымдылық қорының Лопатеноктерге кемінде бес миллион доллар төлегенін анықтады.

Назарбаевтың жетістігін мадақтайтын сегіз сериядан тұратын фильмді 2021 жылдың желтоқсан айында Қазақстанның ұлттық телеарнасы көрсетті. Ал бір айдан кейін Назарбаевтың отыз жылға созылған басқаруынан шаршаған азаматтар «Шал, кет!» деп ұрандатып, көшеге шықты.

Фильммен жұмыс істеген команда мүшесінің айтуынша, Стоун дайындық процесіне аса қатты кірісе қоймаған. Оның айтуына қарағанда, сценаристер кемінде 150-ге жуық сұрақ дайындаған, оны Назарбаевтың өкілдерімен кем дегенде бес рет талқылаған, олар ең өткір деген сауалдарды алып тастаған.

«Назарбаев үнемі фильмге өзгерту енгізіп, өзінің имиджін жақсартуға тырысты», – дейді фильммен жұмыс істеген команда өкілі.

Қазақстанның экс-президенті соңғы нәтижеге қанағаттанған секілді. Тіпті Лопатенок пен оның командасы Назарбаевтың Стоунмен сұхбаты негізінде кітап шығаруды да жоспарлаған екен, ал ресейлік баспа өз нұсқасын дайындап, Лопатенокке жазған көптеген хабарламасында төлем қашан болатынын нақтылап сұраған.

Кітап сол күйі шықпаған. Назарбаев туралы сегіз сериядан тұратын фильм де одан кейін эфирден берілген жоқ.

«Бұл фильм Назарбаев өмірінің және сол дәуірдің шындығын зерттеуден гөрі, оның қазіргі Қазақстанның негізін қалаған көшбасшы ретіндегі мұрасын қалыптастырып, нығайта түсуге шақырады деуге көбірек келеді, – дейді журналист, 20 жылдан астам уақыттан бері Орталық Азия туралы жазып жүрген Джоанна Лиллис. – Олар эфир уақытының айтарлықтай бөлігін Назарбаевтың командасына майдай жағатын Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуы сияқты тақырыптарға арнап, сол арқылы оны жағымды бейнеде көрсеткісі келеді. Есесіне, жағымсыз жайттар туралы мүлдем көрсетілмейді».

Ең қызығы, Назарбаев туралы фильмді жасауға қатысқан команда мүшелерінің бірнешеуі сол күйі толық қаламақысын алмаған. Олардың ішінде екеуі біздің тілшілерімізге мұның рас екенін айтты.

Жобада монтаж режиссері болып жұмыс істеген Егор Климович фильм презентацияы өткен Минскідегі фестиваль кезінде бұл жайлы тіпті сахнада мәлімдеді. «Команда мүшелерінің барлығы дерлік жұмысына ақы алған жоқ», – деді Климович басқа продюсерлер өзіне микрофон берместен сахнадан түсіп бара жатқанда. Ол тіпті «қазақтар жағы» Лопатенокке қысым жасаса дегенді де айтты.

«Қазақтар жағының» голливудтық продюсерге қысым жасаған-жасамағаны белгісіз. Нұрсұлтан Назарбаев та, фильмнің ақысын төлеген қорды басқаратын оның қызы Дариға да комментарий сұраған жазбамызға жауап берген жоқ.

Дегенмен, Назарбаев туралы жобадан Лопатенок диктаторлармен жұмыс істеудің ерекшелігін үйренген сияқты: олар немесе олардың айналасындағылар ақысын төлейді, ал Лопатенок диктаторларды мадақтайтын жоғары сапалы фильм түсіріп береді, түсірген дүниесін тарату үшін танымал адамды сұхбаттасушы етіп бекітеді.

Нұрсұлтан Назарбаев Оливер Стоунға сұхбат беріп отыр.

Фото: Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз қызметі

Журналистердің қолына түскен құжаттардан Лопатеноктің командасы кемінде алты авторитар режимге арнап сценарий дайындап қойғанын көруге болады. Оның ішінде екеуіне Стоун ел басшыларынан сұхбат алып, «нағыз тарихты» баяндауға көмектеседі деп уәде берген.

Әзербайжан президенті Илхам Әлиевке Стоунмен сұхбат барысында талқылайтын тақырып ретінде Әлиевтер «династиясының басқаруы» кезіндегі елдің «табысы», «тұрақтылығы шайқалып, құлдыраудың алдында тұрған Армениямен» арадағы тартыс бар.

Фильмге жазылған сценарийден ондағы баяндау идеясы не жайлы екенін түсінуге болады: Әлиев онда «нағыз мұрагер» ретінде сипатталады, бұрынғы президент «дана көшбасшыны» тәрбиелеген әке ретінде көрінеді.

«Әзербайжан билігі таңдаған басқару үлгісі жаман деуге бола ма? – деп жазылған құжатта. – Қазіргі басқару жүйесін «жеке басқа табынуға» жатқызуға бола ма? Әлде халық елді кедейліктен құтқарып, өркендеп-дамыған мемлекет құрған ел басшысын расында да сыйлай ма?».

Қолымызға түскен құжаттарға қарағанда, Лопатенок фильмді 15 млн АҚШ долларына бағалаған. Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, бұл – Назарбаев туралы фильмнен үш есе қымбат.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанға да арналған сценарий дайындалған, оған ел мүддесін қорғау ісін жарнамалауды ұсынған.

«Ердоған — Түркияның азаматы, оған басқа елдің мүддесі неге керек? Оның көздегені не? Ердоған Ұлы Жібек жолын қалпына келтіре ала ма? Оның жоспарында экспансия жасау бар ма? Ол нендей мұратқа жеткісі келеді? Осы сұрақтың бәріне Ердоған өзі жауап береді. Ешкімнің араласуынсыз. Құпия сыр бүккен, жасалу жолын Стамбұлдағылар ғана білетін түрік кофесі болса да, бал ашудың қажеті қанша?»
Ердоған туралы фильмнің таныстыруынан

Бұл жобалардың қай сатыға дейін жеткені туралы нақты мәлімет жоқ, алайда 2021 жылы Әзербайжан астанасы Бакуде Qazaq фильмін көрсеткен кезде режиссер жаңа фильм түсіруден үмітті екенін айтқан.

«Бұл елдің мәдениеті бай әрі сан қырлы. 2012–2013 жылдары осы елде болғанымда өрнегіне қарап қарабақтың кілемдерін басқасынан айыра білуді үйрендім. Мен Әзербайжан туралы жақсы фильм түсіремін», – деді ол.

2018 жылы Түркия президентінің сол кездегі өкілі Ибрагим Калын шамамен Стоун Түркияда жүрген кезде оларға Ердоған туралы фильмді таныстырғанын растады. «Біз зерттеп, бағасын береміз. Мен олар түсірген Путин туралы фильмді білемін», – деді ол.

Украинадағы жаппай соғыс басталған сәтте Лопатеноктің Беларусь туралы деректі фильмі предпродакшн кезеңінде еді. Журналистердің қолына түскен құжаттарға сүйенсек, Беларусьтегі түсірілім басталуы керек болған: команда баруға тиіс бірнеше локацияның ішінде Лукашенко туып-өскен үй мен сут зауыты болған. Әр нысанда президентпен бірге бірқатар мәселені талқылауға келіскен.

Балалық шағым, колхоз төрағасы болып істегенім, анам, әкем, үйлену тойым – әйелім мен балаларым туралы айтқым келеді. Депутаттыққа бару не үшін керек болды? Президенттік сайлау науқаны, қастандық.
Лукашенко туралы фильмнің таныстыруынан

Лопатеноктің ең бір амбициялы жобасы – «Соғыс», шамасы, оны Кремльге таныстырмақ болған. Режиссер Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Шығыс майдандағы ресейліктердің ерлігі туралы баяндауды жоспарлаған, бұл Путиннің жанына жағатын тақырып. Презентацияда оқиғаны голливуд актері Хью Грант баяндайтыны, ал «Сақиналар әміршісі» киноэпопеясының авторы Питер Жексон қосалқы продюсер болатыны көрсетілген.

Гранттан комментарий сұраған едік, жауап бермеді. Жексон агенті арқылы ондай жоба туралы ешқашан естімегенін, өзінің аты-жөні рұқсатсыз пайдаланылғанын айтты.

«Аты-жөнім мен беделімді бұлайша ұрлау маған ұнамайды, мұнымен менің адвокатым айналысады», – деді ол.

Таныстыруына сүйенсек, фильмнің мақсаты Екінші дүниежүзілік соғыстағы Ресейдің рөлі туралы «шындықты» көрерменге жеткізу іспетті, сөйте тұра бұл елмен ресми байланыс болғанын жоққа шығару аңғарылады.

Құжатта Ресейді соғыс өртін тұтандырушы деп айыптағанын келтіреді, шамасы, әңгіме соғыстан бұрынғы Кеңес Одағы мен нацистік Германия арасындағы достық туралы келісімшартқа қатысты тарихи тартыс жөнінде болса керек.

«Ресей жағының кез келген жауабы пропаганда сияқты қабылданады. Ендеше, оны қабылдаудың мәні жоқ» – деп жазылған мәтінде.

Соған орай, біз оған қарсы мүлдем басқа өнім ұсынуымыз керек, ол: Ресеймен ешқандай ресми байланысы жоқ;
материалды міндетті түрде жаңаша әрі тартымды, болашақ тұрғысынан көрсеткен (кемінде алдағы он жылдағы аудитория назарын есептеп отырмыз);
тікелей тартысқа түсу немесе теріске шығару элементтері болмайтын;
тек фактілер бойынша емес, эмоциялық жағынан да әсер-ықпалы зор фильм болады.
«Соғыс» жобасының таныстыруынан.

Атақты адамдардың аты-жөні тұрғанына қарамастан, Лопатенок негізінен Стоунмен серіктестікке назар аудартады, оны «Маэстро» деп атайды. «Соғыс» жобасында Стоун сценарист, продюсер әрі баяндаушы ретінде көрсетілген.

«Оливердің фильмдерінің ерекше сиқыры бар: олар уақыт өткен сайын сапалы шарап секілді тек ашыла түседі, – деп жазды Лопатенок 2022 жылы Instagram желісінде. – Маэстро екеуіміздің бірлескен фильмдеріміздің сапасы да осал емес екені мен үшін мақтаныш».

Мәтінмен Келли Блосс және Дэн Мика да жұмыс істеді.

Зерттеу OCCRP, ZDF, DerSpiegel, «Важные истории», Standard, Tamedia, Mikroskopжәне «Бюро» сайттарында да жарияланады.