3594
17 апреля 2024
Тамара Вааль, автордың және Кира Прейстің фотосуреттері

Атбасар. «Халық тасқынға дайындалса да, су басты»

Тағы да су астында қалған Атбасардан репортаж

Атбасар. «Халық тасқынға дайындалса да, су басты»

Бұл жерде соңғы рет 2017 жылы су тасқыны болды. Сол кезде Власть журналистері тасқынның себебін іздеп, тұрғындармен және шенеуніктермен сөйлескен болатын. Бұл жолы журналистер Атбасарға тағы да барып, қауіпсіз жерге көшіріледі деген уәдеге қарамастан, халық неліктен әлі «қызыл аймақта» тұрып жатқанын, арнасы тазаланады деп көп жылдан бері айтылып келе жатса да, Жабай өзенінде неліктен ешқандай өзгеріс болмағанын анықтауға тырысты.

Атбасарға апарар жол

Қалқұтан өзені Астанадан екі сағаттай, Атбасардан бір сағаттай жерде орналасқан. Ол жыл сайын арнасынан асып тасиды, бірақ биыл 2017 жылдағыдай жүздеген метрге жайылып кетті. Көпірден өткеннен кейін құмнан бөгет жасап жатқан техника мен адамдарды түсіре бастадық.

«Сәлеметсіздер ме, түсірмей-ақ қойыңыздаршы. Аудан әкімі түсірмесін деп еді», — дейді полицей қасымызға келіп.

Ескі Қалқұтанға баратын жолды су толықтай баса қоймаған, кей жерде асфальт көрінеді. Бірақ судың тасығаны көрініп тұр — ағыс көлік жолынан өтіп, далаға сарқырап құйылып жатыр. Осы жолмен ескі «бобик» әрлі-берлі шапқылап, жергілікті тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіріп жүр.

«Бұл — Ескі Қалқұтан. Жағдай қиын. Су Шортанды, Ақкөл, Бұланды аудандарынан, аздаған бөлігі Бурабай мен Аршалыдан келіп жатыр. Шортанды мен Бурабайдағы бірнеше бөгет жоспарлы түрде ашылғандықтан, судың бәрі осында құйылып жатыр. Қазір кептелісті азайтып, суды өткізіп жіберу үшін қосымша жарылыс жасап жатырмыз», — дейді Астрахан ауданының әкімі Талғат Ерсейітов.

Су баяу келіп жатыр. Әкім оның себебін теміржол көпірінен көреді. Автомобиль көпірінің биіктігі 300 метр болса, теміржолдікі небәрі 100 метр. Өткізу мүмкіндігі аз болғандықтан, судың жүрісі де баяулайды. Ол мұны шешілмейтін проблема дейді, өйткені ешкім көпірді қайта салмайды — тым қымбат.

«Жігіттер! Бес-алты адам болып анау шеттен бастап қойыңдар! Етік киіңдер!» — деп Ерсейітов әңгімені қоя тұрып, құм салынған қапшықтарды төсету үшін жол бойындағы еркектерге дауыстап жатты.

Астрахан ауданы тасқынмен өз күшімен күресіп жатыр. Бұл жерге Көкшетаудан бес құтқарушы келді, қорғаныс бөгеттерін көтерумен айналысып жатқандардың бәрі — жұмысшылар, мамандар, мемлекеттік қызметкерлер, мәдениет үйі, салық басқармасы және халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері.

Ескі Қалқұтанда 505 адам тұрады, бірінші кезекте әйелдер, балалар мен қариялардан тұратын 100 шақты адам көшірілген. Ерсейітовтың айтуынша, еркектер кетуден бас тартқан.

«Бүгін таңертең жиналыс өткіздім. Көбі кеткісі келмейді, ешқайда кетпейміз дейді. Бүгін кетпесеңдер, ертең күштеп көшіреміз дедім. Адам өмірі бәрінен құнды. Су тасыса, күштеп көшіреміз», — дейді әкім.

Ерсейітов ахуал әлі екі-үш күн қиын болып, сосын су қайта бастайды деп ойлайды. Қанша үй суға кеткенін кейін санамақ. Қазір он тоғыз үйді су басып қалғаны белгілі.

Атбасар. Аман қалғандар

Атбасарға кешқұрым жеттік. Аспан сұп-сұр, Жабай өзені ондаған шақырымға жайылған, саяжайларды су басып қалған. Көпір жанында көлік көп, адамдар өзенге келіп, фото мен видеоға түсіріп жүр. Полицейлер оларды үлкен судан әрі қуып әлек.

Қаланың өзінде 2Gis немесе Google карта істемейді, сондықтан жол бар жерге бармақ болдық. Жеңіс көшесіне түскен едік, бірнеше жүз метрден кейін жолды су басыпты. Мұнда желіде тарап кеткен видеода көрсетілген су басып қалған мектеп бар.

«Бұл бірінші мектеп, оған қарама-қарсы арнайы мектеп орналасқан. Екеуін де су басып қалды. Біз қасында тұрамыз, бірақ бізге су жеткен жоқ», — дейді осы маңда тұратын Юлия. Ұлы Богдан екеуі жағдайды көруге шыққан беті екен.

Богдан осы мектепте оқиды. Енді сабаққа қалай баратынын сұрап едік, «Қайықпен жүзіп барам», — деп күлді.

Негізгі су түнде келген, Юлияның айтуынша, халыққа 2-3 күн бұрын алдын ала ескертілген. Өзенге жақын тұратын адамдар ертерек көшірілгенімен, кейбір тұрғындар қалып қойып, соңғы сәтте ғана «қашып» үлгеріпті. Юлия да бұрын өзен жағасында тұрыпты, 2017 жылғы тасқыннан кейін су басқан үйі құлап қалыпты. Үй енесінің атында болғандықтан, баспана да сол кісіге берілген. Юлия отбасымен қаланың екінші шетіндегі пәтерге бармай, осы жақтан үй сатып алған. Ол үйі де өзенге жақын болып шықты.

«Өзенге жақын болсын дегеннен емес, осы аудан ұнайды. Осы маңға үйреніп қалғанбыз. 2007 жылы су көтерілді, бірақ су еденнен жоғары көтерілмеген еді. 2014 жылы ақша бөліп, жөндеп алдық. Ал 2017 жылы үй құлап қалды», — дейді ол су басқан үйлерге ойлана көз тастап: «Су өзі қайтпаса, сорғаннан пайда жоқ», — деп қосып қойды.

«Жарайды, кеттік, біз қыдырып жүргенде пештің жайы не болып жатыр», — деп ұлына қарады.

Сергей Картелев Жабай өзенінен санағанда екінші көшеде тұрады. Сәтін салғанда, үйі биікте орналасқан. Сондықтан су ауласына ғана кіріпті. Қасындағы үйлердің тұрғындарын көшірген. Көшіруді ертерек бастауға да болар еді, бірақ «табиғатты болжау қиын». Құтқарушылар бөгет жасап, жағаны бекітті деп дайындық барысын айтып берді. Дегенмен, Сергей өзен арнасының тазартылмауын проблема деп есептейді. Әйтпесе, 2017 жылғы тасқыннан кейін тазартуға уәде берген еді.

«Өзенді тазартқанын көрмеппін. Табанын жақсылап тазартқанда, мұндай болмас еді. Су өтіп кетер еді. Жыл сайын құмнан бөгет жасайды, бірақ мұндай суды ешқандай үйінді ұстай алмайды. Бұрын да қар аз жаумайтын. Тек бұрын бәрі өзенге құйып, су арнамен ағып кететін», — дейді ол.

Өзеннен алыстау жерге кетуге қалай қарайтынын сұрадық. «Көшкіміз келмейді, әзірге үйімді су басқан жоқ. Билік өзенді тазалайды деген үмітім бар», — деп жауап берді. Жыл сайын су келе қоймас деген үмітпен өмір сүріп жатқанын айтты.

«Мол суды» күту

«Үйдің іші суға толды, 60 сантиметрдей болды. Жүріңіз, көрсеңіздер болады», — дейді көз жасын әрең тыйған Лидия Муслимова.

78 жастағы зейнеткердің көзі нашар көреді. Таяққа сүйеніп, бізді үйіне алып келді. Сөйтіп жүріп ит-мысықтарын жұбатып жүр.

Су үйге түнде — таңғы 5-6 шамасында кірген. Зейнеткердің мүгедек қызы бар. Олар эвакуация бекетіне бармаған, айтуынша, апаратын ешкім болмаған. Сондықтан тасқын кезінде көршінің үйінде болып, одан кейін бірнеше сағат далада отырған.

«Біздің ешкіміміз жоқ, қолұшын беретін ешкім жоқ. Қызым мүгедек, менің аяғым ауырады. Не істерімізді білмейміз. Тағы да су басса, үй құлайды. Өйткені саманнан соғылған. Соңғы рет тасқын болған кезде пәтер берілетін болып еді, қанша жыл өтсе де, оған қолымыз жетпеді. Ақша жоқ, құрылыс тоқтап қалды дейді», — деді Лидия Исарьевна.

Жиһаз бен кейбір техниканы көршілердің, еріктілердің көмегімен құтқарып үлгерген. Бірақ үйдің іші сыз, әр жерде қабырғасы түсіп жатыр. Әрі қарай қалай өмір сүретінін білмейді. 2017 жылы әкімдік ешқандай көмек бермегенін айтады, қазір де күтіп отырған жоқ.

«Маған зираттан 2 метр жер бұйырар, қызымды аяймын, ол қайда барады?» — дейді Муслимова көз жасын сүртіп.

«Әзірге үйге бара алмаймын, су әлі терең. Ұлым барып қайтқан еді, жағдай мәз емес, қабырға шөгіп, терезе жарылған деп келді…» — деп бастаған Татьяна Кипкаланың байсалды дауысы өзгеріп, өксікке ұласты.

Олар Есенберлин көшесінде тұрады. Үйінің ауласын түгел су басқан. Су келетінін Татьяна мен ұлы алдын ала білген, билік ескерту жасаған. Сондықтан адамдар дайындалып, жиһаздарын, техникасы мен бағалы заттарын биіктеу жерге қойған. Татьяна ұлы Данилмен бірге тасқын болған түні бауырының үйіне түнеуге кетіпті. Су үйге дейін жетпейді деп үміттенгенін айтады.

«Үй төтеп береді деп үміттендік. Барлық жерге құм төседі, бізге келген жоқ. Бірінші, төртінші мектепке дейін барды да, әрі қарай бармады. Мүмкін үлгермеген шығар. 2017 жылы ұлым екеуіміз тәулік бойы осы жерде тұрып, өз күшімізбен бөгет жасадық. Мына жағынан ұстап қалдық, су келген жоқ, бірақ басқа жақтан – көршілерден келді. Сол кезде салымыз суға кетіп, бәрін тастап кеттік. Биыл бөгеттен пайда жоқ деп айтты. Көршілерге бөгет жасап берген, бізге неге жасамағанын білмеймін», — деп Татьяна көз жасына ерік берді.

Үнсіз ғана үйін қарап жүр. Жеті жыл бұрынғы тасқыннан кейін пәтерге көшіреміз деп уәде бергенімен, бір бөлме ұсыныпты.

«Бізде мұнда үлкен зал, екі жатын бөлме, ас үй, ұзын дәліз бар. Ауданы 67 шаршы метр. Бірақ олар (әкімдіктегілер — В.) бұның бәрі есепке алынбайды деді. Тек пайдалы аудан ғана есептеледі екен. Ас үйді алып тастағанда бізде 38 шаршы метр болады, демек, бір бөлмелі. Екі бөлмелі пәтерге 2 шаршы метр жетпей қалды. Сондықтан біз бас тарттық. Төсек тартып жатқан енеммен және ересек ұлыммен бір бөлмеге қалай сыямын?» – деп тағы жылады.

«Өзен лай, тайыз. Оны тазартамыз дегеніне қанша жыл болды. Бұрын терең болатын, қанша метр екенін білмеймін, шомылған кезде басымыздан асып кететін. Қазір өзен тазартылмаған, сондықтан тарылып қалған. Біз үйді 30 жыл бұрын сатып алғанбыз, бұл жерге су келеді деп ешқашан уайымдамайтынбыз. Міне, енді келіп жатыр».

Татьяна 2017 жылы қазіргідей дайындық болмағанын айтады. «Егер өзен тазартылмаса, апатқа қалай қарсы тұрасың?» – дейді ол. Кеше облыс әкімі Марат Ахметжанов келіп, бәріне көмектесуге уәде беріпті. Әйтсе де, Татьяна әлі құжат тапсырмаған, оған мұршасы да болмапты. Бірақ тағы да бір бөлмелі пәтер берсе, бас тартамын деп отыр. Қазіргі міндет — суды сорып, үйге кіру.

Біз сөйлесіп тұрғанда жанымыздан облыс әкімдігінің өкілдері өтті. Үш еркек үйді қарап жүр, біреуі аулаға кіріп, телефонға түсіре бастады.

«Су түгел басты ма?» — деп сұрайды шенеунік.

«Бізде шағын насос бар, қазір сорғызамыз», — дейді Татьяна.

«Онымен суды тауыса алмайсыздар, қазір помпа әкеледі, сорып береді», — деп жауап берді олар.

Шенеунік видео түсіруін тоқтатпастан, гараж арқылы үйге қарай жүрді.

«Облыс әкімдігінен келдік, бізді учаскелерге бөліп бекітті. Осы жерде сейсенбіден бері жүрміз. Үйлерді аралап, қай жерде суды соруға көмек керек екенін қараймыз. Материалдық шығын бойынша комиссия жұмыс істеп жатыр. Бірінші кезекте суда қалған азаматтарға бір реттік төлем беріледі, сосын материалдық шығын өтеледі», — деді бізге Ақмола облысы әкімінің аппарат басшысының орынбасары Серік Құдабай.

«Данил, — деп шақырды ұлын Татьяна, — қазір босаған мотопомпа келеді, суды қай жаққа айдап, шлангты қайда тастаймыз — соны қарау керек».

Шенеунік басты міндеттері халыққа не істеп, қайда баруы керегін түсіндіру екенін айтады. Олар үй иесіне: «Гуманитарлық көмек келді, бірдеңе керек болса, барып келіңіздер», — деді.

Үй ішіндегі су шынымен қайта бастапты. Төңірек сыз, жиһаз бен техника биікке қойылған.

«Су 40 сантиметрдей болды. Алдын ала ескерту жасалған соң, бәрін көтеріп қойдық. Көріп тұрсыз ба, тірек қабырға бұзылып жатыр. Қабырға еңкейген, табалдырық еден деңгейінде еді, байқасаңыз, еден отырған», — деп көрсетті Данил.

Татьяна бізді далада күтті. Аяқкиімінен су өтетін болғандықтан, үйге кіре алмады.

«Өзеннің арғы беті»

«Заречный» ықшамауданы Атбасарға қарама-қарсы, Жабай өзенінің арғы бетінде орналасқан. Бұл жерге соқпақ жолмен жетуге болатын, қазір оны су басқандықтан, су тасыған күндері жаңа «жолтабан» пайда болды.

Бұрынғы тасқын кезінде билік адамдарды қаладағы жаңа пәтерлерге толықтай көшіруге уәде берген. Қазір мұнда 33 үйде адамдар тұрып жатыр. Солардың барлығының дерлік үйін су басқан.

«Менің үйімді жеті жыл бұрын да су басқан, қазір де сол. Не білгіңіз келеді? Бізге әлі ешқандай көмек көрсетілмегенін, су басқаннан бері ешқандай билік өкілі келмегенін айтайық па?» — деп қарсы алды жергілікті тұрғын Светлана.

Оның үйі басқаларға қарағанда өзеннен алысырақ. Су бәрібір жетіпті. Айтуына қарағанда, билік өкілінен бұл жерде тек кезекшілікте жүрген ТЖМ өкілі мен патруль қызметкерлері ғана бар.

«Олар (әкімдік — В.) бізге пәтер салып жатқанына бес жыл болды. Әлі салып бітіре алмай жүр. Біз қоныс аударушылар қатарындамыз, сондықтан бізге биыл ешкім келмеген болар», — дейді ол.

Жергілікті тұрғындар су келетінін білді, оларға ескертілді. Билік өкілдері хабарландыру әкеліп, 5 сәуірге дейін үйден кетуді сұрапты.

«5 сәуірде әлі күн салқын болды (үйді тастап кететіндей), ал бәрі басталған кезде ешбір билік өкілін көрмедік», — деп жалғады сөзін ол.

Адамдар өз күшімен болса да тасқынға дайындалды. Біреулер жиһазы мен техникасын шоланға жинап қойса, Светлана сияқты кейбір адамдар бүкіл бағалы мүлкін көлікке тиеп, үстін жауып, биікке апарып қойған.

«Кіріңіздер, қорықпаңыздар. Әрі қарай өтіңіздер, аяқкиімдеріңізді шешпей-ақ қойыңыздар, Еуропаның керемет үйінде жүргендей болыңыздар. Мына жерді баспаңыздар, ол жерде жертөле бар», — деп күлді әйел су алған үйін көрсетіп жатып.

Осыған дейін кірген үйлер секілді мұнда да үй сыз тартқан, еденді лай басқан. Атбасардың су басқан аудандарындағы сияқты, мұнда да қауіпсіздік мақсатында электр сөндірілген. Осы жолы Светлана дайындалды, сондықтан тамақ пісіру үшін газ баллоны мен плитаны оңай жерге қойған. Үй іші жылы — оты бар пеште шәйнек тұр.

«Міне, шалшық әлі бар, өйткені әлі су қайтқан жоқ. Терезеден қараңыздар, бақшада су әлі жатыр. Анау тұрған — иесіз үй, оларға пәтер беріп, көшірді», — деп терезеден көрсетіп жатыр.

«Жағдайымыз ауыр, — деп күрсінді. — Бізге жету қиын. Сондықтан көбі қыста қалаға кетіп, сол жақтан пәтер жалдайды. Жол көміліп қалады, жедел жәрдем жете алмайды. Балаларды мектепке, балабақшаға апару қиын, мектеп Атбасарда. Бізде дүкен жоқ, сондықтан ұн сатып алып, нанды өзіміз пісіреміз», — дейді Светлана. Әйтсе де, тұрғындар қоңырау шалып айтса, билік жолды күреп кетеді екен.

2017 жылы Светлананың үйін бұлай су баспаған, су үйдің бұрышына ғана жеткен. Ал биыл толықтай су басқан. Ол мұндайды күтпегенін айтады, басқа тұрғындар секілді Светлана да бұған өзеннің тазартылмауы себеп деп санайды.

Бұрынғы тасқын кезінде Светланаға үйді жөндеуге 560 мың теңге өтемақы берген, айтуынша, кейін әкімдік «барлық чегі» мен «толық есебін» сұраған. Биыл ешқандай өтемақы болмайтынына сенімді, өйткені басқа жерге көшірмек. Халық та басқа жерге кетуге қарсы емес, алайда ұсынылған шарттарына келіспей отыр.

«Біз әкімдіктің бергенімен келіспейміз деп арыздандық. Менің үйімде зал, үш бөлме мен ас үй бар. Қанша шаршы метр еді? Үш бөлмелі пәтер ғой! Ал маған осы үшін екі бөлме берді. Менің квадратурам қайда? Мендегі жалпы аудан 83 шаршы метр болады, үш бөлмеге сай. Олар тек тұрғын ауданды ғана есептейді, ас үйді алып тастайды. Әйтсе де пәтерде ас үй де, балкон да тұрғын ауданға кіреді. Бұл қалай болғаны?» — деп кейіді Светлана.

Айтуына қарағанда, мұнда қалып қойған көп отбасының басындағы жағдай осындай.

Көрші көшеде тұратын Иван деген азамат үйіне апарды. Үй екі отбасына арналғанын, екі кіреберісі бар екенін көрсетті. Әрқайсында зал мен жатын бөлмеден бар. Бір жағында бауыры отбасымен тұрады, олар төрт адам. Екінші жағында Иван әйелімен тұрады. Қызы Көкшетауда колледжде оқиды. Оның айтуынша, билік осының бәріне бір бөлмелі пәтер беріп отыр, себебі пайдалы ауданды 28 шаршы метр деп есептеген.

«Біз қайда барамыз? Біз екі отбасымыз. Бір бөлмеге барамыз ба?» — дейді Иван.

Дау-дамайдан кейін билік екі бөлмелі пәтер беріпті. Онда бауыры тұратын болды.

«Олар екі отбасына екі бөлмелі пәтер беріп отыр. Оған інім барады. Ал мен далада қалдым. Бұл әділ ме? Неге бізде ас үй тұрғын ауданға жатпайды да, пәтерде солай саналады? Маған көп нәрсе керек емес, бір бөлмелі пәтер берсін немесе осы үйді қалдырсын. Жоқтан жақсы, су басса да, баспанам болады. Бауырым қоныс аударып, үйді есептен шығарған кезде қалай болмақ?» — дейді ол.

Тасқын, су басу мен жаңа баспананың квадратурасына келіспеуді былай қойғанда, жұртшылық пәтерге көшуге басқа себептен де тартынады. Оларға берілетін үйлер ұзақ салынған. Сондықтан құрылыстың сапасына күмән бар.

Иванның үйінен шығып, «Заречныйда» қалған үйлерді көрдік. Кейбірі бос тұр, кейбірі құлап қалған. Біреуінің қабырғасы жоқ, жиһаз көрініп тұр.

«Көршілер пәтерге көшті, бірақ баспана шағын болғандықтан жиһазға орын табылмай, осында тастап кетті», — деп түсіндірді Иван.

Сосын басқа үйлерді көрсетті: «Қараңыздар, үйлер үлкен, ал әкімдік осының орнына бір немесе екі бөлмелі пәтер береді. Әрине, бұған ешкім келіскісі келмейді. Ал үйі кішкентай болған кейбір адамдарға 3, 4 бөлмелі пәтер берді».

Кентті аралап жүргенімізде еріктілер келді, ыстық шәй, бәліш пен бауырсақ әкеліпті.

«Біз 12 күннен бері осылай кенттерге барып, адамдарға ыстық шәй мен тамақ береміз, көмек көрсетеміз. Гуманитарлық көмек қабылдайтын штаб құрдық. Кеше Жамбыл облысынан келген екі фура жүкті түсірдік», — дейді жастар ресурстық орталығының жетекшісі Камила Ризбекова.

Олар кетісімен тағы бір еріктілер тобы — «Асар жолы» қорынан келді.

«Біз ыстық нан әкелдік, қазір тамақ келеді. Ыстық кезінде алып қалыңыздар», — дейді ерікті Гүлден Қожахметова адамдарға. Айтуына қарағанда, олар да қала мен зардап шеккен ауылдарды аралап, адамдарға ең қажет тауарларды әкеледі. Негізінен тамақ, жарма, жастық, көрпе мен дәрі-дәрмек әкеліп жүр.

Мұнда ешкім қалғысы келмейді

«Заречныйдан» қалаға қайтар жолда жаңа ықшамауданға соқтық, бұл жерге 2018 жылдан бастап адамдарды қауіпті аудандардан көшіріп әкеле бастаған. Әкімдік қалған азаматтарды да осы жерге әкелмек. Көк шатырлы, қызыл кірпіштен қаланған үйлер басқа ғимараттардың қасында тым ерекшеленіп көрінеді. Аулада балалар алаңы, гүлкөмбелер бар. Бүгін жел қатты, сондықтан аулада ешкім жоқ. Жанымыздан жүгіріп өтіп бара жатқан қыз пәтерді ипотекаға алғанын айтты. Сәл жүрген соң «қоныс аударған» жанды кездестірдік. Жабай өзеніне ең жақын, бірінші мектептің артында болған Дарьяның үйі 2017 жылы су астында қалған. Су төбеге 20 сантиметрдей ғана жетпей қалыпты.

«Биыл су көбірек», — дейді ол. Бұл отбасы пәтерді 2018 жылы, бірінші лекпен алған.

«Маған екі бөлмеге алты шаршы метр жетпей қалды, бірақ үйім шағын болды. Бізге бір бөлмелі пәтер берді, күйеуім екеуімізге жетеді. Пәтер маған ұнайды. Іші жылы, подъезі жарық. Еш ренішім жоқ. Өзгелер туралы ештеңе айта алмаймын, өзіміз ризамыз», — деді Дарья.

Атбасарда жеті эвакуация бекеті бар. Біреуі мектеп-интернатта орналасқан. Есік аузында бізді меңгеруші Ирина Лебедева, тәрбиешінің көмекшісі мен аспаз қарсы алды. Ирина Ивановнаның айтуынша, қазір балалар жоқ, олар жұмыс күндері келіп оқып, демалыста үйге қайтады. «Біз 60 адам қабылдай аламыз. Алдын ала бөлмелерді дайындап, кереуеттер қойдық. Бірінші қабатта судан зардап шеккендер, екінші қабатта Атбасарға орын ауыстырған құтқарушылар тұрып жатыр», — деді интернат жетекшісі.

Әр бөлмедегі кереует саны үштен басталады. Олардың бәріне көрпе-жастық төселген. Ирина Ивановна адамдар эвакуация бекетіне келуге ниетті емес екенін айтады. Мысалы, тасқын болған түні мұнда бірнеше адам ғана келіп, таңертең кетіп қалыпты. Бәрі не туыстарына, не достарына барып тұрғанды дұрыс көреді.

Бізге ас үйді, асхана мен душ бөлмесін көрсетті. Екінші қабатқа көтеріліп, құтқарушыларға арналған бөлмелерді көрдік. Бірнеше төсекте жігіттер ұйықтап жатқаны болмаса, көпшілігі бос.

«Олар кеше келді, біреуі суға құлаған секілді. Титықтап келеді. Қатты шаршап жүр», — деп күрсінді әйел.

«Біз дайын болдық»

Атбасар ауданының әкімдігінде у-шу. Мұнда бірінші қабатта су тасқынынан зардап шеккен азаматтардың өтінішін қабылдайтын штаб жұмыс істеп тұр. Әкім Аманбек Қалжанов жаңа ғана қаланы аралап келді, айтуынша, 162 үйді қатты су басқан, оның 127-сі – Атбасарда. Бірақ бұл Жабай, Жыланды және Есіл өзендерінің алабында орналасқан бес ауылдық округ бойынша тез арада жиналған алдын ала деректер.

«Бастысы — бәріміз аманбыз. Су тасқынынан үш күн бұрын бүкіл халықты хабардар еттік, тағы бір ай бұрын судың көп келетіні туралы ескерттік. Қолымызда «Қазгидрометтің» болжамы болды, оған қоса бәрін бақылауда ұстаймыз — күзде төрт апта бойы толассыз жауын жауды, жер ылғалға қанықты, ал қарашада аяз болды, жерге мұз қатты. Кей жерлерде 120–150 сантиметрге дейін тоң тұрды. Далада су жерге сіңбейтінін, бәрі де біздің өзенге ағып келетінін білдік», — дейді Қалжанов.

Тасқынға дайындалған, қарды шығарған, бірақ «2014 жылы салынған жалғыз қорғаныс бөгет төтеп бере алмады», «су одан асып төгілді».

«Алдын алу шараларын жүргіздік. Жабай өзенінің екінші арнасының енін 6 метр қылып қаздық, арнаны аздап тазарттық. Бірақ тереңдету жұмыстарын атқара алмаймыз, техника керек», — дейді аудан басшысы.

Әкімнің сөзіне қарағанда, Жабай өзенін тазалау жобасын дайындауды 2018 жылы бастаған. Бұл жоба қазір мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр, оны іске асыру үшін 20 млрд теңгеден астам қаржы керек.

Қалжанов мұндай қаржы бюджеттен табылатына күмәнмен қарайды. Сондықтан билік халықты «қызыл аймақтан» көшірумен айналысып жатыр және қазірге дейін сегіз жүзге жуық үйді көшірген.

«Заречныйда» қырық бес пәтерлік 11 үйді салып жатқанда барлығын сонда қоныстандыруды жоспарлағанбыз, біз онда 479 отбасын көшірдік. Олардың бәрі пәтерде тұруға үзілді-кесілді қарсы болды, себебі олар үшін бұл тиімсіз. «Заречныйда» мал ұстаған, жақын жерде суы мен жайылымдық жері де болды. Сенбесеңіздер, барлық бас тартқан жағдайды көрсете аламын. 33 іс, 33 үй бар», — дейді әкім.

Аудан басшысы үйдің шаршы метрін қандай есеппен шығаратынын да айтты: 50 шаршы метрге дейін — бір бөлмелі пәтер, 80 шаршы метрге дейін — екі бөлмелі, 100 шаршы метрге дейін және одан көп болса — үш бөлмелі пәтер.

«ТЖ кезінде мемлекет тек тұрғын ауданын ғана өтейді. Мен оларға соны түсіндірсем, олар шағымданып жатыр. Заңның бабын көрсете аламын. «Суға кеткендердің» бәрін жинадым, қоныс аударуға үміткерлерді жинадым. Бәрінің талабы біреу. Жапсарлас дәліз салған, жанынан бір бөлме қосқан, тасқыннан кейін түзетілген техникалық төлқұжат әкеліп тұр, ол екі бөлмелі пәтерге кандидат болса, төрт бөлме талап етеді. Олай болмйды ғой», — деп түсірдінді Қалжанов.

«Үйлерін көрдіңіздер ғой, 1940–50 жылдары салынған ескі үйлер. Мемлекетке жаңа пәтер беріп жатқаны үшін алғыс айтып, рахмет деу керек шығар», — деп қосып қойды.

Аудан әкімі баспана әділ үлестіріліп жатқанына сенімді. Барлық құжат жиналған, заңда қарастырылғаннан артық беруге құқығы жоқ. Соңғы екі үйдің ұзақ салынып жатқанына келсек, Қалжанов үйлер 2020 жылы салына бастағанын, пандемиядан кейін бір жылдан соң құрылыс материалдарының бағасы бірнеше есе өсіп кеткенін айтып түсіндірді. Кешігуінің де себебі осы, бір үй 95 пайыз, екіншісі шамамен 80 пайыз дайын. Биыл олар салынып бітуге тиіс.

Әкімнің сөзіне сенсек, осы көпқабатты үйлерге әкімдік бұрын көшеді деп жоспарланған адамдардың барлығы, биыл суға кеткендер қоныс аударады деп жоспарланып отыр. Сонымен қауіпті аймақтардан қоныс аудару мәселесі толығымен жабылмақ. Тек адамдар келісім берсе болғаны.

P.S. Астанаға барар жолда

Бір тәуліктен кейін біз тағы Ескі Қалқұтанның жанынан өттік. Сол қиылыста, сол көпірдің маңында сол құтқарушылар, сол полицейлер мен сол техника жүр. Алайда енді жол жоқ. Ауыл тағы да аралға айналды.