1801
1 августа 2025
Алмас Қайсар, Власть

«Марат өліп қалмаса екен деймін»

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның соты қалай өтті?

«Марат өліп қалмаса екен деймін»

Екі жыл бұрын тіркелмеген «Алға, Қазақстан!» партиясының көшбасшысы, әлемнің ең ірі шөлдерін жүгіріп өткен ультрамарафоншы Марат Жыланбаев «экстремистік ұйымға қатысқаны және қаржыландырғаны үшін» жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Отандық және халықаралық құқық қорғаушылар оны саяси тұтқын деп таныды.

Сол кезден бері Жыланбаев наразылық танытып келді — түрменің және сот жүйесінің әділетсіз екеніне назар аударту үшін аузын тігіп тастады, әлденеше рет аштық жариялады. Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина белсендінің тағдырын үнемі қадағалап отырады.

Шілде айының соңында ол тағы да қоғам назарын бұрып, белсендінің жай-күйін жеткізді. Төреғожина оның «терісінің түсі кетіп қалғанын, есінен танып қалатындай жағдайда екенін», салмағы 45 келіге дейін түсіп кеткенін айтты. Артынша оның үстінен «жалған ақпарат тарату» бойынша әкімшілік іс қозғалды, ал іле-шала өткізілген сот оны «кінәлі» деп танып, айыппұл салды.

«Власть» сот қабырғасында не болғанын баяндайды.

Полиция капитанының «қатесі мен олқылығы» және Төреғожинаны бақылау

Алматыдағы соттың шағын залы құқық қорғаушыны қолдаған белсенділерге лық толды. Төреғожинаның жанында өкілдері мен адвокаттарынан тұратын бес адам болды, ал қарсы бетке прокурор мен полиция капитаны орналасты.

Алмалы ауданының учаскелік инспекторы, дәл осы капитан Мұхит Тойбаевтың «бақылауы» нәтижесінде Төреғожинаға әкімшілік іс қозғалды. Сотта ол Төреғожинаның жалған ақпарат таратуы, «қылмыстық-атқару жүйесі туралы теріс түсінік қалыптастыруы және мемлекеттік органдардың беделіне нұқсан келтіруі» көңіліне тигенін мәлімдеді.

«Төреғожина қамаудағы адам туралы, оның [Жыланбаевтың — В.] денсаулығы нашарлағаны жөнінде жазба жариялады. Бұл деструктив сипаттағы хабарлама. Құқық қорғау органдары Жыланбаев кітап оқиды, жаттығу жасайды, серуенге шығады, су, компот пен шәй ішеді деп хабарлады. Сонымен қатар әлеуметтік желіге Жыланбаев камерада өз бетімен жаттығу жасап жатқан жазба шықты», — деп сөзін қағаздан оқыды Тойбаев.

Адвокат Ғалым Нұрпейісов учаскелік полицейден әлеуметтік желіні бақылауға міндеттісіз бе деп сұрады.

— Оған құқым бар, — деп жауап берді инспектор.

— Жоқ, мен әлеуметтік желіні бақылау сіздің міндетіңізге кіре ме деп сұрап тұрмын?

— Төреғожина үнемі митингіге шығады, сондықтан бақылаймын. Заңда бұған тыйым салынбаған.

Нұрпейісов полицейден «Төреғожина үнемі митингіге шығып жүргеніне» дәлел келтіруді талап етті, бірақ ол жауап берген жоқ.

«Дәл қазір дәлелім жоқ», — деді Тойбаев.

Сосын адвокат Төреғожинаның жарияланымынан кейін «қоғамдық тәртіптің бұзылуына жағдай» тудырды деп айту үшін полиция қызметкері әлеуметтік желіге мониторинг жасаған-жасамағанын сұрады.

— Сіз оның Facebook парақшасын қараңызшы, — деп жауап берді инспектор.

— Маған бұл керек емес. Кiнәсiздiк презумпциясы бар, сіз кінәні дәлелдеуіңіз керек, — деп қарсылық білдірді Нұрпейісов. — Осы бап [қоғамдық тәртіптің бұзылуына қатысты — В.] жүзеге асты дейтіндей дәлеліңіз бар ма?

— Қазір жоқ, — деп сөзін қайталады полиция капитаны.

Сосын қорғаушы Маржан Аспандиярова инспектор хаттама мен рапорт толтырған кезде жіберген барлық қатені көрсетті.

«Дәл осы жағдайда Төреғожинаның кінәсі анықталмаған. Бұл материалдарды сот дәлел ретінде қабылдамауға тиіс, өйткені олар жорамалға сүйенген. Хаттама қате толтырылған. Хаттама толтыру кезінде полиция инспекторына жоғарыдағы басшылығы қысым көрсеткеніне куә болып отырмыз», — деп мәлімдеді Аспандиярова.

Ол Төреғожина Жыланбаевтың жағдайы туралы жазба жариялаған күні Тойбаев «жалған ақпарат тарату» туралы рапортын неге сүйеніп толтырғанын анықтауға тырысты.

— Бұл жалған ақпарат, — деп қорғанды Тойбаев. — Төреғожина оның [Жыланбаевтың —В.] салмағы 45 кг екенін қайдан алды? Салмағын қайдан біледі?

— Қараңыз, — деп сөзін жалғады Аспандиярова. — Сіз 23 шілдеде [кейін сотта Тойбаев рапортты 25 шілдеде жазғаны анықталды — В.], ауыр жұмыс күнінен кейін, кешке, мақсатты түрде Facebook қарадаңыз…

— Мақсатты түрде емес, — деп сөзін бөлді Тойбаев.

— Сіз оның пост жариялағанын көрдіңіз. Сол сәтте бұл ақпарат [Жыланбаевтың денсаулық жағдайы туралы — В.] шындыққа сәйкес келмейтінін қалай білдіңіз?

— Басыма ол мұны қайдан біледі деген сұрақ келді.

— Сұрақты басқаша қояйын. 23 шілдеге дейін сізде Жыланбаевтың денсаулық жағдайы туралы қандай да бір мәлімет болды ма?

— Менде ақпарат болған жоқ, — деп кідіріп жауап берді полиция капитаны.

Маржан Аспандиярова мен Мухит Тойбаев

Полиция қызметкері жасаған әрекеттің заңсыздығы мен құжатты қате толтыру туралы сұраққа жауап берген кезде Тойбаев бұл «оның қатесі мен олқылығы» екенін мойындады.

— Әр адам қате жіберуге құқылы екенін білетін шығарсыз, — деді полицей.

— Қате тым көп болып тұр, — деді Аспандиярова.

Залдағылар күле бастады.

— Күлетін түгі жоқ, — деп кейіді Тойбаев.

— Иә, бұл күлкілі емес — қайғылы, — деді құқық қорғаушы.

Полицейдің қатесі мен олқылығына сүйене отырып, Төреғожинаны қорғаушылар «жалған ақпарат тарату» (ӘҚК 456-2) бойынша іс қозғауға негіз болған рапорт пен хаттаманы қабылдамау туралы өтініш берді, оларды алып тастауды және істі тоқтатуды талап етті.

«Қазақстан соттарына түсетін ауыртпалықты ескеретін болсақ, мұндай істер сотқа дейін жетпеуі керек. Бұл жерде заңсыз әрекетті растайтын құрам да, материал да жоқ», — деп мәлімдеді Аспандиярова.

Сонымен қатар Нұрпейісов соттан саяси тұтқынның өз қолымен жазған хаттары теріске шығаратын Жыланбаевтың денсаулық жағдайы туралы анықтамаға, сондай-ақ гимнастика жасап жатқан видеоға сараптама жасамай тұрып «күмәнмен» қарауды сұрады.

Судья Бибігүл Шәмшаева өтінішті ашық күйінде қалдырды.

Жыланбаевты шақыру

Сосын Төреғожинаның өзі сөйледі. Ол Жыланбаевтың денсаулық жағдайы туралы жазбаны қоғамның, мекеме басшылығының назарын аударту үшін, «олардан жөнді жауап алу үшін» жазғанын айтты.

«Марат өліп қалмаса екен деймін. Мен онымен кездесіп, аштық жарияламауға көндіргім келді», — дей келе, саяси тұтқындардың ісін бақылап отыратынын, мұндай аштықтан нәтиже болмайтынын айтты.

Оның айтуынша, 18 шілдеде Жыланбаевқа адвокат кірген, ол белсенді тағы да аштық жариялағанын хабарлаған. Бұған дейін де ол қырық күн аштық жариялап, одан шыққан кезінде бір аптаға бөлек бөлме беруді сұраған, себебі іші өткен. Оған бөлме берілмеген, әжетхана жоқ отрядқа жіберілген.

«Ол мұны қорлық деп санап, ашудан тағы да аштық жариялаған, сөйтіп тез салмақ жоғалта бастаған. Біз тағы сауал тастадық, бізге оның жағдайы жақсы деген жауап келді. Сосын бізге ол қатты арықтап кетті, жағдайы нашар деген қоңырау түсті. Колониядан шыққан кезінде 47 кг болған, көп кешікпей қайтыс болған Арон Атабек сияқты деп айтты. Мен Жыланбаев шамамен 45 келі болады деп топшыладым. ҚАЖК жөнді жауап берсін деген мақсат болды», — деп түсіндірді Төреғожина.

Сөз соңында ол барлық сұраққа Жыланбаевтың өзі жауап беруі үшін оны түзету мекемесінен онлайн қосылу арқылы сотқа шақыруды талап етті.

«Біз Марат Жыланбаевтың құқығын сөз етіп отырмыз. Онымен байланысу керек, ол біздің барлық сұрағымыз бен күдігімізге өзі жауап берсін», — деп қосты адвокат Нұрпейісов.

Сонымен қатар адвокаттар іске Жыланбаевтың денсаулық жағдайы туралы мекеме жіберген көп хатты, саяси тұтқынның хаттарын қосуды сұрады.

Судья Төреғожинаның өтінішін қабылдамай, «оны шақыруға негіз көріп тұрған жоқпын» деді.

«Осы сот залына мемориал қою керек»

«Бас бостандығынан айыру орындарында не болып жатқаны жайында ақпарат жеткізудің соңғы мүмкіндігі — біз, яғни құқық қорғаушылар. Өкінішке қарай, мемлекеттік аппарат істен шықты. Мен 25 жылдан бері құқық қорғау саласындамын. Бұрын шенеуніктер хатқа жауап ретінде бір әрекеттер істегендей кейіп танытатын, қазір олар ештеңе де істемейді», — деп бастады сөзін Бақытжан Төреғожина жарыссөз кезінде.

Әбден торыққанын айта келіп, «жалғыз өзім пикетке шықсам деймін, себебі бір нәрсеге қол жеткізу мүмкін емес» деді.

«Біз адвокаттар мен құқық қорғаушылар наразылыққа шығатындай жағдайға жеттік. Азаматтық еркіндікті толық жаншу болып жатыр. Саяси партиялардың көшбасшылары Марат Жыланбаев пен Нұржан Әлтаев қамауда отыр, Жанболат Мамай бар. Жаншылған белсенділерден бөлек, әділетсіздік туралы айтқан блогерлер тұтқындалып жатыр. Енді құқық қорғаушылар мен адвокаттар нысанаға ілікті», — деп мәлімдеді Төреғожина, сонымен қатар Жыланбаевтың адвокаты да «жалған ақпарат тарату» бабы бойынша жауапқа тартылып жатқанын айтты.

Ол болып жатқан жағдайды қағазға түсіріп жатқан журналистер мен басқа да қатысушыларға алғыс білдірді, үнемі айыппұл салынса да, олар шындықты айтуды, күресуді жалғастыра беретінін айтты.

Нұрпейісов Төреғожинаның ол жазбаны «сырғытпа жауап жазу мен жасыру болып жатқандықтан» жазғанын жеткізді.

«Төреғожина құқық бұзылып жатқанын айтты. Біз ұзақ аштықтан кейін Жыланбаевтың денсаулығына қауіп бар екенін айттық. Билік соған назар аударсын дедік. Бұл жерде өтірік ештеңе жоқ, тек пікір ғана бар. Ал мына сот процесі — пікірге тыйым, бақылауда ұстау, сонымен бірге тыйым салынған цензура белгілері бар», — деді Нұрпейісов.

Төреғожинаға қатысты бүгінгі процесс — «біздің демократиялық құқығымыздың ақырғы форпосты» деп толықтырды.

«Мен Тойбаев мырзаға Жыланбаевқа қатысты жағдайға назар аудартқаны үшін алғыс айтамын, — деп бастады сөзін Аспандиярова. — Қазір болып жатқан жағдайды Қазақстанның бүкіл құқық қорғау және сот жүйесінің кері кетуі дегеннен басқа амалымыз жоқ».

Қорғаушы судьядан әдейі бас тартпағанын, себебі ол қабылданбайтынын білгендіктен «қазіргі жағдайда уақыт жоғалтқысы келмегенін» айтты. Сонымен қатар, ол сот жүйесіне сенбегендіктен соттың алдында орнынан тұрмайтынын және оған «құрметті сот» деген сөз қолданбайтынын жеткізді.

«Бұл төрелікті бұлай жасауға болмайтынына мысал. Мына залға мемориал қою керек. Осы залда Мұхтар Шаханов, Рысбек Сәрсенбай, Болат Әбілов, Серікболсын Әбділдин сотталды, мен де бірнеше рет жауап бердім, басқалар да сотталды. Барлық жағдайда судьялар, полицейлер мен прокурорлар процесс жүргізіп жатқан кейіп танытты, бірақ әрқайсыңыз бұлай емес екенін біліп тұрдыңыздар», — деді Аспандиярова, сосын осындай процестерге қатысушылардың барлығы тарих бетінде қалатынын айтты.

Жылдам шешім

Сосын сөз прокурорға берілді, ол соттан Төреғожинаны кінәлі деп тануды және 20 АЕК (78 640 теңге) мөлшерінде айыппұл салуды сұрады. Судья Шәмшаева прокурор сөйлеген соң бірнеше секундтан кейін құқық қорғаушыны кінәлі деп тану туралы шешім шығарды.

Іле-шала залдан: «Масқара!» — деген айғай естілді.

«Бағанадан бері неменеге қойылым көрсетіп тұрсыздар?» — деп кейіді Төреғожина.

«Егер бәрін алдын ала дайындап қойсаңыздар, неліктен қойылым жасап тұрсыздар?» — деді Аспандиярова да.