4577
15 июля 2024
Зерттеуші Жанайым Қозыбай, арнайы Власть үшін жазғаны. Фото Athineos (Wikicommons)

Қазақстанға көмірден қарағанда қалпына келетін энергия көзіне өту тиімді

Күн мен жел энергиясы көмір мен газға қарағанда біршама арзан, ал қазіргі жоспардың экономикалық және саяси қаупі бар

Қазақстанға көмірден қарағанда қалпына келетін энергия көзіне өту тиімді

Читайте этот материал на русском.

Қазақстан көмірге тәуелді және ескірген инфрақұрылымның кесірінен электр энергиясын жоғалтып, сонымен қатар электр энергетикасында газдың үлесін арттырып жатыр. Алайда жел мен күн сияқты табиғи энергоресурсқа бай Қазақстан электр энергиясындағы таза жел мен күн көзінің үлесін қазіргі мақсатқа сай 15%-дан асырып, 2030 жылға қарай кем дегенде 20 пайызға дейін арттыруға, көмірге тәуелділікті азайтуға және электр энергиясын өндірудің тиімділігі мен тәуелсіздігін арттыруға қабілетті.

Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы байқалады, оның орнын ресейлік монополист Интер РАО-дан екі есе дерлік қымбат бағаға сатып алумен толтырып отыр. 2023 жылғы шілде-желтоқсан кезеңінде Қазақстан құны $172 млн болатын 3 млрд кВт•с ресейлік электр энергиясын импорттады. Күз-қыс кезеңінде тапшылық 1 ГВт шамасында болды, бұл көрсеткіш әрі қарай да өсе бермек: энергетика министрлігінің болжамы бойынша, ол 2030 жылға таман 6,2 ГВт шамасына жетеді.

Қазір Қазақстанның электр энергетикасы көмірге тәуелді (67%), жабдықтардың тозуы (56%) мен желілердегі электр энергиясының жоғалу көрсеткіші жоғары (30%). Электр энергетикасы саласын дамыту бағытындағы іс-шаралар жоспарына сәйкес, қазіргі электр станцияларын реконструкциялау және кеңейту есебінен газ және көмір қуатын 35 Мвт-қа арттыру жоспарланған.

Кем дегенде 6 Гвт жаңа көмір электр станциясын салу жоспарланып отыр, оның ішінде 3,4 Гвт 2023 жылы жарияланды, 6 Гвт газдан қуат алады. Көкшетауда, Өскеменде және Семейде үш көмір электр станциясын Интер РАО ресейлік компаниясы салып береді, оған БЖЗҚ қаражатының бір бөлігі жұмсалады.

Мұндай шешімді жаһандық дивесттеу аясында көміртек бейтараптығына қол жеткізу үшін көмір жылу электр орталықтарын қаржыландырудың жалғыз ықтимал көзі Ресей болып қалуымен түсіндіруге болады. Шетелдегі көмір жобаларының басты демеушісі болып саналатын Қытай да шетелдік көмірді болашақта қаржыландырудан бас тартты.

Электр энергиясының қазіргі бағасы субсидия мен тариф қалыптастырудың арқасында Қазақстанда қолдан арзандатылғанын айта кету керек. Бірақ желілер мен жылу электр орталықтарын модернизациялау үшін бюджетті толықтыру ниетімен электр энергиясы тариф қалыптастырудағы өзгеріс саясатының әсерімен қымбаттады. Сонымен қатар көмір және газ жылу электр орталықтарына субсидия беру кейінгі жылдары өсіп кетті, ковидке дейінгі 2019 жылы 1 395,7 миллион доллар болса, 2022 жылы 13 782,4 миллион долларға жетті, бұл 10 еседен көп. Электр энергиясын өндіруден тыс көмір, газ бен мұнай индустриясына субсидия беру де біраз артты.

Қазақстандағы электр энергетикасы мәселесін шешуде күн және жел энергетикасының әлеуеті жоғары, бірақ сенімсіз энергия көзі ретінде оған әлі де немқұрайлы қарау байқалады. Күн және жел электр станцияларының бағасы жыл сайын арзандап келе жатыр, қазір G20 елдерінде, сондай-ақ электр энергетикасының тенденциясы ұқсас орталық Еуропа елдерінде (Польша, Словакия, Словения, Чехия, Румыния, Венгрия, және Хорватия) жаңа көмір және газ электр станцияларын салу мен басқаруға қарағанда арзанырақ бола түсті.

2030 жылға қарай Қазақстанда жаңа күн және жел электр станциялары үшін электр энергиясының келтірілген құны жаңа көмір электр станцияларына қарағанда 47–62 пайызға төмен бағаланып отыр. Оның үстіне Қазақстанда жаңа көмір және газ электр станциялары қымбаттап бара жатыр. Көмірге қарағанда, декарбондау мақсатымен халықаралық банктерден көптеген бағдарлама мен грант бар, атап айтқанда, ЕҚҚДБ, Дүниежүзілік банк және басқалары.

Күн және жел энергетикасына қатысты жиі айтылатын сын – тұрақсыздық пен сенімсіздік. Алайда энергияны аккумуляторда сақтау жүйесі (BESS), гидроаккумуляторлаушы электр станциялары сияқты, сұраныс тарапынан икемділік пен интерконнекторлар, яғни күшті де қолдаушы инфрақұрылым жел мен күнді электр энергетикасының сенімді жүйесіне ықпалдастыруға әбден қабілетті.

Қазіргі кезде Қазақстанда 6 ГВт көмір және 6 ГВт газ қуатын, сондай-ақ 3 ГВт атом, 0,15 күн және 3,3 ГВт жел электр энергетикасын жоспарлау түрлі кезеңде тұр. Жоспарланған 3 ГВт ЖЭС-ке саудиялық ACWA Power, француздың Total және Әмірлікте орналасқан Masdar демеушілік көрсететін Жамбыл және Жетісу облысындағы үш жоба кіреді. Бұл жобалардың барлығы электр энергиясын сақтау жүйесіне кіреді (BESS).

Электр энергетика жүйесі тозығы жеткен, апаттардың жиілеуіне әкелетін көмір жылу электр орталықтарына тәуелді болып тұрған кезде, электр желілерін декарбондау және анағұрлым тұрақты, тиімді, таза және тәуелсіз, анағұрлым пайдалы жүйені дамыту көмір мен газға инвестиция салумен салыстырғанда дұрыс шешім болып көрінеді.

Декарбондау қалыпқа келетін энергия көздерін техникалық, стратегиялық және экономикалық ықпалдастық мамандарын қоса алғанда, елеулі ресурстарды талап етеді, әдеттегі көмір және газ жылу электр орталықтарын салумен және модернизациялаумен салыстырғанда бейнеті көп маңызды міндет екенін сөзсіз. Алайда Қазақстанның барлық мүмкіндігі бар, тек жаңа көмір қуатынан бас тарту жоспары, күн және жел энергетикасын генерациялау мақсатын арттыру сияқты саяси ерік пен батылдық керек.

Ішкі экономиканы және қоғамның өмір сапасын дамытудың орнына өндіру мен экспорттауға басымдық берудің қалыпты амалдарына жол бермеу қажет.

Немістің SVEVIND Energy Group компаниясы демеушілік ететін Hyrasia One жобасына Маңғыстау облысында 40 ГВт жел және күн қуаты кіреді, бұл Қазақстанда орнатылған бүкіл жүйенің қуатынан екі есеге жуық асып түседі, ол Еуропаға экспорттау үшін сутек өндіруге арналған. Мұндай ауқымды жоба жергілікті табиғат пен тұрғындарға кері әсер етуі мүмкін екені алаңдатады, өйткені жел және күн станцияларының қоршаған ортаға әсерін мұқият талдау қажет. Өнімі жергілікті қауымдастық үшін қандай да бір артықшылықсыз экспортталатын мұндай жоба мұнайға қатысты ахуалды қайталайды деген қауіп бар.

Сондай-ақ Қазақстан жасыл энергияны экспорттау үшін энергетика жүйесін Әзербайжанмен және Өзбекстанмен Каспий табанындағы кабель арқылы жалғауға ниет танытып отыр. Қазақстанда электр энергетикасы жүйесінің сенімділігіне, тұрақтылығы мен тиімділігіне басымдық беру, яғни Hyrasia One секілді жобалардан, Каспий табанындағы кабель ресурстарын және көмір мен газдан алынған жаңа қуатты Қазақстанның таза, тұрақты, қолжетімді және өзіне жететін энергетикасын дамытуға бағыттау керек.

Жер көлемі үлкен және халық тығыздығы аз болғандықтан, күн және жел электр станцияларының модулярлығы да басымдық бола алады. Орталық жылу электр орталықтарынан электр желілерін тартусыз-ақ 1 Мвт-тан басталатын тәуелсіз энергетика жүйелерін салуға болады. Оның үстіне күн және жел энергетикасы айрықша меншік құқығын талап етпейді – тұрғындар электр станцияларын өзі иеленіп, басқара алады.

Корпорациялар басқаратын ластағыш және қатерлі көмір мен газдан әр адам басқара алатын қалыпқа келетін күн мен жел энергиясына – әділ энергетикаға көшудің басты идеясы да осында жатыр.

Мемлекеттің көмегімен ауылдарда өзіне жеткілікті күн және жел электр энергия жүйесі бар жобаларды құруға болады. Қазақстанның шағын ауылында тұтыну, мысалы, Даниядағы 3724 адам тұратын Самсо аралындағы энергия тұтынумен бірдей болуы мүмкін. Ол жақтағылар құрлықтағы Даниядан кабель арқылы алып отырған көмір электр энергиясынан жиырма жел турбинасы бар, 100% қалыпқа келетін энергияға көшті.

Қазақстанның ең энергия тапшы аймағы – елдің оңтүстігі, ол өңірде осы энергия тапшылығын жабуға қабілетті күн энергиясының мүмкіндігі зор.

Таразының бір жағында – болашақта газға ауыстыру керек болатын, станциялардың құны артатын, ауаны ластап, климаттың өзгеруіне әсер ететін, экономикалық және саяси тұрғыдан тиімсіз болатын көмір мен газ жылу электр орталығын субсидиялау, екінші жағында – халық өмірін жақсартуда басымдыққа ие электр энергетикасының жаңа жүйелеріне инвестиция бөлу тұр.

Қолданыстағы инфрақұрылымға қосымша ретінде күн мен жел энергиясы көмір мен газға қарағанда үздік шешім болады, өйткені арзандау, тазалау, қауіпсіздеу, отын мен тасымал бағасының ауытқуына тәуелді емес.

Жанайым Қозыбай, Global Energy Monitor зерттеушісі.