3955
17 июля 2024
Дмитрий Мазоренко, фото: thenevadaindependent.com

Илья Матвеев, саясаттанушы: «Еуропада билікке әсіреоңшылдар келсе, әлем демократиялық аймақтан айырылуы мүмкін»

Халық неге деструктив саяси күштерге дауыс беретін болды?

Илья Матвеев, саясаттанушы: «Еуропада билікке әсіреоңшылдар келсе, әлем демократиялық аймақтан айырылуы мүмкін»

2024 жылы Батыс елдерінде кезекті сайлау науқаны басталды. Бұрынғыдан басты айырмашылығы ультраоңшыл саясаткерлердің кенеттен күшейіп алуы болып отыр. Еуропарламентке сайлау кезінде бұл қатты байқалды, енді Еуроодаққа кіретін бірнеше елдегі жергілікті сайлауда да көрініс береді деген болжам бар.

Власть саясаттанушы, Беркли университетінің шақырылған зерттеушісі Илья Матвеевпен сөйлесіп, ультраоңшыл саяси күштер дегеніміз не, олардың консерватив көзқарасты ұстанатын саясаткерлерден айырмашылығы неде, неліктен азаматтар олардың ксенофобтық бағыттағы ұрандарына дауыс береді, ультраоңшылдар жаппай билікке келген жағдайда не болады деген сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Біз баспасөзден саясаткерлерді «оңшыл» деп сипаттауды жиі көреміз, ал кейінгі уақытта «әсіреоңшыл» деу жиіледі. Олардың арасындағы негізгі принципті айырмашылық қандай? Неге біз көбінесе әсіреоңшылдарды сөз қыламыз?

«Оңшыл» және «әсіреоңшыл» деген категориялардың шығу тарихы әртүрлі. Оңшыл партиялар деген – консерватив партиялар, мысалы, Германияның Христиан-демократиялық одағы немесе ағылшынның «Тори» партиясы. Әсіреоңшыл дегеніміз – көбіне-көп оңшыл популистік партиялар, олар оңшылдардан гөрі радикалдау келеді. Немесе, бұрынғы фашистік қозғалыстармен тікелей байланыстағы саяси күштер, мысалы, Италиядағы Джорджа Мелонидің «Италияның бауырластары» партиясы.

Консерватизм мен фашизм – екі түрлі нәрсе. Зерттеушілердің көпшілігі ультраоңшыл немесе әсіреоңшыл партияларды неофашистік деп атайды, бұл негізсіз де емес. Мұндай партиялар ұстанымы жөнінен де, риторикасы жағынан да мемлекетті басқарудың қалыптасқан дәстүріне құрметпен қарай отырып, айтарлықтай прогреске жетуді көздейтін оңшыл консерватив партияларға ұқсамайды. Әсіреоңшыл партиялар көбінесе көші-қон, мәдени және кімдік мәселесінде басқаларға деген жеккөрініші анық байқалатын экстремистік ұрандарды басшылыққа алады.

Әсіреоңшыл күштерді қолдауға дайын азаматтардың үлесі неліктен артып келе жатыр?

Бұл ауқымды сұрақ. Жауаптың бірнеше стратегиясы бар, соның бірі – экономикалық стратегия. Халық экономикалық дағдарыс пен теңсіздіктен зардап шегеді де, оның себебін дұрыс түсінбейді. Олар мұны мигранттармен байланыстырып, көшіп келушілерге қарсы партияларға дауыс бере бастайды. Екінші стратегия кімдік пен мәдениет мәселесіне байланысты. Әдетте, әйелдерге қарағанда, ер адамдар әсіреоңшыл партияларға жиірек дауыс береді. Мұндай алшақтық әлемнің барлық елінде дерлік бар, ал кейде ол тіптен қатты білінеді. Бұл аз десеңіз, кейінгі жылдары артып келе жатыр: ерлер мен әйелдердің дауыс беруі радикал түрде бір-біріне қайшы. Тіпті бір отбасы, бір әулет болса да, осындай ерекшелік байқалады.

Бұл таңданарлық жағдай, ал неліктен олай болып жатыр десеңіз, әсіреоңшыл партиялар сексизм мен патриархал нормаларға оралуды ұсынады. Басқаша айтсақ, ер адамдардың мәртебесі жоғары, әлеуметтік жағдайы да әйелдерден гөрі жақсы болуын ұсынады. Гендер процесі бұл алшақтықты жойып жіберген еді, енді еркектер бір отбасының отағасы рөлін қайта қалпына келтіріп, әйелдер еркектерге бағынышты болса дейді.

Басқалай да түсіндіруге болады. Жұмысшы тап өкілдері өзінің кедейлене түскенін, ал байлардың байып жатқанын көріп отыр. Олар қоғамдағы өзіндік орнынан айырылып қалудан қорқады. Бұрын сый-құрметке лайық жұмысшы тап өкілдері болса, енді табысы да азайып, әлеуметтік мәртебесі де түсіп жатқанын сезеді. Байларды қуып жету қиын, әрі қазіргі теңсіздік жағдайында қалай қуып жетуге болатыны да түсініксіз. Мәртебеге қатысты осындай үрей иерархия іздеуге алып келеді, жұмысшы тап: «Иә, біз кедейміз. Есесіне, біз ақтармыз. Ал ақтар қаралардан жақсы», – деп айта алады.

Демек, әсіреоңшылдар сайлаушыларына иерархиялық кесте ұсынып, оларды төменде емес, жоғарыда етіп көрсетеді. Ал сайлаушылар өзінің кедейлігі мен экономикалық қорлығының орнын солай толтырып, өзін ақтар немесе елдің түбегейлі тұрғындары етіп көрсетеді. Ал басқа әлеуметтік топтарда мәдениет те, басқасы да тіпті нашар деп ұсынады.

Басқаша айтқанда, әсіреоңшылдар сайлаушыларға белгілі бір кімдікті береді. Демек, адамдар нақты бір талаптар үшін емес, әсіреоңшылдар «өзіміз сияқтылардың партиясы» болып, сайлаушыларға «осы қалпынан танбауды» ұсынғаны үшін соларға дауыс береді. Қазір саясатта кімдіктің мәні өте жоғары әрі ол нақты талаптардан жоғары.

Саясаттанушы Илья Матвеев, фото berkeley.edu

Мысалы, солшыл партия объективті түрде жұмысшы таптың жағдайын жақсартатын бірқатар талапты ұсынады: «Біз сендерге жәрдемақы береміз, төменгі жалақы мөлшерін көтереміз, еңбек жағдайын жақсартамыз, тағысын тағы». Ал оған оңшылдардың жауабы: «Сіздер – адамзаттың асылысыздар. Ал анау қалалықтар... Олармен сіздерді ештеңе байланыстырмайды, олар сіздер сияқты Bud сырасын ішпейді, 6 долларға латте алып ішеді. Ал біз, оңшылдар партиясы, сіздермен бірге сыра ішеміз, біз сіздер сияқтымыз, сондықтан да бізге дауыс берулеріңіз керек». Көпшілік осы қисынға тоқтап, «оларды» жек көретінін түсінеді. «Олар» деген кім сонда? «Олар» деген – өте шебер түрде ойластырылған жасанды нәрсе, оның жарқын үлгісін «Жоғарыға қарамаңдар» (Don't Look Up, 2021) фильмінен көруге болады, онда нақты біздің саяси жағдайымыз суреттелген.

Мұның бәрі айналып келіп, жұмысшы таптың өзінің объективті мүддесіне қарсы жауап беруіне алып келеді.

Әсіреоңшылдардың риторикасы соншама танымал болуына қандай оқиғалар себеп болды?

1980 жылдарға дейін әлемнің көптеген елінде теңсіздік төмендеді де, содан кейін қайтадан өсе бастады. Теңсіздік 2008-2009 жылдардағы әлемдік қаржы дағдарысын шиеленістіре түсті. Әсіреоңшылдардың танымалдығы артуына кейінгі он жылдағы гендерлік еркіндіктің қанат жаюы да ықпал етті. Еуропадағы 2015 жылғы көші-қон «дағдарысы» да олардың ұстанымын күшейте түсті. Шын мәнінде бұл ешқандай да дағдарыс емес еді. Бар болғаны елінде соғыс болып жатуына орай Сирия мен Таяу Шығыстан мигранттардың келуі болатын, бірақ саясаткерлер мұны масқара жағдай етіп жеткізді.

Одан кейін саяси ұрандарды ұсыну мәселесі бар. Саясаткерлер ксенофобтық және агрессив риториканы көбірек пайдалана бастады. Менің ойымша, олар мұны партиялық жүйенің эволюциясы нәтижесінде қолдана бастады.

Француз экономисі Том Пикеттидің Батыстағы негізгі саяси партиялардың стратегиясы туралы жұмысы бар. Ол мұны «Капитал мен идеология» деген екінші кітабында жазады. Экономистің жазғанына сүйенсек, дәстүрлі оңшыл центристік партияларға ауқатты адамдар дауыс берді. Ал кедейлеу адамдар солшылдарға дауыс берді.

Біртіндеп білім беру жағында жік пайда болды. Мейлінше білімді адамдар солшылдарға дауыс беріп, байлар баяғыша оңшылдарға дауыс беруін жалғастырды. Бұған қоса оларға жоғары білімі де бар, әл-ауқаты да жеткілікті адамдармен қатар, жоғары білімі жоқ, бірақ ауқатты тұратындар да дауыс берген.

Уақыт өте келе солшылдардың бір бөлігі солшыл центристерге айналды, өйткені олар қалалықтарға, яғни мейлінше білімді, компаниялар мен корпорацияларда жұмыс істейтін адамдарға ұнайтын саясатты ұсына бастады. Соған орай осы қалалық орта тап оларға қолдау білдірді. Ал оңшыл центристік бағыттағы партиялар мейлінше ауқатты адамдарға назар аударуды жалғастыра берді. Нәтижесінде, жоғары білімі жоқ, тіпті шағын бизнеспен де айналыспайтын кедей адамдар тобы назардан тыс қалды. Олар бар болғаны еңбегін сатып жүрген қарапайым жұмысшылар.

Негізінде мұндай білімсіз кедей адамдар әлемде барған сайын азайып келе жатыр, себебі жоғары білім алуға мүмкіндік көп. Бірақ бұл олардың кімнің сайлаушысы екенін, кімге тиесілі екенін ұмыт қалдыру деген сөз емес. Солшыл центристер қалалық орта тапқа назар аударып, түрлі мәдени мәселеге орай солардың мүддесіне жұмыс істеп, жұмысшы тапты елеусіз қалдырды. Ал оңшыл центристер салықты төмендетуді ұсынудан танбайды, бұл, әлбетте, ауқаттыларға ғана ұнайды.

Сәйкесінше, кедей әрі білімсіз топтармен ешкім жұмыс істемейді. Осы тұста әсіреоңшылдар мүмкіндікті сезе қойды да, бос жатқан кеңістікке түрен салды. Мұндай жағдайдың тууына партиялық жүйенің өзгерісі, яғни тек қоғамдағы өзгеріс қана емес, партиялардың ол өзгерістерге қалай қарайтыны да ықпал етті.

Бұл ең алдымен АҚШ пен Англияда болып жатқан жағдай. АҚШ-тағы республикалық партия тартымды әрі сый-құрметке лайық болды, оған бүкіл байлар, кішігірім бизнес иелері, яғни әр отбасының қожайыны дауыс берді. Содан кейін партия популистік бағытқа бет бұрды да, бір мезгілде салықтың аз салынуына мүдделі байлар мен ксенофобтық риторикаға алданатын кедейлердің партиясы болып шыға келді. Англиядағы «Тори» партиясына қатысты да осыны айтуға болады. Оларға көптеген жұмысшы дауыс береді. Оларға бұл неге керек десеңіз, кім екенін көрсетіп, басқаларды кемсітуге керек, басқаша айтсақ, теріңнің ақ болуы ғана сені басқалардан артық етіп көрсетеді деп ойлауға ғана керек.

Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Борис Джонсон мен АҚШ-тың экс-президенті Дональд Трамп, фото latimes.com

Осыған орай дәстүрлі оңшыл партиялар да әсіреоңшыл сипат ала бастады. Яғни, Трамптан кейін бұрын орта тұсты ұстанған АҚШ-тың Республикашылдар партиясы әсіреоңшыл партияға айналды. Қазір бұл партияның қатарында бұрынғыдай орнықты саясаткерлер азайды. «Тори» партиясы да Борис Джонсон сияқтылардың ықпалымен осындай өзгерістен өтті.

Басқа елдерде бөліну жаңа әсіреоңшыл партиялар жағынан болды. Францияда Марин Ле Пен кедейлер мен білімсіздерді өзіне қаратса, Германияда «Германияға арналған балама» алға шықты. Мұның бәрі партиялық жүйенің құрылымына байланысты болды. Еуропа құрлығында пропорционал дауыс беру жүйесі тараған, ол жаңа партия құруға мүмкіндік береді. Ал мажоритар дауыс беру екі негізгі партияның өзгеруіне ғана алып келеді. АҚШ пен Ұлыбританиядағы жағдай осы.

Көптеген зерттеудің нәтижесі білімнің болмауы әсіреоңшылдарға дауыс берудің негізгі критерийі екенін көрсетіп отыр. Білімді адамдар арасында оларға дауыс беретіндер сирек. Демек, жоғары білім – ксенофоблық ойлауға қарсы жап-жақсы екпе.

Солшыл центристер қалалық орта тап мен дәстүрлі жұмысшы тап арасында немесе жартылай люмпен яки жұмыссыз адамдар арасында коалиция құра алмайтынын көрсетіп отыр. Бәлкім, мұндай коалиция құруға да болар ма еді, алайда солшыл центристер қалалық орта таппен жұмыс істеуге басымдық беріп отыр.

Әр елдегі әсіреоңшыл партиялар бір саяси көзқарасты ұстанып, ортақ қозғалыс түзеді деп айтуға бола ма?

Жалпы алғанда, мұндай партиялар бір-біріне бағынышты, себебі басқа елдердегі жеңістің көрнекі әсері бар. Бұл тек әсіреоңшылдарға қатысты емес, барлық партияға ортақ нәрсе. Мәселен, АҚШ-тағы солшыл Берни Сандерстің табысы Ұлыбританиядағы Джереми Корбинге солай әсер етті. Бұған керісінше, Джереми Корбиннің Лейбористер партиясының басшысына айналуы Америкадағы Демократияшылдар партиясына көрнекі әсер етті. Басқа солшыл партиялар да өзін жалпы ортақ бір қозғалыстың арнасындамыз деп санайтын. Сайлаушылар да басқа елдердегі солшылдардың табысына назар аударды.

Бұған қоса, ұқсас саяси күштер топтаса келе ортақ ұйымда әрекет ете алады. Қазір Еуропада әсіреоңшылдарды бірыңғай қозғалыс етіп тұрған не нәрсе десеңіз, ол – Еуропарламенттегі блок. Әр елден жиналған үміткерлер сол жерде өзінің күн тәртібін ұсынады. Сонымен бірге, идеологиялық жағынан бір-бірін қанаттандыру да бар, бірі ойлап тапқан идеологиялық платформаны басқалардың қайталауы осының көрінісі.

Әсіреоңшылдар билікке келгенде елді басқару тәсілін қалай өзгертеді? Олар шынымен де қалыптасқан, теңсіздікті күшейткен бұрынғы жүйеден шығуға тырысады деуге бола ма, әлде керісінше, бұрынғыдай солардың жұмысын қолдай бере ме?

Біздің қолымызда көп кейс жоқ, себебі көптеген елде әсіреоңшылдар әзірге билікке келіп жатқан жоқ және кіші серіктестері сияқты басқарушы коалицияға кірмейді. Ұзақ уақыт бойы әр елде санитарлық қалқандар болды, барлық партия өзара келісіп, коалицияға әсіреоңшылдарды ешқашан кіргізбей отырды. Бірақ, көптеген елде бұл санитарлық қалқан бұзылып жатыр.

Францияда әсіреоңшыл Марин Ле Пен билікке ұмтылып, қызық жағдай қалыптасты. Парламент сайлауының екінші турында оларда округте тіркелген сайлаушылардың ең аз 12,5% ғана дауысын жинаған партиялардан түскен үміткерлер өтіп кетті. Бұрын қатысу төмен болғаны үшін екінші турға екі-ақ үміткер өтетін, бұл жолы сайлауға қатысу көрсеткіші жоғары болып, 300 округте үш үміткер өтті.

Ол үш үміткер негізінен кім десеңіз, бірі – әсіреоңшыл, бірі – солшыл, үшіншісі – центрист. Мұндай жағдайда танымалдығы жөнінен үшінші тұрған үміткер жарыс жолынан шығып, санитарлық қалқанды қалпына келтіру үшін танымалдығы жөнінен екінші тұрған үміткерді қолдайды. Ал үшеуі де түссе, әсіреоңшыл үміткердің жеңіп шығу мүмкіндігі жоғары. Егер центрист жарыс жолынан шығып, дауысын солшылға берсе немесе керісінше болса, әсіреоңшыл жеңіледі.

Франциядағы парламент сайлауы кезіндегі әсіреоңшылдарға қарсы наразылық, фото nytimes.com

Санитарлық қалқанның соңғы нәтижесі сол, солшылдар мен центристер осылай әрекет етуге келісті, [бұл оларға әсіреоңшылдарды жеңіп шығуға мүмкіндік берді].

Дегенмен, бізде әсіреоңшылдардың билікке келуіне мысал аса көп емес, тек АҚШ пен Ұлыбританияда ғана бар. Алайда, олар билікке келгеннен кейін не болады? Біз олардың байлардың мүддесін көздеп, қатаң неолиберал саясат ұстанатынын көріп отырмыз. Оның жарқын мысалы – Трамп. Байларға салынатын салықты азайтты, олар байлыққа кенелді, ал кедейлер түксіз қалды. Венгрияда Виктор Орбан ел тарихында алғаш рет табыс салығының тегіс шкаласын енгізді, бұл да неолиберал логика. Яғни, әсіреоңшылдардың саясаты кедейлердің миын улап, ресурсты кедейлерден байларға өткізу. Кедейлер өзін алдауға жол берді екен, енді оларды аяудың қажеті қанша деген түсінік.

Бұған қоса, әсіреоңшылдарда экономикалық ұлтшылдық түсінігі бар. Олар еркін сауда мен жаһандануға қарсы. Олар протекционизммен және халықаралық қатынастағы сауда тарифтерімен үйлесетін өзінше бір неолиберализм орнатады.

Экономикадағы құлдыраудан бөлек, барлық мәдени мәселеде кері кету басталады. Яғни, мигранттарды, ЛГБТ өкілдері, феминистер мен жалпы көпшіліктен бөлек деп шешкен басқа да әлеуметтік топтардың ізіне түсу басталады. Шын мәнінде бұл көпшілік дегеннің өзі әртүрлі азшылықтан тұрады. Көпшілік деген – әсіреоңшылдардың шартты түрдегі қалқаны, олардың ойынша, көпшілікке ұқсамаған адам зардап шегуі керек. Сонымен бірге, әрине, оңшылдар да орасан зор адамға залалын тигізіп жатыр.

Әсіреоңшылдардың жаппай билікке келуінің ықтимал қаупі туралы сұрасам деп едім. Сіз өзіңіздің «Политический дневник» (Саяси күнделік) подкастыңызда ең басты қауіп саяси тәртіптің ауытқуы деген едіңіз. Мұнымен не айтқыңыз келді?

Мысалға мигранттарға қарсы ұрандарды алайық. Трамп, мәселен, белгілі бір ел азаматтарының АҚШ-қа кіруіне мүлдем тыйым салуды ұсынды. Немесе адамдардың елде болу шарттарын қатаңдату керек дейді. Бұған басқа партиялар қалай қарауы керек? Екі жол бар. Бірі – қазіргі ұстанымын сақтап қалу немесе мигранттарға қолдау білдіріп, радикал ұстанымға көшу. Екіншісі – әсіреоңшылдарға жақын өз ұстанымыңды білдіру. Мысалы, «Германияға арналған балама» мигранттар толықтай жаман дейді, ал Христиан-демократтар одағы толықтай болмаса да, жақсы емес дейді.

Солшылдар мұндай ұстанымға қарсы тұрып, тегеуріні мықты болса, оң қабақ таныта алады, дегенмен, кейде өздері де соған беріліп кетеді. Мәселен, Германияда Сара Вагенкнехт әсіресолшыл болатын, содан кейін путинизмге тән әлеуметтік ұрандар мен мигранттарға қарсы риториканы үйлестіре отырып, оңшыл-солшыл партия болу керек деп шешті. Нәтижесінде оның партиясы солшыл Die Linke партиясынан танымал болып шыға келді.

Қоғамдағы қалыптасқан тәртіптің осылай өзгеруі нәтижесінде фашизмге толерантты қарау өсе түсуі мүмкін бе? Бұл тез арада болуы да мүмкін бе? Ол неге әкеліп соғады?

Бұл шын мәнінде үлкен қауіп және ол тез арада болуы мүмкін. Бұл көшкін сияқты процесс. Барлық партия әсіреоңшылдардың жағына өтсе немесе дәл осы мәселеде соларға жақын болса, адамдардың қандай да бір құқықтарын қорғайтын ешкім қалмайды.

Бұған қоса, центристер мен либералдар да өзінше бір радикал қалыпқа көшкен, «Біз – Еуропамыз, біздің өзімізге тән еуропалық құндылықтарымыз бар» дейді. Басқаша айтсақ,олар сәл басқаша жеткізгенімен, әсіреоңшылдардың мәнеріне ұқсас нәрселерді айтуға көшті. Мұндайда әмбебап құндылықтарды қорғауды «еуропалық құндылықтар» ығыстырып шығарады. Соған сәйкес, «еуропалық құндылық» аясына кірмейтіндер, терісінің түсі жөнінен жолы болмағандар қорғаудан шет қалуы мүмкін. Жалпыға ортақ құндылықтармен кім айналысатыны қазір түсініксіз.

Оның үстіне, мен Еуропаны қарама-қайшылығы көп саяси жоба деп санаймын. Бір жағынан ол бізге адам құқығы, әлеуметтік мемлекет, экономикалық тиімділік және жалпы өмірдің жайлылығы секілді үлгі көрсетеді. Сонымен бірге Еуропа Еуроодақтың ішінде шекара жоқ, ал одан тысқары жерде бар деп, өзін басқа әлемнен бөлек етіп көрсетеді. Бұл жерден шекараның ашықтығы баршаға арналған игілік емес, тек еуропалықтарға арналған деген эксклюзив қисын шығады. Бұл Еуропаға «баршаға арналған» режимінен «бізге арналған» деген режимге өтуге мүмкіндік береді.

Германиядағы әсіреоңшылдардың наразылығы, фото thenationalnews.com

Мұндай екіжақтылық о бастан бар болатын. Ол, мәселен, климаттың өзгеруі мәселесінде де көрінеді. Бастапқыда Еуропа жасыл әлемге өтуде бүкіл әлемді артымыздан ерте аламыз деп мәлімдейді. Ал кейін ұстанымын өзгертіп, біз ешкімді де ертпейміз, бізде бәрі өзіміздікі, ал Африка мен АҚШ-та не істесеңдер де, шаруамыз жоқ деуге көшеді. Еуропада осындай провинциал сипаттар әмбебап құндылықтарды басып түсіп жатыр.

Еуропаны толықтай әсіреоңшыл саясаткерлер басқарып, соған орай басқа әлемнен алыстап кетуі мүмкін бе?

Олай болуы мүмкін. Билікке келгеннен кейін олар Еуроодақ деңгейінде Еуропаны басқалар кіре алмайтын алып қамалға айналдыруға келісуі мүмкін. Сонда олар еуроскептик емес, өз шекарасынан тыс жердегінің бәрін кеудеден итеретін еуроинтеграцияның жаңа күшіне айналуы мүмкін. Бұрын Еуропа адам құқығы және әлеуметтік қолдау деген қағида бар, қай жерде туып-өскеніңе қарамастан, адам сияқты өмір сүре аласың десе, болашақта ондай болмауы мүмкін.

Ал әсіреоңшылдық толқыны Италия мен немістердікі сияқты фашистік режимге айналып, мұның соңы әлемдік қақтығысқа алып келуі мүмкін бе?

Әбден мүмкін. Алып келмейтініне ешқандай себеп көріп тұрған жоқпын. Әсіреоңшылдар байлармен қандай да бір мықты коалиция құрып, капиталға қол жеткізсе, бәрі болуы мүмкін. Солшылдар мен барлық антифашистердің міндеті – осыған қарсы тұру. Бірақ бұл қолдан келеді не келмейді деген мәселе емес, күрес мәселесі.

Ал егер бұл экспансивтік сипаттағы емес фашизм болып, бүкіл әлемнен жабық болуға келіссе, өз принциптерін әрі қарай әлемге таратпаймыз десе, бұл тарих ұзаққа созылмақ. Тіпті, Еуропаны 100 жыл әсіреоңшылдар басқаруына куә болуымыз мүмкін. Бұл, әрине, таза спекуляция, бірақ олай болмауы мүмкін екеніне еш себеп көріп тұрған жоқпын. Ондаған жылдар бойы центристік консенсус болды, енді әсіреоңшылдардың күні туды. Еуропа бөтендерге агрессив қарай бастайды, ал оның ішінде теңсіздік артып, капитал жұмысшыларды қанауды жалғастырады. Мұның барлығы демократияны тұқыртуға алып келеді.

Сонымен бірге бұдан кейін әлемде таза сипатына сай демократия болмайды деген де қауіп бар. Үлкен пессимизмге негіз бар. Біріншіден, бұл заманауи капитализмнің өркендеуіне, теңсіздік пен адамдардың орасан зор тобының тұрақсыздығына әкеледі. Екіншіден, бұл әлемді экономикалық және саяси блокқа бөліп, әмбебаптықты жояды, енді түрлі мемлекеттердің блоктары бір-біріне доспейіл болмайды.

Ресейдің дәл осылай болуына белсенді әрекет етіп жатыр. Бір жағынан, Путин еуропалық әсіреоңшылдарға көрнекі әсер етіп, осы қозғалыстың басында болуды қалайды, себебі ол ыдыраған және АҚШ-тан іргесін аулақ салған Еуропаны өзіне қолайлы деп санайды. Екінші жағынан, бұдан геосаяси ахуал шиеленіседі. Алайда, ол жалғыз емес, бұған ұқсас процесс әр-әр жерден көрініс беріп жатыр.

Бұрын бізде шартты түрдегі капиталистік әмбебаптық, яғни жаһандану, бүкіл әлемге тараған нарық бар еді. Ал енді оның орнына әмбебаптықтың мейлінше терең, жетілген түрі емес, әскери блоктар, ұлтшылдық, ксенофобия, бөтендерді қудалау және мигранттарды жек көру деген партикуляризм алмастырып отыр.

Мұның бәрі жиналып келіп, фашистік картина түзеді. Бұл жағынан мен тым пессимистік көзқарастамын, себебі адам құқығы, әлеуметтік мемлекет, тағысын тағы әмбебап құндылықтарды кім қорғайтынын көріп отырған жоқпын. Ондай адамдар жоқ емес, бірақ олар әсіреоңшылдармен майданда жеңіліп қалуы мүмкін. Алармизммен айналысқым келмейді, дегенмен, бүгінгі күні фашизмге қарсы күрес аса маңызды екенін баса айтқым келеді.

Мұндай жағдайда көпшілігін авторитар режимдер басқарып отырған шартты түрдегі екінші және үшінші әлем елдерінің жағдайы қалай болуы мүмкін?

Бірдеңе деу қиын, себебі оларда жағымды өзгерістер бар. Латын Америкасының өзінде солшылдардың жеңіске жетуі көп кездесті. Ол жақта бәрі қарама-қайшылыққа толы, дегенмен де.

Оңтүстік-Шығыс және Шығыс Азия – негізінен әскери немесе партиялық режимдердің аумағы. Оларда демократияның жоқтығымен тамаша үйлесім тапқан өзіндік капитализм жүйесі орныққан. Соның өзі де тұрақты болып көрінеді. Геосаяси жағдай шиеленіскен жағдайда мұндай режимдер нығая түседі. АҚШ-қа қарсы тұру керек болса, бірдеңені өзгертудің қажеті қанша? Ресей де мемлекеттік капиталмен осы авторитар режимдер блогына қосылады.

Латын Америкасы солшыл бағытқа бет бұрып, әлемдік дамудың көзі болуы мүмкін. Немесе халықаралық қылмыстық сотқа Газадағы геноцид мәселесі бойынша шағым түсірген Оңтүстік Африканы алайық, олар да прогрессив үлгі көрсетіп отыр.