2753
1 октября 2024
Ақбота Узбекбай, Назерке Құрманғазинова, Власть

«Тәуелсіз бақылаушыларсыз нәтиже бұрмаланады»

Тәуелсіз бақылаушылар АЭС салу бойынша референдумға қалай дайындалып жатыр?

«Тәуелсіз бақылаушыларсыз нәтиже бұрмаланады»

Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша өтетін референдумға бір аптадай уақыт қалды. Референдумның дәл қашан өтетіні бір-ақ ай қалғанда белгілі болды, бұл тәуелсіз бақылаушылардың онсыз да қиын жұмысын тіптен күрделендіріп жіберді. Олардың кейбірі әлі аккредитация күтіп жүр, ал тағы бірі қаржыландыру мәселесін шешіп үлгермей жатыр.

Власть бақылаушылармен референдумға дайындық туралы әңгімелесті.

Аккредитация

6 қыркүйекте, референдумның өтетін күні белгілі болғаннан кейін төрт күннен соң Қазақстан жастар ақпараттық қызметі (ҚЖАҚ) аккредитация алуға өтініш берді, бірақ әлі күнге дейін Орталық сайлау комиссиясынан жауап алған жоқ.

«Бақылауға дайынбыз ба, жоқ па, ол туралы әзірге ештеңе айта алмаймыз. Бәрі аккредитация алуымызға байланысты», – дейді «Власть» редакциясына ҚЖАҚ қамқоршылар кеңесінің төрағасы Ирина Медникова.

Биліктің қалауымен жыл сайын дерлік түзетіліп отыратын сайлау туралы заңдағы соңғы өзгеріске сәйкес, аккредитацияға өтініш 30 күнтізбелік күн ішінде қаралады, ал аккредитацияның өзі бір жылға беріледі.

Құжаттар тізімінің толық болмауы, жарғының сайлауды бақылау талаптарына сәйкес келмеуі немесе ұйым қызметінің уақытша тоқтауы немесе толық тоқтауы аккредитация беруден бас тартуға немесе оның күшін жоюға себеп бола алады.

Бақылауға аккредитация алған ұйымдар сайлау бола қалған жағдайда проблемаға ұрынбас үшін аккредитацияға өтінішті әдетте жыл басында беріп қояды.

«Власть» сөйлескен ұйымдардың көбі аккредитация алған кезде ешқандай кедергі немесе проблема болмағанын айтты. Әйтсе де, «Тәуелсіз бақылаушылар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бесжан Төлеубекұлының ойынша, ұйымдарды аккредитациялаудың өзін кедергі деп санауға болады.

«Қазір бұның бәрі шетелдік халықаралық ұйымдардан грант алған ұйымдарды өткізбеу үшін жасалып жатыр», – дейді Төлеубекұлы сенімді түрде.

«Ұлы көш» қоғамдық қорының ақпараты бойынша, қазіргі кезде Орталық сайлау комиссиясы 9 қоғамдық бірлестік пен коммерциялық емес ұйымды аккредитациядан өткізген, олар бүкіл республика көлемінде бақылау жүргізе алады. «Ұлы көштен» бөлек олардың қатарында НAQ, «Еркіндік қанаты», «Азаматтық сараптама», «Дауыс» қорлары мен «Мұқалмас», «Әділ билер» және «Жастар үні» қоғамдық бірлестіктері бар.

Олардан бөлек өздері аккредитациядан өткен облыстарда референдумды бақылайтын басқа да ұйымдар бар.

Уақыттың тығыздығы

Көптеген қоғамдық бірлестікке референдумның нақты датасы оның өтуіне бір ай қалғанда жарияланғаны қиындық туғызды.

Көп жылдан бері сайлауға бақылау жасап келе жатқан «Эхо» қоғамдық бірлестігінің директоры Павел Лобачев осындай қысқа мерзімде Қазақстанның бүкіл аумағына бақылауға қаржы бөліп үлгере алмайтынын айтты, сондықтан Алматыдағы учаскелерді ғана бақыламақ.

Лобачевтің айтуынша, көптеген сайлау учаскесін қамту үшін олар басқа тәуелсіз ұйымдармен бірлесіп жұмыс атқарады.

«Бақылауға ақша жоқ, бірақ қайткен күнде де мониториң жүргіземіз», – деді Лобачев.

«Еркіндік қанаты» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Елена Швецова бір айлық мерзімді айтпағанда, тіпті жарты жылдың ішінде бақылауға қаражат табу қиын деп отыр.

«Оның үстіне қазір халықаралық ұйымдар саяси процестерге (араласатын ұйымдарға) қолдау көрсеткісі келмейді. Бұрын ахуал қиын болса, қазір тіптен қиын», – дейді ол.

Сондықтан «Еркіндік қанаты» көлікке және мониториң топтары мен бақылаушылардың ұялы байланысына шығындарды жабу мақсатымен жылу жинауды бастады.

Фотоны Бейімбет Молдағали түсірген, Астана, "Еркіндік қанаты" штабынан

Бақылаудың маңызы

Биыл «Еркіндік қанатының» бақылаушылары сайлау учаскелерінің мүгедектігі бар адамдарға ыңғайлы болуына мониториң жүргізуге көңіл бөлмекші. Олар қатынасудың ыңғайлы болғанын ғана емес, материалдарды және сайлау комиссияларының дайындығын да тексереді.

«5-6 қазанда еріктілер учаскелерді аралап, олардың ыңғайлы болуын бағалайды, бұны анкетаға енгізеді. Нәтижесі бойынша учаскелердің ыңғайлы болуы туралы есеп дайындап, мемлекеттік органдарға жібереміз», — деп түсіндірді ол.

Сонымен қатар, дауыс беру күні «Еркіндік қанаты» дауыс беру процесін бақылайтын және процедура қалай сақталып отырғанын қарайтын мониториң топтар ұйымдастырады.

Республикалық референдум туралы заңға сәйкес, дауыс беруге қатысу құқығы бар азаматтардың жартысынан көбі дауыс бергенде референдум өтті деп есептеледі.

«Референдумды бақылаудың негізгі міндеті – дауыс санын қадағалап отыру. Таңертеңнен кешке дейін тұрып, сайлау учаскесіне келген адам санын санайтын бақылаушыларды дайындауымыз керек», – деді Елена Швецова.

«Билік бақылаушы жоқ жерлерде келушілер санын артық көрсетуге және өзіне қажет нәтиже көрсетуге тырысады (...) Референдум күні не күтуге болатыны бәріне мәлім», – деп санайды Бекнұр Сражанов. Ол Батыс Қазақстан облысындағы «Жария» ҚБ бақылаушылар үйлестірушісі.

Оның ойынша, бақылаушыларға шектеудің көбеюі бақылауға қатысқысы келетіндердің ынтасын бәсеңдетуі мүмкін.

Бірлестік 50 адам жинады, референдум күніне таман бақылаушылар саны жүзден асады деп үміттенеді. «Жария» негізінен Оралға назар аударады, өйткені өңір сайлаушыларының тең жартысы осы қалада тұрады.

«Егер бақылаушылар бармаса, халықтың «қарсы» дауыс бергенінен пайда жоқ. Өйткені оларға халық белсенді екенін көрсететін жалпы статистика маңызды. Тәуелсіз бақылаушылар болмаса, бәрі бұрмаланады», – деп санайды «Ұлы көш» қоғамдық қорының үйлестірушісі Ерғали Нариманұлы.

Олар да «Жария» секілді қазіргі сәтте 50 бақылаушы жинап қойды, референдум таяғанда тағы да адам тарта аламыз деп үміттеніп отыр.

2023 жылы парламент сайлауы кезіндегі Инга Иманбай мен Равкат Мұхтаров штабы, фото авторы Алмас Қайсар

Не күтуге болады?

«Әзірге қандай да бір шектеу жоқ, «қызықтың» бәрін референдум қарсаңында немесе референдум күні күтіп отырмыз», – дейді HAQ қорының жетекшісі Тоғжан Қожалы.

Айтуына қарағанда, референдумға бақылау жасаймыз деп шешкендеріне көп болмаған. Әйтпесе, бәрін бос тірлікке балап жүрген екен. «Тәжірибемізге сүйеніп айтсақ, билік әр сайлау сайын бәрін бір сценарий бойынша жасайды», – деді ол.

Қоғамдық бірлестік референдумда қордың атынан Қостанай, Атырау, Шымкент, Түркістан, Орал және Астана қалаларында 300 шақты адам бақылайды деп үміттеніп отыр.

«Әдетте бәрі (кедергі – В.) референдум қарсаңында басталады. Алайда қазір белгілі бір адамның немесе партияның мүддесі жоқ, сондықтан бәрі тыныш өтуге тиіс», – деді «Тәуелсіз бақылаушылар» жетекшісі Төлеубекұлы. Олар қазіргі сәтте 80-ге жуық бақылаушының басын қосқан. Алматының бірнеше ауданын қамтуды жоспарлап отыр.

«Азаматтық сараптама» қорының президенті Данила Бектұрғановтың пікірінше, сайлаушылардың нәтижесі мен баруын асырып көрсетеді.

«Әдеттегідей атқарушылар жағынан “бас ал десе, шаш алатын” жағдайлар көп болады [деп отырмыз], бұндай техникалық заң бұзу комиссия мүшелерінің білігі аса төмен болуына байланысты. Бұл барлық электоралдық науқанда міндетті түрде болып жүр», – деді ол.

Фотоны түсірген Данияр Мүсіров

Бектұрғановтың айтуынша, ұйым атынан қанша адам бақылаушы болатынын болжау қиын.

«Кадр тұрақсыздығы және астыртын жіберілген адамдардың көп болуы рекрутиң кезіндегі басты проблема болып отыр. Тіпті іріктеуден өткен және трениңге қатысқан бақылаушылардың өзі дауыс беру күні учаскеге келмей қалатын жағдай жиі болады. Сондықтан шынымен тәуелсіз бақылаумен айналысатын бірде-бір ұйым қанша учаскені нақты қамтитынын ешқашан айта алмайды», – деп түсіндірді ол.

Бектұрғанов қандай да бір заң бұзу әзірге жоқ, өйткені Референдум туралы заңның өзі жалпы алғанда шектелген, тұжырымдары анық емес және түсінік аясы кең болып отыр, демек, «заң бұзуды нақты тұжырымдауға мүмкіндік бермейді» деп санайды.

«Екінші себеп – қазір мемлекеттік пропаганданың бүкіл күші АЭС салу идеясына жұмсалып жатыр және дұрыс қоғамдық талқы жоқ. (...) Демек, қазірдің өзінде қабылданып қойған, референдумда қағаз жүзінде мақұлдануын күтіп отырған болса керек. Шешім қабылданып қойған екен, шын күрес болмайды екен, заң бұзудың қажеті қанша? Олай жасаудың мәні жоқ», – деді ол.

«Ұлы көш» қорының өкілі Ерғали Нариманұлы референдум күні әдеттегідей бақылаушыларды сайлау учаскелерінен шығарып жіберу оқиғалары болады деп күтіп отыр. Бұл жағдайда олар жазбаша акт толтырып, бақылаушы қай заңды бұзғанын көрсетуді талап етпек.

«Жазбаша актісіз шығарып жіберу заңсыз. Жазбаша акті болған жағдайда біз сотқа жүгіне аламыз», – деп үміттенеді Нариманұлы. Әйтсе де, ол республика бойынша сайлауда заң бұзуға қатысты бірнеше ғана әкімшілік іс қозғалғанын, көбі қараусыз қалғанын атап өтті.

Дегенмен, қазір сайлау комиссиялары тәуелсіз бақылаушылардан сескене бастады деп санайды. «Олар сәл де болса нормаларды сақтай бастады деуге болады. Бұл тәуелсіз бақылаушылардың еңбегінің арқасы», – дейді.

Фотоны Назерке Құрманғазинова түсірді

Сайлау заңнамасының бұзылғаны туралы жазбаша акт немесе хаттама болғанның өзінде, билік соған орай әрекет етеді деген сөз емес деп санайды шымкенттік белсенді Мақсат Дүйсебаев. Ол 2019 жылғы президентті сайлаудан бері сайлауларға белсенді түрде бақылау жасап келеді.

«2023 жылы Шымкент қалалық мәслихаты депутаттығына өзін-өзі ұсынған кандидат болғанымда хаттаманың барлығы жоғалып кетті. Сіз видеоға түсіріп, заң бұзу туралы хаттама рәсімдегеннің өзінде сот та, басқа орган да ешқандай шара қолданбайды. Сол сайлау комиссиясы, сол төраға, ештеңе өзгерген жоқ», – деді белсенді.

Дүйсебаев 2021 жылы сайлауға бақылау жүргізумен айналысатын «Мұқалмас» ұйымы филиалының төрағасы болып сайланды. Бірақ, 2023 жылғы парламент сайлауының алдында оны төраға лауазымынан сыртынан алып тастаған. Сондықтан ол ешқандай ұйымның жұмысына қатыспайды, осы референдумда да бақылаушы болмайды.

Дүйсебаев өткен сайлаулардың ешбірінен әділдік көрмегенін айтады. Қазақстанда сайлаудың адал, ашық және жаппай заң бұзусыз өткені туралы бақылауға қатысы бар беделді халықаралық миссиялардың мәлімдемелерінде де ешқашан айтылмаған.