1377
3 октября 2024
Ғалия Байжанова, арнайы Власть үшін

«Менің папам тигр»

Қазақстанда тұратын көптеген еркектің ойлау жүйесі туралы фильмге рецензия

«Менің папам тигр»

Премьера: 26 қыркүйек

Ұзақтығы: 83 минут

Шығарған ел: Қазақстан

Режиссері: Ернар Нұрғалиев

Актерлар: Жанболат Найзабеков, Сезім Жанболатқызы, Зарина Кәрмен, Әлихан Идришева

Қазақстандық кинопрокат Ернар Нұрғалиевтің «Менің папам тигр» деген комедиясымен толықты. Бұл үйреншікті комедиялық туынды емес, Қазақстанда тұратын қарапайым ер адамның ойлау жүйесі туралы қызық (бір жағынан қорқынышты) зерттеу сияқты фильм екен. Киносыншы Ғалия Байжанова ұлттық комплекстер мен армандарды зерттеді.

Ернар Нұрғалиевті стандарт, үйреншікті комедия түсірмейтіні үшін Қазақстандағы ең қызық режиссердің бірі деп атауға болады. ArtDealers шығармашылық бірлестігі (Ернар мен продюсері Тимур Шевченко, сонымен қатар каскадер Жандос Айбасов бастаған топ) шығаратын фильмдерді нағыз қазақша арт-комедия санатына жатқызуға болады. Себебі жігіттер шынымен-ақ жарқын, ерекше картиналарды қағытпа қалжың қосып («Жаным, ты не поверишь»), ерекше тапқырлықпен («Умри или вспомни») және ең үздік отандық хит әндерді кіріктіріп (барлық туынды) жасап жүр. Олардың «Жаным, ты не поверишь» деген «қара» комедиясы бекерден-бекер көп елге сатылып, көптеген беделді алаңда, оның ішінде америкалық HBO-да текке көрсетілген жоқ. Ернар Нұрғалиевтің аса ерекше комедияларында көрерменді күлдіретін дүние көп, бірақ жылататын сахна да жетерлік. Таңғалып, қуанатын дүние де, көңіліңді түсіретін жайттар да табылады. Соңғысы жөнінде сәл кейінірек айтамыз.

«Менің папам тигр» не туралы?

Ернар Нұрғалиев, Тимур Шевченко және басты рөлді сомдаған Жанболат Найзабеков үшеуі бірігіп түсірген бұл фильмде мектепте шахматтан дәріс беретін, өмірі жолы болмайтын Амантай туралы баяндалады. Ол – аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен қазақтың қарапайым ынжық жігіті. Табиғатынан жұмсақ мінезді, тартыншақ, бірақ іштей үнемі шықпай қалған түрлі эмоциясымен алысып жүреді. Сырт көзге қай кезде де өте сабырлы болып көрінеді. Амантай не жұмыста, не үйде жеке шекарасын қорғай алмайды, жұрттың оған дөрекі сөйлегеніне төзе береді, ал өзі ешкімге жекіп сөйлей алмайды. Мұны айналасы да сезеді. Тәрбие көрмеген бір оқушының ата-анасы оған ашықтан-ашық тіл тигізіп, тіпті дәріс үшін ақша да төлемей қояды. Жолда оны үнемі боқтап кетеді. Үйінде біраз жылдан бері жылы су жоқ болса да, сол үшін жергілікті пәтер иелері кооперативіне барып, жанжал шығаратын Амантай жоқ.

Амантай үнемі қарызға белшесінен батып жүреді. Несиені жұмыс істейтін, бірақ жағы бір сембейтін әйелі төлейді. Есімі – Шынар (Зарина Кәрмен). Үйленген болса да, Амантай өзін үнемі жалғыз сезінеді. Анасы (Әлихан Идришева) алжи бастағандықтан, ұлын танымай қалған. Ал қызы Алуа (бұл рөлді басты кейіпкерді сомдайтын актердің туған қызы Сезім Жанболатқызы ойнайды) әкесін аса сыйламайды да. Кішкентай қызға үй тапсырмасына «Менің әкем – қаһарман» деген тақырыпта шығарма жазу керек болғанда жағдай ушыға түседі. Сыныпта шығарманы дауыстап оқу қажет болғанда Алуа жылап тұрып кабинеттен шығып кетеді. Әкесі жағдай қиын екенін сол кезде түсінеді.

Амантай бәріне қолын бір сілтемек болған сәтте жер сілкініп, еденге құлап, есін жиғанда ауруханадан бір-ақ шығады. Дәрігер оған миының бадамша денесі зақымданып, сирек кездесетін Урбаха-Вите синдромына ұшырағанын айтады. Мұндай науқастарда қорқыныш сезімі мүлдем болмайды. Осы сәттен бастап Амантайдың ішінде ештеңеден қорықпайтын, барлық нәрсеге агрессиямен жауап беретін бір адам пайда болады. Дәрігер жазып берген дәрілерді ішсе, ашуланғаны аса қорқынышты емес. Ал дәрі ішпей қалса, ол адам танымастай болып кетеді. Ол алдымен дөрекі адамдар мен бетпақтарды ұрса, кейін көрінген адамға жұдырығын ала жүгіреді. Ал отбасы оның бұл күйін қабылдай алмайды.

Ернар Нұрғалиевтің қорқыныш тақырыбына баруы бірінші емес. «Умри или вспомни» картинасында режиссер Айя (Жанар Доғалова) деген қызды өлгенше қорқытуға мәжбүр болған Ес (Мерей Мұхтарұлы) деген жергілікті жалқаубай жігіттің хикаясын түсірген еді. Айя есін жоғалтқан, гауһар тастарын қайда сақтағанын ұмытып қалған. Ол тек шынымен қатты қорыққанда ғана бәрін есіне түсіре алатын. Ал бұл фильмде қорқыныш мүлдем басқа ракурстан ұсынылады, бұл жолғы кейіпкерде қорқыныш сезімі жоқ. Кейде Амантайдың ештеңеден қорықпайтыны оны қаһарман етіп көрсетсе, кейде ессіздікке де итермелейтін.

Авторлар психоанализ сеансын ұйымдастыра алды ма?

Ернар Нұрғалиевтің туындылары кинематографиялық қана емес, антропологиялық дерекке де негізделетіні көптен айтылып жүр. Оның менталитетіміз негізінде түсірілген фильмдерінде Қазақстан туралы, жергілікті халықтың қарым-қатынасы жайы көрсетіледі. Себебі оның өзі де, өзге авторлар да барлығына елдегі қарапайым ер адамның көзқарасымен қарайды, бәрінің комплексі, қорқынышы, арманы, үміті бір. Сондықтан оның жұмыстарында байланыспайтын дүниелер үйлесім табады, мысалы, романтика мен нәзіктік тәуелді қарым-қатынаспен, әзіл-әжуа зорлықпен, ал отбасылық құндылықтар отағасының инфантильдігімен қатар жүреді.

«Менің папам тигр» фильмінде сценаристер Азамат Абжанов, Ернар Нұрғалиев, Әнуар Тұржігітов сценарийді жақсы жазып шыққан деуге болады: біздің қоғамда көнбістік пен сыпайылық неліктен әлсіздік деп бағаланып, дөрекілік пен ашудың неге күш пен рухтың символы екенін зерттеген қызық хикая құрастырған. Авторлар орнымен ашулануды қолдап, залал келтіретін ызаны сынға алып, бұған дұрыс назар аударта білген. Қит етсе, ата-бабаны сөз ететіндер мен жалған патриотизмге күліп, орынды әрі қазіргі күн тәртібіне сай әзіл қосқан (өрмекші адамнан бастап, Роза Рымбаеваға дейін бәрін қамтыған). Бірақ ең жауапты сәтте жігіттер ерлерге мәртебесін «қайтарып береміз» деп, шалыс басқан. Әрі қарай біршама спойлер болады.

Ең драмалық сәтте әкесі кенет кішкентай қызын бәріне кінәлі санап, айғайлай бастайды. «Бәріне кінәлі сенсің! Сен!» — деп айғайға басады. Бала қорқып, анасына жүгіреді. Әрі қарай тіпті қызық бола түседі. Амантайдың басына келген қайғылы оқиғалардан соң әйелі мен қызы үйге келіп кешірім сұрайды! Дауыс көтерген — Амантай, кінәлі — олар. Оны жеткілікті дәрежеде мақтан тұтпапты-мыс. Отағасының психикасында ақау бар, сондықтан оны ештеңеге кінәлауға болмайды екен. Бірақ адам ауру болса, ол емделуі керек, шектен тыс ашушаң болса, маманның көмегіне жүгінуі керек. Сценаристер ата-ананы ешкім таңдамайтынын, оларды сол қалпында жақсы көру қажет екенін, олар қандай «тигр» болғанына қарамастан, мақтан тұтуға лайық екенін түсіндіргісі келген болса, бұл сәтсіз жасалды. Бұл оқиғаға қатысты ерлердің көзқарасы, әрине, қызық. Бірақ бұған ешқандай гендерлік ерекшелікке сүйенбей, ақыл-парасат тұрғысынан қараған абзал. Дәл осы эпизод көрсетілгенде залда отырғандардың бәрі — әйелі де, ері де көзіне жас алғанын айта кету керек. Бірақ неліктен екені түсініксіз.

«Менің папам тигр» фильмін Ернар Нұрғалиев өз әкесіне арнаған. Демек, картинаның қандай да бір кем тұстары болса да, бұл кемшілік белгілі бір маңызды мәселені жою үшін емес, жай ғана автор көзқарасымен жасалған дүние дей аламыз. Алайда бұл туындыны әке мен қызды сомдаған актерлер дуэті мен фильмде отбасылық тақырып көтерілгені үшін мақтауға болады. Көпшілікке арнап психоанализ сеанстарын ұйымдастырсақ, бір күні түпкі мәнге деп жетерміз деп үміттенеміз.