4725
22 ноября 2024
Ирина Гумыркина, Власть, суретті Светлана Ромашкина түсірген

Тасжүрек мемлекет

Жануарлар туралы заңға енгізілетін түзетулер биліктің бет-бейнесін көрсетіп отыр

Тасжүрек мемлекет

«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң қабылданған кезде Қазақстан өркениетті елдердің жолына түскендей көрінген еді. Бірақ араға екі жыл салып, билік заңға бұралқы және иесінен адасып қалған жануарларды жаппай өлтіруге рұқсат беретін түзету енгізбекші.

Депутаттар иесі іздеп келмеген жануарға ауланғаннан кейін 15 күннен соң эвтаназия тәсілін қолдануды ұсынды. Билік ауланған жануарларды ұстауға ақша жұмсағысы келмейтінін жасырып отырған жоқ. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев «бюджет созылмалы емес» деп турасын айтты, сондықтан ауланған жануарларды ұстауға «дұрыс» жағдай жасаудың орнына, эвтаназия қолданған дұрыс. Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев та бейсенбіде өткен түзетулерді талқылау кезінде мемлекетте «ақша жоқ» деді.

Заңға түзету енгізуді жақтайтындар бұралқы иттер адамға, соның ішінде балаларға шабуыл жасайды деген уәж айтады. Жануарларды аулау, стерильдеу, екпе салу және босату бағдарламасы нәтиже бермей отыр-мыс. Сондықтан осы жолды жөн деп шешіпті.

Депутат Баққожаев шімірікпестен «миллиондаған иттің өмірі бір адамның өміріне татымайды» дегенді айтты.

Бірақ жануарларға ешқандай эвтаназия ізгі ниетпен жасалмайтынын бәрі жақсы біліп, түсініп отыр. Аулау қызметі жұмысының әрбір кезеңі фото- және видеоға түсірілмейтіндіктен, бұл стандарттарды ешкім орындамайды. Оның үстіне аулау кезінде асыл тұқымды иттер де қолға түседі, соның ішінде бөлек заңмен қорғалатын тазылар да бар.

Қазақтың ит тұқымдары — тазы мен төбетті сақтау туралы заң елде президенттің тапсырмасымен қабылданды. Бірақ басқа иттердің қай жері кем? Мемлекет басшысы олар туралы ештеңе айтпағанымен бе, ешбір жануарды елеусіз қалдырмай, бәрін қорғауға тапсырма бермегені үшін бе? Айтпақшы, қазақы ит тұқымдары туралы заң бір жарым айда әзірленіп, президент тапсырмасынан кейін төрт айдан соң қабылданды. Ал қазақы жылқы тұқымдарын сақтауға арналған Жылқы шаруашылығы институты Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырма бергеннен кейін төрт күннен соң құрылды. Ал жануарларды қорлауға қатысты заң қабылдауды жануар құқығын қорғаушылар бірнеше жыл сұрады.

Бұл мысалдар пайдаға қатысты іс болса, бәрі тез әрі билікке ыңғайлы жағынан қабылданатынын көрсетіп отыр.

Егер пайдасы болмаса (миллиондаған бұралқы иттен қандай пайда болушы еді?), мемлекет те проблеманы шешуге, азаматтық қоғамға құлақ асуға ұмтылмайды. Қоғам белсенділері мен жануарлар құқығын қорғаушылар дабыл қақса да, билік киік санын «реттеуге» осындай құлшыныспен кіріскен еді. Алайда, дәл сол билік Каспий итбалығының популяциясы күрт азаюының шын себебін таба алмай (немесе тапқысы келмей) отыр.

Қоғамдық маңызы бар мәселелерді шешуге келгенде мемлекетте «ақша болмай» қалу жиі болады.

Бірақ қоғамға ешқандай пайда әкелмейтін, елге экономикалық жағынан тиімді жобаларға ақша табыла кетеді. Бір жағынан, бұл жақсы. Екінші жағынан — шенеуніктер қазақстандықтарды адамгершілікке тәрбиелеу керек, бала кезден елін мақтан тұтатын, қоғамға, мемлекетке пайда әкелетін азамат етіп өсіру керек деп жиі айтады.

Бірақ биік мінберден қатыгездікке шақырып жатса, «халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» кереңдігі паш етіліп жатқанда, дәл сол биік мінберден адамгершілік туралы қалай сөз қозғауға болады?