Читайте этот материал на русском.
Сейсенбі күні кешке Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль елде әскери жағдай жариялады. Ол «Солтүстік Кореяны жақтаушы» және «мемлекетке қарсы күштер» елдегі демократия негіздерін құлатуды көздеп отырғанын алға тартып, тәртіп орнатуға мәжбүр екенін мәлімдеді.
Алайда бірнеше сағат ішінде президенттік партия мен оппозиция өкілдерінен құрылған парламент мүшелері жиналып, әскери жағдай енгізуге қарсы дауыс берді.
Келесі күні президент аппараты отставкаға кетті, ал Корея астанасы Сеул көшелері президенттің қызметтен кетуін талап еткен шерушілерге толды. Енді ел шамамен екі жыл қызмет еткен президентке импичмент жариялау процесін күтіп отыр.
«Мен Корея Республикасының еркіндігін қорғаймын және қалпына келтіремін»
«Халық күші» консерватив партиясы атынан сайланған Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль күтпеген жерден ұлттық телеарнада сөз сөйлеп, оппозицияны «жүйені құлату үшін барын салып жатыр» деп айыптады.
Президенттің айтуынша, үкімет құрылғалы оппозиция бақылауындағы парламент үкіметтегі шенеуніктерге импичмент жариялау туралы 22 мәрте бастама көтерген. Осылайша, Ұлттық ассамблея (Оңтүстік Корея парламенті) мемлекеттің жұмысын тежеп жатыр.
Юн парламент үкіметтің бюджет жоспарын бұғаттауы салдарынан Корея қоғамдық қауіпсіздігі жоқ «есірткі жұмағына» айналып жатыр деп санайды.
«Демократиялық партия (Оңтүстік Кореядағы негізгі оппозициялық партия — В.) келер жылдың бюджетін 4,1 трлн вонға қысқартқан. Оның ішінде 1 трлн вон табиғи апаттарға дайындалу қорына, 38,4 млрд вон балаларға күтім көрсету бойынша жәрдемақылар мен жастарды жұмысқа орналастыру үшін газ кен орындарын әзірлеу жобасына арналған», — дейді Юн.
Президент Кореяны «қалпына келтіру және қорғау», мемлекеттің жұмысын тежеуге тырысқан «қылмыскерлерді» түбімен жою үшін әскери жағдай енгізуге мәжбүр болғанын айтады.
Демократия үшін күрес
Әскери жағдай енгізілгеннен кейін елде барлық саяси қызметке, соның ішінде партиялардың жұмысына және азаматтардың митинг өткізуіне тыйым салынды, ал бүкіл БАҚ өкілдері әскер пәрменінің бақылауында болуға тиіс болды.
Сондай-ақ, жарлыққа сәйкес, «жалған ақпарат» таратуға тыйым салынды. Жарлықты бұзғандар сот санкциясынсыз қамауға алынуы мүмкін еді. Корея астанасы Сеулде әскери техника жүргені байқалған, ал полиция парламент ғимаратын қоршауға алды.
Артынша оппозициялық «Демократиялық партия» жетекшісі Ли Джэ Мён әскери жағдайды заңсыз деп атап, халықты парламент алдына наразылыққа шығуға шақырды.
«Халық күші» президент партиясының жетекшісі Хан Дон Хун да президент шешімін «дұрыс емес» деп атап, оны тоқтатуға уәде берді.
Түнге қарай парламент ғимараты алдында наразылық білдірушілер мен күштік құрылым арасында қақтығыс басталды. Ұзақ уақыт бойы парламент мүшелері ғимаратқа кіре алмай жүрді, себебі кіру жолын әскерилер бөгеп тұрды. Оппозицияның хабарлауынша, әскерилер президенттік партия жетекшісі Хан Дон Хунды, парламент спикері У Вон Сикті және оппозиция жетекшісі Ли Джэ Мёнды ұстамақшы болған.
Алайда бірер сағаттан кейін Корея парламенті отырыс өткізіп, елде әскери жағдай енгізу туралы президенттің шешімінен бас тарту үшін дауыс берді. Ғимаратқа кіре алған депутаттардың барлығы — 300-дің 190-ы бұл шешімді қолдады.
Әскерилер ғимараттан шыға бастады. Алайда Сеул көшелеріндегі наразылық акциялары одан сайын күшейе түсті.
Президент импичменті
Көшедегі наразы халық президенттің биліктен кетуін талап етіп жатыр. Миллионнан астам адам мүшелік ететін Корея кәсіподақтар конфедерациясы құрамындағы мыңдаған адам Юн Сок Ёль отставкаға кеткенше ереуілге шығатынын мәлімдеген.
Сәрсенбі күні таңертең президент әкімшілігінің толық құрамы отставкаға кетті. Yonhap агенттігі президент әкімшілігінің басшысы, ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі, саясат істері жөніндегі штаб бастығы және тағы жеті аға көмекшісі отставкаға кеткенін жазды.
Президент тағы да үндеу жасап, бұған дейінгі айыптауын қайталады. Бірақ министрлер кабинетінде кворумға қол жеткен бойда әскери жағдай тоқтатылатынын атап өтті.
«Ұлттық ассамблеяны импичмент, заңнамалық және бюджеттік айла-шарғылар арқылы елдің жұмысын тоқтататын шектен шыққан әрекетін дереу тоқтатуға шақырамын. Рахмет», — деді ол.
Оппозиция президент өз еркімен отставкаға кетпесе, импичмент рәсімін бастаймыз деп отыр.
Олардың коалициясы 72 сағат ішінде дауыс беруге шығарылуға тиіс импичмент туралы заң жобасын ұсынбақ. Заң шығарушы органның үштен екісінен астамы дауыс берсе, ұлттық ассамблея импичмент жариялай алады. Содан кейін оны тоғыз судьяның алтауының дауысымен бекіте алатын Конституциялық сот қарайды.
Президент пен парламент арасындағы текетірес қайдан шықты?
Кореяның бұрынғы бас прокуроры Юн Сок Ёль 2022 жылы президент сайлауында жеңіске жетті, ол қарсыласы Ли Джэ Мёнді 1 пайыздан аз дауыспен басып озды. Оның сайлауалды науқаны сыбайлас жемқорлықты, сондай-ақ өзінің алдындағы Мун Чжэ Иннің Солтүстік Кореяға қатысты жұмсақ саясатын сынға алуға арналды.
«Алдын ала соққы беру және оларға дайын екенімізді көрсету мүмкіндігін алғанда ғана соғыстың алдын алуға болады», — деді ол Солтүстік Кореяға деген қатқыл позициясын көрсетіп.
Юн президент атанғаннан кейін азаматтық белсенділер, кәсіподақтар мен бұқаралық ақпарат құралдарына бағытталған қысым мен қуғын-сүргін науқанын бастады. Оның қызметі тұсында полиция мен прокуратура бірнеше мәрте журналистердің үйі мен редакциясын тінтіп, оларды «жалған ақпарат таратты» деп айыптады. Күш құрылымдары кәсіподақтардың кеңсесіне де рейд жасап, олардың «солтүстік кореялық агенттермен» байланысын тексерді.
Ақпарат құралдары оның елді билеу стилін «прокурорлық диктатура» деп атады.
Президент «тоталитарлық коммунизм күштері әрдайым жалған үгіт-насихат арқылы демократияны жақтаушылар, құқық қорғаушылар немесе прогресшіл белсенділер кейпіне енеді» деп мәлімдеген. Ол Оңтүстік Кореядағы гендер теңдігі министрлігін таратуға да уәде берген.
Әйтсе де, биыл сәуір айындағы парламент сайлауында президент партиясы айтарлықтай жеңіліске ұшырады. Оппозиция мандаттың басым бөлігіне ие болып, бұл елдегі саяси дағдарыстың алғышартын көрсетті. Заң шығарушылар Юнның корпоративтік салықтарды қысқарту, зейнетақы жүйесін реформалау және жұмыс уақытына қойылған шектеулерді алып тастау әрекетіне кедергі келтіріп, оның ірі бизнеске қолдау бағдарламасына тосқауыл қойды.
Әскери жағдай президент рейтингі төмендеп, парламент үкімет ұсынған бюджетті қабылдамай, мемлекеттік аудитор мен бас прокурорға импичмент жариялау туралы шешім қабылдағаннан кейін бір аптадан соң енгізілді.
Мәтін The Korea Times, Reuters, Yonhap, Jacobin и The New York Times материалдарының негізінде жазылды
Поддержите журналистику, которой доверяют.