392
9 января 2025
Равкат Мұхтаров, Александр Терентьевтің фотосуреттері

Алматы курьерлері қандай ауамен демалып жүр?

Зерттеушілер эксперимент жасады

Алматы курьерлері қандай ауамен демалып жүр?

Almaty Air Initiative қорының «Жұмыста ауаны таңдай алмайсың» жобасының зерттеушілері бір кейіпкерді мысалға алып, Алматы көшелерінде курьерлерге төнетін қатер туралы баяндайды. Әңгіме олар қалада жүргенде күні бойы жұтатын ауа туралы.

Дамир қаладағы курьер қызметінің бірінде істейді. 25 жаста, бес жылға жуық уақыттан бері курьер болып келе жатыр — 2020 жылғы сәуірден бері істейді. Дамирдің отбасы, ұлы мен қызы бар. Негізгі жұмысы осы, қосымша табысы да бар.

Дамир тапсырысты мопедпен жеткізеді. Тәулігіне 12 сағат еңбек етеді, осы уақыт ішінде 35–40 тапсырыс орындайды.

Такси жүргізушілері секілді курьерлер де уақытының көп бөлігін жол үстінде өткізеді, алайда автоәуесқойларға қарағанда, мопед пен велосипед мінген курьерлерге автокөлік түтіні тікелей әсер етеді.

Қалада жүрген автокөліктердің 50 пайызы 10 жылдан асқанын, ал олардың жартысы 20 жылдан асқанын ескерсек, Алматы жолдарындағы курьер кәсібі аса қауіпті жұмыс болып отыр. Жылыту маусымы басталып, ауада ластағыш заттар көбейгенде курьерлердің денсаулығына қосымша қауіп төнеді.

Дамирге Atmotube мобильді датчигі берілді, оны жұмыс істеген уақытында өзімен бірге алып жүрді. Бұл мәліметтер түрлі жердегі ластану деңгейін көрсетеді.

Зерттеушілер курьерлер қауіпті ластағыш заттар шоғырланған орындармен қаншалықты жиі жүретінін анықтағысы келді. Қауіпсіз нормадан жиі асып кете беретін PM2.5 мөлшері көп уақыт бойы жоғары шамада сақталуы мүмкін, тіпті осындай аймақта аз уақыт болғанның өзі денсаулыққа біраз залал әкелуі мүмкін.

8 күнге созылған эксперимент нәтижесінде Дамирге жұмыс уақытында (таңертеңгі тоғыздан кешке дейін) әсер еткен PM2.5 орта концентрациясы 94 мкг/м³ болғаны анықталды. Салыстыру үшін айта кетейік, Алматыда дәл осы күндері сондай датчигі болған кеңсе қызметкерінде орта концентрация 41 мкг/м³ болды, ал ДСҰ ұсынған норма — 15 мкг/м³. Осылайша курьерлер кеңсе қызметкеріне қарағанда 2,2 есе көп ластаушы заттарды жұтады.

Жиналған мәліметтерге сүйеніп, Алматының жекелеген тұрғыны үшін ауа сапасының мынадай картасын құрастырдық:

Картадан көріп тұрғаныңыздай, Дамир уақытының көп бөлігінде «денсаулыққа зиян» деп жіктелген ауамен демалған. Бүкіл уақыттың тек 22 пайызында ауа сапасы «жақсы» немесе «бірқалыпты», ал 57 пайызында денсаулыққа зиян және қауіпті болған.

Кейбір сапарды аса қауіпті деп сипаттауға болады. Айталық, 20 желтоқсанда 20.00-ден кейін Дамир тапсырыс қабылдап, әуежай жаққа шығады. Осы сапарды ол үшін ең қауіпті деуге болады — PM2.5 бөлшектерінің концентрациясы 305 пен 503 мкг/м3 аралығында өзгеріп отырған. Бұндай сапарды AQI жіктемесі бойынша қауіпті деп сипаттауға болар еді:

Бұндай мәліметтер далада жұмыс істейтін адамдар ауаның нашарлығынан қатерге жиі ұрынатынын көрсетіп, ахуалды жақсарту үшін қандай шара қабылдау қажет деген мәселені көтереді.

Ластану деңгейінің соншалықты жоғары болуы көздің, мұрын мен тамақтың қатты ашуына, тыныс алудың қиындауына, демікпе мен бронхиттің күшеюіне, сонымен қатар жүрек талмасына әкелуі мүмкін.

Біраз уақыттан кейін осындай ластану деңгейінің тұрақты түрдегі әсері тыныс алу жүйесінің созылмалы ауруларының, жүрек ауруларының, өкпе обырының дамуына, өкпе жұмысының төмендеуіне және өмір ұзақтығының қысқаруына әкелуі мүмкін. Зерттеулер көрсеткендей, PM2.5 бөлшектерінің мөлшері көп болуы когнитивтік қабілетті нашарлатып, күйзеліс, мазасыздық деңгейін күшейтіп, адамның көңіл-күйіне кері әсер етеді және депрессияның пайда болу қатерін арттырады.

Бұған қоса кептелісте, аялдамада тұрғанда, көше бойымен жай ғана серуендегенде ластанудың қауіпті деңгейі қаланың барлық тұрғынына күні бойы әсер ететінін түсінеміз, өйткені қорғаныш бетпердесін тағып жүретіндер некен-саяқ, ал автокөліктің ауа сүзгісі майда бөлшектер мен ластағыштарды сүзгіден өткізуге арналмаған, НЕРА сүзгімен жабдықталмаған.

Біз курьерден демалып жүрген ауасы туралы білген кездегі әсерін сұрадық:

«Бұрын бұл туралы ойланбаппын, қалада не болып жатқанын көргенде [осындай датчик арқылы], көшіп кету керек пе, жұмыс ауыстыру керек пе деп ойлана бастайсың. Алматының ауасы өте нашар, бұны өзім де байқадым. Енді ойланамын [әрі қарай не істеуді]. Енді маска тағып жүретін шығармын, курьер достарыма да маска тағып жүріңдер, денсаулықты күтіңдер деп айтамын. Қоныс аударуды ойлайтын шығармын, балаларым бар, олардың да осындай лас ауамен демалғанын қаламаймын».

Дамирдің қоныс аударуға қатысты ойы жаңалық емес — Almaty Air Initiative зерттеуіне сәйкес, қаланың әр алтыншы тұрғыны нашар ауаның кесірінен көшіп кетуді ойлайды, кішкентай балалары бар ата-аналар арасында қоныс аударғысы келетіндер саны көбірек.

Алматыдағы курьерлердің еңбек жағдайына байланысты курьерлік сервистегі жұмыс берушілерге қызметкерлердің денсаулығын қорғау үшін бірнеше кеңес бергіміз келеді:

1. Курьерлеріңізге қорғау құралдарын беруге тырысыңыз.

KN95/N99 стандартының маскаларын сатып алыңыз және қызметкерлеріңізге тегін үлестіріңіз. Бұл PM2.5 және басқа да ластағыш заттардың әсерін азайтады.

2. Қызметкерлердің мына мәселелерден хабардар болуын арттыру бойынша тренинг ұйымдастырыңыз:

Лас ауаның денсаулыққа әсері.

Жеке бас қорғану құралын пайдалану.

3. Ұзақ мерзімді шаралар

Денсаулықты сақтандыру бағдарламасын әзірлеу:

Сақтандыруға тыныс алу жүйесінің ауруларымен байланысты қамту жоспарын қосыңыз.

Курьерлердің денсаулығын тұрақты тексеруді, соның ішінде тыныс алу қызметін зерттеуді ұйымдастырыңыз.