207
10 января 2025
Әсел Мұсабекова, молекула биологы, коллаж Данияр Мүсіровтікі

Неліктен метапневмовирустан қорқудың қажеті жоқ?

Бұл вирус әлемде бұрыннан бар

Неліктен метапневмовирустан қорқудың қажеті жоқ?

Әлеуметтік желілер мен интернетте жаңадан қауіпті вирус пайда болды, Қытай ауруханаларында адам сыймай жатыр деген ақпарат көбейіп жатыр. Мұның бәрі «коронавирус» деген жаңа сөзді үйренген 2020 жылдың басына ұқсап кетеді.

Молекула биологы Әсел Мұсабекова метапневмовирус жаңа пандемияның бастауы емес екенін түсіндіріп береді.

Метапневмовирус деген не?

Бұл — 2001 жылы Голландияда ашылған маусымдық тұмау вирусы. Бірақ оның ХХ ғасырдың 50-жылдарынан бері келе жатқаны туралы зерттеулер бар. Бұл жаңа емес, дәстүрлі вирус екенін түсіну керек.

Қазір бізде тұмау маусымы жүріп жатыр, осындай кезеңде вирустың түрлі тобы таралады: риновирустар, коронавирустар, аденовирустар, бірнеше жыл бұрын айтыла бастаған, әйтсе де бұрыннан белгілі РСВ, тұмау вирустары бар. Метапневмовирус солардың қатарында.

Қазір адамдар ешкімге тест жасалмайды деп жиі наразы болады. Осы вирустардың көбіне арнаулы ем қолданылмайтынын түсіну керек, сондықтан әдетте медицина қызметкерлері мұндай вирусты тексермейді. Тесттер белгілі бір қиын жағдайларда стационарда жасалады. Қауіптірек саналатын вирустар ғана тексерілуі мүмкін, мысалы, тұмау кезінде.

Метапневмовирус негізінен бала кезде — 5 жасқа дейінгі кезеңде өтеді. Бірақ РСВ мен коронавирус сияқты, мұнымен де адам бірнеше рет ауыруы мүмкін. Ересектерге келсек, қауіп тобына қариялар мен иммуносупрессиясы бар адамдар кіреді. Бірақ осы вирустан бөлек барлық инфекция үшін де бұл қауіпті топ деп саналады.

Қытайда неліктен дүрбелең болып жатыр?

Бұған түрлі себеп бар. Тұмаурату маусымы кезінде вирустардың әрқайсының орны бар. Былтыр АҚШ-та метапневмовируспен ауырғандар саны сәл өсті. Тридемия есіңізде ме? Пандемиядан кейін ашылған кезде, бір мезгілде тұмау да, РСВ да, ковид те өршіді.

Алматы әкімдігінен алынған фотосурет

Биыл Қытайда метапневмовирусқа байланысты балаларды ауруханаға жатқызу жағдайы көбейді. ДСҰ Қытайда стационарларға ауыртпалық түсіп жатыр деп мәлімдеді, алайда пневмовируспен ауыру жағдайлары былтырғымен салыстырғанда көп емес.

Қытайда Қазақстандағы секілді қажет болмаса да ауруханаға жатуға ұмтылу әдеті бар. Біз бұны пандемия кезінде байқадық. Осының кесірінен көмекке зәру адамдар уақытында көмек ала алмай қалады. Ал көмекке мұқтаж емес адамдар ауруханада жатады. Әрбір тұмау маусымында осы паттерн қайталанады. Бұған біздің назар аударатын мәселені білмеуіміз, денсаулық сақтау жүйесіне сенбеуіміз, дәрігерге қай кезде жүгіну керек екенін түсінбеуіміз себеп. Қара басымыздың қамы үшін денсаулық сақтау жүйесіне артық салмақ боламыз. Оның үстіне стационар жағдайында қосалқы инфекция да жұғуы мүмкін, пандемия басталғанда солай болған еді.

Адамға лық толған аурухана көбінесе ауруханаға жатқызуға қатысты нақты ереже жолға қоймағаннан болады. Бұл туралы жиі айту керек. Сондай-ақ мұндай көрініс кликбейт екенін есте ұстаған жөн.

Ауырып қалмау үшін не істеу керек?

Суық түскенде тұмау дерттері көбейеді. Салқын ауа біздің иммунитетке әсер етеді, осы кезеңде шырышты қабаттың жұмысы өзгереді, ал ауа сапасы бұны ушықтыра түседі. Негізі ауа ылғал әрі салқын болуы керек. Ылғал — қыс мезгілінде үлкен проблема, өйткені батареялар өте қатты қызады. Құрғақ ауа біздің шырышты қабаттың кебуіне ұрындырады.

Алматы әкімдігінен алынған фотосурет

Қазақстанда стандартқа сай 18 бен 22 градус аралығында жылитын пәтер аз. Бізде қатты ысып кетеді, сондықтан мүмкіндік болса, температураны азайтыңыз. Менің үйімде 19 градус, бұл қалыпты, жайлы температура. Ауаның үшінші параметрі — таза болуы керек. Лас ауа — респираторлық аурулар кезіндегі негізгі қатер факторы.

Метапневмовирус РСВ-ға ұқсас. Ол балаларда бронхиолитті қоздырады — бронхиолдың қабынуы болады. Балалардың тыныс алу жүйесі нәзік, сондықтан вирус шала туған балаларға қауіпті.

Қариялардың иммундық жүйесінің реакция білдіруі әлсіз болады, немен ауырғанын еске түсіруі баяу болады. Оның үстіне созылмалы дерттері қосылады.

Иммунитеттің тірегі не?

Ешқандай биологиялық белсенді қоспа (ББҚ) мен иммуномодулятор көмектеспейді. Сәбиге Д, С дәрумендерін үлкен дозамен берудің қажеті жоқ, бұл бірінші кезекте бауырға салмақ. ББҚ түріндегі кез келген тексерілмеген зат ағзаға салмақ салады. Иммунитеттің тірегі — ұйқы, тамақтану мен қимыл-қозғалыс. Ұйықтаған кезде иммундық жүйенің жасушылары мен молукулалары түзіледі, тамақ — микробиомыңыздың негізі, демек жеміс-жидек пен көкөніс жеу керек. Қимылдау да маңызды — дала суық болса да, баланы ауа райына сай киіндіріңіз, қалада ауа таза болса, тысқа шығып серуендеңіз.

Әдетте балалар бос уақытын қайда өткізеді? Не қонаққа барады, не инфекция жұқтыруға себеп болатын қапырық бөлмеде отырады. Егер бала ауасы құрғақ қапырық бөлмеде болса, терлесе, су емес, тәтті сұйық ішуді әдетке айналдырса, бұл дененің құрғауына және асқыну қатеріне тез әкелуі мүмкін.

Не нәрсеге назар аудару керек?

Дәрігерге қай кезде жүгінуге болатынын түсінуге көмектесетін жағдайлар: қызу көтеріліп, түспеген жағдайда. Мысалы, ибупрофеннің немесе парацетамолдың дозасын дұрыс шақтадық, бірақ қызу басылмайды. Демігіп тұрғанда, қабырғаның қозғалысы бронхиолитке тән болғанда. Баланың кіші дәреті аз болса, сусыздану қатері бар екенін көріп тұрғанда. Әсіресе кішкентай балаларда сусыздану тез жүруі мүмкін. Кез келген бөртпе де дәрігерге жүгінуге себеп болады.

Бірақ бұл бірден ауруханаға жату керек дегенді білдірмейді. Ауруханаға жатқан кезде қосарлы бактерия инфекциясы қатері бар екенін, антибиотикке төзімділік артып бара жатқан заманда емделуі қиын бактерияны жұқтырып алуға болатынын түсіну керек.

Осы алгоритмдерді әрдайым есте ұстау керек.

Бұл неліктен пандемия емес?

Қазіргі кезде метапневмовирус — пандемияға себеп емес. Біз бұл вирус туралы білеміз және адамдардың көбі онымен 5 жасқа дейін ауырды. Пандемия туралы сөз қозғалғанда әдетте жануарлардан таралған, бұрын бізге белгісіз болған инфекцияны айтамыз. Ковид кезінде солай болды. Пандемия кезінде үнемі өсім болады, өйткені иммунитет жоқ, инфекцияның алдында қауқарсыз боламыз.

Ал мынау басқа жағдай, бұл кәдімгі, бәрімізге таныс вирус, өкінішке қарай, стационардағы коллапсқа әкелуі мүмкін.

Екінші себеп: «Модерна» компаниясы жақында метапневмовирус пен РСВ екпесіне қатысты зерттеуінің алдын ала нәтижесін жариялады. Тиімділігі кереметтей емес, қазір олар бұның себебін анықтап жатыр. Осының өзі препарат бар екенін білдіреді, сондықтан 2020 жылмен салыстырғанда, жағдай мүлдем бөлек.