1359
28 января 2025

Астананың климаты қалай өзгеріп жатыр

Неліктен елорданың қысы жылы, жазы ыстық боп барады?

Астананың климаты қалай өзгеріп жатыр

Жанат Түкпиев, Астана, басты фото Бейімбет Молдағалидікі

Зерттеулерге сәйкес, жаһандық жылыну әсерінен астананың қысы жұмсақ, жазы ыстық боп бара жатыр. Бұл процеске қарқынды құрылыс жұмыстары мен қала урбанизациясы да әсер етеді.

Бұл өзгерістер қала тұрғындарының күнделікті өміріне әсер етіп қана қоймай, қаланы жоспарлау жөнінде және өзгеріп жатқан ахуалға бейімделуге байланысты жаңа бағыт ойлап табуды талап етеді.

Астанананың климаты қалай өзгеріп жатыр, ол адамдардың денсаулығына қалай әсер етеді және климат өзгеруінің салдарын қалай әлсіретуге болатыны туралы «Власть» материалынан оқыңыз.

Қар, бұршақ көп түседі, жауын-шашын жиі болады

Елордадағы климаттың өзгеруіне екі негізгі фактор әсер етеді: табиғи және антропогенді. Табиғи факторларға қаланың географиялық орналасуы, теңіз бен мұхиттан қашық жатуы әсер етеді және бұл күрт құбылмалы ауа райын қалыптастырады. Күрт құбылмалы ауа райы жағдайында қыста температура төмендеп, аяз қысса, жаздыгүні аптап ыстық пен құрғақшылық болады.

География ғылымдарының кандидаты, эколог және парламент мәжілісі жанындағы қоғамдық палата сарапшысы Айжан Сқақова Астананың климатының өзгеруін жазда болатын шаңды дауыл мен суық күндердегі қою тұман сияқты қауіпті табиғи құбылыстары арқылы сипаттауға болатынын айтады.

«Тұман тұрғанда көбіне мұз қатып, көктайғақ болады. Ал қысқы кезең үшін қалыпты боран көбіне күшті желмен және ауа температурасының төмендеуімен қатар жүреді», – дейді Айжан Сқақова.

Оның айтуынша, ауаның ластануына антропогендік факторлар көбірек әсер етеді. Техногендік ластаудың негізгі көздері: отын жағу қондырғылары, электр және жылу энергиясын өндіру – ең үлкен үлес осы сияқты қала аумағында орналасқан жылу электр станциялары мен қазандықтарға тиесілі. Көліктен де ауа химиялық және физикалық заттармен ластанады. Көмірмен жылытатын жеке сектор сияқты.

PhD докторы, география және су қауіпсіздігі институтының аймақтық климаттық өзгерістер зертханасының меңгерушісі Жанар Наурозбаева антропогендік факторлардың климатқа әсерін бірнеше көрсеткіш бойынша байқауға болатынын айтады. Мысалы, Астанада желдің орташа жылдамдығының айтарлықтай төмендеуі байқалады, бұл қалалық инфрақұрылымның өскеніне, жасыл белдеу құрылғанына және қала шегінде «жылу аралы» аймақтарының ұлғайғанына байланысты болып отыр.

Жанар Наурозбаева

«Антропогендік фактордың маңызы артып келеді. Қала құрылысы мен индустрияландырудың дамуы арқылы қаланың микроклиматы қалыптасады. Мысалы, көпқабатты үйлердің салынуы және асфальт жабыны көлемінің ұлғаюы қаладағы температура маңайдағы аудандарға қарағанда айтарлықтай жоғарылағанда жылу аралдарының пайда болуына ықпал етеді», – деп түсіндірді Жанар Наурозбаева.

Ол Айжан Сқақованың көлік пен өнеркәсіптегі парниктік газ шығарындылары мен ластаушы заттар ауаның сапасына әсер етеді және климаттық жағдайларға ұзақ мерзімді салдары болуы мүмкін деген пікірін де қолдайды.

Қауіпті метеорологиялық құбылыстардың жиілігінің өзгеруіне келсек, Жанар Наурозбаеваның айтуынша, олар да өзгеріске ұшыраған. Ол екі кезеңді – 1990–2006 және 2007–2023 жылдарды салыстыра отырып, ауа райының қолайсыз оқиғалары: қалың қар жаууы (1,8 есе), бұршақ және қатты жел (1,6 есе), қатты жаңбыр (1,4 есе) жауған кездер көп болғанын атап өтті.

Фотосурет Чингиз Бакишевтікі

«Бұл кезде қатты қарлы боран 19%-ға, тұман 43%-ға азайды. Метеорологиялық құбылыстардың қарқындылығы байқалады, ол жылдам және жоғары қарқынмен жүріп жатыр. Бұл мейлінше дәл және уақытында болжам жасауды қажет етеді», – дейді сарапшы.

Жанар Наурозбаеваның айтуынша, Атлант-Еуразия секторындағы атмосфералық процестер қаладағы ауа райы жағдайының қалыптасуында шешуші рөл атқарады. Басқаша айтқанда, климаттың өзгеруі күн өткен сайын қаттырақ сезіле бастаған.

«Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның (ДМО) мәліметі бойынша, былтыр ең жылы жыл болды, 2024 жыл бұдан да жылы болады, жаңа температура рекордын орнатады деп айтуға толық негіз бар. «Осылайша, Астананың климаты табиғи факторлардың әсерінен қалыптасады, бірақ антропогендік белсенділік жергілікті өзгерістерді күшейтеді», – деп есептейді ол.

Астананың бейімделуі

Астананың урбанизациясы мен кеңеюі микроклиматына әсер етіп жатыр. Жылдан-жылға қала белсенді дамып келеді, бұл елді мекендердің көбеюіне және ландшафтың өзгеруіне әкеледі. Бұл процестер сарапшылар айтып кеткен жылу аралы әсерінің пайда болуына ықпал етеді.

Экожүйеге келер болсақ, елордада қала айналасындағы жасыл аймақтың азая бастағаны байқалады. Мұның бәрі жаңадан ағаш отырғызуды талап етеді. Осы тұрғыда Айжан Сқақова Астананың төңірегінде жасақталған «жасыл белдеудің» маңызын атап өтті. Алғашында қаланы қатты желден қорғауға арналған ол бүгінде күрт құбылмалы климаты бар далалық аймақта орман белдеулерін отырғызудың сәтті үлгісі болып отыр, сонымен қатар аймақтағы экологиялық жағдайды жақсартуға ықпал етеді.

Фотосурет Жанара Каримованыкі

«Жасыл белдеудің» арқасында белгілі бір айларда желдің орташа жылдамдығы 30%-ға төмендеді, бұл елорданың жел режимін жақсартуға ықпал етті», – деп атап өтті Айжан Сқақова.

«Сонымен бірге халықтың суға сұранысының артуына байланысты су ресурстарының тапшылығы сезіліп отыр. Наурозбаева қаладағы көптеген шағын су қоймасы ағызылып, олардың орнына тұрғын үй кешендері мен инфрақұрылымдық нысандар салынғанын, бұл қаланың экожүйесіне кері әсер еткенін еске салды.

«Мәселен, Астананың төңірегіндегі құстар бұрын қала маңындағы тоғандарда немесе шағын көлдерде қыстаса, қазір қыстау ахуалы өзгергеніне байланысты қоныс аудару бағыттарын да өзгертіп жатыр, тіпті бұл аймақты біржола тастап кетіп жатқандары да бар», – дейді Жанар Наурозбаева.

Ол мұндайды болдырмау үшін климаттың өзгеруіне бейімделу бойынша кешенді шара қажет екенін атап өтті. Іс-шараларға абаттандыру және биологиялық әртүрлілікті сақтау бағдарламаларын енгізу кіреді. Сарапшы мұндай шаралар аймақтың экожүйесін нығайтып қана қоймай, қала тұрғындарының өмір сүруіне қолайлы жағдай жасайды деп есептейді.

Сарапшы қаланы климаттың өзгеруіне бейімдеу үшін құрылысқа энергияны үнемдейтін технологияларды белсенді түрде енгізу қажет деп есептейтінін де айтты.

«Бұл технологиялар парниктік газ шығарындыларын азайтуға және ғимараттарды қатал ауа райына төзімді етуге көмектеседі», – деп түсіндірді ол.

Микроклиматтың өзгеруі экономиканың әртүрлі саласына да әсер етеді. Мысалы, құрылыста қатаң климаттық жағдайларға жақсырақ бейімделген материалдарға, сонымен қатар энергия тиімділігін ескеретін жобаларға сұраныс артып келеді. Көлік саласында қомақты инвестицияны қажет ететін, бірақ сонымен бірге шығарындыларды азайтуға көмектесетін экологиялық таза көлікке көшу бастамалары әзірленіп жатыр.

«Көп жағдайда климатқа төзімділік қала дамуының негізгі факторына айналады. Ол өмір сүру сапасын жақсартуға ғана емес, сонымен қатар апаттар мен климаттың өзгеруінің салдарын жоюға жұмсалатын шығындарды азайту арқылы оның тұрақтылығын нығайтуға көмектеседі. Сондықтан қаланы бейімдеу тек экологиялық емес, болашақтың стратегиялық және экономикалық басымдығы деуге болады», – деп атап өтті Наурозбаева.

Ғаламдық жылынудың Астана климатына әсері туралы айта келе, мамандар соңғы онжылдықтарда, әсіресе көктем мен күзде ауа температурасының жоғарылағанын атап өтті.

Құрғақшылық қаупінің артуына байланысты барған сайын жаз қауіпті болып барады, ал көктемде қардың тез еруіне байланысты су басу қаупі артады. Желдің екпіні, қатты жаңбыр және температура ауытқуы да жиі бола түсті, бұл қала инфрақұрылымына қосымша жүктеме болады.

«ХХІ ғасырдың соңына қарай география және су қауіпсіздігі институтында есеп жүргізілген климаттық сценарийлер бойынша аймақтағы орташа температура 2-4°С жоғарылауы мүмкін. Маусымдық өзгерістер де болуы мүмкін, қыс жұмсақ болады, ауа температурасы өте төмен болатын күн саны азаяды, бірақ суық жаңбыр артады. Жаз, керісінше, құрғақ әрі ыстық болады», – дейді Жанар Наурозбаева.

Эколог Айжан Сқақова Астананың қыстағы қатал климаты бірте-бірте жұмсарып келе жатқанын айтады. Сонымен қатар қаланың географиялық ашықтығы суық арктикалық массалардың да, жылы ауаның да енуіне мүмкіндік береді, бұл температураның және ауа райының ауытқуын тудырады.

«Қыста бұл жақта қақаған аяз да, жаңбырмен бірге мұздың еріп ағуы да болуы мүмкін, ал жазда ауа температурасы көбіне +35°C жоғары болады», – дейді эколог.

Дегенмен, бүгінде Мэриленд университетінің (АҚШ) қоршаған ортаны қорғау орталығының ғалымдары әзірлеген интерактив City App арқылы Астанадағы климаттың өзгеруін болжауға болады. Бұл қосымша 60 жылда әлемнің әртүрлі аймағындағы климат өзгеруін болжауға мүмкіндік береді.

Платформа 2080 жылға қарай таңдалған аймақта температура мен ылғал қалай өзгеретінін көрсетеді. Мәліметтер бойынша, Астанада ауа температурасы орташа есеппен 6,8°С көтеріліп, ылғалдық 2,3%-ға төмендейді. Қыста ауа температурасы 7,5°С болса, ылғал 28,1%-ға артады. Бұл көрсеткіш елорданы Алматыдан Астанаға көшірген тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған жері – Алматы облысының Қарасай ауданындағы Шамалған ауылындағы ауа райына ұқсас болмақ. Дегенмен, бұл тек болжам екенін есте ұстаған жөн, ал өзгерістер болашақта түзетілуі мүмкін.

Фотосурет Жанара Каримованыкі

Климат және денсаулық

2017 жылы америкалық және қытайлық психологтар тобы ауа температурасы мен адамның жеке қасиеттері арасындағы байланысты анықтады. Nature Human Behavior журналында жарияланған мақалада жұмсақ климатта өскен адамдар ауа температурасы күрт өзгеретін аймақтарда туғандарға қарағанда әлдеқайда ашық, экстраверт және эмоциялық тұрақтылыққа ие болатыны анықталды.

Зерттеушілер бұл гипотезаны тексеру үшін климаттың тұлғаның бес негізгі қасиетіне әсерін бағалаған екі эксперимент жүргізді: тілектестік, адалдық, эмоциялық тұрақтылық, экстраверсия және жаңа тәжірибеге ашықтық. Мәдени айырмашылықтардың әсерін азайту үшін сауалнамалар АҚШ пен Қытайда ғана жүргізілді. Бұл елдер әртүрлі климаттық жағдайы бар кең-байтақ аумақты алып жатыр, бірақ сонымен бірге ерекше мәдениеті де бар.

Зерттеу нәтижесі адам өскен аймақтағы орташа жылдық температура оның жеке қасиеттеріне әсер етпей қоймайтынын растады.

Жұмсақ климатта өскен адамдар достық, эмоциялық тұрғыдан тұрақты, жаңа тәжірибеге ашық және экстраверсияға бейім болып шықты.

Консультант психолог Айбек Сыдықов климат адамға әсер етеді деген пікірмен келіседі, бірақ ол климат көбіне адамның мінезіне емес, іс-әрекеті мен көңіл-күйіне әсер етеді деп есептейді. Ол мінездің әлдеқайда тұрақты қасиет екенін, егер олай болмаса, ең мейірімді және ең күлімсіреген адамдар тек жұмсақ климатта өмір сүреді деп кесіп айтуға болар еді дейді.

«Дегенмен климат пен ауа райын шынымен-ақ бізге біршама әсер етеді. Ағза қалыпты жұмыс істеуі үшін күн, ауа мен су керек. Бұл фактордың барлығы белгілі бір қалып шегінде болуы керек. Осы элементтер жетіспейтін аймақта өмір сүріп жатқан адамды елестетіңізші: лас ауа, таза ауаға шығып серуен құру деген жоқ, су тек краннан ағады, күн тіпті сирек құбылыс. Ол адам таңы мен күндізгі уақытын жұмыста өткізеді, күн көзін көрместен, кешке үйіне келеді. Бұған қоса бірнеше қабат киім киеді, көзілдірік пен маска тағады. Бұл – мегаполис тұрғынының қарапайым портреті. Мұндай өмір салты, әрине, денсаулыққа әсер етеді. Медициналық анализ нәтижесі ағзаға әлдене жетіспейтінін растауы мүмкін. Бұған шешімін таппаған басқа да көп мәселені қоссақ, адам созылмалы шаршау немесе күйзеліс алдындағы халде, тіпті күйзелісте жүрген болуы да мүмкін», – дейді ол.

Фотосурет Чингиз Бакишевтікі

«Климаттың адамға қалай әсер ететіні туралы көп зерттеу жасалғаны сөзсіз, оны растайтын да, жоққа шығаратын да теориялар бар. Бірақ, менің ойымша, мінезге климат емес, біздің табиғатпен үйлесімді өмір сүруге құлықсыз болуымыз әсер етеді. Қар жауса, -30 градус аяз болса, назданамыз. Боран болса, оны бір апат деп қабылдаймыз. Бұл біздің жайлы өмірге үйреніп қалғанымыздан хабар береді. Адамдар тым ерке боп кетті, жолда болмашы балшықтың өзіне көңілі түсіп қалады», – деп түйіндеді ол.

Климаттың өзгеруі мен оның Астана тұрғындарына әсеріне келер болсақ, Жанар Наурозбаева орташа температураның көтерілгені мен алапат ыстық күндердің көбейгені балалар мен қарттардың жылу күйзелісіне ұшырауына әкелетінін айтады.

«Температураның көтерілуі мен ауаның ластануы, әсіресе қыс мезгілінде қатты отынды пайдалану салдарынан тыныс алу жолдарының ауруын күшейтіп жатыр. Вегетация маусымының ұзаруы өсімдіктердің ұзағырақ гүлдеуіне және аллергенді тозаң концентрациясының жоғарылауына әкеледі», – деп атап өтті ол.

Сарапшының айтуынша, климат өзгерісі Астана тұрғындарының денсаулығы мен экожүйесі тұрғысынан жаңа дабыл деуге тұрарлық. Биоалуандықтың азаюы, ауа мен су сапасының нашарлауы қаланың тұрақты дамуы мен қоршаған ортаны сақтауға бағытталған кешенді шешім ойлап табуды талап етеді.

Фотосурет Әлтәйір Өмірбековтікі

Астана 90 жылда қалай өзгерді?

Астанада климаттық бақылау 150 жылдан асатын кезеңді қамтиды. Бірінші метеостанция 1870 жылы 1 қарашада ашылды. Алайда профессор, гляциолог, география ғылымдарының докторы Евгений Николаевич Вилесов «Астана қаласы климатының сипаттамасы және олардың кейінгі 90 жылдағы өзгерісі» атты ғылыми мақаласында елорданың климаттық режиміне байланысты 1926 жылдан 2015 жылға дейінгі аралықты сипаттай алған. Төменде оның еңбегінен үзінділер келтірдік.

Ғалым XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың бірінші ширегінде, әсіресе азамат соғысы кезінде метеорологиялық бақылауда үлкен үзілістер болғанын түсіндіріп өткен. Сондықтан қаланың қазіргі климаттық жағдайын сипаттау үшін кейінгі 90 жыл алынған.

Ғалымның мақаласында ең жылы ай шілде екені, бұл айдағы орташа температура +20,4°C болатыны айтылған. Бұл айда орташа айлық максимум (+24,3°C) және абсолютті максимум (+41,6°C, 1936 ж. 22 шілде) де байқалады. Шілдедегі температураның жылдық ауытқу диапазоны 6…8°C. Жалпы бақылау тарихында тек шілде айында бірде-бір аяз жағдайы тіркелмеген.

Ең төменгі ауа температурасы қаңтарда (-16,3°C) тіркелген, ең төменгі абсолют температура да қаңтарда тіркелді – -51,6°C (1893 ж. 5 қаңтар). Төмен абсолюттік минимумдар суық кезеңнің басқа айларында да тіркелген: қарашада – 39,2°C (1953 ж.), желтоқсанда – 43,5°C (1929 ж.) және ақпанда – 48,9°C (1895 ж.). Температураның мұндай төмендеуі көбінесе Қара теңіз аймағынан суық ауа массасының ультраполярлық енуінен болады. Абсолют максимум және ең төменгі температура арасындағы айырмашылық – 93,2°C.

Астана Ұлан-Батырдан кейінгі әлемдегі ең суық астана болып саналады. Әдеттегі қыс айы қаңтар, бірақ кейбір жылдары ең суық ай қаңтар емес, ақпан немесе желтоқсан (1/4 жағдайда) болуы мүмкін.

«Жалпы, қаланың мұхиттардан шалғай орналасуына байланысты мұндағы қыс сол ендікте батыста орналасқан қалаларға (Орал, Киев, Краков, Прага) қарағанда суық. Жылдық температура амплитудасы, яғни ең суық және ең жылы айлардың орташа температурасының айырмашылығы – 36,7°C», – дейді Вилесов жұмысында.

ДМҰ мәліметтері бойынша, 2001–2015 жылдар аралығындағы онжылдық кейінгі 150 жылдағы ең жылы аралық болды. Мұны Астанадағы өлшемдер растап отыр. XXI ғасырдың алғашқы он бес жылы бүкіл бақылау кезеңінде ең жылы болды, орташа температура +4,1 °C болған, бұл 90 жылдық нормадан 1,7°C жоғары.

Ең жоғары орташа жылдық температура 2002 және 2013 жылдары сәйкесінше 5,0°C және 4,9°C деңгейінде тіркелді. 1970 жылдан 2015 жылға дейін орташа жылдық температураның өсу қарқыны онжылдықта 0,4°С болды. Сонымен қатар жылдың барлық айында температураның оң динамикасы байқалды.

Ең жылы айлардың орташа айлық температурасы XXI ғасырда тіркелді. Керісінше, ең суық айлар өткен ғасырда, тіпті өткен ғасырдың аяғында болды. Орташа айлық температураның бұлай бөлінуі соңғы онжылдықтардағы аймақтағы климаттың айтарлықтай жылынуын көрсететін тенденцияға сай келеді.

Астанада кейінгі 90 жылдағы орташа жылдық жауын-шашын мөлшері – 295 мм. Жауын-шашынның ең көп мөлшері жаздың үш айында түседі – 121 мм (жылдық норманың 41%-ы). Дегенмен, жылдың жылы мезгіліндегі жоғары температура құрғақшылыққа алып келеді, жылдың кез келген айында жауын-шашынның толық болмауы немесе оның төменгі мөлшері ғана жауатын кезеңдер болуы мүмкін. Сонымен бірге жауын-шашынның жылдық мөлшерінің уақытша өзгеруі көрсеткіші жоғары. Кейбір жылдары жылдық жауын-шашын мөлшері нормадан 1,75 есеге артуы мүмкін. Ең жауын-шашын көп болған 1928 жылы 520 мм, ал ең құрғақ болған 1951 жылы тек 112 мм жауын түскен..

Евгений Вилесов еңбегінде қолданбалы климатологияның бірқатар мәселесін шешу кезінде климаттың континенттілік дәрежесі сияқты құбылысты ескеру маңызды екенін атап көрсеткен. Біз бұл туралы жоғарыда айттық (аймақтың климаты оның теңіздер мен мұхиттардан қашықтығына қаншалық тәуелді екенін көрсететін сипаттама – автор ескертпесі).

«Астана үшін континенттілік индексінің орташа ұзақ мерзімді мәні – 63%, бұл бірқатар оқулықта, монографияларда әлі күрт құбылмалы деп көрсетілетін емес, жалпы Қазақстан бойынша континенттік климатқа сәйкес келеді. Анықтама үшін: Енисей мен Лена өзендерінің аралығындағы Орталық (Шығыс) Сібірге күрт құбылмалы климат тән, онда континенттілік 70%-дан асады, – деп түсіндіреді ғалым. – 90 жылда Астанадағы климаттың континенттілік дәрежесі 67%-дан 60%-ға, яғни 10 жылда 0,78%-ға төмендеді. Осындай қарқынмен осы ғасырдың ортасына қарай континенттілік дәрежесі 56%-ға дейін төмендейді, ал XXII ғасырдың басында мұнда климат қалыпты континенттілік болады деп күтуге болады».

Вилесов мақаласын қорытындылай келе, есептеулерге сәйкес, Астанадағы орташа жылдық температура 2050 жылға қарай 5,5°C-қа дейін көтерілетінін, жауын-шашын мөлшері үштен бірге ұлғайып, 395 мм болатынын жазған.

Қазіргі Астана

«Қазгидромет» РМК 2001–2020 жылдарға арналған Астанадағы климаттың өзгеру статистикасын ұсынды.

Ауа температурасы

Олардың дерегі бойынша, осы ғасырдағы ең жоғары температура (+40,1°C) 2005 жылдың 7 шілдесінде тіркелді, бұл абсолют максимумнан 1,5°C төмен. Ең төменгі температура (-40,6°C) 2012 жылғы 15 желтоқсанда тіркелді, бұл 1893 жылы тіркелген абсолют минимумнан 11 градусқа төмен. Талдау кейінгі 20 жылда ауаның орташа жылдық температурасы 0,5°C жоғарылағанын көрсетеді.

Жел

Кейінгі 20 жылда жылдың барлық маусымында желдің орташа жылдық жылдамдығы 3,6-дан 2,8 м/с-қа дейін төмендеді. Желдің басым бағыты оңтүстік-батыстан оңтүстікке қарай өзгерді. Сонымен қатар жылдағы желсіз, тымық күндердің саны артты. 2000 жылдарға дейін мұндай жағдайлардың саны 35-тен 51-ге дейін өзгерсе, одан кейін жылына 55-тен 81-ге дейін өсті.

Қарлы боран, шаңды дауыл және қатал қыс

Метеорологиялық қызметтің мәліметінше, жылдың барлық маусымында қарлы боран мен шаңды дауыл сияқты ауа райының қолайсыз жағдайы болатын күндер саны азайып келеді. 2001–2020 жылдар аралығында қарлы боран болатын күндер саны екі есе қысқарды (27-ден 14 күнге дейін). Шаңды дауыл болатын күндер саны да 11 күннен 9 күнге қысқарды. Талдау нәтижесі кейінгі 20 жылда қаланың қыс айлары қатты суықтан орташа ауырға ауысқанын көрсетеді.