Дональд Трамп президенттік билігін қатаң шешімдерден бастады, бұл көпшілікті таңғалдырып жатыр, әсіресе Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан шығу, денсаулық туралы ғылыми мақалалар мен ашық мәліметтер жариялауға тыйым салу, ғалымдарды жұмыстан шығару және USAID ұйымының жабылып қалу ықтималдығы ғылым және медицина қауымдастығын айран-асыр етіп отыр.
Әсел Мұсабекова осындай ағат және күрт өзгерістер әлемге қандай қатер төндіретінін баяндайды.
Трамптың жарлықтарын бір сөзбен сипаттау керек болса, бұны оқшаулану саясаты деп атауға болады. Халықаралық ұйымдарға, халықаралық келісімдерге қатыспау, басқа елдерге берілетін көмекті тоқтату, денсаулық туралы ашық мәліметтерді жариялауға тыйым салу, т.б. Медицина мен қоғам денсаулығын сақтау тұрғысында жаңа да ескі президент елді бүкіл әлемнен жауып тастағысы келетіндей көрінеді. Бұған ақпаратқа және қаржыға қол жеткізу де, дәрі-дәрмек әзірлеу де, басқа елдермен қарым-қатынас та кіреді.
Американың Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан шығуынан қандай қатер бар?
21 қаңтарда, ұлықтау рәсімі күні Трамп АҚШ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан шығады деп хабарлады. Көбі ДДСҰ немен айналысатынын түсіне бермейді. Осыған тоқталайық.
Бірінші — ықтимал індетті тез арада бағалау арқылы тіркеуден бастап, мамандар десантын кез келген жерге жіберу, диагностика жасау және алғашқы көмек көрсетуге дейінгі іс-әрекеттер арқылы эпидемияға және аурудың таралуына жауап беру.
3 ақпанда ДДСҰ Трамптың шешімінен кейін қызметкерлерін іссапарға жіберуді шектегенін мәлімдеді. Мамандар аса маңызды аймақтарға ғана жіберіледі.
Екінші — денсаулық туралы көп мәлімет жинау және талдау. Елдер Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына түрлі ауру, симптомдар, өлім себептері туралы деректер мен басқа да мәліметтер береді. Бұл жергілікті деңгейде еленбейтін, бірақ жаһандық деңгейде байқалатын проблемаларды анықтауға мүмкіндік береді.
Инфекциялық ауруға қатысты жұмыстар қалай жүргізілетіні белгілі. Бірақ әңгіме тек олар жайында ғана емес. Мысалы, менталдық саулыққа келсек, ДДСҰ қазір бұған жаһандық эпидемия деп қарайтынын білеміз. Жағдайы нашар ел үшін депрессия бірінші кезектегі мәселе болмауы мүмкін, бірақ оны халықаралық ұйымдардың бастамасымен шешуге болады.
Үшінші: нормалар мен стандарттар, түрлі гайдлайндар құру. Бұл маңызды, өйткені бұның қауіпсіздікке тікелей қатысы бар. ДДСҰ әрдайым қауіпсіздікті ұстанады, ұйымның тұжырымдары ылғи ұстамды деп айтуымыз мүмкін. Бірақ бұл тұжырымдар біздің іс-әрекеттерімізге, жаңа дәрі қолдануға, қоршаған ортаның зиян факторларына, жалпы денсаулыққа әсер ететін нәрсенің бәріне қатысты сақтық шараларын қолдануға мүмкіндік береді. Бұл нормалар мен стандарттардың халықаралық деңгейдегі маңызы зор, әйтпесе олар елдер арасында әртүрлі болар еді: корпорациялардың немесе басқа күштердің ыңғайына қарай өзгеріп отырар еді.
Төртінші — қажет нәрселерді тиісті жеріне жеткізу, яғни дәрі-дәрмек, алғашқы көмек құралдары, вакцина, жабдық беру.
Бесінші — гуманитарлық жауап (ұйымдастыруға көмектесу, гуманитарлық көмек стандарттары) және алтыншысы — консультация түріндегі техникалық көмек, өйткені ДДСҰ елдерге қиын жағдайда көмектесе алатын, аясы тар салада білімі бар мамандар береді.
Америка — Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ең үлкен доноры
Әртүрлі цирфлар аталып жүр, бір жерде ұйым бюджетінің 18 пайызы делінеді. Негізі ДДСҰ құрамынан шығу АҚШ-қа қаржы тұрғысынан да пайда бермейді. Құрама Штаттар өзін ұйымнан оқшаулайды, індет тарайтын болса, аталған стандартсыз, басқа елдермен қарым-қатынассыз қалады.
Мұндай деңгейдегі ұйымдардың іс-қызметі елдер арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың бар-жоғына тәуелді емес. АҚШ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бір бөлшегі бола отырып, мысалы, өз мамандары, ақшасы арқылы денсаулық тұрғысынан дипломатиялық қарым-қатынасы жоқ елдерге де көмектесті. Саясат тұрғысынан байланысы болмаса да, осындай деңгейде қарым-қатынас құру өте маңызды, себебі бұл кейбір елдер үшін қандай да болсын бір байланыс жүргізудің жалғыз мүмкіндігі.
Әрине, ДДСҰ мінсіз ұйым емес, жалпы халықаралық ұйымдардың барлығын, соның ішінде БҰҰ жүйесін олардың жұмыс механизмі, бюрократия, әрекет ету жылдамдығы тұрғысынан қайта қарау қажет. Пандемия кезінде барлығы ойдағыдай емес екені белгілі болды, бірақ біз бірден «ұйымнан бас тарта» алмаймыз. АҚШ кеткенімен, проблема шешілмейді.
Жаңа пандемия басталса, не болмақ?
Індет тарап, арты пандемияға ұласты деп елестетейік. ДССҰ болмаса жағдай қалай болады? Егер ауру туралы күдікті мәліметтер бар болса, әдетте, олар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жергілікті кеңсесіне барады, ол Қазақстанда және басқа елдерде бар. Егер аурудың таралуы тұтас елге қатер төндірсе, онда ақпарат ұйымның аймақтағы кеңсесіне түседі, ол болып жатқан жағдайды бағалайды және белгілі бір кеңестерін береді немесе мамандар жіберіп, диагностика жабдығын беріп көмектесуі мүмкін.
Сонымен қатар ДНҚ немесе РНҚ тізбегін, яғни патогеннің генетикалық табиғатын қарауға рұқсат етіледі. Бұның маңызы зор, өйткені көп елде осындай зерттеуді жылдам жүргізуге зертхана мен ақша бола бермейді.
Патогенді алу және түсіну, тізбекті алу, вакцина жасау және басқа әрекеттер жасау үшін, елдің табысы қандай болғанына қарамастан, барлығына қажет. Коронавирус пандемиясы кезінде осылай болды.
Егер оқшаулау саясаты басталса, біз мәліметтер мен үлгілерге қол жеткізе алмай қаламыз, соның кесірінен не болып жатқанын түсіне алмаймыз.
Трамптың әрекеті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен және Біріккен ұлттар ұйымының басқа агенттіктерімен шектеліп отырған жоқ, халықаралық келісімдерден де шығу туралы сөз болып отыр, мысалы, климат бойынша Париж келісімі. Бұл да адамдардың денсаулығына әсер етеді.
Ғылымға тыйым
Трамп қолға алған өзгерістердің екінші тобы ашық мәліметтерге қатысты. Оның алғашқы жарлықтарының бірі — президент кеңсесі жанындағы арнайы адамның рұқсатынсыз мемлекеттік мекемелерге қандай да бір құжатты беруге тыйым салу. Бұл денсаулық туралы барлық баспасөз релизін, гайдлайнды, статистикалық есепті CDC (Денсаулықты бақылау және аурудың алдын алу орталығы) атынан тексеретін арнайы кеңсе, енді бәрі президент цензурасынан өтеді.
Мысалы, әр бейсенбіде өлім мен ауруханаға жатқызудың басты себептері туралы дәстүрлі есеп жарияланады, соның аясында құс тұмауы бойынша соңғы мәліметтер пайда болуы керек, өйткені соған қатысты жағдай қазір қауіпті. Бірақ ол уақытында жарияланған жоқ, өйткені әркім өзі үшін қорқады, сол себепті ештеңе жарияламайды. Ал бұл өмірді құтқаратын ақпарат.
Трамп «Әйелдерді гендердік идеологиялық экстремизмнен қорғау және биологиялық шындықты қалыпқа келтіру» деген жарлыққа және алуандық, теңдік және инклюзивтік бағдарламаларының күшін жоятын басқа да өкімдерге қол қойды. 1 ақпаннан бастап CDC сайтынан «трансгендер», «иммигрант», «ЛГБТ», т.б. сөздер кездесетін материалдар жойылды. Вакцина, аналитика, профилактика туралы ақпарат туралы материалдар да жоғалды. Мысалы, mpox-қа қарсы вакцинаға қатысты кеңестер жазылған бет те ашылмай қалды.
Ғалымдарға осы терминдерді қолданып жазған мақалаларын түгел қайтарып алу бұйырылды. Бұлардың ішінде, мысалы, түрлі демографиялық топ арасындағы депрессияның ықтималдығы туралы мақала да бар. Егер демографиялық топқа түрлі азшылық кіретін болса, ғалымдар мақаласынан бас тартуы керек, әйтпесе жазаға тартылуы мүмкін. Бұл, әлбетте, ақылға сыймайтын нәрсе. Ғылыми қызметке цензура қою деген сөз.
CDC-ге Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен байланысуға тыйым салынды, яғни CDC ұйымға есеп бере алмайды. CDC-дің шетелде, Орталық Азияда кеңселері бар, олар ауруды қадағалауға көмектеседі.
Ұлттық денсаулық орталығына (NIH) қатысты жағдайды ең сұмдық нәрсе деуге болатын шығар. Бұл денсаулық, молекула биологиясы саласындағы зерттеулерді басқаратын керемет ұйым, ол әлемнің барлық ғалымына, соның ішінде маған — молекула биологына NIH мәліметтер базасын пайдалануға мүмкіндік береді. Ұйымның сайтына кірсеңіз, мысалы, геномдардың, барлық ақуыздың, ғылыми мақалалардың қорын көре аласыз. Бұл үлкен ашық кітапхана және бүкіл әлемнің ғалымдары пайдалана алатын құралдар. Соңғы апталарда NIH ғалымдарына бөлінетін қаржы кесілді, олар қолғап та, реагент те, мүлдем ештеңе сатып ала алмай қалды.
Сондай-ақ ғылымды инфекция тұрғысынан оқшаулау мүмкін емес. Мысалы, мен Страсбургте безгекпен айналысатын, безгек масаларын зерттейтін зертханада жұмыс істедім. Студенттер міндетті түрде түзге шығып жүрді, яғни науқастармен жұмыс істеу, олардың үлгісін алу және Францияға келіп, өз зерттеуінің шын мәнін сезініп жұмыс істеу үшін осындай ауру тараған елдерге барады. Ғылым осындайдан құралады, біз өзімізді бәрінен оқшаулай алмаймыз, өйткені ауру ортақ, инфекцияға ешқандай шекара жоқ. Қазір ВИЧ-ке қатысты кейбір зерттеу тоқтатылғанын көріп отырмыз, жобалар мен гранттарды талқылау белгісіз уақытқа шегерілді. Бұл ғылымды қатты тежейді, зерттеудегі басым бағыттар өзгеретін шығар.
Тағайындау: антиваксер — денсаулық сақтау министрі
Бұндай шешімнің бәрін Трамп бір өзі қабылдамайтынын түсіну керек. Оған біраз адам ықпал етеді, әрқасының бизнес пен басқа нәрсеге қатысты өз мүддесі бар. Солардың бірнешеуіне тоқталған дұрыс шығар.
Бірінші — кіші Роберт Кеннеди, оны Трамп денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет министрі етіп тағайындады. Ол заңгер, антиваксерлік қозғалыс белсендісі, қастандық теорияларын жақтаушы әрі құрушы. BBC басылымының хабарлауынша, кіші Роберт Кеннеди NIH-тің 600 қызметкерін жұмыстан шығаруға уәде берген, ол ғалымдардың инфекциялық ауру түрлеріне, соларға қарсы дәрі мен вакцинаға ден қойғанын дұрыс деп санамайды. Жаңа денсаулық сақтау министрінің кандидатурасын сенат мақұлдауы керек. Оның кандидатурасы бойынша тыңдалым өткен аптада басталды.
Кіші Кеннеди аутизмге себеп болатын вакцинадан бастап, климаттың өзгеруі мен жыныс тәрбиесіне дейінгі сансыз көп конспирологиялық теорияның авторы. Мысалы, ол балалар вакциналарын қайта тексеруге, оларды қайтаруға және мүлдем тыйым салуға шақырған бірнеше петицияны қолдады.
Кеннеди сенатта тыңдалымда болғанда, оған қолдау білдірген дәрігерлердің хаттары ұсынылды, олардың арасында өзін дәрігер деп санайтын ондаған хиропрактик, гомеопат, түрлі балама көзқарастың өкілі болды. Кейбірінде дәрігер дипломы бар, бірақ балама медицинаны қолданады.
Екінші қызық адам — кардиохирург Мехмет Оз, оны Трамп Medicare және Medicaid қызмет орталығының (былайша айтқанда, 150 млн америкалықты қамтитын мемлекеттік сақтандыру) төрағасы етіп қойғысы келеді. Бірақ Оздың биологиялық белсенді қоспалар сататын iherb компаниясына қатысты ашық түрде қаржы мүддесі бар және ол балама медицинаға көп қолдау көрсетеді.
Оның мемлекеттік сақтандыру басшысы болып тағайындалғанын елестете беріңіз. Кейбір штатта вакцина ақылы болып, iherb-тен сатылатын әлдебір омега немесе куркумин мемлекеттік сақтандыру есебінен тегін болатындай жағдайға жетеді.
Нарықтың көлемін елестетіп көріңізші. 2023 жылы iherb Қазақстанда да, басқа елдерде де ең көп табыс табатын компанияның бірі болғаны есімізде. Балама медицина нарығы — ешкім тексермейтін препараттар үшін төленетін мол ақша. Соңғы кезде, айтпақшы, iherb арқылы келетін тауарлардың құрамына қатысты дау көбейді — қаптамасында көрсетілген құраммен сәйкеспейтін дәрі-дәрмекке күмән көп.
Бұл ғылымға көрсетілген қорлық, өйткені локдаунға қарсы шыққан адамдар климат өзгерісін мойындамайды, яғни жалпы олардың пейілі ғылымға қайшы.
Бұл тағайындауға қатысты екі-ақ мысал. Негізі осындай көзқарастағы адамдар Трамптың командасында жетерлік.
Коронавирус, Маск және Трамп
Қаңтарда Трамп басқа елдерге көмектесу бағдарламаларының (АҚШ халықаралық көмек агенттігі жұмысының аясында, USAID) бәрінің күшін 90 күнге тоқтатты, сосын Агенттік басшылығын радикализмге барды деді, ал Илон Маск биологиялық қаруды, соның ішінде COVID-19 жасауды қаржыландырды деп айыптады. Маск ұйымның Х желісіндегі аккаунтын бұғаттап тастады.
Бұл былтыр сәуір айында жазылған конгрестің есебінен шығып отыр, ал Трамп президент болатыны айқындалғаннан кейін, жақында «шыға» келді. Бұл есепте ковид бізге зертханадан келді деп жазылған. Бірақ, онда логикалық қате, манипуляция мен мүдде қайшылығы көп — бұны біз factcheck.kz жобасында талдадық.
USAID-ке келсек, бұл 1961 жылы құрылған, өзге елдерге көмек беру жүйесі, ол көмекті басқа жолмен ала алмайтын адамдар үшін мыңдаған гуманитарлық жобаны іске асырды. Бұған БҰҰ жүйесіндегі халықаралық ұйымдардың жұмысын қаржыландыру және қолдау, басқа да жаһандық және жергілікті бастамалар кіреді.
Трамп пен бизнес
Бәріміз Трампты ұлықтау видеосын көрдік, ол жерде Илон Маск, Марк Цукерберг, Джефф Безос, басқа де өте бай адамдар отырды. Әрқайсы — алға жылжытуды көздейтін белгілі бір технология, олар мәлімет пайдаланатын адамдар.
Олар Трампқа ықпал ететіні анық, сыбағадан әркім өз үлесін алып қалғысы келеді, өйткені бюджетті иемденетін басымдықтар қайта қаралып жатса керек. Денсаулыққа келсек, Америкада бюджет балама медицинаға көбірек кететінін көріп отырмыз, бұдан түсетін табыс жақсы.
Трамп ковид кезінде гидроксихлорохинді насихаттағанын бәріміз білеміз. Ал ДДСҰ COVID-19 дертінің профилактикасына, одан емделуге гидроксихлорохин қолданбаған дұрыс деген кеңес берді. Соңғы зерттеулер Трамп жарнамалаған осы препарат тым көп өлімге әкелді деп отыр.
Трамп өзі пайда табуы үшін, өзіне жақын адамдардың пайдасы үшін барлық мүмкіндікті пайдаланады, цифрлық компаниялар туралы да осылай айта аламыз.
Жалпы алғанда, қоғам денсаулығын сақтау және ғылым секілді қажет бағыттардың қолмен басқарылуы қызық жағдай. Америка Құрама Штаттарында да әлбебір құжатқа қол қойып, озық ойлы адамдардың аузын жабуға болатыны таңғалдырады. Бұндай қорқыту уақытша деп үміттенеміз. Ал басқа елдер, соның ішінде Қазақстан үшін осындай бетбұрыс маңызды жобаларды қаржыландыру, ғылыми мәліметтер базасын құру, осал топтарға көмек ұйымдастыру жолында өзінің тұрақты баламасын дамыту ниетін оятуға тиіс. Болып жатқан оқиғаларға оптимизммен қарайтын болсақ, Трамп әкімшілігінің қыңырлығы бүкіл әлемде жергілікті бастамалардың өсуіне себеп болуы керек.
Поддержите журналистику, которой доверяют.