8255
10 февраля 2025
Ақбота Узбекбай, Власть, коллажды Данияр Мүсіров жасаған

«Зейнеткерлер қандай мемлекеттік төңкеріс жасауы мүмкін?»

АЭС референдумы қарсаңында ұсталған бес белсендінің қамауда отырғанына бес ай

«Зейнеткерлер қандай мемлекеттік төңкеріс жасауы мүмкін?»

29 қыркүйек күні, АЭС құрылысы бойынша референдумға бір апта қалғанда, Алматыда 12 азаматтық және саяси белсенді ұсталды. Оның бесеуінің қамауда отырғанына бесінші ай, оларға «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға талпынды» деген айып тағылып отыр. Қалған белсенділер бұл қылмыстық іс бойынша қорғануға құқығы бар куәгер.

«Власть» іс бойынша осы уақытқа дейін белгілі болған жайттарды баяндайды.

«Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға талпыну»

49 жастағы белсенді Нұргүл Жексембиева аспаз болып жұмыс істейді. Жұмыстан тыс уақытта әлеуметтік мәселелермен айналысады – пікірлестерімен бірге су мен жылу жоқ мекендерге барып, жергілікті тұрғындардың мәселесін көтереді.

Белсендінің айтуына қарағанда, былтыр 24 тамыз – Украинаның тәуелсіздік күні, ондаған белсенді Алматыдағы Тарас Шевченко ескерткіші маңына жиналған. Ескерткішке гүл қойып, одан кейін бір кафеде жиналған. Басқосуда Украиндағы соғыс туралы сөз болып, таяп қалған АЭС бойынша референдумды талқылаған.

Сол кездесуде белсенділер референдумға тәуелсіз бақылаушы ретінде қатысамыз деп шешкен. Мұның соңы бақылаушыларды кім дайындайды, дауыс беру күні кім немен айналысады деген талқыға ұласқан. Нәтижесінде әркім шамасына қарай ақша жинап беретін болып, соған қарай кеңсе жалдамақ болған. Алайда, белсенділер сол күйі референдумға қатыса алмады, бір апта қалғанда барлығы ұсталды.

Сол күні Жексембиева Алматыдан 300 шақырым қашықта, Жетісу облысындағы Жаркент қалашығындағы үйінде болған.

«Барлығын әр жерден жинап әкелді, мені Жаркенттен, тағы бір әйелді Семейден. Біздің үйімізді, көлігімізді тінтіді», – дейді ол.

Үш күннен кейін Нұрлан Жаулыбаев, Жанат Қазақбай, Фазылжан Сыдықов, Нұрлан Темірғалиев пен Айдар Мүбәраков бастаған бес белсендіні «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға талпыну» бабы бойынша екі айға қамауға алғаны белсенді болды. Жексембиеваны қосқанда қалған жеті белсендіні ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатқан. Қазір олар бұл қылмыстық іс бойынша қорғануға құқығы бар куәгер ретінде өтіп жатыр.

Сурет Нұргүл Жексембиеваның Facebook парақшасынан алынды

«Трактор ісіне ұқсас»

Қаңтар оқиғасына қатысқан көптеген азаматты қорғаған Ғалым Нұрпейісов бұны саяси іс деп санайды. Ол былтырғы қазан айына дейін Айдар Мүбәраковтың құқығын қорғаған, ал айдың соңында сотқа дейінгі тергеу материалдарын таратпау туралы хаттамаға қол қоймағаны үшін істен шеттетілген. Адвокат бұл ешқандай заңда жазылмағанын айтады.

«Азаматтардың (өз құқығын – В.) кез келген заңды жолмен қорғауға құқығы бар, соның бірі – жариялық. Жария әрі резонанс тудырған істерде менің қорғауымдағы азаматтар ақпараттың БАҚ-қа шығуын, оның жария болғанын қалайды, мен сол құқықты жүзеге асырамын», – деп санайды адвокат.

Нұрпейісов бұл істің 2022 жылы президент сайлауы алдында мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылды деп айтылатын «Трактор ісіне» ұқсас екенін айтады. Бұл іс бойынша айыпталушылардың бәрі кінәлі деп танылып, 5 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылды, ал кінәсін мойындаған жалғыз адам шартты жаза алды.

Бұл ұқсастықты адвокат Төлеген Берліқожа да атап өтті. Оның айтуынша, бұл іс бойынша алғашқы сот-сараптамалық психологиялық-филологиялық сараптаманы бұрын басқа да саяси істерде сарапшы болған адам жүргізген. Ол сарапшы болған соттың бірінде журналист Думан Мұхаммедкәрім «экстремизмді қаржыландыру» және «тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысу» бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Суретті Алмас Қайсар түсірген

«Біз ол сараптамаға қарсылығымызды білдірдік. Ол жерде біз айтпаған сөздер бар. Бірнәрсеге шақырып жатқандай сәттер бар, бұның бәрі бұрмалау», – деп санайды белсенді Жексембиева.

«Оларды неге қамауда ұстап отыр? Өйткені сараптама әлі дайын емес. Олар Мирзаходжаевтың жеке сараптамасы бойынша қамауда отыр. Біз оны мойындаған жоқпыз, қосымша сараптама талап еттік, қазір оны сот сараптамасы институтында қарап жатыр», – дейді белсенділердің басым көпшілігін қорғап жүрген адвокат Еркін Қахаров.

Қахаров, сондай-ақ, ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босап шыққан Нұргүл Жексембиева, Ақмарал Шатемірқызы, Галина Ақкөзова, Жеңіс Мақсұтов, Рақыш Тоқманбет, Азат Төлеухан мен Ерболат Әубәкіровтің жағдайы не болары белгісіз екенін айтады. Адвокат бес ай ішінде бұл белсенділерден 29 қыркүйекте, яғни ұсталған күні ғана жауап алынғанын айтады.

Зейнеткерлер, дәнекерлеуші, таксист

15 қаңтар күні Қазақстандағы халықаралық адам құқығы жөніндегі бюрода қамалған белсенділердің туыстары мен қорғаушылары жиналды. Олар сотқа дейін бес белсендіні үйқамаққа жіберуді талап етті.

Балшекер Жаулыбаеваның сөзінше, жасы 65-тегі жұбайы Нұрлан Жаулыбаев зейнетте, дәнекерлеуші болып жұмыс істеп жүрген. Жұмыстан тыс уақытта белсенділікпен айналысып, қоғам мәселелерін көтеріп, адамдарға көмектесіп жүрген.

«Денсаулығында кінәрат бар: буындары ауыратын, қант диабеті бар. Бұл зейнеткерлерді не үшін ұстап отырғанын түсінбеймін. АЭС пе? АЭС-ке бәрі қарсы болды, мен де қарсымын, онда мені де отырғызсын», – дейді ол.

Гүлзамира Сыдықова күйеуі, зейнеттегі Фазылжан Сыдықовты қалай ұстап әкеткенін еске алады:

«Таңғы сегізде келді. Есікті қаққаннан кейін ашсам, ар жағында он машина полиция қоршап алған ғой. Жолдасым ұйықтап жатқан. Лап етіп кіріп, іш киімімен тұрғызып алды. Үйді тінтіді, көлікті тінтіді. Плакаттар бар ма деп іздеді. Ештеңе таппай, қалалық полиция басқармасына алып кетті», – дейді ол.

Сыдықова күйеуінің денсаулығына байланысты ерекше күтім қажет екенін айтады: оның қан қысымы жоғары, жүрегі ауырады және бронхиті бар.

«Қылмыстық іс барынша әділ өтеді деп сенеміз. Ұлты, халқы үшін жаны ашып жүрген азаматтар ғой», – деді ол баспасөз мәслихатында.

Баспасөз мәслихаты барысында түсірілген видеоның скрині

«Тәуелсіз бақылаушылар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бесжан Төлеубекұлы референдум күніндегі бақылаушылар тізімінде Сыдықовтың болғанын айтады. Ол бақылаушы куәлігін 30 қыркүйек күні алуы керек еді.

«Фазылжан аға басқа да сайлау кезінде бақылаушы болған. Жедел топтың құрамында болған, түс ауа учаскелерге тамақ тасып, қай учаскеге көмек керегін біліп, біреуді алмастыруға дайын жүретін», – дейді Төлеубекұлы.

Қамаудағы тағы бір белсенді Айдар Мүбәраковтың да денсаулығы нашар: оның асқазанының 60 пайызы жоқ. Мүбәраков бұған қарамастан 20 күннен аса аштық жариялап, қарсылығын білдірген.

Адвокат Қахаровтың сөзінше, қамаудағы бесеу – қарапайым азаматтар: зейнеткерлер, такси жүргізушісі және дәнекерлеуші.

«Қарапайым, ешкімге зияны жоқ, өзімен өзі жүрген азаматтар. Былай қарасаң, Астанаға мемлекеттік төңкеріс жасайтындай ақшасы да жоқ. Миға сыймайды. Референдум туралы әңгіме айтты, ол жақта мемлекеттік төңкеріс туралы айтылмаған да. Болған күннің өзінде, оларды бұл үшін жауапқа тартуға бола ма? Айтылған сөз үшін соттамайды ғой?» – дейді қорғаушы.

Қамауда отырған Жанат Қазақбай есімді тағы бір белсенді – Жамбыл облысы бойынша мәжіліс сайлауында өзін-өзі ұсынған кандидат. Сайлауалды бағдарламасында елде реформа жасауға, Жер кодексіне өзгеріс енгізуге уәде берген. Басқа да өзін ұсынған кандидаттар секілді парламентке өткен жоқ. Жексембиеваның сөзінше, ол енді сайлауға қатыспайтынын, халықтың мәселесін шешуге көбірек көңіл бөлетінін айтқан.

«Заң мен тәртіп»

Жексембиева белсенділердің халыққа АЭС құрылысының салдары туралы жеткізгісі келгенін айтады.

«Референдум дегеннің өзі шешімді халық таңдайды дегенді білдіреді ғой. Біз қарсылығымызды білдірдік. Жаулыбаев Семейді әскерде болған, Мүбәраков сонда туған. Олар атом полигонының салдарын өз көзімен көрген, атом электр станциясының құрылысына қарсы болған. Сондай-ақ референдумның барынша әділ өтуін қаладық», – дейді ол.

Белсенділер ұсталған күні мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи Facebook парақшасында мынадай пост жазған:

«Елдің саяси билігі сіздердің мынау әрекеттеріңізден хабардар ма? Әлде бұл президент Тоқаевтың саясатына қастық жасаушы әлдебір шолақ белсенділердің өзімбілемдігінен туған әпербақандық па? Жоқ әлде, расында да, 6 қазан қарсаңында елде әкімшілік тұрғыдағы заң бұзу жиілеп кетті ме? Шұғыл түрде жауап күтеміз!».

Қорғаушы Қахаровтың көкейінде бір ғана сұрақ бар: «Бұл зейнеткерлер қандай мемлекеттік төңкеріс жасауы мүмкін?» Ол бұл істің саяси астары барына сенімді.

«Бәрінің денсаулығы нашар, зорға жүрген адамдар. Мұндай саяси істер еліміздегі құқықтық кемшіліктерді көрсетеді. Қазір мұны тоқтатпасақ, кез келген адамды отырғызуға болады», – деп санайды ол.

6 қазан, референдум күні мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов журналистердің сұрағына жауап бере келе, «заңды ешкім бұзбауы керек» деп атап өтті.

«Бізде қазір мемлекет басшысының жариялаған негізгі ұстанымы қандай? Заң мен тәртіп. Бізде заң бар, бізде тәртіп бар. Сол заңды ешкім бұзбауы керек, тәртіпті сақтауы керек. Сонда ешқандай әңгіме болмайды деп ойлаймын», – деді ол.

Ал сенат спикері Мәулен Әшімбаев бұл белсенділердің саяси көзқарасы үшін емес, заң бұзғаны үшін ұсталғанына сенімді.

«Құқық қорғау органдары тарапынан жасалып жатқан іс-шаралардың барлығы заңды. Заң бұзу болғаннан кейін тиісті шаралар қабылданып жатыр», – деді ол.