3571
2 мая 2024
Тамара Вааль, Власть, Орал, фотосурет авторлары Кира Прейс пен Тамара Вааль

Оралдағы тасқын: «Қолымызда ештеңе жоқ, тек кредит қалды»

Саяжай қауымдастықтары қалай су астында қалды?

Оралдағы тасқын: «Қолымызда ештеңе жоқ, тек кредит қалды»

Елдің басқа өңірлері секілді Батыс Қазақстан облысына да мол су келді. Ресми мәліметте 21 сәуірде Оралда Жайық өзенінің деңгейі қауіпті межеден 7 сантиметр жоғары көтерілді деп хабарланғанына қарамастан, қаладан әуежай жаққа қарай орналасқан саяжайлардың бәрі бір-екі сағаттың ішінде-ақ су астында қалды. Осы материал жазылып жатқан кезде (25 сәуір - В.) 130 саяжай қауымдастығы суға кетті, бірақ жергілікті шенеуніктер бұл аумақты қала деп санамайды және Орал суға кеткен жоқ деп мәлімдеді.

Ресми мәліметтер бойынша, Оралға жұмылдырылған күш қаланы құтқарып қалуға мүмкіндік береді. Оны су баспайды. Суға кететін – саяжайлар. Билік есепке алмағанмен, онда тұратындар бұл аумақ қалаға кіреді деп отыр. Өйткені жергілікті тұрғындар қаланың тіркеуінде тұр, сайлауда дауыс беруге қала мектебіне барып жүр, қалалық телефоны бар, газ бен басқа да коммуникация тартылған. Орал маңында барлығы 155 саяжай қауымдастығы бар, онда 20 мыңнан астам адам өмір сүріп жатыр. Материал жазылып жатқан кезде (25 сәуір - В.)10 мыңдай халық тұратын жүз отыздан астам алапты су алды.

Саяжай қауымдастықтарының тұрғындары аянбай бөгеттер соғып, жағаны бекітсе де, 21 сәуірде су астында қалды. Тасқын тез келді, адамдар қашып құтылып жатты, кейбірі жүзіп шығуға мәжбүр болды. Екінші саяжай ауданын толық су басты: жол бойындағы үйлердің шатыры ғана көрінеді, кейбірі қираған. Бұл жерде патруль кезекшілік етіп, адамдар жүр.

«Алдымен бөгет сулана бастады, сосын шайып кетті де сарқырап ақты. Қырық минутта түгел басып қалды. Ресми түрде бізге екі апта бұрын көшу керек екенін хабарлады. Бірақ ер адамдар бөгет жасау үшін қалып қойды, алайда ол бөгетіміз суды ұстай алмады – ағынның жылдамдығы қатты болды», – дейді ер адам.

Жолшыбай ерлі-зайыпты Александр мен Татьянаны кездестірдік. Олар үйін тексеріп көру үшін сағатына 8 мың теңгеге жалға алған қайықты сүйреп келе жатыр.

«Бірінші қабатты толық су басты, екіншісі әзірге тұр. Су келгенде біз үйде болған жоқпыз, кетіп қалған болатынбыз. Әзірше енемнің үйінде тұрып жатырмыз. Кеше су болған жоқ, күйеуім барып келіп, уайымдайтын ештеңе жоқ деп еді. Таңертең келіп, су қатты келе жатқанын айтты. Қолдан келгенше құтқарып көрейік дедік. Бірақ кеш қалдық», – деп күрсінді Татьяна.

Олар үйін сегіз жыл салған. Арасында Александр апатқа ұшырап, оңалу қажет болғандықтан құрылысты тоқтатып қойған. Енді міне, екі баласы бар отбасы не жұмыс, не үй жоқ, дымсыз қалып отыр (техника да түгел су астында қалған). Есесіне, айына 300 мың теңгедей кредит қалып тұр.

«Билік алдымен су 7 сәуірде болады деді, сосын 10 сәуір деді, сосын тағы шегерді. Біз жалған ақпарат деп ойлап қалдық», – дейді.

Ар жақтағы аялдама артында бірнеше еркек күннен қорғанып тұр. Су жанында иттер тұр. Бәрі де алысқа қарап қыңсылап қояды.

«Анау сұр үйді көріп тұрсыздар ма, – деп бір еркек алыстағы шатырды нұсқады. – Оның қабырғасы толық құлады. Сыныптасымның үйі, қазір шатырын құтқаруға тырысып жүр. Сым алып, қолдан келгенше бекіту үшін сол жаққа жүзіп кетті». Сәл үнсіз қалып күрсінді де: «Су келеді деп ешкім сенген жоқ. Кеше құрғақ еді, бір түнде бәрін… Үйлер жоқ».

«Олар ештеңе істеп жатқан жоқ!»

Саяжай алаптары бір-бірімен жалғасып жатыр. Қайсы қай жерде екенін түсіну мүмкін емес, бірақ әр бірнеше шақырым сайын бұрылыстан кіруге болады. Барлық бұрылысқа суға жақындағанда қызыл таспа керілген, полиция немесе құтқарушылар, кейде бәрі бірге кезекшілік құрып жүр.

«Әкім, прокурор болды, бәрі бізді судан өткізуге уәде беріп еді. Кешеден бері тұрмыз, өткізген жоқ. Прокуратура келген кезде тағы да өткізіп береміз деп уәде береді, прокуратура кетісімен «ешкімге бағынбаймыз» деп шығады. Кешеден бері осы жерде жүрміз, бізді өткізбейді. Таңертең тоғызда келіңдер, өткіземіз деп еді, әлі тұрмыз. Бүгін де жетеміз дегенге күмәнім бар, өйткені кеш болды, олар бізді тасымайды. ТЖМ бізді ешқайда апармаймыз деді. Ол жақта үй жануарлары қалды», – деп айғайлады біз көліктен түсіп жатқан кезде Сәуле деген жергілікті тұрғын.

Осы бұрылыста, қашықта «Урожайное», «Малиновый сад» және басқа да саяжай қауымдастықтары орналасқан. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, оларға қайықпен жету үшін кем дегенде төрт шақырым жүру керек. Адамдар ол жаққа құтқарушылар барғысы келмей отыр дейді.

«Ол жақта жануарлар бар! Мал-жанымыз бар!» – деп айғайлады Дмитрий.

«Олардың жейтін тамағы таусылды. Біз алып кеткіміз келді, ол жаққа ешкімді апарғысы келмегендіктен, біреу барып иттерге тамақ беруі керек. Таңертең барғымыз келіп еді, енді төтенше жағдай қызметкерлері тек адамдарды көшіреміз деп отыр. Ол жақта жануарлардан басқа ешкім қалған жоқ. Оларды көшіру керек», –деп Александр қайталаумен болды.

Бұл барлық саяжай алаптарында бар проблема екен, әр бұрылыста ондаған ит шауып жүр. Көбі ұлып, үйіне жеткісі келіп, кейбірі суға секіреді. Оларды ұстап алып, қайтадан жағаға шығарып жүр. Осы жерде жергілікті ветеринарлық станция жұмыс істейді (оларды біз түрлі саяжай алаптарынан кездестірдік – В.).

«Қазір біз иттерді ұстап, ветклиникаға апарамыз. Барлық қожайынға иті сол жақта болады деп айттық. Алып кетуге болады. Иттерге тиіспейміз, бір апта ма, 10 күн бе, күтіп-бағамыз. Иесі тұратын орын тауып, итін алып кеткенше ұстаймыз», – дейді бізге қалалық ветстанция директоры Ерлан Иванов.

Қалалық панажайда 75 жануарға орын бар. Қазіргі кезде су басқан аудандардан 45 шақты ит әкелініпті. Директор оларды асыраймыз, күтіп-бағамыз, иелері тауып алу үшін фотосын әлеуметтік желілерге саламыз деп уәде етті.

«Бір-екі айдан кейін иесі алып кетпеген иттерді стерильдеп, вакцина егеміз, сосын алған жерімізге қайтарамыз. Өлтірмейміз», – деді Иванов.

Біз сол жерде болғанда ветстанция қызметкерлері мінген машиналар бірнеше рет келіп, иттерді аулады, сосын торға қамап, әкетіп жатты. Ал адамдар өз үйіне жету үшін қайыққа отыруға тырысып жүр.

«Киім, заттар алу керек. Қызым қыстық аяқкиіммен жүр, затымыздың бәрі саяжайда», – деп қосты Валентина.

Бұл жердегілердің көбі жануарларын құтқарып, заттарын алып келу үшін тұр. Адамдар эвакуация бекетіне барғысы келмейтінін айтты. Біреулер екі аптадан бері көлігінде тұрып жатса, біреулер көршінің үйін паналаған, кейбірі қаладағы таныстарына кеткен. Осы жердің тұрғындары да суды күтпегенін мойындады. Ал су келгеннен кейін дымсыз қалып отыр.

«Әне ТЖ тұр, ештеңе болған жоқ. Сіздер келгенге дейін 15 минут бұрын қайықтарын шығарып, киініп, жағаға шығып тұрды. Шынын айтқанда, тек екі төтенше жағдай қызметкері болды, біреуі қайықта отырды, қасындағысы шені жоғағырақ. Ал мыналардың ешқайсы болған жоқ. Олар тек 15 минут бұрын ғана пайда болды, киім-кешегін тез киіп алып, анау жерге тез арада үш резеңке қайық қойды. Ешкім болған жоқ. Күні бойы бірде-бір адам болған жоқ. Сіздер келе жатыр деп естіген шығар», – дейді бізге Сәуле.

Біз келердің алдында осы саяжай алаптарын ТЖ министрі Шыңғыс Арынов аралағанын айта кету керек. Жол жиегінде көлігі тұрды, Власть журналистері келген кезде ТЖМ басшысы қайықпен жағадан ұзап бара жатты. Құтқарушылардың бір бөлігі екінші қайықпен жүзіп бара жатты, екінші бөлігі адамдарды жақын жібермеу үшін жағада қалды. Олардың құтқару көкірекшелерінен жаңа, әлі жұлынбаған бирканы байқауға болады.

Біраздан кейін әуеде тікұшақ пайда болды. Арынов бірнеше сағат бойы жағаға иттерді жеткізіп, кері жүзіп кетіп отырды. Министр судан күн батқанда шықты.

Арынов неліктен Жайық өзенінде су қауіпті межеден жеті сантиметрге асқанда саяжай алаптарын төбесіне дейін су басып қалды деген сұраққа жауап бере отырып бізге осылай деді:

«Мен алдында саяжай алаптары төменде орналасқан деп түсіндіріп едім, адамдар бөгетті өз қолымен тұрғызуға тырысты. Бірақ су жиналып, кенеттен қысым пайда болды да, «бор төбелерді» лезде су басты. Біз сол жақта болдық, сосын осында ауыстық. Жергілікті халық тасқын туралы әу бастан білді. Оларға ескертілді, оларға айтылды, бәрін дұрыс түсіндіруге тырысты. Бірақ, өкінішке қарай, қазір біз кейбір адамдар шатырда қалып, қажетсіз ерлік жасауға тырысқанын көріп отырмыз. Жігіттер ширақ қимылдады, қазіргі кезде барлық тұрғынды эвакуацияладық. Ертең таңертеңнен бастап тұрақты түрде патруль жұмыс істейді. Көп жануар қалып қойды, оларды шығарамыз».

Алдында берген сұхбатында министр қоластындағы қызметкерлердің жұмысын бағалай отырып, әзірге ешкімді мақтағысы келмейтінін, бірақ бәрі жүктелген міндетті атқарып жатыр деп есептейтінін жеткізді. Сондықтан неліктен ТЖМ басшысы жануарлар мен адамдарды өзі құтқарып, ал қызметкерлері сол кезде жағада тұр деген сұрақ туындайды.

«Бұл тұрғыда мен ешқандай кедергі көріп тұрған жоқпын. Менің штабым осы жерде, ол жылжымалы. Еш проблема жоқ. Бұрын да осылай болған. Мен жігіттердің жанындамын», – деп түсіндірді министр.

Бор төбелер: «Бізге бұл жерді құрылыс салуға бермеуі керек еді»

«Бор төбелер» қаланың «1», «2» және «3» саяжай алаптарынан мүлдем басқа жағында орналасқан. Аудан төбе үстінде орналасқан әк өндіретін зауытқа бола осылай аталған. Төмен жағында, Жайық өзенінің жайылмасынның бойында жүздеген адам тұрады.

«1994 жылы дәл осындай жағдай болды. Ол да қатты болды, шатырға дейін көтерілді. Қаланы су басқан жоқ дейді, қалайша? Бұл да Орал ғой. Әу бастан бәрі дұрыс емес. Бізге бұл жерді құрылыс салуға бермеуі керек еді», – дейді Галина есімді тұрғын.

Галина апай 80 жаста, «Бор төбелер» ауданындағы «Комарово» қоғамында көп адамның үйі болса, бұл кісінің саяжайы бар. Алайда сол кішкентай үйдің өзі қалпына келтіруге жарамайды дейді ол.

«Мен тасқынға дейін келгенмін, маған осы жердің жігіттері көмектескен, матрастарды, кілемдерді көтерді. Бұның бәрін енді қалай қалпына келтіруге болатынын білмеймін. Күйеуім 86 жаста, ол енді ештеңе істей алмайды», – деп күрсінді Галина.

Сәл әрірек «Стеновик» саяжай қауымдастығы орналасқан. Мұнда 140 үй, 700–800 адам жыл бойы тұрады. Жақындай келе біз ондаған адамды, полицияны және су басқан үйлердің шатырын көрдік. Басқа жерлердегідей ерлер әйелдер мен балаларды көшіріп, өздері бөгет тұрғызған. Жергілікті бөгет суға төтеп берген. Бірақ су басқа жағынан келді. Сондықтан енді адамдар прокурормен және Зашаған кенті округінің әкімімен бірге не істеу керегін түсінуге тырысып жатыр.

«Бұрын бұл жерде бақша қоғамы болған, сосын олар (шенеуніктер – В.) актілерді өзгертіп, біз баспана салдық. Ақпанда ғана үйді салып бітіргем, бәрі су астында қалды. Үш жыл бойы тер төктім. Мен секілді адамдар бұл жерде көп. Қолымызда ештеңе жоқ, тек кредит қалды. Қазір кредитті қалай төлемекпіз? Тұратын жеріміз жоқ. Әрі қарай қалай өмір сүрмекпіз? Менің бес балам бар, мұны білгенде ешкім пәтерін жалға бермейді», – дейді шарасыз ер адам.

«Қанша еңбек… 5-7 жыл бұрын бізде жерге акт, құрылысқа акт берді, рұқсат етті, әйтпесе бұл жерге ешкім үй салмас еді, ешкім газ тартпас еді. Ал бізде бәріне рұқсат бар. Қазір бізге неге бұл жерден жер алдыңдар деп отыр. Егер мүмкіндігіміз бар болса, бұл жерде тұрмас едік», – дейді «Степняк» саяжай қауымдастығының төрағасы Амандық Жұмаш.

Бұндай мысал жетерлік. Адамдарға үй салуға мүмкіндік берілді, олар үй салды. Тіршілік жасап, жұмыс істеп, кредитін төлеп жатыр. Енді судың кесірінен дымсыз қалды. Кенттік округ басшысы Айтқали Әубәкіров адамдарға жоғарғы мемлекеттік органдардың ақпаратын жеткізді – көмек көрсетіледі. Кем дегенде 100 АЕК көлемінде, яғни 369 200 теңге.

«Алгоритмі әлі дайын емес, қазіргі кезде маған ол жағы белгісіз. Комиссия болады, сол құлаған үйлер мәселесін шешеді», – деп сендірді Әубәкіров.

Орал әкімдігінің ұстанымы

Жергілікті әкімдіктің шенеуніктерімен кездесуді бірнеше күн күтуге тура келді. Орал әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев қорғау үшін қандай жұмыс атқарылғанын, қанша техника мен адам жұмылдырылғанын ұзақ әңгімеледі, тіпті қала тарихына да тоқталды. Саяжай алаптарына қатысты ол сенімді түрде мәлімдеді: «Көптеген саяжай қауымдастығы шетте орналасқан. Мысалы, «Венера» және «Речник», ол жақтың тұрғындары өте белсенді. Біз жергілікті орган тарапынан мейлінше көмектесіп жатырмыз».

Бірнеше сұрақтан кейін ол саяжайдағыларға көмекті бірден көрсетпегенін мойындады. Өйткені күштің бәрін сонда жұмылдырғанда, Орал маңындағы бөгеттерді тұрғызып үлгермес еді. Күш босағанда бірден көмек жіберілген. Алайда, көп жерге кешігіп жеткен.

«Бізде әлі аман тұрған бірнеше саяжай қалды. Бұлар «Венера», «Речник», «Восход», сосын «Самал» ауданында әзірге төтеп беріп тұр», – деп атап өтті Дүйсенғалиев.

Орал маңында және қалаға шекаралас аумақтарда барлығы 155 саяжай қауымдастығы бар. Онда 20 мың адам тұрады, бірақ сол халықтың жартысы биікте тұрып жатыр, судан оларға қауіп жоқ. Ал қауіпті аймақта 10 мың адам бар. 130 қауымдастық су астында қалды. Біз сұхбат алған сәтте (22 сәуірде жазылды) оларға өтемақы қалай берілетінін әкімдік әлі білген жоқ. Сондықтан адамдар залалды өтеуге өтініш берсе болады, үкіметтен ақпарат келген бетте әкімдік халыққа жаңа үй салу-салмау жағын айта алады деп түсіндірді әкім орынбасары.

Жандос Дүйсенғалиев

«Қазір, біріншіден, ереже жоқ. Екіншіден, комиссия шығып, бәрін көзімен көретіндей мүмкіндік жоқ. Өйткені мамандарымыздың басын қатерге тіге алмаймыз», – деді Дүйсенғалиев.

Барлық тексеріс мамырдың ортасына дейін басталмайды, әкімдіктің күтуінше, су сол кезде өзен арнасына қайтады. Әзірге су басқан үйлердің тұрғындары сабыр сақтап, күтуі керек.

Эвакуация бекетіндегі өмір

ТЖ режиміне байланысты балалар мен студенттер қашықтан оқуға ауыстырылды, сондықтан жатақханаларда бөлмелер босады. Әкімнің орынбасары Әрсен Ғұбашевтің мәліметінше, қалада жалпы 15 эвакуация бекеті ашылған, солардың оны жұмыс істеп тұр. Оларға 2 326 адам орналастырылды, арасында 900 бала бар.

«Тасқынның бірінші толқыны кезінде біз бәрін спорт залға, мәдениет үйіне орналастырдық. Студенттер онлайн оқуға ауыстырылған соң жатақханаларда орын босады», – деді Ғұбашев.

Әкім орынбасарының айтуынша, барлық адам қажет көмекті алып жатыр: балаларға оқуға ноутбук берілген, мектепке бармаған бүлдіршіндерге шағын орталықтар ашылды. Сондай-ақ қауіпсіздік жағы да ойластырылған: 23:00-де есік жабылады. Тағы бір мәселе – адамдар бұл жерде қанша уақыт тұрмақ? Әкім орынбасары қанша қажет болса, сонша уақыт тұра алатынын айтты.

Сондай эвакуация бекетінің бірі жоғарғы спорт шеберлігі мектебі жанындағы спортзалда орналасқан. Бұл жерге 200 жатын орын әзірленді: 193 орын жалпы залда және жетеуі ауырып қалғандарға арналған. Холлда тіркеу орны қойылып, осы жерден адамдар жазылады және дәрігердің қарауынан өтеді. Бізбен бірге төрт баласы бар әйел кірді, ол осы жерде қалуға бола ма деп сұрады, бірақ оған орын жоқ екенін айтты.

«Біздің бекетте қазір 183 адам бар, соның ішінде 58-і бала. 125 ересек, 22 зейнеткер, 6 көпбалалы отбасы мен 8 мүгедек жан бар. Бірінші лек бізде 9 сәуірден 15 сәуірге дейін болды, сосын бізді жауып тастады, екінші лек 15 сәуірден басталды», – деді әдіскер.

Науқастарға арналған изолятор бірінші қабатта, іші бос. Екінші қабатта кереует толы спортзал. Бұрышқа спортқа арналған төсеніш төселген, үстінде балалар жатыр, қасында қағаз бен қарындаштар қойылған үстел тұр. Зал шартты түрде екіге бөлінген: бір жағында әйелдер, екінші жағында ерлер.

«Телецентр ауданынанмын. Ер азаматтарымыз 25 күн күресті, бөгет тұрызды, бірақ 20-21 сәуірде су жырып кетті. Қазір ол жақта су иыққа жетеді дейді», – дейді Қарлығаш есімді келіншек.

Әйелдер алдын ала көшірілген, осы жерде тұрып жатқанына бір апта өтті.

«Біз алғаш келгендерміз. Бізге ескертілді, десе де сол жақта қалып қойдық, бірақ 15 сәуірде кім қайда екені қатаң тексеріле бастады», – деп жалғастырды сөзін әйел.

«Барар жеріміз жоқ. Су әзірге тіреліп тұр, ештеңе болмаса «Венераға» ораламыз», – деп бізге жақындады Жансұлу.

Ол «Речник» және «Венера» ауданының тұрғыны, жергілікті тұрғындар суды әзірге ұстап тұр.

«Білмеймін, уақыт көрсетеді (не боларын – В.). Барар жеріміз жоқ, туысқандарымыздың өзінің балалары көп», – деп Қарлығаш та қостап қойды.

«Басшылық су басқандарды тезірек орналастыру үшін шешім қабылдауы керек. Бізді әзірге су басқан жоқ, сондықтан біз үнсіз отырмыз», – деп қосты Жансұлу.

«Әрі қарай не болады деп ойланып отырмыз. Әртүрлі айтып жатыр, бірақ дүрлігудің қажеті жоқ, бәрі дұрыс болады деді (шенеуніктер – В.). 10-ықшамауданда салынады дейді (жаңа үйлер — В.). Кіп-кішкентай емес, дұрыс пәтерлер берсе, көшуге дайынбыз. Бірақ адамдардың көбі үйіне оралып, жаңа орыннан үй салғысы келеді. Жаңасына (баспана – В.) барғысы келетіндер некен-саяқ. Ешкім біреу салып береді дегенге сенбейді, өзі салып алғысы келеді. Көбі солай деп жатыр. Бірақ мемлекет саяжай учаскелерін толық жапқысы келетінін айтты. Бірақ ол жерден адамдарды қуа алмайды ғой», – деп санайды Қарлығаш.

«Речник» аман

Бұған дейін су тасқынына дайындық жүріп жатқан «Речникте» 23 сәуірде ахуал өзгерді. Біз су тиген үйлерді көрдік, кей жерде су бар.

«Ал біз әлі жұмыс істеп жатырмыз. Бұл жерасты суы ғой шығып жатқан, – дейді саяжай қауымдастығының төрағасы Оксана Митрясова. – Су қайта бастады». Дауысынан жеңілдік байқалады.

Жергілікті тұрғындар көрінбейді, төрағаның айтуынша, түнімен жұмыс істеп, қазір демалып жатыр. «Речникке» сарбаздар көмекке келе бастағанда демалуға мүмкіндік пайда болыпты.

«Күн сайын 150–300 адам болады. Аш қалмау үшін бәрін тамақтандыру керек», – дейді Оксананың сіңлісі Ирина.

«Төрт күннен бері түрлі өңірден келіп жатыр. Бүгін Семейден келді. ТЖ министрі менімен кездескісі келеді. Ол келуі керек еді, әлі жоқ», – деді Оксана.

Ауданда жерасты суы бір-екі күн бұрын пайда болған. Бұл судың көлемі өсіп жатыр – жақын маңдағы үйлерде тұндырғышқа, әжетханаға, құдық пен жертөлеге су толып кеткен. Митрясова бұл қауіпті емес деп санайды, Жайықтың суы қайта бастағанда жерасты суы да кетеді:

«Бәріміз титықтап біттік, 25 тәулік бойы күресіп келеміз, қашанға дейін шыдауға болады? Соғыс сияқты. Бірақ біз берілмейміз».