2670
22 октября 2025
Жанайым Қозыбай, арнайы Власть үшін

Жасыл сутегі: Каспийдің соңғы тамшысы бола ма?

Адам мен өнеркәсіп қызметіне қоса, жаңа ауқымды сутегі жобасы Каспий теңізіне қосымша зиян тигізуі мүмкін

Жасыл сутегі: Каспийдің соңғы тамшысы бола ма?

Читайте этот материал на русском.

Read this article in English.

Hyrasia One — Қазақстанның батысындағы Маңғыстау өңірінде іске асып жатқан ауқымы да, атауы да зор жоба. Алайда бұл бастама елдің жасыл энергияға көшуіне оң өзгеріс әкелудің орнына, бұрыннан таныс табиғи ресурстарды сарқып пайдалану мен «жасыл отаршылдықтың» белгілерін көрсетіп отыр.

Жасыл сутегі дегеніміз — көміртексіз отын, ол теориялық тұрғыдан шығарындылар мен ластануды анағұрлым төмендетуі керек. Hyrasia One жобасына германиялық Svevind Group компаниясы жауапты. Олар Каспий теңізінің жағалауына жақын жерде экспортқа арналған мыңдаған жел турбинасы мен күн панелін салмақшы.

Әдетте жасыл сутегі ауыр өнеркәсіпте және ұзақ қашықтыққа жүк таситын салада табиғи газ бен көмірді алмастырады. Алайда сутегіні отын ретінде пайдалану үшін машиналар мен жабдықтарды соған сай жаңарту керек. Ал сутегі инфрақұрылымын модернизациялауға қосымша инвестиция қажет. Тез тұтануы, тығыздығы төмен болуы, сондай-ақ сақтау мен тасымалдауда туындайтын кедергілер сутегінің капиталдық және пайдалану шығынын арттырады. Өндіру көлемі үлкен болса, ауқымды үнемдеу арқылы әр бірлікке кететін шығынды азайтуға болады. Бұл Hyrasia One жобасының жоспарланған қуаттылығы не себепті 2 млн тонна екенін айқындайды.

Сутегі өндіретін табысты жұмыс істеп тұрған зауыттар бар, бірақ әдетте олардың ауқымы шағын және өндірілген сутегіні бірден қолданатын кәсіпорындарда орналасқан. Бұл тәсіл аммиакқа айналдыру, сақтау және тасымалдау шығындарынан қашуға мүмкіндік береді. Мысалы, АҚШ-тағы Invenergy компаниясының Sauk Valley Hydrogen зауыты жылына 40 тоннаға дейін жасыл сутегі өндіреді. Бұл сутегі көршілес орналасқан қуаттылығы 980 мегаватт болатын Nelson Energy Center газ электр станциясының турбиналарын салқындатуға пайдаланылады.

"Экономикалық саясатты шикізат экспортына тәуелді жүйеден арылтуға берілген сирек мүмкіндік".

Hyrasia One жобасына ұқсас Envision Energy компаниясының Қытайдағы зауыты — экспортқа бағытталған және бүгінде әлемдегі ең ірі жасыл сутегі мен аммиак өндіретін кәсіпорын. Ол жылына 320 000 тонна аммиак өндіреді. Зауыт 2025 жылдың төртінші тоқсанында экспорттауды бастауды жоспарлап отыр және үш жыл ішінде өндіріс көлемін 1,5 млн тоннаға дейін арттыру көзделген. Алайда бұл жоба да экспортқа бағытталған басқа нысандар сияқты тәуекелге тап болып отыр. Себебі оның бастапқы құны өте жоғары, ал нарық әлі тұрақсыз және толық қалыптасып үлгермеген.

«Жасыл отаршылдық» деп аталатын бұл тәсіл экономикалық және институционал тұрғыдан әлсіз елдердің ресурстарын алып, оларды өзге, экономикалық тұрғыдан қуатты елдің жаңартылатын энергетика көзіне көшу және көміртек шығарындыларын азайтуды ілгерілету үшін пайдалануды көздейді.

Мұндай жобалардың қаржыдан басқа да зиянды жақтары бар. Мысалы, тұрғындардың мәжбүрлі көшіп-қонуы, табиғаттың ластануы, биологиялық әралуандықтың кемуі сияқты зардаптар сияқты теріс сыртқы әсерлер ресурс алынған елдің мойнында қалады.

Hyrasia One жобасы аясында Маңғыстау облысында жалпы ауданы шамамен 150 шаршы шақырым болатын бес аймақта 150 метрлік 5 мыңнан астам жел турбинасы мен күн панельдері орнатылады.

Шетелдік инвесторлар тәжірибесіне сай, жоба аумақтарына ақын Абай айтқан «бес асыл іс» атауы берілген: талап, еңбек, терең ой, қанағат және рақым.

Жоба толық қуатында жұмыс істеген кезде 40 гигаватт электр энергиясын өндіреді. Бұл Қазақстанның қазіргі жалпы қуатынан екі есе дерлік көп. Қазіргі қуат — 25,3 гигаватт.

Өндірілген энергия электролиз зауыттарына жіберіледі: олар Каспий теңізінің суын алып, оны жылына 2 миллион тонна сутегіне бөледі. Кейін бұл сутегі 11 миллион тонна аммиакқа айналдырылады. Аммиак түрінде оны Оңтүстік-Шығыс және Шығыс Азияға немесе Еуропаға жеткізу әлдеқайда жеңіл.

Мұнай, климаттың өзгеруі және тартылып бара жатқан теңіз

Hyrasia One жобасына жылына 60 миллион текше метрге дейін су қажет болуы мүмкін. Бұл Каспий теңізінің жалпы көлемінің 0,00008%-ына немесе 2020 жылғы Маңғыстау мен Атырау облыстарының жылдық су тұтыну мөлшеріне тең. Бұл жоба Каспий теңізінің су көлеміне айтарлықтай әсер етпейді, оның суының азаюына негізінен климаттың өзгеруі мен өзен суларының тартылуы себеп болып отыр. Дегенмен, су тапшылығы жылдан-жылға күшейіп келе жатқан, ал экономикасы табиғи ресурстарды өндіруге тәуелді бұл өңірде жоба әлі де дау тудырып отыр.

Жасыл сутегі өндірісі Каспий теңізін құрғатып жібере ме? Жоқ. Бұл тұрғыда мұнай мен газ өндірісімен салыстыруға да келмейді. Алайда, жасыл сутегі өндіру судың сапасына теріс әсер етеді, сол арқылы жергілікті экожүйеге зиянын тигізуі мүмкін. Hyrasia One жобасы электролиз үдерісіне сүйенеді, ал ол үшін тазартылған су қажет. Сондықтан жоба аясында тұщыландыру зауыттары салынып, ондағы тұз бен басқа қоспалар қайтадан Каспий теңізіне төгілуі ықтимал.

Алып жоба Hyrasia One аясындағы жел және күн электр станцияларының экологиялық әрі әлеуметтік шығындары да аз емес. Олар табиғи мекендердің жойылуына, биологиялық әртүрліліктің азаюына және жергілікті халық пайдаланып келген жердің жарамсыз болуына әкелуі мүмкін. Бұл әсіресе теңіз жағалауындағыларға қатты әсер етеді.

Мұндай зауыттар мұнай мен газ өндірісіндей зиянды емес, бірақ суы мен электр энергиясы жетіспейтін өңірде сутегіні тиімсіз өндіру және экспорттау үшін осындай үлкен жобалар салу — күмәнді шешім.

Су тапшылығын өтеу үшін мемлекет Каспий теңізінің суын тұщыландырып, ауыз суға айналдыратын зауыттар салады. Ал халықтың өз мұқтажы үшін емес, экспортқа бағытталған жаңа жоба шеңберінде суды тазарту мен көміртексіз электр энергиясын өндіруді қолға алу күмән тудырар қадам болып көрінеді.

Уәде етілген экономикалық өсімнің пайдасын негізінен жобаға қатысушы жеке компаниялар мен үкімет көреді. Ал Каспий маңындағы жергілікті халық осы жобаның әлеуметтік және экологиялық салдарын көтеруіне тура келеді.

Форт-Шевченко, фото Алмас Қайсардыкі

Бұл жоба — табиғи ресурстарды өндіріп, шетелге сатуға сүйенген экономикалық өсімнің тар түсінігін көрсетеді. Мұндай тәсіл бәріне бірдей өркендеуге жол ашады деп уәде берсе де, нақты ауыртпалық жергілікті халыққа артылмақ.

Каспий өңіріне жаңа зауыттар да, конференциялар да, бір-бірін қайталайтын зерттеулер де қажет емес. Керісінше, адам әрекетінің табиғатқа тигізіп жатқан зиянын азайту, тіпті мейлінше қысқарту қажет.

Мұнай өндірісін қысқарту немесе мүлде тоқтату — жаһандық жылыну салдарынан туындайтын Каспий теңізінің тартылуын тоқтатуға және Жайық өзеніндегі судың азаюын бәсеңдетуге көмектесер еді.

Бұл бір ғана Қазақстанның қолындағы емес, әлемдік деңгейдегі мәселе. Климат өзгерісіне қарсы күрес барған сайын күрделі және саяси шиеленіс жағдайында өтіп жатыр.

Дегенмен Каспий теңізінің және ондағы халықтың тағдырына әсер ететін бірқатар жергілікті факторды реттеу — Қазақстанның өз қолында.

Каспий экожүйесіне мұнай өндірісінің зияны жөнінде көптеген зерттеу бар. Соған қарамастан, ең күрделі, экологиялық тұрғыда қауіпті және экономикалық жағынан да күмәнді жобаның бірі — Қашаған кен орны ерекше қорғалатын табиғи аумақта орналасқан. Ғалымдардың болжауынша, бұл өңір ғасыр соңына қарай құрғап, нәтижесінде Каспий итбалығы мен бекіре тұқымдас балықтардың жойылуына әкелуі мүмкін.

Бүгінгі күнде Қазақстанда экологиялық зардаптарымен жұмыс істеудің жалғыз тәсілі айыппұл салу сияқты көрінеді. Бірақ оларды көбіне ірі мұнай компанияларының заң қызметі қайта қаратып, жеңілдік алып жатады.

Қазір Қазақстан мұнай алпауыттарымен келісімшарттарды қайта қарап жатыр. Сонымен қатар Hyrasia One сияқты жаңа жобалар әзірлену кезеңінде тұр. Бұл уақытша жағдай экономикалық саясатты шикізат экспортына тәуелді жүйеден арылтуға берілген сирек мүмкіндік.

Алайда экологиялық мәселе ірі мұнай жобаларымен шектелмейді. Мысалы, халық Астанадағы Кіші Талдыкөл көлдер жүйесінің орнына тұрғын үй мен сауда орталығы салынғанын көрді. Бұл кішкентай мысал болса да, табиғатты сақтау ісінде үміт ұялата қоймайды. Демек, Каспийдің болашағына да алаңдауға негіз бар.

Соған қарамастан, ең ауыр сценарийдің алдын алуға әлі уақыт бар. Ол үшін Hyrasia One сияқты жобаларды қайта қарап, Каспий теңізін сарқылуына әкелетін жаңа мұнай, газ және сутегі жобаларына жол бермеу қажет. Қазақстан үкіметі Ресей, Әзербайжан, Түркіменстан және Иранмен бірлесіп, мұнай-газ өндірісіндегі басымдықтарды қайта қарауға тиіс.

Идеал жағдайда, экологиялық жауапкершілікті күшейтетін жүйе өндіруші компаниялардың әрекетін өзгертеді: төгілген мұнайды, ластанған аймақтарды тазалау және жаңа апаттардың алдын алу мүмкіндігі туады. Сондай-ақ өңірлік ынтымақтастық аясында Жайық өзенін қалпына келтіру басты басымдық болуы керек. Шешімдер бар, бірақ уақыт аз, сондықтан қазірден қимылдауымыз керек.

Жанайым Қозыбай, зерттеуші, климаттық әрекет және антиөсім жақтаушы..