1801
25 сентября 2025
Әсел Мұсабекова, коллаж Данияр Мүсіровтікі

Ең қауіпті жәндік

Қазақстандықтарға чикунгунья мен Денге қызбасының қаупі қандай?

Ең қауіпті жәндік

«Власть» биолог Әсел Мұсабековамен бірге қоғамдық денсаулық саласына қатысты материалдар топтамасын бастамақ. Әсел Мұсабекова алғашқы мақаласында public health ұғымының медицинадан айырмасын түсіндіріп, қазақстандықтарға чикунгунья мен Денге қызбасы қаншалықты қауіпті екенін баяндайды.

Маған бір нәрсені түсіндіріп айту ұнайды екен, ал соның ішінде public health — қоғамдық денсаулық туралы айтқанда тіптен жаным кіретінін түсіндім. Медицинаны сынағанда немесе мақтағанда, медицина мен қоғамдық денсаулық сақтау деген екі ұғымды шатастырып жатамыз.

Өте қарапайым тілмен айтсақ, қоғамдық денсаулық сақтау дегеніміз — адамның дәрігерге барғанға дейінгі бүкіл тірлігі. Мысалы, бір адамға «өкпенің қатерлі ісігі» деген диагноз қойылды дейік, науқастың тыныстаған ауасы, ауру қаупін күшейтетін зиянды өндірісте жұмыс істеуі, шылым шегуі және генетикалық бейімдігі (тіпті бұл дерт жиірек кездесетін этникалық топтар да бар) қоғамдық денсаулық сақтау саласына жатады. Жол апатына түсіп, сүйегі шашылған адамға хирург дәрігердің жасайтын емі — медицина. Ал көбірек табыс табу үшін энергетик ішіп алып, бір қала мен екінші қаланың арасында адам таситын жүргізушінің әрекеті мен артқы орындықтан қауіпсіздік белдігін түбірімен алып тастау қоғамдық денсаулық мәселесіне жатады.

Бұл екі саланың әрқайсының маманы да, оқу бағдарламасы да бөлек, басқару тәсілдері де басқаша болуы қажет. Соңғы үлгідегі дәрі-дәрмек пен заманауи құрал-жабдықтары бар, медицинасы дамыған бола тұра, қоғамдық денсаулық сақтау саласында дағдарыс болуы мүмкін. Мұның айқын мысалы — қазіргі АҚШ. Онда медициналық көмекке қол жеткізу қиын, әсіресе, сақтандыруы жоқ адамдарға ауыр. Ал денсаулық сақтау саласының басында отырғандар екпеге тыйым салып, биологиялық қоспалар мен есірткі сатып, мыңдаған ғалымды жұмыстан шығарып, ақылға сыймайтын әрекеттерге барып жатыр.

Public health пен медицина бір-бірін толықтырып, қатар дамитын жүйе құру үшін адамдардың белгілі бір бөлігі ең әуелі бұл ұғымдардың мәнін түсінуі керек. Мұны түсіндіру үшін өмірден алынған оқиғаға құлақ түргеннен абзалы жоқ.

Әңгімені «Ең қауіпті жәндіктен» бастайық.

Куинс көшесінде серуендеп келе жатырмын деп елестетіңіз. 1999 жылғы тамыз. Күн ыстық, алыстан жетінші нөмірлі метроның тарсылдаған үні естіледі, қасынан зулап өткен көліктерден латынамерикалық әуендер мен хип-хоп араласа шығады. Кенеттен тұншыға шыққан бір дыбыс құлағыңызға жетеді. Бұрылып қарасаңыз, асфальтта жоғарыдан құлап түскен қарға қимылсыз жатыр. Жарық бағанының төбесінде отырған тағы біреуі теңселіп, қанатын сермеп еді, ол да тротуарға сылқ етіп құлады.

«Олар мас адамдай теңселіп барып құлап жатты», — деп еске алды кейіннен бұл көріністі Тоттен фортының күзетшісі.

1999 жылы тамыздан желтоқсан айына дейін Нью-Йорк штатының әкімшілігіне өлі құс туралы 17 339 хабар түскен.

Сол кезде қала ауруханалары менингит пен энцефалитке шалдыққандардың күрт артқанын тіркеді. Дәрігерлер абдырап қалды: диагноздар бір-бірімен қабыспай, үйреншікті түсінікке сыймай тұр. Ал CDC адамдар арасындағы бұл індетті АҚШ-та бұрыннан кездесетін Сент-Луис энцефалитінің өршуімен байланыстырды.

P Photo/Rick Bowmer, File

Бронкс хайуанаттар бағындағы ветеринар-патологоанатом Трейси Макнамара ғана құстардың қырылуы мен адамдардың сырқаты байланысты деген пікірінен таймады. Макнамара ондаған өлі құсты тіркеп, ашып көрді, сынама алды. Бірақ CDC оның тұжырымын құптамады, байланыс таппады. Ақыры ол материалдарды әскери вирусологиялық зертханаға жіберді. Сонда ғана бұл Америкада бұрын кездеспеген жаңа жұқпа — Батыс Ніл вирусы екені анықталды. Осыдан кейін ғана CDC қорытындысын өзгертіп, шын себепті мойындады. Осылайша АҚШ-та Батыс Ніл қызбасының алғашқы өршуі тіркелді. Бұл — елдің эпидемиологиялық бақылау жүйесін түбегейлі өзгерткен оқиға.

Батыс Ніл вирусы (WNV) адамға масадан жұғады. Инфекцияның негізгі табиғи иесі мен тасымалдаушысы — жабайы құстар, соның ішінде қаланы мекендейтіндері де (қарға, көгершін және басқалары) бар. Ал адамдар мен жылқылар вирусты кездейсоқ жұқтырған. Құстардың жаппай қырылуы әдетте адамдар арасындағы өршудің алдында байқалады. Сол себепті жыл құстары мен қаладағы құстарға тұрақты эпидемиологиялық бақылау қажет.

Бұл оқиға — жер бетіндегі адамға ең қауіпті жануар акула да, улы жылан да емес, жай ғана маса екенін көрсететін мысалдың бірі. ДДСҰ дерегінше, жыл сайын 700 мыңнан астам адамның өлімі масадан болады. Өлім безгек, Денге қызбасы, чикунгунья, Батыс Ніл вирусы және өзге де дерт түрінде тіркеледі. Климаттың өзгеруіне байланысты бұл аурулар барған сайын жаңа аумақтарға таралып жатыр. Бір кезде тек тропикалық елдерге тән «ұмытылған» инфекциялар енді Еуропаға, АҚШ пен Қытайға да жетті.

Жуырда Қытайда чикунгунья вирусы өршігені туралы және Еуропада бұл дертті жұқтыру жағдайлары тіркелгені туралы жаңалық шықты. Биылғы жазда Францияның Эльзас аймағында, Страсбургке жақын шағын ауылдың тұрғыны, өмір бойы ауылдан шықпаған ер адам чикунгуньяға шалдықты. Бұл қалай болды? Жауабы оңай: Азияның жолбарыс масалары Батыс Еуропада баяғыда-ақ орнығып алған. Олар әуелде ұшақ, кеме арқылы жеткен, ал қазір жаз жылдан-жылға ыстық бола бастауына байланысты Францияның солтүстігіне дейін таралып отыр. Біреу тропиктен демалыстан оралып, оны шаққан маса арқылы вирусты ауылдағы әлгі бейбаққа жұқтырған. Мұндай жергілікті жұқтыру оқиғалары енді жиілей береді.

Бақытымызға орай, чикунгунья мен Денге (саяхаттап келгендер арасында кездескен жағдайларды есепке алмағанда) Қазақстанға аса қауіп төндіріп тұрған жоқ. Ал әңгімемді бастаған Батыс Ніл қызбасының бізге тікелей қатысы бар. Біріншіден, бұл вирусты тасымалдаушылар — шетелден келген «жолбарыс масалар» емес, кәдімгі Culex тұқымдас масалар. Айтпақшы, осы вирусты Батыс Қазақстан өңіріндегі маса үлгілерінен де анықтаған. Екіншіден, Қазақстандағы Биологиялық қауіпсіздік институтының ғалымдары бұл вирусты жабайы құстардан тапқан.

Бұған қоса, Текеліде адамдар арасында Батыс Ніл вирусынан менингоэнцефалит жағдайлары тіркелгені бар.

Мұндай нейроинвазив, яғни жүйке жүйесін зақымдайтын инфекция анықталса, ол — көзге көрініп тұрған аз ғана бөлігі. Шын мәнінде жұқтырғандар саны жүздеген есе көп болуы мүмкін. 2024 жылғы су тасқыны да масаның көбеюіне ықпал етіп, аурудың таралуына әсер етуі ықтимал.

Қазақстаннан да бір Трейси Макнамара шыға ма? Басты сұрақ — осы. Эпидқадағалау жүйесі алғашқы әлсіз белгілерді аңдайтындай мұқият бола ала ма? Ауруханалардағы мәліметтерді, зертханадағы зерттеулерді, ветеринарлар мен құстарды зерттеушілердің бақылауын дер кезінде тоғыстыра ала ма? Батыс Ніл вирусының Нью-Йоркте таралу тарихы — өткеннің бір хикаясы ғана емес. Бұл бізге әр саладағы қызметтің қырағылығы мен бірлесе әрекет етуге әзірлігі ғана қауіпті дер кезінде байқап, оның індетке айналуына тосқауыл қоя алатынын ұқтырады.

Хикая ұнаған болса, West Nile Story трегін тыңдап көруге кеңес беремін. Келесі аптада жолыққанша!