Қыркүйек айының соңында ұлттық экономика министрлігі оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолдануға болмайтын қызмет түрлерінің үлкен тізімін, сонымен қатар өзін-өзі жұмыспен қамтуға арналған рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізімін жариялады. Құжаттарды бизнес қауымдастық, депутаттар мен салық консультанттары бірден сынға алды.
Әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланғаннан кейін кенет тыйым салу тізімінен бас тартуға, онда тек 44 ЭҚЖЖ (экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші) қалдыруға шешім қабылданды. Осы және өзге де бірқатар шешім Тоқаевтың «экономикалық реформалардың теріс салдарын барынша азайту» мақсатымен берілген тапсырмасына орай қабылданды.
Әйтсе де, жаңа Салық кодексі күшіне енгеннен кейін бизнестің де, азаматтардың да жағдайы бұрынғыдай болмайды.
Арнаулы салық режимі
Келесі жылы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексі салық жеңілдігін, есеп тапсырудың оңайлатылған тәртібін ұсынатын арнаулы салық режимдерінің (АСР) санын қысқартады.
АСР қолданатындарда жалпыға бірдей белгіленген салық салу режимімен жұмыс істейтіндерге қарағанда оңайлатылған салық базасы бар: әдетте салық бекітілген пайыз мөлшерлемесі бойынша табыстан алынады (түрлі жағдайда 1 пайыздан 4 пайызға дейін), әрі есеп тапсыру жиілігі сирек. Сонымен қатар олар есепті аз тапсырады, ал жалпыға бірдей салық режиміндегі бизнестен толыққанды бухгалтер есебі талап етіледі.
Қазіргі кодексте жеті арнаулы салық режимі бар: патент, мобильді қолданба, оңайлатылған декларация, бөлшек салық, тіркелген шегерім, шаруа және ферма қожалықтарына арналған арнаулы салық режимі және ауылшаруашылық өндірушілеріне арналған арнаулы салық режимі. Әрқайсының салық жеңілдігі бар, кейбірінде қолдануға болатын қызмет түрлерінің шектеулі тізімі бар.
Жаңа Салық кодексінде үш арнаулы салық режимі қалады: өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға, оңайлатылған салық декларациясы негізінде және шаруа немесе ферма қожалықтарына арналған. Шаруашылықтар 0,5% мөлшерлемемен жеке табыс салығын ғана төлейді.
Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар
Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар табыстың 4%-ы көлемінде әлеуметтік төлемдер ғана төлейді, алайда олар жеке кәсіпкер ретінде тіркелмейді, қызметкер еңбегін пайдаланбайды, айлық табысы 300 айлық есептік көрсеткіштен аспауы керек (2026 жылы 1,2 млн теңге). Өзін-өзі жұмыспен қамтушының қызмет түрі үкімет қаулысында бекітілетін ЭҚЖЖ бойынша рұқсат етілген тізімге кіруі керек. «Атамекен» ҰКП «Власть» басылымына өзін-өзі жұмыспен қамтушымен жасалған мәміле шығындарын корпорациялық немесе жеке табыс салығының салық алынатын табысын анықтау кезіндегі шегерімге жатқызуға болады деп түсіндірді.
Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар үшін арнаулы салық режимін қолдануға рұқсат етілген қызмет түрлерінің талқылауға шығарылған тізбесіне 46 ЭҚЖЖ кіргізілді. Сарапшылар мен экономистер Ашық НҚА порталында бұл тізім тым қысқа деген пікір жазып қалдырды.
«Негізінен бұлар жеке тұлға бір өзі жасай алатын қызмет түрлері, мысалы, көшіру қызметін көрсету, курьер, күндіз балаға қарау, ұзақ сақтауға келмейтін нан-бөлке өнімдерін шығару, қауіпсіз қалдықтарды жинау, құрылыс-монтаж жұмыстары және басқалары», — деп хабарлады кәсіпкерлер палатасы.
Палата өкілдері өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға рұқсат етілген тізім өз күшінде қалады, бірақ оның қаншалықты өзгеретіні әзірге белгісіз деді.
«ҰКП бұл тізімді кеңейтуді сұрады. Ұлттық экономика министрлігі Ашық НҚА порталынан келген пікірлерден кейін қаулы жобасын әлі толықтырады», — деп хабарлады ұлттық кәсіпкерлер палатасы.
Өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға арналған рұқсат тізімін бастапқы күйінде қабылдаған жағдайда қатер туындауы мүмкін екенін қаулы жобасына жемқорлыққа қарсы сараптама жасаған сарапшылар да айтты.
«Бір қызмет түрі енгізіліп, сипаты мен ауқымы жағынан шамалас басқа қызмет түрінің енбей қалуы тізбені құруға дұрыс ден қойылмағанын көрсетеді, — деді сарапшы Рамина Какенова өз тұжырымында. — Тізбе қазір ұсынылып отырған күйінде ғана қабылданатын болса, ұқсас қызметпен айналысатын азаматтар арнаулы салық режимін қолдана алмай, “көлеңкеге” кетуге мәжбүр болатындай жағдай қалыптасуы мүмкін».
Оңайлатылған декларация
Оңайлатылған декларация негізіндегі тағы бір арнаулы салық режимін жылдық табысы 600 айлық есептік көрсеткіштен (2026 жылы 2,5 млрд теңге) аспайтын кәсіпкерлер қолдана алады. Режимді қолданатын қызметкерлер санына шектеу жоқ. Бұл жерде де кәсіпкерлер жеке немесе корпорациялық табыс салығын төлейді, мөлшерлемесі — 4%, бірақ мәслихаттар оны екі есе көтеруге немесе азайтуға құқылы.
Қыркүйек айында Ұлттық экономика министрлігі осы арнаулы салық режимін қолдануға болмайтын қызмет түрлерінің тізімін талқыға шығарды. Алғашқы тізімде 1 111 ЭҚЖЖ арасынан 795 ЭҚЖЖ болды, бірақ әлеуметтік желілерде тізімге қатысты сын айтылғаннан кейін қазіргі заңнамаға сәйкес тек 44 қызмет түрін қалдыруға шешім қабылданды — нақты ЭҚЖЖ көрсетілмеген бұл тыйымдар Салық және Кәсіпкерлер кодекстерінде жазылған. Жаңа тізбе де үкімет қаулысы арқылы бекітіледі.
«Қазір құжат дайын, мақұлдау кезеңінен өтіп жатыр, жақын арада жарияланады», — деп хабарлады қаржы вице-министрі Ержан Біржанов. Оның айтуынша, арнаулы салық режиміне жер қойнауын пайдалану, банк қызметі, алкоголь өнімін, жарылыс заттарын шығару сияқты қызмет түрлері кіргізілмейді.
«Адамды бақытты еткің келсе, алдымен одан бір нәрсені тартып ал, сосын сол нәрсені қайтып бер дегендей болды. Алдымен ол бақытсыз болады, сосын бақытты адамға айналады», — деп сипаттады бұл жағдайды салық консультанты Наталья Янцен.
Сарапшы бұл шешім тек жеке тұлғалармен істес болатын бизнеске ғана жақсы дейді.
«Бұған ұсақ сауда да, дүкендер де сай келеді, қызметтердің үлкен ауқымы, оқыту, спорт секциялары, ұсақ өндіріс кіреді», — дейді ол.
«Олар оңайлатылған режимде жұмыс істей алмайды, себебі олардың тапсырыс берушілері жалпыға бірдей режимде жұмыс істегенін талап етеді, әйтпесе онымен ешкім келісімшарт жасамайды. Бұл қазірдің өзінде іске асып жатыр, көптеген компания жеткізушілеріне осындай хат жөнелтіп жатыр», — дейді Янцен. Олардың көбі жалпыға бірдей режимге биылдан бастап өтуді талап етіп отыр, олар 1 қаңтардан бастап контрагенттер жалпыға бірдей режимге өтіп үлгергеніне сенімді болғысы келеді дейді сарапшы.
Оңайлатылған декларация режимінде B2B мәмілелері бойынша шегерім жасауға тыйым
Алматыда сүтті қайта өңдеумен айналысатын, аты аталғанын қаламаған өндірушілердің бірі «Власть» басылымына бизнесі осындай жағдайға ұрынғанын, Алматының үш сауда орталығында үш үлкен дүкені бар ірі клиенттен айырылғанын айтты.
Кәсіпкерге клиенттен келген хатта — оңайлатылған салық режимін қолданатын жеткізушіден сатып алынған тауарларға ҚҚС енгізілгеннен кейін өнімге қосылатын үстеменің артқаны сезіліп жатыр делінген. Бұл өзіндік құнға әсер етеді және осындай жеткізушілермен ынтымақтастықты жалғастыруды экономика тұрғысынан тиімсіз етеді. Биыл 1 қарашадан бастап ҚҚС қолданатын компаниялардың ғана ұсынысын қарайды.
«Мұндай ірі клиенттен айырылу маған өте ауыр тиеді. Мұның сұмдығы сол, 2026 жыл әлі басталмай жатып осылай болып жатыр. Егер ҚҚС төлейтін басқа клиенттер бас тартатын болса, жабылуға тура келеді», — деді кәсіпкер.
Янцен тапсырыс берушілердің арнаулы салық режимін қолданатын жеткізушілермен істес болудан бас тартуына екі себеп бар дейді: «Олар бұл шығындарды салық шегерімі ретінде есептемейді, сондықтан жылдық есеп берген кезде осы сомаға 20% КТС төлейді. Сонымен қатар, оңайлатылған режимде ҚҚС төленбейтіндіктен, олар оңайлатылған режим бойынша ҚҚС төлемей сатып алған тауарлар мен қызметтерден ҚҚС төлеуге ештеңе ұстамайды, сондықтан 16% ҚҚС тағы төлейді».
Оңайлатылған режимдегі жеткізушілерден алған тауарлар, жұмыстар мен қызметтер бойынша олардың мойнына артылатын жалпы салық ауыртпалығы 36% болады.
«Бұл жерде бизнес маржа көрмек түгілі, үлкен шығынға батуы мүмкін», — дейді консультант.
Арнаулы салық режимінде жұмыс істейтін жеткізушілермен жасалған мәміледен салықты шегеріп тастауға тыйым салынатыны жаңа Салық кодексінің 286-бабында жазылған. Оны енгізуге салық консультанттары мен кәсіпкерлер қарсы болды.
Салық консультанты Екатерина Ким мемлекеттік платформада бұл норманы қайта қарау туралы петиция бастады, ол бастапқы 50 дауысты жинады, қазір модерациядан өтіп жатыр. Петиция авторы бизнестің, мемлекеттік органдардың және сарапшылардың қатысуымен ережені кеңінен талқыға салуды сұрайды. Ким мәміле бастапқы бухгалтерлік құжаттар арқылы расталған жағдайда шығындарды шегеру құқығын қалдыруды ұсынады.
Бұл норманы қайта қарауды өтінген тағы бір өтінішті елдің жарнама, креатив және медиа қауымдастығы жолдады, хатқа жүз отыздан астам компания қол қойды. Бастама көтергендер жаңа Салық кодексіне қол қойылған сәттен кейін өткен жарты жылды B2B жүйесімен (business-to-business — В.) істейтін шағын және орта бизнеске өзгерістерге бейімделуіне жеткіліксіз деп санайды.
Мұның өтемі ретінде олар B2B сегментте істейтін жеке кәсіпкерлер үшін оңайлатылған режимді сақтаған кезде көбейтілген 6–8% бөлек мөлшерлемені және шегерім жасау құқығын қарастыруды ұсынып отыр. Өтініште, сондай-ақ, ҚҚС шегін біртіндеп төмендету де ұсынылған, өйткені кадр ресурсын және қаржы қауіпсіздігін арттыру үшін бизнеске жеткілікті уақыт қажет. Бастама көтерушілер салыққа шегерім жасауға тыйым қалатын болса, жарнама және медиа қызметтерінің құны 20–30 пайызға өседі, сонымен қатар ұсақ агенттіктер мен студиялар қаржы ауыртпалығына төтеп бере алмай жабыла бастайды, көп маман жұмыссыз қалуы мүмкін дейді.
Наталья Янцен бизнестің сатып алушылары арасында жеке тұлғалар да, заңды тұлғалар да кездессе, кейбір тапсырыс берушілерден бас тартып, оңайлатылған режимде қалуына, болмаса жалпыға бірдей режимге көшуіне тура келеді, бірақ мұндайда салық мөлшерлемесі артады деді.
«Егер ЖК туралы айтатын болсақ, жеке кәсіпкерге түсетін ауыртпалық қатты артпайды, айталық, оңайлатылған режим бойынша бұрын 3% болса, енді 10% болады, бірақ табыс пен шығын арасындағы айырмашылық деп саналады. Кәсіпкердің ресми шығындары бар болса, кейбіріне түсетін ауыртпалық аз ғана көбейеді», — дейді салық консультанты.
Алайда, белгілі бір уақыттан соң кәсіпкер 40 млн теңге болатын (2025 жылы күшінде болған 20 000 АЕК — 78,6 млн теңгенің орнына) ҚҚС бойынша айналым шегіне жетеді.
«40 млн — кішкентай шек, бірақ кәсіпкер дұрыс әрі ақылға салып әрекет етсе және тауар құнын 16 пайызға көтерсе, онда бұл ҚҚС қатты әсер етпейді, есепке алатын ештеңесі болмаса да ол бағаны 16 пайызға көтерсе, ештеңе жоғалтпайды», — дейді Янцен. Ал сатып алушылары ҚҚС төлеушілер болса, бұл ҚҚС-ты өз есебіне алады.
«Сондықтан жеке кәсіпкердің жағдайы қалыпты болады, салық ауыртпалығы қатты өспейді. Ал оңайлатылған режимде болған ЖШС жалпыға бірдей режимге өтуіне тура келеді — оған түсетін салық ауыртпалығы артады, өйткені корпорациялық табыс салығы 20%. Ойлаңызшы: 3% болды, енді 20% болады», — дейді Янцен. Шектің төмендеуіне байланысты осы салыққа ҚҚС та қосылатын шығар деп сөзін толықтырды ол.
Янцен, сондай-ақ, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге тағы бір жаңа міндет пайда болады дейді: 2025 жылы 30 мың АЕК (117,9 млн теңге) көлеміндегі дивидендтерге жеңілдік болды.
«Мұндай дивидендтерден жеке табыс салығы төленген жоқ. Енді жеке табыс салығын кез келген дивидендтен 5% төлеу керек болады», — деді сарапшы.
Янцен қызмет көрсетумен айналысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге түсетін салық ауыртпалығы артады деп болжап отыр, себебі олардың негізгі шығыны — еңбекақы, ал ҚҚС есептеле бермейді.
Оның пікірінше, салық реформасының салдары оңайлатылған режимдегі шағын бизнес пен жалпыға бірдей режимдегі бизнес арасындағы салық ауыртпалығының алшақтауына әкеледі.
«Мемлекет [өсуге] ынта болсын деп біртіндеп көшіруі керек еді, олай жасаған жоқ. Мысалы, сен шағын бизнес болдың, заңды тұлғалармен істес болғың келеді, бұған біртіндеп келу керек — жайлы көшу деген жоқ, өзгеріс кенеттен болып жатыр, мұны кодекс кемшіліктерінің бірі деп санаймын».
Салық реформасының міндетті салдары
Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин АСР қолданатын жеткізушілермен жұмыс істеген кезде шығынды шегеруге тыйым «жалпыға бірдей режимде ашық жұмыс істеуге ынталандырады, бизнесті түрлі компанияға қажетсіз бөлшектеудің алдын алады және бизнес субъектілері арасындағы салық ауыртпалығын теңдей бөледі» деді.
Наталья Янцен ҚҚС төлемеу үшін бизнесті ұсақ компанияларға жіктеуге пайдаланылған кейбір ЖК шынымен жабылатынымен келіседі. Сонымен қатар тек жеке тұлғалармен істес болған жеке кәсіпкерлер де жабылады деген пікірде, себебі олар қажет болмай қалады. Кейбір ЖШС салық ауыртпалығын сәл де болса азайту үшін жеке кәсіпкер болып өзгеруі мүмкін.
Сарапшы, сонымен қатар, бизнес тек жеке тұлғалармен және тек заңды тұлғалармен жұмыс істейтін болып бөлінуі мүмкін дейді, мұның да өз кемшіліктері бар.
Клиенттерінің басым бөлігін заңды тұлғалар құрайтын бизнес бұл сегменттен айырылғысы келмейді, бұл шағын және орта бизнесті амалсыз ұсақ компанияларға бөлшектенуге итермелейді. Бизнес осылайша екі компанияға бөлінуге мәжбүр: біреуі жалпыға бірдей режимде заңды тұлғалармен, екіншісі оңайлатылған режимде жеке тұлғалармен жұмыс істейді деген болжамын жеткізді Янцен.
«Мұның да қаупі бар, өйткені салық органы мамандары бизнестің бөлшектенуімен күрескісі келсе, жұмысын осылайша жолға қойғандардың барлығы ұсталып қалады. Осы тәсілді қолданатындар болатыны анық, себебі бізді осындай жағдайға ұрындырды. Салық реформасының салдары осыған әкелетіні сөзсіз», — деді сарапшы.
Ол, сондай-ақ, егер жалпыға бірдей режимде жұмыс істейтін бизнес баға саясатын дұрыс жолға қоятын болса баға қатты көтеріледі және жаңа жағдайға бәрі бірдей бейімделе алмайды деген болжам айтты.
«Сондықтан банкроттық пен жабылу міндетті түрде болады. Бағаны көтеруге тура келетініне, кейбір тұста бәсекеге қабілетсіз болатынына төзе алмайтындар шығады», — деп санайды Янцен.
«Көлеңкелі бизнеспен айналысу қиын болады»
Янценнің айтуынша, енді қызметтерді қолма-қол ақшамен төлеп, көлеңкелі бизнеспен айналысу қиын болады. Заңды тұлғалар жалпыға бірдей салық режимін қолданатындармен ғана жұмыс істеп, тиісті құжаттарды талап ететін болады. Егер контрагент қолма-қол ақшамен құжатсыз есеп айырысуды ұсынса, сатып алушыға қолма-қол ақша қажет болса, оны жауапкершілігі шектеулі серіктестіктен негізсіз шығарып алуға болмайды, өйткені ақша шығарып алуға шектеу бар, банктер құжат пен төлем мақсатын растауды талап етеді, күмән туып жатса операция мен шот бұғатталуы мүмкін.
«Мемлекет қазір жағдайды заңсыз жұмыс істеуге мүмкіндік бермейтіндей етіп тастады. Яғни, заңсыз жұмыс істей бастаған адам түптеп келгенде салықты бұрынғыдан да көп төлеп жатқанын түсінеді», — деп санайды ол.
Жеке тұлғалармен есеп айырысатын адамдар ғана заңнан айналып өте алады, бірақ Янценнің пікірінше, оларға мұндай тәсілмен жұмыс істеудің мәні жоқ, себебі олар 4% оңайлатылған декларация қолданады және айналымы 2 млрд теңгеден аспайды.
Еңбек адамы кедейлене түседі
Салық реформасынан кейін бағаның өсуі ақырында жұмыс істейтін қазақстандықтарға көбірек әсер етеді дейді сарапшылар.
«Баға көтерілгені табыстың да артатынын білдірмейді, өйткені мұның барлығы бюджетке салық болып кетеді. Бизнес еңдігәрі көп табыс таппайды, бұдан пайданы мемлекет көреді. Сондықтан баға көтеріледі, ал өмір сүру деңгейі, өкінішке қарай, нашарлайды», — деп топшылады Янцен.
«Аманат» кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Андрей Пригорь де бұл жағдайдан жұмысшылар көбірек зардап көреді деп санайды.
«Бағаның көтерілуі ҚҚС-тың 16 пайызына, 12 пайыздан 16 пайызға дейінгі өсімнің 4 пайызына сәйкес болмайды, өйткені кәсіпкер шығынның алдын алу үшін өз бағасына басқа да шығындардың құнын қосады, — дейді ол. — Бәрінен бұрын сатып алу қабілетіне не болмақ? Себебі айлықты ешкім көтергелі жатқан жоқ. Сондықтан жұмысшы болып істейтін адам кедейлене түседі».
Наталья Янцен, сонымен қатар, жұмыс орындары да қысқарады деген болжам айтты:
«Бизнес шығындарын оңтайландыруға мәжбүр болады. Қысқарту болатыны күмәнсіз, мұны қазірдің өзінде байқап отырмыз. Қазір мен Атырауда іссапарда жүрмін, бұл жерде жер қойнауын пайдаланатын ірі компаниялардың өзі штатын қысқартып жатыр. Бұл барлық бизнес түрінде болады, жеткілікті деңгейде тиімді жұмыс істей алмаған адамдар жұмыссыз қалады деген қауіп бар».
Поддержите журналистику, которой доверяют.