982
13 ноября 2025
Дмитрий Мазоренко, Власть, Жанар Каримованың фотосы

Азық-түлік неліктен қымбаттап жатыр?

Билік пен сарапшылар бұған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметі мен логистиканың қымбаттауы және құрылымдық себептер әсер етіп жатыр дейді.

Азық-түлік неліктен қымбаттап жатыр?

Азық-түлік бағасының өсуі қазақстандықтарды уайымға салып тұр. Қымбатшылық азаматтарды ет, көкөніс пен сүт өнімдерін үнемдеуге итермелейді. MediaNet халықаралық журналистика орталығы ұйымдастырған азық-түлік қауіпсіздігі туралы пікірталасқа қатысқан шенеуніктер мен сарапшылар проблемаға коммуналдық тарифтен бастап, логистикаға дейінгі өндіріс тізбегіндегі барлық сегмент қызметінің қымбаттауы себеп дейді.

Сондай-ақ несие мөлшерлемесінің жоғары болуы, ішкі нарықтың нашар қорғалуы мен мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіз болуы да жағдайды ушықтырып тұр. Ал азық-түлік қауіпсіздігінің ұзақ мерзімді перспективасына алдағы екі жылда байқалатын су ресурсының жеткіліксіз болуы қатер төндіреді.

Барлығы қымбаттап жатыр

Ел азаматтары арасында сауалнама жүргізген Demoscope мәліметтері бойынша, қазақстандықтардың 74,7 пайызы азық-түлік бағасының өсуіне алаңдайды. Бұл тұтынушы тіршілігін өзгертеді: сауалнамаға қатысқандардың 62 пайызы ет жеуді азайтса, 25 пайызы көкөніс пен жеміс-жидек, 17 пайызы сүт өнімдерін үнемдей бастаған, ал 12,1 пайызы нан мен ұн өнімдерін алуды азайтқан. Сауалнамаға қатысқандардың 24,1 пайызында ғана қалыпты тұтыну деңгейі сақталған.

Билік өкілдері, сарапшылар мен нарыққа қатысушылар тамақ өнімдерінің қымбаттауы өндіріс тізбегінің барлық деңгейінде қолданылатын қызметтердің қымбаттауынан болды деген пікірмен келіседі.

Соның ішінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің аграрлық азық-түлік нарығы департаменті директорының орынбасары Шаймерден Ахметов былай дейді: «Тек азық-түлік қымбаттады деуге болмайды. Барлығының бағасы өсіп жатыр. Азық-түлік өндіру — экономиканың бір бөлігі. Ол да [басқа сектор тауарларын] тұтынады. Қымбат бағаға тауар мен қызмет ала отырып, арзан өнім шығару мүмкін емес».

«Атамекен» ҰКП басқарушы директоры Еркен Наурызбеков Қазақстан өндірісінің барлық шығын құрылымы қымбаттап жатыр дегенмен келіседі: «Бізде суық судың бағасы 84 пайызға өсті. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үшін электр энергиясы, ЖЖМ сияқты басты ресурстардың бірі. Өнім бір бағаны ұстап тұра алмайды, ол жалпы баға өсіміне қарай өзгереді».

Қазақстан астық одағы аналитика комитетінің басшысы Евгений Карабановтың айтуынша, бір бөлке нанның қазіргі кездегі өзіндік құны оның ақырғы бағасының небәрі 30 пайызынан тұрады. Қалғаны — су, қосымша кулинария заттарын (май, ашытқы, тұз) төлеуге және логистикаға кеткен шығын.

фото: spkalmaty.kz

Астық қымбаттағанда нан да қымбаттады. Астық арзандағанда нан арзандаған жоқ. Неліктен? Жауабы коммуналдық қызмет құнына қатысты. 2024 жылғы қарашадан бері Солтүстік Қазақстан облысында электр энергиясы 46 пайызға қымбаттады. Оның бәрі азық-түлік инфляциясына жанама әсер етеді», — деп түсіндірді ол.

Бағаның өсуіне әсер еткен құрылымдық себептер

Етті мал шаруашылығы бойынша сарапшы Арсен Исламов мемлекеттің макроэкономикалық шешімдерінің салдары да баға өсуге әсер етті дейді. Оның айтуынша, кінәнің барлығын фермерлерге арту дұрыс емес, себебі мөлшерлемесі жоғары несиеге батқандықтан, олар үлкен қатерге бас тігіп отыр.

«Басын қатерге тіккелі отырған адам несие бойынша жылдық мөлшерлемесі 19 пайыздан жоғары табыс алуды көздейді. Бағаның жоғары болуы осыдан. Бұл тікелей мемлекеттің теңгерімсіз ақша-несие саясатының салдары, бұған ұлттық экономика министрлігі мен Ұлттық банк жауапты», — дейді ол.

Наурызбеков ішкі нарықтың аз қорғалғанына назар аударды, бұл тамақ өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға қатысты кез келген әрекеттің әсерін әлсіретеді.

«Бізде ішкі нарықтың қорғалуы өте әлсіз. Қайта өңделген өнім басқа елден контрафакт немесе контрабанда арқылы кірген жағдайлар көп. Біз бұл мәселені көтеріп жүрміз. Мысалы, балды алайық: Қазақстанға бал деген атпен сірне кіргізіледі, оның бағасы балдан 3-4 есе төмен. Бұл біздің өндірушілерге кері әсерін береді. Құрғақ сүттен алынған сүт те сол, сүт өнімдерін өндірушілер бұл туралы жазбайды», — деді ол.

«Атамекен» ҰКП өкілінің айтуынша, Қазақстан өндірушілеріне көршілес елдердің жеткізуші кәсіпорындарының картельге тән келісімдері де әсер етеді. Мысал ретінде маман ашытқы шығаруды атады. Бірнеше шетелдік өндіруші бағаға демпинг жасап, қазақстандық бәсекелесті осылайша ысырып тастауды, нарыққа одан да жоғары бағамен орнығуды ойлайды. Демпинг кесірінен жергілікті өндірушінің нарықтағы үлесі 80 пайыздан 60 пайызға дейін түсіп кетті. Оның үстіне өндіруші мемлекеттен қолдау алып отырған жоқ.

Бәсекенің тең болмауы мемлекет қолдауындағы әркелкілікті де ушықтыра түседі дейді Наурызбеков: «Біз экономикалық одақтарға (ЕАЭО және ДСҰ — В.) кіреміз, стандарттарымыз сәйкестендірілген. Бірақ Ресейде аграрлық салаға жұмсалатын мемлекеттік қолдау Қазақстаннан бір жарым, екі есе көп. Біздегі жағдай да сондай болса, бізге жеңілірек болар еді».

Ахметов Қазақстан өндірушілерінің шетелдік бәсекелестерінде жағдай жақсырақ дегенмен келіседі. Өйткені Қазақстанда ауылшаруашылық кәсіпорындарына мемлекеттік қолдаудың қазіргі шамасы бүгінгі деңгейді ұстап тұруға ғана мүмкіндік береді.

«Бәсекелестерді қуып жетіп, басып озамыз десек, мемлекеттік қолдау көбірек болғаны керек. Алайда бұған бюджетте ақша жоқ», — деді ол.

Жанар Каримованың фотосы

Наурызбековтың ойынша, салық салу факторларының біраз маңызы бар, мысалы: теміржол тасымалына және табиғи монополия субъектілеріне тарифтің көтерілуі. Мұның бәрінің өндіріс процесіне және инвестиция жоспарына ықпалы бар, бұл өнімнің ақырғы құнына және сауда сөрелерінде тұруына әсер етеді.

Мемлекет қандай олқылыққа жол беріп отыр?

Қазақстанда азық-түлік қауіпсіздігі шараларының бірі импортты алмастыру болып қалыптасты, бұл саясатты мемлекет 2000 жылдардың басынан бері жүргізіп келеді. Бірақ бағдарлама бірқатар шектеуге ұрынып келеді, солардың ішіндегі басты шектеудің бірі — сапалы шикізаттың жетіспеуі.

Ахметов мұны сүт саласының мысалымен түсіндірді. Өзі келтірген статистика бойынша, Қазақстанда 3,5 млн тонна шикі сүт өндіріледі, бірақ солардың 1 миллионы ғана ұйымдастырылған шаруашылықтарда өндіріледі. Қалғаны жеке-дара ұсақ шаруашылықтар мен ауылдардан шығады, оны сапасын сақтай отырып зауыттарға жеткізу мүмкін емес.

«Егер импорт жабылатын болса, сүт өнімдерін жеткілікті мөлшерде өндіру үшін сапалы шикі сүт жетпей қалады. Келешекте болуы мүмкін, бірақ қазір олай емес. Сондықтан біз сүт-тауар фермалары мен сүт зауыттарын салып жатырмыз», — деп түсіндірді ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі.

Таяу болашақта 4-5 жаңа сүт зауыты іске қосылатындықтан Қазақстан нарығында өз сүтінің көбеюіне жақсы серпін болады деген Исламов ауыл шаруашылығын дамытудың экспортқа бағытталған стратегиясын таңдауды ұсынды. Сарапшының айтуынша, тек ішкі нарықты қамтамасыз етуге ғана көңіл бөлу елдің әлеуетіне біраз тұсау болады.

«[Экспортты бағыт етудің] бір жақсы жері — экспорт әлеуетін дамыта отырып, ішкі нарықты да өніммен қамтамасыз етесің. Ол көлемі жағынан да, сатып алу қабілеті жағынан да шектеулі [бұл импортты алмастыру әлеуетіне тұсау болады]. Бізге экспорт салаларын, соның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту дұрысырақ болар еді».

Журналист Кирилл Павловтың айтуынша, мемлекеттің маңызды проблемасы — сауданың үстеме бағасын реттеудің жоқтығы: «Қазір саудагер маржасына қарағанда фермердің маржасы едәуір төмен. [Мемлекеттің] мұны шектеуге қатысты ешқандай ұсынысы жоқ».

Сауда және интеграция министрлігінің бағаны талдау және мониторинг басқармасының бас сарапшысы Бидәулет Серіков бұрын кәсіпорындарға тауар субсидиясы мен тікелей субсидия беру арқылы мемлекеттің бағаны реттеу құзыреті көп болды дейді. Алайда бұл өнімнің шынайы өзіндік бағасына қайшы жасалды.

Жанар Каримованың фотосы

«Қазір мемлекеттің өнім құнына әсер етуге құқығы жоқ. Біз тек жеткізу тізбегіне ықпал ете аламыз. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына 15% үстеме баға қою шегін ғана реттейміз», — деп түсіндірді ол жаңа реттеу саясатын.

Ахметов Сауда және интеграция министрлігіндегі әріптесін қолдап, әкімшілік тұрғыда араласу мүмкіндігі шектеулі екенін айтты: «Адамдар мемлекеттік органдарды құдыретті, бағаның өсуін бір шертіп тоқтата алады деп ойлайды. Бірақ мемлекеттік органдар жолға қойылған механизмге [баға белгілеу] кез келген тәсілмен араласатын болса, бұл шалыс басуға әкеледі. Нарық экономикасы мен заңнама аясында мүмкін және қажет нәрсенің барлығы жасалып жатыр».

Әрі қарай не болмақ?

Проблема бар екеніне қарамастан, азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты қоғам пікірі салыстырмалы түрде алғанда оң болып тұр. Demoscope мәліметі бойынша, сауалнамаға қатысқандардың 45 пайызы Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін әлі де жоғары бағалайды. Ішкі нарықты қамтамасыз етуге қатысты пікір екіге жарылды: 27,7 пайызы Қазақстан өзін азық-түлікпен толық қамтамасыз ете алады деп сенеді; 36,6 пайызы қамтамасыз ете алатын шығар дейді; ал 28,4 пайызы күмәнмен қарайды.

Арсен Исламов еліміздің халықаралық рейтингтердегі орны жақсы екенін айтады: «Жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі индексінде алғашқы ондықта Израиль, АҚШ, Швеция, Финляндия сияқты елдер тұр. Онда барлығы 119 ел бар, солардың арасында Қазақстан 32-орында тұр. Жағдай жаман емес секілді. Бұдан да жақсы болуы мүмкін бе еді? Мүмкін еді».

Ахметов 2025 жылдың қалған айларында азық-түлік бағасы шамадан тыс өспейді деп ойлайтынын айтты: «Ауыл шаруашылығының маусымдық кезеңдері бар. <...> Баға әдеттегі өсімнен асып, шамадан тыс өседі деп ойламаймыз. <...> [ҚҚС-ның 16 пайызға дейін көтерілу әсерін айтатын болсақ] салықтың кесірінен баға күрт өсе қоймайды. Жаңа салық кодексінде бұрынғы нұсқада болған барлық жеңілдік сол күйінде қалды».

Бірақ, Павлов азық-түлік бағасының да, Қазақстандағы азық-түлік қауіпсіздігінің де ұзақ мерзімді перспективасына пессимистік баға береді. Бұл ең алдымен жаһандық климат өзгерісінің салдарынан су ресурсы тапшылығының күшеюімен және оны Қазақстан шаруаларының тиімсіз пайдалануымен байланысты.

«Өзіндік құнды белгілеудің әр кезеңінде су негізгі рөл атқарады, өйткені оны астық кептіру кезінде де қолданады. Ал бізде су жыл сайын азайып бара жатыр. 2027 жылы Қазақстанның оңтүстігінде жеміс-жидек, бақша дақылдары мен күріш егу алқаптарын су тапшылығына байланысты қысқартуға тура келеді деген қатер бар», — деп қорытты Павлов.