10825
8 июня 2022
Алмас Қайсар, Власть, суреттерді Виктор Магдеев түсірген

Жез қала

Жезқазған 25 жыл құлдыраудан кейін қайтадан облыс орталығы болады

Жез қала

Жезқазған 24 жыл бойы, яғни 1973–1997 жылдар аралығында облыс орталығы болды. Жезқазған мен Қарағанды облыстары біріккеннен кейін сол облысқа қарады. Наурыздың 16-сы күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жезқазған жаңа Ұлытау облысының орталығы болатынын жариялады. Власть қала тұрғындарымен кездесіп, бұл жаңалықты қалай қабылдағанын және қандай үміті бар екенін біліп қайтты.

Жезқазғанға әлі жүз жыл болған жоқ. Ол 1939 жылы жез табылғаннан кейін жұмысшылар қалашығы ретінде пайда болды. 1954 жылы қала мәртебесін алып, 1973 жылы облыс орталығы атанды.

Жезқазғандағы жұмыс орындары мен кірістің басым бөлігі «Қазақмыс» металл компаниясына тиесілі. Бұл компания қаладағы өнеркәсіп зауыттарын, шахталар мен басқа да маңызды нысандарды басқарады. 2021 жылы қаладағы өндіріс шамамен 712 миллиард теңге табыс әкелді. Бұл – Қарағанды облысындағы жалпы өндірістің 16,7 пайызы. Жезқазғанда 90 мың адам тұрады, олар корпорацияда жұмыс істейді.

Өңірдің өндіріс саласындағы үлесі зор екеніне қарамастан, Жезқазған қаңырап тұрғандай көрінеді. Жолдың көбі бұзылған, тұрғын үйлер қоқысқа көмілген, аяқкиімге санаулы минуттарда-ақ шаң мен кір жұғады. Тұрғындар су мен ауаның лас екеніне, қаланың әр жерінен көрінетін екі құбырдан шығатын түтін бұлттың өзін сұр түске бояйтынына шағымданады.

Су, ауа және жол

Таң атысымен «Қазақмыс» корпорациясының автобустары жұмысшыларын қаладан 20–30 шақырым қашықта орналасқан шахталарға тасиды. Кейде ғана орталық көшелерде ескі техникамен су шашып жүрген коммуналдық мекеме қызметкерлерін көруге болады. Ықшамаудандардағы жолдар батпақ, алайда қала тұрғындары аяқкиіміне жабысқан лайды байқамағандай жүре береді.

«Өміріміз қиын. Су нашар, жолдар жаман. Қаланың болашағы жоқтай көрінеді. Облыс атансақ, мұның бәрі жөнделе бастайтын шығар. Осындай үмітіміз бар. Бұл жақтан көшпек ойымыз болған, өйткені балалардың мұнда болашағы жоқ», – дейді көлік жүргізуші болып жұмыс істейтін жергілікті тұрғын Жоламан Көшенұлы.

Ол облыс таратылған кезде жас болғанын әрі мұнда мыс пен «Қазақмыс» болғандықтан, қала дамиды деп ойлағанын айтады. Алайда, Жезқазған жыл сайын құлдырай берген: мамандар кетіп, қала құдды бір қараусыз қалғандай күйге түскен.

«Жол жоқ, шұңқыр көп. Біреу сол шұңқырға құласа, бәлкім, оны ешкім таппас па еді. Суды Кеңгір су қоймасынан аламыз, табиғи су жоқ. Жазда иіскесеңіз, судың иісі жаман. Сондықтан ауыз суды дүкеннен сатып аламыз. Душқа түсу қиын, бірақ қолымыздан не келеді?» – дейді ол.

Ол «Қазақмыстан» басқа жақта жалақы аз екенін, 70–80 мың теңгеден әрең асатынын айтады.

«Қарапайым көлік жүргізушісімін. «Қазақмыста» істейтіндердің жағдайы жақсы. Ал қалған халық күнін әрең көріп жүр. Бірақ мұнда байлық асып-тасып жатыр. Оның бәрін қаладан шығарып жатыр, тұрғындарға түк тимейді. Осынша ресурсымыз бар екеніне сену қиын. Өміріміз жақсарады деген ниеттеміз. Билік қарапайым халықтың өмірін жақсартуы керек. Бұған дейін тоқтаусыз өтірік айтып, кедейшілікке әкелді. Шындықты айту қажет, қорыққанды доғарыңдар. Су, жалақы, жол – бәрінің жағдайы мәз емес. Аздаған адам ғана жақсы өмір сүреді», – дейді Ж.Көшенұлы.

«Қаламыз дамып, көркейетіні жақсы. Алайда баға өсетіні жаман. Бізге көшіп келетіндер көбейеді. Жұмыс та көбейеді. Мәселен, қаланың шетінде, өзен маңына үйлер салына береді. Бізді елеп-ескере бастайды. Бастысы, жолымызды жөндеп берсе екен», – дейді мыс қорыту зауытының жұмысшысы Андрей.

Ұлы мен итін ертіп, Кеңгір су қоймасынан балық аулап келе жатқан беті екен.

«Жалақымыз өсті, бәрі жақсы. Алайда жалақымен бірге баға да өсті, сондықтан жалақыны өсіргеннен қайыр жоқ. Бұл айтарлықтай әсер ететін адамдар бар емес пе? Иә, біздің жалақыны көтерді, ал олардікін ше? Олар қазір қиналып жүр», – дейді ол.

Андрей қалада балаларға ешқандай жағдай жасалмағанына алаңдайды: «Анау аттракциондар босқа тұр. Біздің жағдайымызбен оны жөндеу мүмкін емес пе? Барлығын бұзып, жаңа саябақ салса да болар еді. Жоқ, олар қалада онсыз да жетіп артылатын болса да, тойхана сала береді. Бұған ақша да, рұқсат та бар. Ал Қарағандыдағыдай балалар паркін салуға ақша жоқ. Енді бәрі өзгерсе екен».

Қаланың шығыс бөлігіндегі су қоймасының жанында жағажай бар, тіпті ауа райы салқын болса да, адамдар жүр.

«Қазір бәрі Қарағандыға кетіп жатыр. Мұнда адамдар барын салып жұмыс істейді, ал жол секілді қарапайым игілік жоқ. Балаларға арналған ешнәрсе жоқ. Ал енді Ұлытау облысы атансақ, бәрі қалуы керек. Бұрын, ата-анамыздың айтуынша, Қарағандыда жарық жоқ кезде бізде болған екен», –дейді балаларымен бірге су қоймасының жағалауында демалып отырған Елена.

Ол Өскеменге көшкісі келеді, себебі ол жақтың табиғаты мен балаларға жасалатын жағдай ұнаған екен. Ол да басқа тұрғындар секілді «Қазақмыста» жұмыс істемеген адамға Жезқазғанда өмір сүру қиын екенін айтады.

Орталық базарда жартылай бос дүкендер ескі азық-түлік сататын жабық базарға іргелес орналасқан, кейбірі кеңес кезеңінен бері сақталған. Дегенмен, жергілікті саудагерлердің сөзінше, ғимарат апаттық жағдайда тұр.

«Бұл 1970–80 жылдардағы базар. Бала кезімізде мұнда музыка ойнап тұратын, біз ауылдан келетінбіз. Қазір ондай жоқ. Бәрін жөндесе, жақсы-ақ базар. Қазір құрылыс салса, не шатыры ұшып кетеді, не қирайды ғой», – дейді 20 жылдан бері базарда ет сатып жүрген Алима.

Алима халықтың кірісі азайғаннан сауда да нашарлағанын айтады. «100 мың деген қазір ақша ма? 20 мыңы пәтерақыға, тағы 20 мыңы 10 келі етке кетеді, қазір ұн, май, бәрі қымбаттады. Бұл мүмкін емес. Жалақы, зейнетақы мөлшері аз. Әйелдердің зейнетке шығатын жасын да 63 етіп қойды. Облыс қирағаннан кейін ғимараттар босап қалды, жұрт көшіп, пәтерлерін сата алмады, тығырыққа тірелді. Қазір білмеймін енді… Жезқазған аяққа тұрып кетуі үшін кемі бес-алты жыл және қомақты қаражат керек», – дейді Алима.

Ескі қала туралы естеліктер

«1973 жылы жас едім, Жезқазған енді облыс орталығы болған, қаланың жағдайы жақсы еді, көркейіп жатты. Мұның бәрі 1997 жылға дейін жалғасты. Содан кейін Жезқазған облысы таратылды. Жиырма жылдан аса уақыт өтті, қала лас, жолдар қазылған. Мен қаладан шалғайда тұрамын, бұрын онда асфальт болушы еді, бәрі таза болатын, қазір тіпті қаланың өзі тазаланбайды. Әйтеуір велосипедпен жүремін. Қала іші шаң. Қорқынышты қалаға айналды. Оңтүстік саябақ [қазіргі атауы Наурыз – В] сондай керемет еді, ал кейінгі 15–20 жылда құрғап кетті», – дейді зейнетке шыққан жеке кәсіпкер Фаниль Әбжанұлы.

Фаниль Әбжанұлы

Ол бос уақытында демалыс күндері лық толы болатын Космонавтар бульварында велосипедпен серуендегенді ұнатады. Онда бала-шағасымен жас отбасылар, жеткіншектер мен велосипедшілер көп болады. Фаниль көлік бөлшектерін сатумен айналысады, алайда пандемиядан кейін бизнестің жағдайы қиындап, көп кәсіп жабылып қалғанын тілге тиек етті.

«Облыстың тарауы гуманитарлық апатқа әкелді»

Ерман Абдулов – блогер және Жезқазғандағы бірнеше медианың авторы. Денсаулық сақтау мәселесі туралы көп жазады. Оның сөзіне қарағанда, 1997 жылы облыс таратылғаннан кейін ең мықты мамандар мен медицина орталықтары Қарағандыға көшкен екен:

«Жезқазғанда экология мәселесі болғандықтан, сапалы медицинаға сұраныс өте жоғары. Бізде онкология орталықтары жоқ. Байқоңырға өте жақын орналасқанбыз, жерімізге гептил бар протон түсіп жатыр. Олар қанша жерден мойындамаса да, халықтың денсаулығына кесірі тиеді».

Ерман Абдуловты қаладағы білім сапасы да алаңдатады:

«Жаңа оқу орталықтары ашылған жоқ, ал бұрыннан бары «Қазақмысқа» икемделген, онда тек металлург, байытушылар мен шахтерлерді дайындайды. Жезқазғаннан Қарағанды, Астана не Алматыға кеткен жастар сонда қалады. Халқымыз қартайып жатыр, кадр жетіспейді, бүкіл салада солай. Жезқазған бір орында тұрып қалды, барлық сала құрдымға кетіп жатыр десек болады».

Ерман Абдулов блог жүргізумен он жылдан бері айналысады, белсенділер қатарында. Осы уақыт аралығында әріптесімен бірге қала проблемаларын көтеріп, шығармашыл жастарды топтастыруға тырысып келеді. Оның сөзіне қарағанда, жоба командасы бірнеше рет жергілікті билікпен кездесіп, қаланы қалай дамытуға болатынын талқыға салған. Алайда олардың ұсынысы назардан тыс қала берген.

«Жыл сайын жаздыгүні музыканттармен бірге Кеңгір су қоймасы жаққа, алау маңына жиналатын дәстүріміз бар. Арақ-шарап болмайды. Ән шырқаймыз, кез келген адам ән айтуына болады. Бір кеште іс-шарамызға 500–800 адам жиналады. Кіру тегін, бәріне шай ұсынамыз. Жұрт бір-бірімен танысады. Өңіріміздің тынысы осы. Акустикалық не блюз кештерін ұйымдастырғанбыз, – дейді Абдулов Жезқазған жастарының өмірін жандандыру туралы. – Қожамқұлов атындағы театр бар. Қазір басшылыққа Алматыдан кісі келді, театр өмірі басталды. Олар мұнда «Жұт» қойылымын сахналады, жақында Түркияға барады. Омбыға барып келді. Гастрольдерге шыға бастады».

Абдулов та «Қазақмыстың» қызметкері. Ол компанияда даму департаменті ашылғалы бері әлеуметтік жобалардың көбейгенін айтады: Uly Dala әлеуметтік гипермаркеті, бағаларды ұстап тұру, ауруханаларға қажет жабдықтар сатып алу, спорт нысандарын салу және т.б.

«Мәселен, оқу орталығын ашу туралы бизнес идея туындаса, кәсіпкер ең бірінші «Қазақмыс» кеңсесіне барып, 500 абонемент сатып алыңыз, жеңілдікпен береміз деп айтады. Кәсіподақ мұны сатып алып, іс осылай басталады», – дейді ол.

Ол қала инфрақұрылымына қызмет ететін барлық компания «Қазақмыс» компаниясының құрамында екенін не соған бағынатынын айтады: «Жылу электр станциясы Kazakhmys Energy компаниясына қарайды. Қалаға қызмет көрсететін «Жылу және сумен жабдықтау кәсіпорны» «Қазақмыс» корпорациясының сенімгерлік басқаруында. Бұл кәсіпорын – жергілікті тұрғындардың жауы. Себебі олар әкімдік жөндеген жолдарды барып қазады. Әкім бір сұхбатында мұны мемлекеттік сатып алулар мен тендерлерден көреді. Қосалқы мердігерлер құбыр салатын аймақтар үшін соттасып жатқанда, әкімдіктің мердігері асфальтты уақтылы салуы қажет. Әкімдік екі ұйымның уақытын келістіріп бере алмайды. Кәсіпорынға ай дейтін ажа, қой дейтін қожа жоқ, өйткені бірнәрсе істеуге не кәсіпорынды қала балансына қайтаруға әкімнің шамасы жетпейді. Кәсіпорынның өзі құрдымға кетейін деп тұр, ал әкімдіктің ақшасы жоқ. Бәлкім, облыс мәртебесі қайтарылғаннан кейін, бұл кәсіпорынды да қайтару мәселесі қаралатын болар».

Белсенді Жезқазғанға облыс статусын қайтарғаннан кейін қала мұны ерекше ынтамен қабылдағанын айтады. Ол болашақ Ұлытау облысындағы «Қазақмыс» корпорациясының салығы сақталып, қалаға апаратын жол құрылысының мәселесі шешіледі деп сенеді.

«Халық Қызылорда және Қарағанды трассасы туралы мәселе көтерді. Егер ол он жыл ішінде салынып, жөнделетін болса, Жезқазған тығырықтан шығып, инвестиция тарта бастайтын еді», – дейді Абдулов.

Құрылысты бұзу

Жезқазғандағы өткір мәселенің бірі – тозығы жеткен тұрғын үй қоры. 2021 жылғы дерек бойынша, 657 көпқабатты тұрғын үйдің 137-сінің тозығы жеткен. Ал Қазақстан тәуелсіздігін алғалы бері мұнда бар-жоғы 52 көпқабатты үй салынды. Былтыр Жезқазған әкімдігі жөндеу бағдарламасын қабылдап, тозығы жеткен және апатты үйлерді бұзып, олардың иесі жаңа баспанаға көшірілетінін айтқан.

Ал оған дейін басқа бағдарлама Жезқазғанның орталығына жақын орналасқан Абай–Байқоңыров көшелерінің қиылысындағы 17 үйдің тұрғынын қамтыған. Бұл үйлер жай ғана тозығы жеткен үйлер емес, мұнда техногендік төтенше жағдай режимі жарияланған. Бұл туралы жергілікті тұрғындар БАҚ-тан білген, тіпті сараптама жүргізіліп жатқанынан да хабарсыз болған.

Надежда Дробот

Төтенше жағдай режимі қандай да катаклизм не апат, жер сілкінісі салдарынан ғимараттар қирағанда ғана енгізіледі. Бізде мұның ешқайсы болмаса да, ТЖ енгізілді. Бұл үйлерде аталарымыз тұрған. Үйдің қасбеті осындай күйге жеткені – биліктің кінәсі. Отыз жылдан бері жөндеу жұмысы болмаған. Барлық пәтердің жағдайы жақсы және таза. Ешқашан жолымызды жөндеп, балалар ойнайтын алаң салып берген емес, бізді көзге де ілмейді. 1989 жылы соңғы рет жеңіл-желпі жөнделді», – деп толықтырды Татьяна Цой.

Әкімдік тұрғындарға пәтер үшін 3–4 миллион теңге көлемінде өтемақы ұсынған.

«Қаламыздағы пәтерлердің орташа құны – 10–15 миллион теңге. Ипотекаға белшемізден батуды ұсынып отыр. Әкім банкпен келісімі бар екенін айтып, өтемақыны алғашқы жарнаға төлеп, ипотека алып, тыныш өмір сүре бересіңдер дейді. Әкімнің өзі мемлекеттен еш нәрсе күтпеңдер, мемлекет сендерге ешнәрсе алып беруге міндетті емес деген. Реквизициялағысы келеді, алайда өз міндеттерін білмейді. Мұнда ипотека мүлде берілмейтін егде жастағылар, көпбалалылар, жас отбасылар мен басқа да жағдайы келмейтін адамдар тұратынына пысқырмайды да», – дейді Т.Цой.

Үй иелерінің кейбірі өтемақыға келіскен, өйткені бұл олардың басқа қалаға көшу жоспарына сәйкес келеді. Алайда, Дроботтың сөзіне қарағанда, басқалары осында әрі қарай да өмір сүре беруді жоспарлап отыр.

«Үйінен шығарып жібергендердің қазір не істеп жүргенін сұрастырса да болады ғой. 2020 жылы 9 үйді бұзды, үй иелеріне 3 миллион теңгеден өтемақы берілді. Тұрғындардың қазір қалай тұрып жатқанын мүлде сұраған емес. Олар пәтер жалдап тұрып жатыр, алайда ол ақша да бітеді ғой. Үйден шығарып жіберді де, оларды ұмытып кетті. Көзден кетсе, көңілден де кетеді», – дейді Цой.

Жергілікті тұрғындар сегіз ай бойы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына ілігуге талпынып жүр, өйткені ол бойынша тозығы жеткен кварталдардың орнына жаңасы салынып, тұрғындарға сол аудандағы пәтерлер беріліп жатыр. Биліктегілер олардың бұл бағдарламаға түк қатысы жоқ екенін, бұған олардың үйі ТЖ режимінде тұрғаны себеп екенін айтады. Дроботтың сөзінше, бұдан кейін 110 пәтердің иесі үйін бұл режимнен алып тастау үшін сотқа жүгінген.

«Екі сот ТЖ режимінің заңсыз енгізілгенін растады, кейін ол режим алынып тасталды. Әкімдік пен прокуратура кассация шағымын түсіріп жатыр, енді Жоғарғы соттың шешімін күтіп отырмыз. Сот жүріп жатқанда, билік қаламызды жаңарту бағдарламасын енгізіп жатыр», – дейді Надежда Дробот.

Тұрғындар мұны қаңтар айында ғана ақпарат құралдарынан оқып білген. Оларды үйі жөндеу бағдарламасына енгізілгеніне, оның барысында пәтер берілетініне сендірген: «Жеке инвестор іздеп жатырмыз, ол өз қаражатына үйлер салып, сендерге соны береді дейді. Алайда сәуір болса да, ешқандай жаңалық жоқ. Бізді жай алдарқатып қойып жатқан секілді», – дейді Дробот.

Енді тұрғындар Жоғарғы соттың шешімін күтіп жүр. «Ол (Жоғары сот – В.) ісімізді мұқият қарап, халықтың не қалайтынын түсінсе дейміз. Бәрі жақсаратынына сенгіміз келеді. Әділ сот халық жағына шығады деген сенімдеміз», – дейді Надежда. Ол соттың екі отырысы халықтың пайдасына шешім қабылдағаннан кейін көршілерімен бірге әділдікке сене бастағанын айтады.

«Қарағандыны асырап отырмыз»

«1997 жылы Жезқазған Қарағандымен салыстырғанда жақсы еді. Өйткені бізде «Жезқазғанцветмет» тау-кен металлургия комбинаты болды. Ол 1993 жылға дейін мемлекет меншігінде еді, кейін [бұрынғы премьер-министр Әкежан] Қажегелдин кезінде жекешелендірілді. Ең әуелі кореялық Samsung компаниясының инвесторлары алды, зауыт олармен бес жыл жұмыс істеді. Кейін қазақстандық корейлер қалып, компанияны қолға алды. Алайда көбі Владимир Кимнің (ресми құжаттар бойынша, компанияның негізгі басшысы) басшы екені жалған, шын мәнінде компания бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі екенін білетін», – дейді «Аманат» Қазақстан кәсіподақтары достастығының белсендісі Берік Жагиппаров.

Жагиппаров компания қаланың дамуына көмектеспейді, өйткені салықтың бәрі Қарағандыға кетеді дейді: «Біле білсеңіз, Қарағандыда бес жыл бұрын салынған әдемі мешіт бар. Оны әу баста Жезқазғанда салмақ болған. Спорт сарайын да осында салмақ болған, алайда облыс басшылығы бұдан бас тартты. Қарағанды вокзалында Қаныш Сәтбаевтың ескерткіші бар. Негізі оны Жезқазғанда ашу үшін осында салмақ болған. Қарағанды оған дейін ашылған. Сол кездегі әкім Нұрлан Нығматуллин оны Қарағандыға орналастырды».

Берік Жагиппаров

«Жаңаөзендіктер астананы асырап отырмыз десе, біз Қарағандыны асырап отырмыз. Қарағандыға барған шахтерлар біздің де осындай қаламыз болар еді дейді. Жұрт жалақы жақсы болса, оны жұмсау керегін, жақсы мейрамханаларға барып, балаларды қыдырту керегін түсінеді. Ауруханалардың жағдайы жақсы болса дейді. Қаламыз қаңырап тұр», – дейді Жагиппаров.

«Шығын сияқтымыз»

«Қазақмыс» шахтерлары 2020 жылдан бері зейнетке шыққаннан кейін берілетін регресс төлемдерін сақтап қалу және компания жалақысын арттырғаннан кейін төлемдерді қайта есептеу үшін күресіп жүр. 2015 жылы заңнамаға өзгерістер енгізілгеннен кейін регресс төлемдер тоқтатылған еді.

Рамиль Валерьев шахтада 43 жыл жұмыс істеп, екі рет ауыр жарақат алған. Бірде жарылыс болып, басынан жарақат алса, екінші рет жеті метр биіктен құлап, омыртқасын сындырған. Содан кейін жұмыс беруші акті жазып, толық жауапкершілікті өз мойнына алды, ал Валерьев 29% кәсіптік еңбек қабілетін жоғалтты және оған 86 мың теңге төленді. Ол 2017 жылы зейнетке шыққанда регресс төлемдері тоқтады.

«Қазір зейнеттемін, денсаулығым бұдан жақсарып кетпеді, әлі ауырамын. Дәрі ішемін, ине салдыртамын. Зейнетақым ештеңеге жетпейді. Қайтерімді білмеймін. Бәрін алып қойды. Адам науқастанып қалды ма, оның барлық керек-жарағына жететіндей ақша берсін», – дейді Валерьев.

«Шахтаның кесірінен сау тамтығы қалмай зейнетке шықты. Ауруы асқынып барады. Мәселен, силикоз – емделмейтін өкпе ауруы. Коронавирус шарықтап тұрған кезде өкпесі ауыратындардың көбі өліп кетті! Нағыз кемсіту боп саналатын, халыққа қарсы жасалған заңдар бар. Бізді бөліп тастады: 2015 жылдың 10 мамырына дейін зейнетке шығып үлгергендер төлемді алады да, қалғаны алмайды. Алайда олардың бәрі шахтада бірге жұмыс істеген», – дейді Дәуіт Байкенжиев.

«Шығын материал сияқтымыз. Денсаулығымызды пайдаланады, алайда оның салдары үшін ешқандай жауапкершілік алғысы келмейді», – дейді тағы бір шахтер.

Семба Сүлейменов 2018 жылдың тамызынан бастап 3-топтағы мүгедек. Оған 34% радикулопатия және 25% силикоз диагнозы қойылған. Ол кезінде 400 мыңнан аса жалақы алғанына қарамастан, қазір 24 000 және 107 000 теңге төлемақы алады.

«Бұл сома қайдан шықты? Сотқа, депутаттарға жүгіндік. Барлығы бұл заңды екенін айтады. Ешкім тыңдағысы келмейді. Бізден бәрі бас тартты. Сақтандыру компаниялары тонап бітті. Түк ұят жоқ. Мәселен, мен қарайтын Nomad Life сақтандыру компаниясы. Сақтандыру компанияларына лицензия беретін қаржы мониторингіне жүгіндім, ал олар бәрі заң шеңберінде дейді», – дейді Сүлейменов.

Шахтерлар сақтандыру компанияларының қаражаттың белгілі бір бөлігін ұстап қалып, есепті қате жүргізетініне сенімді.

«Мәжілісі бар, Дариға Назарбаева (бұрынғы сенат депутаты – В.), бірінші және екінші президент, Азат Перуашев («Ақ жол» партиясының жетекшісі – В.) бар, бәріне жаздық. Хатымыз Еңбек министрлігіне бағытталды деген ғана жауап алдық. Сенатқа бардық, мен өзім Мәулен Әшімбаевпен (сенат төрағасы – В.) сөйлестім. Құр уәде берді. Айқын Қоңыровқа (Қазақстан халық партиясы төрағасының бірінші орынбасары –В.) жаздық, олар бұл мәселені көтеріп жүр. Өзіміздің Қарағанды облысынан Мәжілісте Арман Қожахметов және Сенатта Сергей Ершов деген депутаттарымыз бар. Олар бай-бағланның тілінде сөйлеп, корпорациялардың мүддесін қорғайды, өйткені олардың отырғаны солардың арқасы».

Валерьев корпорацияның наразыларға қысым көрсететінін айтады: «Жұмыста біреу-міреу шағымданса, жазалайды. Мен жүргізушімін, 6-разрядты дәнекерлеушімін, өз жұмысымды жақсы білемін, екінші жарақат алғанда мені қарапайым механик етіп, ең қиын жұмысқа жіберді. Шахтерлар мұның қандай азапты еңбек екенін біледі. Сондағысы акт алғаным үшін. Қолымыздан келетін шара жоқ. Бізді жұмыстан шығару үшін бәріне дайын. Ал біз жұмыстан айырылсақ, барымыздан айырыламыз. Кез келген шартқа келісіп, жұмыс істеуге тура келеді».

Ол жұмыстың ауырлығынан шахтерлардың ауырып, ай сайын денсаулығына байланысты демалысқа кететінін де айтты. Осы себепті корпорация қызметкерді комиссиядан қайта өтуге жіберіп, кейін жұмыстан қуу үшін бәріне әзір екен. Жұмыстан қысқартылған жұмысшылар «Адал Еңбек» коммуналдық кәсіпорнына тазалық жұмыстарына жіберіледі.

«Өмірбақи шахтада жұмыс істеп, кейін «Адал Еңбекке» барып, қоқыс жинауы керек екен. Бұл дұрыс емес. Сәтбаевқа бара жатқанымда көшеде бұрынғы шахтерлардың шылым қалдығын жинап жүргенін көремін. Бұл қорлық қой», – дейді Валерьев.

«Жезқазған шахтерлары шахтаға сағат 11-де барып, кезекшілікке 12-де шығады. Біз ол жақтан түнде шығамыз, 10 сағат жұмыс істейміз. Ал олар бізге 7 сағат 20 минут үшін ғана төлейді. Сонда 2 сағат 40 минутымызды жеп қойып отыр. Жолымызды қоспағанда осы», – дейді тағы бір жұмысшы.

Ол олардың хатына жауап ретінде бұрынғы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов жұмыс берушіге қысым көрсетпеуді сұрағанын айтады.

«Қысымы несі? Оларға қараңыз, шетінен миллиардер. Бізге қараңыз, зейнетақымызға күн көре алмай отырмыз. Қалаға қараңыз, үйлер ескі, жолдар шұрық тесік, ешқандай инфрақұрылым жоқ. Не бізге төлемейді, не қаланы дамытуға жұмсамайды. Ақшаның бәрі қайда кетіп жатыр? Мен тұратын үй Назарбаевпен жасты. Сонша ресурсымыз бар, ал бізде экология мәселесі тұр. Жастар қаладан қашып жатыр. Отыз жыл бойы биліктен бірдеңе дәметіп, үнсіз отырды», – деп күйінеді Байкенжиев.

«Бұл олардың байлығы, олардың үйі емес. Бұл – ата-бабаларымыздың жерінен қалған байлық. Жұрттың бәрінен жәрдем сұрап жүрмей, адам секілді өмір сүруіміз керек», – дейді тағы бір жұмысшы.

***

Сәуірдің 15-і күні облыс мәслихатының кезектен тыс сессиясында жаңа Ұлытау аймағына Жезқазған, Қаражал, Сәтбаев қалалары, сондай-ақ Жаңаарқа және Ұлытау аудандары қосылатыны белгілі болды.

Мамырдың 4-і күні Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылымы туралы» жарлыққа қол қойды, оған сәйкес 8 маусымнан бастап орталығы Жезқазған қаласы болатын Ұлытау өңірі құрылады.

Осы жаңалықтан кейін «Қазақмыс» корпорациясы Ұлытау өңірін қолдау үшін бас кеңселерді Жезқазғанға көшіретінін хабарлады.