Ресей ішінара мобилизация жариялағаннан кейін әскерге алады деп қауіптенген ресейліктер жақын маңдағы елдерге жаппай кете бастады. Ресми дерек бойынша, 21–27 қыркүйек аралығында Қазақстанға 98 мың ресейлік азамат келген. Власть осы аралықтағы Қазақстан жағдайына шолу жасады.
Шекара
Мобилизация жарияланғаннан кейін Мәскеуден көрші елдерге ұшақ билеттерінің бағасы күрт өсіп, аз уақытта бәрі сатылып кетті. Ал шекаралар жеке көлік пен автобустың ұзын-сонар кезегіне ұласты. Тіпті шекараны жаяу кесіп өткендер де болды. Кейбіреулер мүмкіндік болғанда шекарадан өтіп үлгерген, енді сол жақта қалған отбасын Қазақстанға көшірудің амалын іздеп жүр. Ресеймен шекара маңында орналасқан Қазақстанның Қостанай, Орал, Ақтөбе қалаларында сөмкесін арқалаған ресейліктер қарасы көбейген.
Қостанай қаласындағы жағдайды көріп қайтқан Власть тілшісі Алмас Қайсардың хабарлауынша, мұнда келген ресейліктер шекарадан өту үшін ұзақ уақыт кезекте тұрған. Бірі 18 сағат кезекте тұрса, үш күн бойы әлі жете алмай жатқандары да бар.
Ал қазір олар үй-жай іздеумен, SIM карта алумен әлек. Власть тілдескен ресейліктің көбі «соғысқа қатысқысы келмегендіктен осы жаққа келгенін» айтқан. Олардың сөзінше, әскерге шақырту алған кей адамдарды шекарадан да алып кеткен.
Сонымен қатар, қазір өңірлердегі халыққа қызмет көрсету орталығы да ресейліктерге лық толы. Олардың бәрі мұнда ЖСН алу үшін жүр, онсыз банк картасын аша алмайды. Ресей азаматтары Қазақстанда отыз күнге дейін тіркеусіз жүре алады, тіркелген жағдайда тағы екі айға дейін қалуына болады.
Алматыдағы халыққа қызмет көрсету орталығының бірінде ресейліктермен сөйлесіп қайтқан тілшіміз Ольга Логинованың жазуынша, мұнда келгендердің көбі IT саласында жұмыс істейтіндер және олар үшін Алматы басқа жер тапқанға дейін транзит қала болмақ. Арасында Қазақстанда қалуға ықыластылары да аз емес.
Ресейден келгендерді жергілікті тұрғындар әртүрлі қарсы алды – көмек көрсету үшін еріктілер тобы құрылды, кинотеатрды түнеп шығатын орын ретінде ұсынған кәсіпкерлер де болды. Ресейліктердің көптеп келгеніне сескене қарап, әлеуметтік желіде шекераны жабуды талап еткендер де бар.
Қымбат пәтер
Оқу жылы басталғалы қиындай түскен Алматыдағы пәтер нарығындағы ахуал ресейліктер келуімен одан сайын күрделене түсті. Пәтер иелері жалға беру құнын бірнеше есеге дейін күрт өсіріп жіберді. Басында Алматыда басталған бұл жағдай кейін шекара аумағындағы қалаларға да ауысты. Қонақүйлер мен күніне жалға беретін пәтерлерде де орын болмады.
«Азаттық радиосына» сұхбат берген алматылық тұрғын 21 қыркүйек күні жалға тұрып жатқан бір бөлмелі пәтерінің бағасы 160 мың теңгеден 230 мыңға дейін өскенін мәлімдеді. Көбіне пәтер иелері не пәтерді босатуды, не ұсынған бағаны төлеуді талап еткен.
Қазір жылжымайтын мүлік жайлы хабарландырулар жариялайтын Krisha.kz сайтынан Алматыдан 200-250 мың теңгеден төмен бағада жалға берілетін бір бөлмелі пәтер табу қиын.
Дегенмен жергілікті билік пәтер бағасы «көрші елде мобилизация жариялағанға дейінгі деңгейден өзгермеген» деген баға берді. Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаевтың айтуынша, пәтер нарығы төңірегінде дүрлігуге негіз жоқ. Әкімдік пәтер жалдауға қатысты 12 мың хабарландыруды анықтап, кейбіріне хабарласып, мониторинг жүргізу нәтижесінде осындай қорытындыға келген.
Қазақстан билігінің реакциясы
27 қыркүйек күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресейліктердің Қазақстанға жаппай келуіне қатысты пікір білдіріп, «шарасыздықтан келіп жатыр» деді және келгендерге «қамқор болып, қауіпсіздігіне мән беру керек» екенін атап өтті.
«Бұл саяси және гуманитарлық мәселе. Осы мәселені мен үкіметке тапсырдым. Жалпы, осындай күрделі жағдайда біз ең алдымен адамгершілік, сабырлық, ұйымшылдықты танытуымыз керек. Бізде ешқандай дағдарыс жоқ, дүрбелең де жоқ. Үкімет өз жұмысын атқаруы керек», – деді президент.
Сондай-ақ, Тоқаев Ресей тарапымен келіссөздер жүргізіп, бұл мәселені ел мүддесіне шешуге ниетті екенін мәлімдеді.
Премьер-министр Әлихан Смайылов елдегі құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету керек екенін айтып, келген ресейліктерді уақытылы тіркеп, еңбек мәселесін шешуді тапсырды. Оған қоса жалға берілетін тұрғын үй нарығындағы жағдайды тұрақтандырудың маңызын атап өтті. Ал ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров жұмысқа орналастыруда басымдық Қазақстан азаматтарына берілетінін мәлімдеді.
Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Қазақстан шекарадағы талаптарды күшейтуді жоспарлап отырған жоқ дейді. Сонымен қатар, ол мобилизациядан жасырынып жүрген Ресей азаматтары іздеуде болмаса, қайтарылмайтынын ескертті.
Поддержите журналистику, которой доверяют.