4392
14 марта 2024
Алмас Қайсар, Назерке Құрманғазинова, коллаж авторы Данияр Мүсіров

Қыспақта қалу. Қазақстандағы қарақалпақ диаспорасының қазіргі жай-күйі

Белсенділерді бір жылға қамау, баспана беруден бас тарту және тығырықтан шығар жол іздеу

Қыспақта қалу. Қазақстандағы қарақалпақ диаспорасының қазіргі жай-күйі

Қарақалпақстандағы 2022 жылғы шілдедегі наразылықтан кейін Қазақстанда қарақалпақ диаспорасының белсенділері ұстала бастады. Өзбекстан оларға «жаппай тәртіпсіздікке шақырудан» бастап, «конституциялық құрылымға қауіп төндіру» сияқты түрлі қылмыс бойынша айып тағып, оларды экстрадициялауды талап етті.

Тұтқындауға көбіне белсенділердің әлеуметтік желіде жариялаған видеолары мен үндеулері себеп болған.

Осыдан кейін бес қарақалпақ белсендісі Қазақстанда бір жыл экстрадициялық қамауда отырды, бірақ Өзбекстанға жіберілген жоқ. Десе де, Қазақстан олардың бәріне саяси баспана беруден бас тартты. Белсенділердің кейбірі босап шыққаннан кейін шетелден баспана алуға тырысты, қалғаны әлі де Қазақстанда тұрып жатыр.

Власть қарақалпақ диаспорасының белсенділерімен және құқық қорғаушылармен олардың қазіргі жағдайы мен келешегі туралы сөйлесті.

Читайте этот материал на русском.

Read this article in English.

Қарақалпақстан – Өзбекстан құрамындағы егеменді мемлекет, де-юре оның өз мемлекеттік институттары бар, мұнда екі миллионға жуық адам тұрады. 2022 жылғы шілдеде республика бойынша Қарақалпақстанның егемендік мәртебесін өзгертуді көздейтін Өзбекстан Конституциясына түзетулерге қарсы наразылық акциялары өтті.

Наразылық күштік құрылымдармен қақтығысқа ұласты және бірнеше күнге созылып, кейін оларды күшпен басып жаншыды. Ресми деректер бойынша, бұл оқиға кезінде 21 адам қаза тапқан.

2023 жылғы қаңтарда Конституцияға түзетулер енгізуге алғашқылардың бірі болып қарсы шыққан белсенді және журналист Дәулетмұрат Тәжімұратов 16 жылға сотталды. Қарақалпақстандағы шілде толқуы осы Тәжімұратов ұсталғаннан кейін басталған еді. Онымен бірге тағы 60 адам сотталды.

Дегенмен, белсенділерді қысып, қудалау 2022 жылғы шілдедегі наразылық акцияларына дейін де Қарақалпақстанның саяси өмірінің ажырамас бөлігі еді. Бұрынғы президент Ислам Каримов кезінде де, қазіргі президент Шавкат Мирзиеев тұсында да Қарақалпақстанның проблемалары мен оның егемендігіне қатысты жағдай туралы пікірін ашық айтқан адамдарды қамауға алып, азаптағаны туралы көптеген дерек бар.

Қарақалпақстандағы наразылық акциялары тоқтатылғаннан кейін, өзбек билігі басқа елдердегі қарақалпақ белсенділерінің үнін өшірмек болды, оның ішінде Қазақстандағы белсенділер де бар. Белсенділерге қарсы қылмыстық іс қозғап, оларды экстрадициялауды талап ете бастады.

Олардың қатарында белсенді Зиуар Мирманбетова, Тілеубике Юлдашева, Жангелді Жақсымбетов, Раиса Құдайбергенова, Маңғыстаудағы диаспора лидері Ниетбай Оразбаев, блогер Қошқарбай Төремұратов және құқық қорғаушы Ақылбек Мұратов та бар. Олардың бәрі Қазақстанда тұрып жатқан.

Нөкістегі наразылық акциясы, Қарақалпақстан, 2022 жылғы 1 шілде, фото Makan.Uz Telegram арнасынан

«Қарақалпақтар өз алдына бөлек халық екенін білдіргісі келді»

Өзбекстанның сұратуымен Қазақстанда қамауға алынған соңғы белсенді – құқық қорғаушы әрі қарақалпақ диаспорасының бейресми жетекшісі Ақылбек Мұратов.

Оны 15 ақпан күні ұстап әкетті. Қазір ол Қазақстаннан саяси баспана беру жөніндегі комиссияның шешімін күтіп, Алматыдағы тергеу изоляторында. Өзбекстан Мұратовты «жаппай тәртіпсіздікке шақырды», «қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін материалдарды көрсетті» деп айыптап отыр.

Мұратов бұрын саясатқа белсенді араласпаған, ол көбіне еңбек мигранттарының құқығын қорғауға және Қазақстандағы қарақалпақтардың этно-тілдік мәдениетін сақтауға көңіл бөлген.

«Менің мақсатым – осы жақтағы қарақалпақтар мәселесі (болған – В.). Қазақстандық қарақалпақтар өзіндік ерекшелігін жоғалтпаса дедім», — деген еді Мұратов 2022 жылы Власть басылымына берген сұхбатында.

Мұратов Өзбекстанның Науайы облысынан шыққан. Ташкентте оқып, Мәскеуде жұмыс істеген. 2010 жылы Алматыға көшіп келген.

Мұнда ол тағы бір қарақалпақ белсендісі Қошқарбай Төремұратовпен бірге ресми диаспора құру мақсатында жергілікті қарақалпақтардың кездесуін ұйымдастыруға бірнеше рет әрекеттенгенімен, бәрі сәтсіз аяқталған.

Ақылбек Мұратов, фотоны Алмас Қайсар түсірген

«Ақылбек екеуіміз не үшін қарақалпақтар Қазақстанда жүріп өз ұлтын жасырады деп ойланатынбыз, — дейді Төремұратов. — Ең алғаш Панфилов саябағының алдында кездесу ұйымдастырғанда, оған тек Ақылбек екеуіміз ғана келдік. Сол кездің өзінде қарақалпақтарда “екі қарақалпақ бас қосатын болса, үшіншісі сатып кетеді” деген ішкі қорқыныш болды».

Дегенмен олар Наурызды тойлағанда көпшіліктің басын қосып, кейін диаспора қатары толыға түсті. Мұратовтың айтуынша, диаспора «Өзбекстан консулдығымен тығыз қарым-қатынаста болған», ал өзі апта сайын консулдық атташесімен кездесіп тұрған, онда еңбек миграциясы мәселесі талқыланған.

Мұратов басқа белсенділер сияқты 2022 жылғы наразылық акциясы туралы айтып жүрген, сонымен қатар, Алматыдағы Өзбекстанның бас консулдығының қызметкерлерімен кездесуге барып жүрген. Осындай кездесулердің біріне Қарақалпақстан парламентінің өкілдері де келген. Қарақалпақстандағы оқиғалардың белсенді фазасы аяқталғаннан кейін Мұратовты Алматы полиция департаментіне шақыртқан, айтуынша, онда ҰҚК өкілдері мен Өзбекстанның құқық қорғау органдарының қызметкерлері де келіп, видеоүндеу жазуды тоқтатуды талап еткен.

2022 жылғы қыркүйекте Мұратовтың жақтасы Қошқарбай Төремұратов қамауға алынды.

«Ол соңына дейін үміттенді, бәрі жақсы жаққа өзгереді деп [сенді], диалогқа шақырды, бірақ ештеңе өзгермей жатқанын түсінгенде, өзі бұл мәселе жөнінде ашық айтуға бел буды. Бұған дейін ол жария ешқайда шықпады, себебі оның ұлы бар және ол мұның қауіпті екенін білді», — дейді Мұратовтың туған қарындасы Фариза Нарбекова.

Қошқарбай Төремұратов пен Ақылбек Мұратов, фото кейіпкерлердің жеке архивінен

Кейін диаспораның бірнеше белсендісін қамауға алу жалғасты: Жангелді Жақсымбетовты, Зиуар Мирманбетованы, Тілеубике Юлдашеваны және Раиса Құдайбергенованы ұстап әкетті.

Мұратов бұл кезде құқық қорғау қызметімен белсенді айналыса бастады, ол түрлі БАҚ-қа хабар таратып, халықаралық және жергілікті құқық қорғау ұйымдарының назарын аудартты.

«Қолдан келгенше назар аудартуға тырысамыз. Мұны жылы жауып қоя салатыны түсінікті. Мен консулдыққа халықтың ашу-ызасын үдететін әрекеттер жасап жатқанын айтқанмын. Қошқарбайды тұтқындағаннан кейін маған бұл төзімнің шегі екені айтылды. Мен үшін де солай болды. Ойымды білдіре бастадым. Қаласаңдар, мені де қамаңдар, бірақ мен үнсіз қалмаймын», — деген еді Мұратов 2022 жылы.

Бұдан бөлек, Маңғыстау облысындағы қарақалпақ диаспорасының төрағасы Ниетбай Оразбаевқа да белсенді қысым көрсетіліп жүрді. Оған да Өзбекстан тарапынан іздеу жарияланды, бірақ Қазақстан азаматы болғандықтан, оны қамауға алған жоқ.

2023 жылы желтоқсанда оның азаматтығы жойылғаны белгілі болды. Бұл шешімге негіз болған – Өзбекстанның Ақтаудағы консулының Оразбаевтың Өзбекстан азаматтығынан шығу мәселесі бойынша консулдыққа жүгінбегені туралы ақпараты.

Оразбаевтың өзі Өзбекстан консулдығы ұсынған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтып, мұны олардың «қысым құралы» деп атады. Кейін ол Ақтаудағы Өзбекстанның арнайы қызметі ұстап әкетуі мүмкін деп қауіптеніп, Алматыдағы қызына барған. Ол ұзаққа созылған ауыр күйзелісте жүріп, 2024 жылы қаңтарда жүрек талмасынан қайтыс болды.

Ниетбай Оразбаев, фото кейіпкердің жеке архивінен

Кейін Мұратов «Өзбекстанның арнайы қызметі мен полициясы қайтыс болған белсендіні бірнеше туысының қатысуымен ғана жерлеуге рұқсат бергеніне» байланысты Оразбаевтың туыстары оны Қарақалпақстанда жерлей алмағанын хабарлады.

«Оразбаев дүниеден өтер алдында әйелінен оны туған жері Қарақалпақстан Республикасының Қожалы қаласында жерлеуін және жаназасын сол жақта өткізуін сұраған. Алайда Ниетбай Оразбаевтың жақындары жаназасын Қазақстанда шығаруға мәжбүр, ал ары қарай оны отанында жерлеу мәселесі ашық күйінде қалып отыр», — деп хабарлады Мұратов өзінің Х парақшасында.

Сонымен қатар, Мұратов Қарақалпақстанға қатысты оқиғаларға пікірін білдіріп отыратын YouTube арнасын ашты.

«Ол Қарақалпақстанда және Қазақстандағы қарақалпақтардың басында не болып жатқанын сауатты жеткізетін. Ол Қарақалпақстанда құжаттар қарақалпақ тілінде жүрсін деп әрекет етті. Адамдар бұл өз алдына бөлек халық екенін түсінгенін қалады, оларға бөлек ұлт ретінде қарауын қалады», — дейді Нарбекова.

Мұратовты басқа белсенділер тергеу изоляторында бір жыл отырып, бостандыққа шыққаннан кейін қамауға алды. 23 ақпан күні құқық қорғаушы Қазақстаннан пана іздеуші куәлігін алды.

Кейінірек оған «жаппай тәртіпсіздікке жария түрде шақырды», «қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіретін материалдарды көрсетті» деген айып тағылғаны белгілі болды.

Бұған себеп болған – Қарақалпақстандағы наразылық акциясының өткеніне 500 күн өтуін еске алу акциясы: қарақалпақ белсенділері жарықты 16 минутқа өшіруді сұраған. Өйткені Өзбекстанда Дәулетмұрат Тәжімұратов осынша жылға түрмеге қамалды. Сонымен қатар, 2023 жылғы қазанда өткен ЕҚЫҰ конференциясында сөз сөйлеген Төремұратовтың видеосының жариялануы да түрткі болған.

«Ол сөзсіз бұл айыптауларды мойындамайды, себебі бұл саяси астары бар іс», — деп есептейді Нарбекова.

Нарбекованың айтуынша, Мұратов ұсталатынына дайындалған және ұсталған жағдайда қарындасына қалай әрекет ету керек екенін алдын ала айтып отырған.

«Себебі оны үнемі сөйлесуге шақырып тұратын, ол жаққа барған сайын біраз уақыттан кейін келмесе, дабыл қағу керек екенін ескертетін. Бірақ ол мені дайындаған жоқ, бұған дайын болу да мүмкін емес. Алғашқы күндері қиын болды, күнде ағаңды ұстап әкетіп жатқан жоқ қой», — дейді Нарбекова.

Ол ағасы Өзбекстанға жөнелтілмейтіні белгілі болғаннан кейін ғана сабырға келгенін айтады.

«Ол анамызға қатты алаңдайды. Тағы бір сіңлім бар, содан анамды жұбатуды сұрадық. Біз анамызға бастысы Ақылбекті экстрадицияламағанын айттық, иә, ол бостандықта емес, бірақ оның Өзбекстанда болғанынан гөрі осы жақта қамауда болғаны қауіпсіздеу», — деді ол.

«Мен ағамды мақтан тұтатынымды айтқым келеді. Ол мұның бәрін мен үшін де жасап жатыр, басқа адамдардың, өз балаларының құқығын қорғауда. Мен оны мақтан тұтамын және қолдаймын», — деп түйіндеді Нарбекова.

Өзбекстандағы азаптаулар, Қазақстанда бір жыл қамауда болу, Еуропадан пана іздеу

Қошқарбай Төремұратов Қарақалпақстанда дүниеге келген, жастар қорында, университеттерде және әртүрлі мемлекеттік институтта жұмыс істеген. 2006 жылы Қазақстанға көшіп келген.

«Айлық болмады, бала-шағаны бағу қиындады, өсу керек болған соң келдім», — дейді ол.

Күштік құрылымдардың назарына іліккенін алғаш Мұратовпен бірге Алматыда диаспора кездесуін ұйымдастырмақ болғанда байқаған.

2014 жылы Төремұратов анасының денсаулығына байланысты Қарақалпақстанға барған. Шекарада оны Қарақалпақстанның ішкі істер қызметкерлері мен Өзбекстанның арнайы қызметі ұстап, оны «заңсыз мемлекет шекарасын кесіп өтті» деп айыптаған.

«Мені арнайы операция аясында құдды террористі ұстағандай ұстап әкетті. Өз пікірін білдіргендерді азаптады. Лауазымды адамдарды экономикалық баптармен соттады, ал қарапайым азаматтарды көбіне “шекараны заңсыз өту” бойынша соттайтын», — дейді ол.

Оны Нөкістегі тергеу изоляторына қамаған, онда алты ай отырған. 14 күн бойы ол азаптауға ұшыраған: ұрып-соғу салдарынан тістері сынып, ерні жыртылған.

Қошқарбай Төремұратов, фото кейіпкердің жеке архивінен

Жарты жылдан кейін белсендіні Қаршы қаласындағы №33 жалпы режимдегі колонияға ауыстырған. 2016 жылы бұрынғы президент Ислам Кәрімов қайтыс болғаннан кейін, Төремұратовты амнистия бойынша босату керек болған, бірақ оны ұстау мерзімін жасанды түрде созып отырған.

«Мен шықпау үшін әр алты ай сайын маған заңбұзушылық жасады деп отыратын. Осылайша 2017 жыл да өтті. Олар менің кешіруді сұрап, президент атына хат жазуыма қол жеткізе алмағаннан кейін, 2018 жылы арнайы прокурорға “жүйкем жұқарғаннан офицерлермен дөрекі сөйлестім, кешіріңіз” деп хат жазуымды сұрады. Келесі күні мені және 36 адамды босатты», — деп түсіндірді Төремұратов.

Бірнеше ай бойы ол Қарақалпақстаннан кете алмаған, себебі сот алған төлқұжаты жоғалып кеткен. Ақыры ішкі істер қызметкерінің бірі айыппұл төлеп, тезірек Алматыға кетуге кеңес берген. Ол дәл солай істеген.

2019 жылы Қошқарбай Төремұратов бір ескі танысымен жолыққаннан кейін YouTube арна ашуға шешім қабылдайды. Онда белсенді Қарақалпақстан мәселесін көтеріп, елден басқа азаматтар жіберген видеоларды жариялап отырмақ болады.

«Су жетіспеуі, шаруалар мәселесі. Маған әлі күнге дейін адамдар шешілмеген мәселелерін айтып отырады. Қарақалпақ шаруаларының жерін Ферғана алқабының шаруаларына беріп жатыр, ол жерде адам онсыз да өте көп. Кеше маған сол жақтан хабарласып, олардан “жерін дайындауды” талап еткенін айтты», — дейді ол.

2020 жылы ол «Алға, Қарақалпақстан!» саяси қозғалысы белсенділерінің Қарақалпақстанның республика мүддесін қорғайтын өз саяси ұйымының жоқтығына наразы болған шағын наразылық акциясының видеосын жариялады.

Jalǵas Tóre Murat YouTube арнасындағы видеодан скриншот

«Расында солай, біздің парламентте отырғанның бәрі Өзбекстан парламентіндегі партияның филиалдары. Іс жүзінде ешқандай егемендік жоқ. 2022 жылы сол жарияланған видеоға сілтеп, мені ұстады», — дейді Төремұратов.

2022 жылы Конституцияға енгiзiлетiн өзгерiстер, сондай-ақ Қарақалпақстандағы наразылық акциясын басып-жаншуға қатысты талқылауға белсене қатысып, пiкiрiн білдіріп жүрді.

Мұратов арқылы Өзбекстанның дипломатиялық миссиясы Төремұратовтың “қатты кетіп” жүргенін жеткізген және президент Шавкат Мирзиеевтің реформасын мақтауды сұраған.

«Келіспеп едім, қыркүйекте мені қамады», — дейді ол.

Төремұратовты Өзбекстанның конституциялық құрылымына қауіп төндірді және қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіретін материалдар таратты деп айыптады.

2022 жылғы шілдеде Ақылбек Мұратовтың Өзбекстанның консулымен кездесуінде

Қамауда жатып ол Қазақстаннан саяси баспана беру туралы өтініш жазды. 2023 жылы комиссия оның ісі босқын мәртебесіне сәйкес келмейтінін алға тартып, баспана беруден бас тартты.

«Басқа қарақалпақ белсенділеріне де осыған ұқсас жауап келді. Тура бір жыл қамауда болдым, ешқандай қысым болған жоқ, қалыптасқан тәртіп бойынша отырдық. Иә, Өзбекстанға жіберсе, күнім қалай болар екен деген іштей қорқыныш болды. Әсіресе шілдедегі оқиғалардан кейін қорқыныш үдеді», — дейді Төремұратов.

«Әйеліме үрейге салынбай, бәрін ақылмен шешуді айттым. Мұнда екі мағына бар, біріншісі – бәрін ақылға салу, екіншісі – “Ақылбекпен [Мұратов] шешіңдер” дегенім. Ақылбек мен ұсталған күні түнгі үшке дейін отырып, құқық қорғау ұйымдарымен байланысты, адвокаттарға шықты. Ары қарай да барлық іс Ақылбек арқылы жүріп отырды», — деп түсіндірді ол.

2023 жылғы қыркүйекте Төремұратов экстрадициялық қамауға алу мерзімі аяқталған соң бостандыққа шықты. Бұған дейін ол Мұратовтан ЕҚЫҰ конференциясына қатысу үшін өз атынан өтініш жазуды сұраған.

«Маған шақырту келді, құжаттарымды жинап, Польшадан виза алдым және бірнеше күннен кейін Варшавада болдым. Астана әуежайында бірнеше сұрақ қойды, бірақ түбі жіберді», — дейді Төремұратов.

Конференцияда Қарақалпақстандағы наразылыққа қатысқандарға жасалған зорлық-зомбылық туралы айтқан, одан кейін Төремұратов Австрияға барып, саяси баспана сұраған. Биыл 29 ақпанда оны “Дублин келісімі” бойынша қайтадан Польшаға депортациялады. Ол келісімге сәйкес, баспана беру туралы өтінішті берген адам Еуропалық одақтың қай еліне бірінші барды, сол елде қарастырылуы керек.

Мұнда Төремұратов қайтадан саяси баспана сұрауға ниеттеніп отыр.

Қошқарбай Төремұратов ЕҚЫҰ конференциясында, видеодан скриншот

«Мен тоқтамаймын, қайта керісінше, Варшаваға келгеннен бастап, Қарақалпақстанда болып жатқан саяси теңсіздік, қудалау туралы айтып жатырмын. Қарақалпақстандағы әділет министрлігі қарақалпақ тілінде бірде-бір құжатты қабылдамайды, көше атаулары да өзбекше жазылған. Қазақстанда қарақалпақтар өз ұлтын жасырады. Ұлт жоғалып бара жатыр. Сол үшін әрекетімді тоқтатпаймын», — дейді ол.

Төремұратов бір күні Қарақалпақстанға ораламын деген үміті әлі де бар екенін жеткізді.

«Мен әлі күнге дейін Қарақалпақстан мен Өзбекстанда саяси жағдай өзгереді деп үміттенемін», — деп қорытындылады белсенді.

«Мені ол жақта өлім күтіп тұрғанын білемін»

47 жастағы Зиуар Мирманбетова – Өзбекстанның сұратуымен ұсталған қарақалпақ белсенділерінің бірі. Қазақстанға 2000 жылдары келгенімен, тек 2012 жылы ықтияр хат алған.

«Қазақстанда азаматтық алу өте қиын. Мен екінші рет ықтияр хат алып отырмын. Күйеуім – қазақ, балаларым – қазақ. Бірақ бір қызымды Өзбекстанға барғанда босандым, оған да азаматтық ала алмай жүрміз», – дейді ол.

Қазір Мирманбетова отбасымен Шамалған ауылында тұрып жатыр, аспаз болып жұмыс істейді.

Бірнеше жыл бұрын ғана ол әлеуметтік желіде қарақалпақ мәселесін көтере бастаған.

«Сұхбат беріп, конференция жасап, Қарақалпақстанда болып жатқан жағдайларды айтып отырдық. Facebook парақшамда күш көрсету, этноцид, әйелдерге стерилизация жасалып жатқаны туралы көп жазғанмын», – дейді белсенді.

Ол 2019 жылы желтоқсанда Қарақалпақстандағы қарақалпақ тілі күніне барғанда бірінші рет ұсталған. Жанында тағы бір қарақалпақ белсендісі Ерман Ескендіров болған.

«Менімен профилактикалық әңгімелесу өткізді. Бірақ Ескендіров ауыр азаптаудан өтті, өліп қала жаздап, әрең Алматыға алып келдім», – деп есіне алды Мирманбетова.

Пандемия кезінде белсенді Қарақалпақстанға бара алмаған. Бірақ 2021 жылғы қазанда сіңлісі қайтыс болып, анасы жалғыз қалғаннан кейін желтоқсанда Қарақалпақстанға барған. Сол кезде оны екінші рет ұстап әкеткен.

«Мені 2022 жылғы 5 қаңтарда бірақ босатты. Олар мені сот шешімімен ұстаған жоқ, не болмаса бір айып таққан жоқ. Жай ғана менің ашық белсенді әрекетіме кедергі келтірмек болды. “Үкіметке қарсы шықпайсың, Қарақалпақстан азаттығын сұрамайсың” деді. Денемдегі азаптаудың іздері кеткен кезде ғана құжаттарымды қолыма берді», – дейді ол.

Одан кейін Зиуар бірнеше ай бойы бұл тақырыпқа араласпай жүрген. Бірақ мамыр айында Қарақалпақстанның егемен статусын алып тастамақшы дегенді естіп, қайта белсенділік танытуға мәжбүр болған.

«Адам құқығын сақтау бюросында конференция өткіздік. Екі ай өткенде, шілдеде халық көтеріліп кетті. Халықты көтерді деп енді бізді кінәлап жатыр», – дейді белсенді.

2022 жылғы қазанда «конституциялық құрылысқа нұқсан келтірді» деген айыппен оны Алматыдағы мейрамханалардың бірінде жұмыс істеп жүрген жерінен ұстап әкетеді.

«Маған мұндай істерге араласпаңыз дегендей айтылды. Болатын істің бәрі болды, айтылатын сөз айтылды, енді тым кеш. Қанша адамның қаны төгіліп кетті. Араласпасам, араласпайын деп шештім. Себебі менде психологиялық күйзеліс басталған еді. Қарақалпақстанның осы күйге түскеніне қынжылып ауырып қалдым», – деді ол.

Бір жылдан кейін белсендіні босатқан. Ол саяси баспана алуға өтініш білдіргенімен, басқа белсенділер сияқты оның да өтініші қанағаттандырылмады. Енді Мирманбетова апелляцияға жүгінбекші, одан ойдағыдай жауап алмаса, Жоғарғы сотқа барамын дейді.

«Шетелге кететін болсам, артымнан ерген тоғыз адамды қайтемін? Тоғыз қазақты ертіп мен қайда барамын? Не істей аламын?» – дейді ол.

Мирманбетованың айтуынша, бұл жағдайлардың бәрі қарақалпақ диаспорасының көңілін түсірген. Сондай-ақ, ол шілдедегі митингіден кейін Қарақалпақстаннан кетіп жатқандар саны көбейгенін айтты.

«Олар Өзбекстан билігіне, Қарақалпақ басшыларына да ренжіді. Митинг болмай тұрып та бұл мәселелер айтылып жүрді, сол кезде құлақ асу керек еді. Өкінішке қарай, біздің сөзімізді ешкім елемеді ғой. Ұрып-соғып, халықтың намысын таптады. Енді Қарақалпақстанның жағдайы не болатыны жайында ештеңе айта алмаймын», – дейді белсенді.

Мирманбетова Қарақалпақстанға қайтып оралғысы келмейтінін жеткізді. Айтуына қарағанда, ол жақта анасы ғана қалған, басқа туыстарын ұстап әкете ме деп, ауылға жіберуге де қорқады.

«Мені ол жақта өлім күтіп тұрғанын білемін. Шындықты айтқанымыз үшін ғана бәрімізге жала жауып отыр. Мен саясаткер емеспін, бірақ көзбен көргеннен кейін, құлақпен естігеннен кейін егемендіктің болғанын қалағаным рас», – деп қорытындылады Зиуар.

Қазақстандық қарақалпақ белсенділерін не күтіп тұр?

«Қазақстан белгілі саяси себептерге байланысты пана бермейді, ол көршілес елдермен қарым-қатынасын құртқысы келмейді. Екінші жағынан, сырт көздің сынына орай оларды экстрадиция жасағысы жоқ. Сондықтан оларды экстрадициялық сұрау бойынша бір жылға қамайды, кейін саяси пана бермейді, ол адамның басқа елге кету арқылы өз аумағынан шығару мүмкіндігі туғанға дейін уақыт созып жүреді», — деп түсіндірді Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі бюроның директоры Евгений Жовтис.

Құқық қорғаушының айтуынша, ТМД елдерінен келген басқа босқындар сияқты қарақалпақ диаспорасының өкілдері де екі статус арасында қалып қояды. Оның бірі Минск конвенциясы бойынша экстрадициялануы керек, бірақ екіншіден, олар пана іздеуші тұлға мәртебесін алады.

«Біз әрине, бұл саяси қудалау деп сынай аламыз және солай істейміз де. Бірақ бұл заңды термин емес, заңдысы – ол адамның Қазақстан аумағындағы мәртебесі болып тұр», — деп түсіндірді Жовтис.

Ол Қазақстан көп жыл бойы осындай «схемамен» жұмыс істеп келе жатқанын айтады.

«Осы схема бойынша Шыңжаңнан ұйғырлар қашып келді, одан кейін түркімен және өзбек белсенділері келе бастады, бірақ қарақалпақтар емес. Дегенмен бір топ адамды Өзбекстанға жіберген кездер де болды. Бұл үшін БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы Қазақстанды өз міндеттемелерін орындамағаны үшін сынға алды. Бірақ 2010 жылдан бастап Қазақстан қазіргідей әрекет ете бастады», — дейді Жовтис.

Евгений Жовтис, фотоны түсірген Жанар Кәрімова

Еуропадағы Орталық Азиядан шыққан босқындар мәселесімен айналысатын «Еуразия үшін бостандық» коммерциялық емес ұйымының құқық қорғаушысы Лейла Назгүл Сейітбек мұндай жағдайда Қазақстан елден баспана сұраған адамдар үшін көп нәрсе істеуге болатын еді деп есептейді.

«Мұндай әрекеттің саяси астарын түсініп отырмыз, дегенмен мемлекет орындауға міндетті халықаралық міндеттемелері бар, бұл да Қазақстанның халықаралық имиджінің бір бөлігі», — дейді ол.

Қазір «Еуразия үшін бостандық» ұйымы Еуропада жүрген үш қарақалпақ белсендісінің ісін жүргізіп келеді, олар: Қошқарбай Төремұратов, Қарлыбай Бекмұратов және Наурызбай Меңлібаев пен оның әйелі мен баласының ісі.

Жақтастарының айтуынша, Меңлібаев 2013 жылдан бері Қазақстан азаматы. 2022 жылы ол Польшада өткен адам құқықтары бойынша конференцияға барған және қауіпсіздік мақсатында сол жақта қалған.

Биыл 8 қаңтарда Наурызбай Меңлібаевты және оның отбасын, Төремұратовпен болған жағдай сияқты Дублин келісімі бойынша Австриядан Польшаға депортациялады. Ол енді Еуропалық Адам құқығы бойынша соттың депортацияны тоқтату туралы шешімін күтіп отыр.

Ал Бекмұратов Польшаға төрт жылдан көп уақыт бұрын кеткен және осынша уақыт бойы саяси баспана беру өтінішіне жауап ала алмай жүр. Ол өтінішін пандемия кезінде берген.

«Шын мәнінде, олардың ісі қазір қиын жағдайда тұр, себебі еуропалық елдердің билігі белсенділерді экстрадициялау оларға өлім қаупін тудыратынын түсінбейді. Олар, неге екені белгісіз, Өзбекстан мен Қазақстанды бұл адамдарды қайтаруға болатын қауіпсіз ел деп есептейді. Бірақ бейбіт жиынға қатысқан, тіпті қатыспай тек Конституцияға өзгерістерге байланысты өз пікірін білдіргендерге қатысты өткен процестерден кейін, олардың елге оралып, әділ шешімге жетпейтіні анық. Оның үстіне, бұл адамдардың тергеу сатысында және қамауда болған кезінде адамгершілікке қайшы әрекеттер мен азаптауларға ұшырағанын түсіну үшін жеткілікті материал бар», — дейді Сейітбек.

Жовтис Еуропада босқын мәртебесін алу жағдайы Орталық Азиядан келгендер үшін оңай емес екенін атап өтті. Бұл Украинадан, Ресейден және басқа да елдерден босқындардың ағылып келуімен, қоғамдағы ұлтшылдық пен консерватив сезімдердің күшеюімен байланысты дейді.

«Билікке көбіне оңшыл үкімет келіп жатыр, олар мигранттарды аса ұнатпайды, оларды ығыстыруға тырысады. Пана алу айтарлықтай қиындап кетті. Өзбекстандағы Әндіжан оқиғасынан кейін қашып кеткендердің кейбіріне баспана берілмеді, олар әлі де заңды себепсіз сонда тұрып жатыр», — дейді құқық қорғаушы.

Оның айтуынша, пана беруден бас тартуға қарамастан, босқындардың Орталық Азия елдеріне қайтарылмай жатқаны ғана көңілді жұбатады.

Сейітбек босқын мәртебесін алудан бас тартқан жағдайда олар барлық апелляциялық инстанциядан өтуі керек екенін айтады, ал ол жақтан да қажетті нәтижеге қол жеткізбесе, адам құқықтары жөніндегі Еуропалық сотқа шағымдана алады. Құқық қорғаушының айтуынша, осы уақытқа дейін ол жақта көптеген өтініш Орталық Азиядан келген босқындардың пайдасына шешілген.

Ал бостандыққа шыққаннан кейін әлі де Қазақстанда қалған қарақалпақ белсенділеріне келсек, Жовтис олардың экстрадициялануы екіталай деп санайды.

«Әзірге баспана мәселесі шешілгенге дейін мұның бәрі сотта қаралады. Мұны ұзаққа дейін созуға болады, не Өзбекстан ұмытып кетпейінше, не олардың басқа жаққа кетуіне мүмкіндік табылғанға дейін. 100% сенімді айта алмаймын, бірақ әзірге айтарлықтай қауіп көріп тұрған жоқпын», — дейді ол.

Жовтис әріптесі Ақылбек Мұратовқа қатысты жағдай диаспораның басқа белсенділерінің басынан өткен жолмен өрбиді деп есептейді.

«Жалғыз ғана мәселе бар: ол да бір жыл қамауда бола ма, әлде үшінші шешім табыла ма? Өйткені оның айналасында шу көп», – деп толықтырды Жовтис.