3937
8 апреля 2024
Майя Акишева, арнайы Власть үшін

Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты сотты көру мүмкін емес, бірақ көрмей қалуға тағы болмайды

Біз психологиялық зорлық механизмдері қалай жұмыс істейтінін онлайн бақылап отырмыз

Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты сотты көру мүмкін емес, бірақ көрмей қалуға тағы болмайды

Бірнеше күннен бері сотталушы Қуандық Бишімбаев паш етіп жатқан арсыздықтың куәсі болып отырмыз. Кекесінмен жымиюы, ақталуы оқиғаны тұрмыстық жанжал етіп көрсетуге бар күшін салып жатқанын аңғартады. Күйеу, әйел, шарап, қызғаныш төңірегінде көрсеткісі келеді. Колумнист Майя Акишева сотталушының әділ жазасын алуы марқұмның туыстары үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан қоғамы үшін маңызды екенін түсіндіреді.

Әйелдерге физикалық және жыныстық зорлық жасайтындардың басым бөлігі олардың жақын серіктері, яғни күйеуі немесе жігіті. Экономика министрлігінің жанындағы статистика комитеті 2017 жылы жүргізген зерттеу мәліметтеріне сүйенсек, қазақстандық әйелдердің 17%-ы осындай зорлық-зомбылық көрген, ал ерлермен қарым-қатынаста болып көрген 18–75 жас аралығындағы әйелдердің 21%-ы серігінен эмоциялық зорлық көргенін айтқан. Зәбір көрген әйелдердің 51 пайызы жақын серігінің қысастығы туралы бұрын ешкімге айтпаған. Бұл статистика комитетіне арнап сауалнама жүргізген мамандар әйелдердің зорлық-зомбылық көргенін білген алғашқы адам екенін білдіреді. Зардап шеккен әйелдердің 8%-ы ғана полицияға жүгінген, 3%-ы ғана медицина қызметкеріне зорлық көргенін айтқан.

Бұл – Қазақстанда бұрын-соңды болмаған жағдай. Әйелін өлтірді деген күдікпен бұрынғы ұлттық экономика министрі ұсталып, соты жүріп жатыр. Бұл жаңа ғана өзіңіз оқыған есепті дайындаған мекемені басқарған адам. Енді Қазақстанды дүрліктіріп қана қоймай, басқа елдердің де назарын аудартқан кісі өлтіру оқиғасы үшін соты жүріп жатыр. Сот отырысын, айыпталушы мен жәбірленуші тараптың (марқұмның туыстары) сөйлеген сөзінің үзіндісін миллиондаған адам көрді, жүздеген тикток түсіріліп, #Салтанатүшін хэштегі инстаграмда жүздеген рет шықты. Белгілеу, қаралым саны, ызаға булыққан, абыржыған, мұңға толы пікірлер толассыз жазылып жатыр.

Әйелдердің алтыдан бір бөлігі жақын серігінен физикалық немесе жыныстық зорлық көрген елде, құқық қорғау органдарының мәліметі бойынша жыл сайын кем дегенде 80 әйел құрбан болатын елде бұл қылмыс неліктен соншалық дүмпу тудырды?

Оған ықпал еткен бірнеше фактор бар. Біріншіден, ашық сот процесі өтуін Қазақстанның сот жүйесіндегі маңызды өзгеріс деп санауға болады. Жария әрі ашық өтуі кез келген адамға екі тараптың да сөзін тыңдауға мүмкіндік берді, бұрын қазақстандықтар мұндайды тек америкалық фильмдерден ғана көретін. Екіншіден, айыпталушы — бұрын жоғары лауазымды қызмет атқарған тұлға. Бұған қайтыс болған әйелдің сұлулығы мен ақкөңілдігін, өлтірушінің зұлымдығын, Салтанаттың ағасының қарындасын қорғау жолындағы жігері мен қайсарлығын, харизмасын, сонымен бірге тұрмыста зорлық көрген әйелдердің мүддесін қорғап қана қоймай, жылдар бойы медиа мен әлеуметтік желілерде гендерлік зорлық-зомбылық туралы ағарту қызметімен айналысып келе жатқан адвокат Жанна Оразбақованың іске бар ынтамен кірісуін қосыңыз. Әрі амалы таусылып, тағдырға мойынсұнып, зорлықшылардың қоқан-лоқысынан кейін жария түрде күресуге дәрмені қалмаған немесе келісімге барған басқа жәбірленушілермен салыстырғанда, Нүкеновтер отбасының әділдік үшін айлар бойы күресуге дайын болуы да маңызды фактор.

Шындығында Салтанат Нүкенова — Қазақстандағы жақын адамының қолынан өлген жалғыз әйел емес. Оған көз жеткізу үшін «Немолчи» қорының парақшасын бір шолып шығу жеткілікті — күн сайын әйелдер мен қыздарды соққыға жығу, ізіне түсу, зорлау мен өлтіру туралы жазылып жатады. Ең сорақысы, тіпті туыстары зорлық көрген әйелге қолдау көрсету орнына, «жабулы қазан жабулы күйінде» қалғанын жөн көреді. Көпшілікті қайран қалдырған тағы бір жайт бар: аялап, мәпелеп өсірген отбасынан шықсаң да, Айтбек Амангелді сияқты жанашыр ағаң болса да, қауіп белгілерін дер кезінде байқап, абьюз әрі манипулятордың қолынан өлуге жеткізбей, дер кезінде кетіп қалуыңа ешқандай кепілдік жоқ.

Сот отырысының алғашқы күндерінде онлайн трансляция арқылы психологиялық зорлық механизмдері қалай жұмыс істейтініне куә болдық. Отырыстың үшінші күніндегі сотталушының бес сағаттық сөзі оның психологиялық қысым жасаудың шебері екенін көрсетті. Видеотрансляция астындағы пікірлерге сүйенсек, көптеген әйел зәбір көрген сәтін тағы да бір рет бастан өткізгендей сезімде болғанын жазған.

Мен қазір мұны көре алмайтынымды түсіндім. Өйткені қазіргі уақытта, дәл осы сәтте газлайтинг құрбаны болып, куәгердің қысымын көріп жатқан жайым бар. Шарасыздықтан қалшылдап отырмын.

Мені серіктерімнің ешбірі ұрған емес, бірақ сотталушы әйеліне ұйқы бермей, мойындамасына қоймай, үнемі мін тағып, әбден титықтатқанын естігенде есеңгіреп қалдым. Өйткені қолында билігі бар, күш-қуаты тасып тұрған адамның осындай қылығын көргенмін. Айналадағылар психологиялық және эмоциялық зорлықты байқай бермейді, ұрып-соғу сияқты емес, оны дәлелдеу қиын. Одан еш жерің көгермейді, бірақ ол адамды тоздырып жібереді.

Сот барысын бақылау өте ауыр, соған қарамастан көру керек. Қызық көріп, ермек қылудан аулақ болған жөн. Салтанаттың жағдайына америкалық фильмдердегі сот процесі сияқты қарауға болмайды. Соншама ауыр болса да көруіміздің мәні бар: қоғамның назарынан ештеңе тыс қалмауы керек, ашық сот судья, прокурор, алқабилердің өзін сергек ұстауына, әділ үкім шығару жауапкершілігін арттыруға тиіс. Бұған қоса, айыпталушы мен оның қорғаушылары үкімді жұмсарту үшін қандай тактикаға баратынын көру үшін де назардан тыс қалдырмауымыз керек деп есептеймін.

Сот отырысының үшінші күні Қуаншық Бишімбаев пен оның адвокаттары қоғамға, алқабилерге ой саламыз деген үмітпен бірқатар аргумент қолданды. Сондықтан бұл америкалық фильм не «Кармен» операсы емес. Бұл – біздің қоғамның әйелге қоятын талабының айнадағы көрінісі. Сол талаптарға сәйкес келмеудің құны өлімге әкеледі.

Өлімді ақтауға болмайды. Өз өміріңе немесе жақындарыңның өміріне қауіп төнген жағдайдағы қорғануды айтпағанда. Бейнекамераға түскен жазба, күш жағынан айыпталушының басымдығы, құрбанның күші басым адамның толық бақылауындағы аумақта болуы, оның билігі өктем жерде болғанын есепке алсақ, ьұл жағдайда өмірге қауіп төну деген аргументті қолдану мүмкін болмас еді. Сотта Бишімбаев алқабилерге манипуляция жасаймын деген үмітпен бұрынғы патриархал тәртіпке жүгінгісі келді.

Егер сіз «өзінен де бар», сондықтан өлтіруге болады деген ой ақыл-есі дұрыс адамның басына келмейді деп ойласаңыз, процесті бақылап жүрген әйелдің маған жазғанына назар аударыңыз: «Менің қызым бар. Екіншісіне аяғым ауыр. Балаларым үшін қорқамын… Тіпті күйеуімнің өзі еркек тектен-тек өлтірмейді, бірдеңе бүлдірген шығар деп отыр. Мен енді оған қарауға жиіркенемін. Қорқынышты».

Расында да, сотталушының үшінші күні айтқан сөзі патриархал санадан қолдау таба алатындай қорғану бағытында болды. Көбіміз сол кезде Қуандық Бишімбаевтың ақыл-есі сау емес деп ойлаған шығармыз. Зұлымдықты көргенде біздің психикамыз солай қорғанды. Бірақ сорақысы сол — сотталушы сау, жүйенің ұлы, жемқорлық жайлаған, әйелдердің құқығы шектелген, тұрмыстағы зорлық-зомбылық қылмыс деп саналмайтын елдің бенефициары. Судья “бұның іске қатысы жоқ” деп тыйып тастағанға дейін сотталушы сағаттап айтып жатқан мына жағдайлар еліміздегі әйелдердің бәріне қауіп төндіре бермек. Әр әйелге.

1. Ішімдік ішті.

2. Балағат сөз айтты.

3. Оған дейін қатынаста болған, сол себепті қызғаныш тудырды.

4. 12 рет кетіп қалуға дәті барды.

5. “Агрессия” көрсетіп, өзі себепші болды.

6. Одан сыйлықтар алды.

7. “Долы” болды.

Газлайтердің сүйікті тәсілі — әйел өзіне күмәндануы үшін оны мінезі нашар деп айыптау. Қазір газлайтинг бүкіл елге таралып отыр, енді біздің күмәнімізге әрекет етіп жатыр. Біз бұған жол бермеуіміз керек.

Қазір біз сот нәтижесінде (оның тарихи мәні де осында) кісі өлтіруші әділ жазасын ала ма деген сұрақтан да маңызды нәрсені ұғамыз. Біз осы арқылы қоғамның диагнозын түсінеміз. Қоғам әйелдерге қатысты жасалатын зорлық-зомбылықты сөзсіз әрі аяусыз айыптай ма, әлде “кейбір жағдайларды” ескере ме? Біздің қоғам, болмаса оның бір бөлігі әйел әлдебір ибалылық пен үнсіз бойұсыну талаптарына сәйкес келгенде ғана өзінің өмірі мен өз тәніне ешкімнің тимеуіне лайық бола алады деп санай ма? «Өзі кінәлі» тезисі жеңіске жете ме, әлде «зорлық-зомбылыққа жол жоқ, оны еш ақтауға болмайды» жеңе ме?

Ал ең басты мәселе. Қазақстанда тұрмыстағы зорлық-зомбылық қылмыс қатарына кіргізіле ме? Оң шешімін тапса, бұл сот процесі бүкіл еліміздің әйелдері үшін бетбұрыс сәті болмақ. Салтанатты азаптап өлтірді, бірақ өлім қаупі төніп тұрған басқалардың (статистиканы тағы бір қараңыз) аман қалуға мүмкіндігі артады.

Читайте этот материал на русском.