15714
7 июля 2021

Несиеге өмір сүру

Қазақстандықтар неліктен несиенің құрсауында қалды және пандемия қаржылық міндеттемені өтеуге мұрша бермей жатыр ма?

Несиеге өмір сүру

Дмитрий Мазоренко, Алмас Қайсар, Дария Жеңісхан, Vласть және Медиазона Орталық Азия

Пандемия басталғаннан бері Қазақстанда халықтың несие алуы жиілеп, мәселе ушыға түсті. 2010-жылдары несие негізінен халықтың түрлі топтары арасындағы табыстың әркелкілігін теңестіруші құрал ретінде қолданылатын. Ал 2020-2021 жылдары несие бір сәтте толықтай еңбекақының орнын басты. Былтыр наурызда жарияланған локдауннан кейін көп кәсіпорын мен мекеме жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Одан кейінгі айларда да жағдай өзгерген жоқ, түсініксіз күйінде қала берді. Ірі қалалардың басшылығы карантинге байланысты шектеуді біресе қатаңдатып, біресе жеңілдетіп, күтпеген шешім қабылдап отырды. Мұндай жағдайда кәсіпорындар мен мекемелер бар күшінде жұмыс істей алмады. Біраз жұмысшының табысы қысқарып, кейбірі мүлде жұмыссыз қалды.

Vласть пен Медиазона Орталық Азия бірлесе отырып, қазақстандықтардың қалай несие қақпанына түскенін және одан шығар жол туралы сараптаған еді.

Несиеден несиеге

2019 жылдың соңына дейін Айгүлдің отбасы несиесін кешіктірмей төлеп жүрген. Айгүл өзі банкте, ал күйеуі құрылыс компаниясында жұмыс істейтін. Отбасы емделу, техника алу сынды тұрмыстық қажеттіліктер үшін бірнеше несие алғанда, оны еш қиындықсыз төлей алатынына сенімді болатын. Несиеден басқа амал жоқ еді: отбасының қомақты ақшаға зат сатып алатындай басы артық қаражаты болмады. Пандемияның алдында Айгүл жұмысынан қысқарып қалады, ал күйеуі өкшесі сынып, денсаулығына байланысты ұзақ уақытқа демалысқа шығуға мәжбүр болды. Дәл осы кезде олардың қарызы 3 млн теңгеге ($7600-7800) жеткен.

«Жұмыссыз қалып, жағдайымыз осынша нашарлайды деп ойламадым. Ай сайынғы төлемді төлеу үшін қолда бардың бәрін саттық. Жетпегенін жаңадан несие алып жабуға мәжбүр болдым. Ай сайынғы несиені біреу төлеп береді екен деп қол кусырып отыра алмадық. Әрі туыстарымның өзінде де несие бар», – дейді Айгүл жағдайын түсіндіріп.

Отбасы бір жыл бойы алған несиесінің бір бөлігін азық-түлікке жұмсап отырған. Қазір олар үш несие үшін банкке ай сайын 250 мың теңге төлейді. Айгүл жақында басқа жұмысқа орналасты, бірақ онда келіскен мөлшерден аз жалақы төлейтін болыпты. Ол енді банк алдындағы қарызын өтеу үшін арагідік қалған техникасын сатып тұрады. Басына түскен ауыртпалықтан кейін денсаулығы да сыр бере бастаған, әлі қалпына келе алмай жүр. «Бұл жағдайда кім көмектесе алатынын білмеймін. Мемлекеттен ештеңе күтпейміз», – дейді Айгүл.

Несиеге бату қалай басталды?

Қазақстан – халқы несие құрсауына түскен жалғыз ел емес. Соңғы 50 жылда несие батыс елдерінің халқына табыс тоқырауын жамауға көмектесіп келеді. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін АҚШ пен Еуропаның жетекші мемлекеттері әлеуметке бағытталған саясат жүргізе бастады. ХХ ғасырдың басындағы бірнеше көтерілістен кейінгі халықтың наразылығын азайту үшін олар ең негізгі әл-ауқатты қамтамасыз етуге тырысты. Бірақ 1970-жылдары көпшіліктің өсе түскен сұранысы инфляцияның күрт артуына алып келді.

Ұлттық мемлекеттер тығырықтан шығу үшін қатаң үнемдеу шараларын енгізіп, инфляцияны ұстап тұруға тырысты. Саясаттың өзгеруі тез арада табыстың тоқырауына немесе азаюына алып келді. Бұл жағдай әлі күнге дейін жалғасып келеді. Батыс елдерінің билігі нашарлай бастаған тұрмыс деңгейінің орнын толтыру үшін қаржы секторын қайта реттеуге тырысып көрді. Олар ауқатты деген қоғам мүшелерін инвестициялық өнімдердің қолданушысы етіп, халықты байытуға уәде берді. Ал қоғамның тұрмысы орта өкілдеріне несие алудың ыңғайлы формалары арқылы сатып алу қабілетін бір деңгейде ұстап тұруды ұсынды. 90-жылдардың соңында батыс елдерінде қаржы мәселесі өмірдің барлық саласына ене бастады. Көп жағдайда несие халық үшін тамақ, медицина және баспана сияқты ең негізгі қажеттіліктерді қамтамасыз етудің жалғыз мүмкіндігі еді.

Қазақстанда бұл құбылыс кешірек басталды. Бөлшек несие қызметі 2010-жылдардың ортасына қарай, мұнай бағасының күрт түсуі мен соның салдарынан болған ұлттық валюта девальвациясының бірнеше сатысынан кейін кең тарала бастады. Сол кезден бастап елдегі жеке тұлғаларға берілген несиенің мөлшері екі еседен көп артып, 2019 жылдың қорытындысы бойынша 6,6 трлн ($17 миллиардтан көп) теңгеге жетті. Осы аралықта микроқарыздар, пайызсыз несиелер, маркетплейстер мен сату орындарынан әртүрлі қызметті/тауарды бөліп төлеу шартымен алу кең таралды. Олар баяу өсіп, девальвацияның кесірінен құнсызданып жатқан еңбекақы мен қазақстандықтардың азық-түлік себетінде айтарлықтай орын алатын импорт тауарлардың қымбаттауының орнын толтыруы керек еді.

Бұл қызметтің жетекшілері City, ABN AMRO және HSBC сынды халықаралық қаржы институттары еді. Бұлар қазақстандық нарыққа 1990-жылдардың соңында белсенді кіре бастады. Жергілікті ойыншылар да олардың әдістері мен несие құралдарын айтарлықтай тез игеріп, бастамашыларды премиум деңгейден орта деңгейге түсірді. 2000-жылдары танымал болған ипотекалық қарыздармен бірге тағы бір танымал бөлшек тауар – несие карталары болатын. Бірақ бұл бағыт бойынша кешіктіру көбейіп, 2008 жылғы қаржы дағдарысынан кейін Батыстағы арзан қор жинау көздерінен айырылған банктер қымбатқа соғатын бөлшек несие беру мен қалталы клиенттер категориясына қызмет көрсетуге көшті. Осы тұста, Астанадағы экономикалық форумға жиі келетін банкир әрі Нобель сыйлығының лауреаты Мұхаммед Юнус идеясының насихатталуымен микроқаржылық ұйымдар дами бастады. Экономиканың шикізаттық емес салаларының бәсеңдеуімен және ішкі қаржыландырудың қымбаттауымен банктер де әлдеқайда белсенді бөлшек несие беруге көшті. Мұның барлығы саланың цифрлануымен тұспа-тұс келіп, несие алу жолы одан бетер ыңғайлы бола түсті. Енді кез келген тауар мен қызметті пайызсыз бөліп төлеуге не толыққанды несиеге алуға болатын еді.

2019 жылдың ортасында, президент сайлауы біте салысымен жаңа президент Қасым-Жомарт Тоқаев қарызы 3 млн ($7600-7800) теңгеден аспайтын қазақстандықтарға несие амнистиясын өткізуді қолға алды. Бұл шешім әуел бастан әлеуметтік әлсіз топтарға арналғандықтан, шараның әсері шектеулі болды.

Жағдайы тура солар секілді нашарлай бастаған басқа топтар ешқандай көмек ала алмады.

Заңгердің оқуын бітірген Марат төрт жылдай бұрын жұмыссыз қалды: «Күйзеліске түсіп, не істерімді, қалай ақша табарымды білмедім. Жұмыс табу қиын, мамандығым бойынша орналасу мүмкін емес. Жұмысқа тұрғанның өзінде айына 100-150 мың аласың (қазіргі курс бойынша $250-400 – V). Ол түкке жетпейді». Марат біраз уақыт анау-мынауды кәсіп қылып, сантехник болып істеп, ақша тауып жүрген. Бірақ 2020 жылдың маусымынан қарашасына дейін мүлде дәрменсіз халге түсті: ақшасы жетпеуіне анасының қазасы қосылып, соның әсерінен туған үрей мен невроздан арылуға тырысты.

« [2020 жылы] Қарашада қаржылық дағдарыстан шығу үшін, неврозыма да қарамай жұмыс іздедім. Өзімді қолға алып, ойымды жинақтап, ештеңеге қарамай жұмысқа тұрам деп сөз бердім», – дейді Марат.

Алдымен «Додо Пиццаға» курьер ретінде жұмысқа алады, бірнеше айдан соң Яндекс.Такси (таңғы 6-дан түске дейін) мен басқа бір жеткізу қызметінде (түстен кешке дейін) жұмыс істей бастайды. Оған дейін несиесіз жұмысқа орналасу да мүмкін болмаған. Міндетін тыңғылықты атқару үшін Маратқа жаңа көлік сатып алу керек болды. Ал несиесіз көлік алу мүмкін емес. Енді ол банкке жеті жыл бойы ай сайын 100 мың теңгеден ($250) беріп отыруға тиіс. Ал оның табысы – 300-350 мың теңге ($690-800).

Мараттың екі баласы бар, отбасы жалдамалы пәтерде тұрады. Жеке үй сатып алғысы келгенмен, оны әзірге қалтасы көтермей тұр: «Бәрін есептесең, [ай сайын] 100 мың теңге көлікке (230$), 120 мың теңге пәтерге ($280) [төлеуім керек]. Оған қоса азық-түлік алу керек, балаларды киіндіру керек. Бұлардың да бағасы өсіп жатыр. Ақшаң жетпейді, бірақ әйтеуір бірдеңе қылып ақша табу үшін [және несиелерді жабу үшін] күн сайын өліп-талып жұмыс істейсің». Мараттың айтуынша, ол танитын жүргізушілер мен курьерлердің көбінің жағдайы осындай. Біразы таңнан кешке дейін, кейде тіпті түнгі ауысымда жұмыс істеп, көлік үшін алған қомақты несиесін төлейді.

Пандемия несие мәселесін қалай ушықтырып жіберді?

Пандемия кезінде жұмысынан немесе табысының бір бөлігінен айырылғандар күн көру үшін, ем алу үшін немесе бұған дейін алған несиесін жабу үшін несие алуды жалғастыра берді. 2020 жылы жеке тұлғалардың несие қоржыны Қазақстан экономикасы 2,6% пайыздан көп мөлшерге түскеніне қарамастан, 500 млрд ($1 млрд) теңгеге дейін өскен. Бірінші несие бюросының деректеріне сүйенсек, қазір экономикалық белсенді 9 млн қазақстандықтың 7,1 миллионында несие бар. Мұны қазақстандықтарға шақсақ, түрлі деректер бойынша орта есеппен 900 мыңнан 1 миллионға дейін келеді ($2100-2300). Жыл сайын несие алу үшін 400-500 мың жаңа клиент өтініш береді. Сондағы сұралатын қарыздың орташа мөлшері 300 мың теңге ($690-700).

Тіркелмеген Қазақстанның демократиялық партиясы ұйымдастырған карантиннен кейінгі бірінші ауқымды наразылық шеруіндегі басты талаптың бірі – несие амнистиясын қайта өткізу болды. Оның басшысы Жанболат Мамай акция нәтижесі бойынша несие амнистиясы үшін жиналған 100 мың қол туралы айтқан. Оның бестен бір бөлігі Алматыға тиесілі. «Халықтың көбі несиені медициналық қажеттілік үшін алған. Кейде – білім алу үшін. Бұл көбіне шағын, 300-350 мыңдық ($690-800) тұтыну қарызы. Бірақ жұрт соның өзін өтей алмай отыр, өйткені карантин кезінде көбі жұмысынан айырылып, өте қиын қаржылық жағдайға тап болды», – дейді Ж.Мамай.

Мұндай қажеттіліктер үшін несие алуға халықты мемлекеттің әлсіз әлеуметтік саясаты итермелеп отыр. Мысалы, мектепте тегін оқуға мүмкіндік береді де, колледж бен университетте оқуға аз ғана грант бөліп, одан артық көмектеспейді. Медициналық сақтандырудың жайы да осылай: азаматтар тек минимал қызметті ғана тегін ала алады, ал одан күрделірек ем алу үшін мемлекеттік емханалардың өзінде қомақты қаражат керек.

Қазақстандықтар несие мәселесінде көмектесуді қайта талап еткенімен, мемлекет мұндай жауапкершілікті тағы бір мәрте мойнына алуға асықпай отыр. Халық сонда да көшеге шығып, жоғары инфляцияның тұсында азайып жатқан еңбекақы мен теңге бағамының әлсіреуіне наразылық білдіруді жалғастырып жатыр. 2020 жылдың соңынан Қазақстанның әр аймағында шикізат, қызмет көрсету және мемлекеттік кәсіпорын қызметкерлерінің ереуілдері жиілеп кетті. Олар 2021 жылы мамырдың соңына қарай бүкіл ел бойынша 35-40-қа жуық наразылық шеруін өткізген. Ереуілшілер бұл әрекеті үшін жұмысынан айырылуы мүмкін. Соған қарамастан олар наразылық білдіруді орынды деп санайды. Халық қазіргі табысының несие төлеу түгілі, азық-түлікке жетпейтінін айтып, жалақы мөлшерін сол үшін де көбейту керек деп түсіндіреді.

Асыл карантинге дейін Ұлттық ғылым академиясында жұмыс істеген. Пандемия басталғанда мекемеде қиындық туа бастады – мемлекет те, басқа ұйымдар да кейбір жобаларды қаржыландыруды тоқтатан. Асыл осы жайттан кейін цифрлық компаниялардың бірінде тамақ жеткізумен айналыса бастайды: «Кезінде ғылыммен айналысқан кісілер қазір басқа салаларда жүр. Ересектері мейрамханада техникалық қызметші болып істейді, оларды басқа ешқайда алмайды. Ал жастар жеткізу қызметінде. Бірақ бұл [жақында басталған жайт емес]. Егер Glovo, Wolt, Яндекс немесе Chocofood-тың кез келген курьерінен пандемияға дейін қайда жұмыс істегенін сұрасаңыз, көбі әжептәуір жерде, кеңседе жұмыс істегенін айтады».

Асыл жаңа жұмысқа тез орналасқанымен, көп ұзамай жаңа міндеттері үшін көлік шығыны біршама артты. Жұмысқа тұрарда оның мотоциклі болатын, қыс түскенде сатайын деп жүрген. Енді оның орнына көлік сатып алмақ болады. Ал ол үшін несие керек. Онымен қоса көлікті күн сайын мініп жүрген соң, оны жиі жөндеу керек, қосалқы бөлшектерін, майын ауыстыру керек. Сөйтіп жүргенде, бір күні көлігін күрделі жөндеуден өткізу керек болды, қозғалтқышын ауыстыру қажеттігі туды. Курьер болып жүріп алатын жалақысы мұндай жөндеуге жетпегендіктен, тағы бір несие алды. Көлік бір апта жөндеуде тұрған. Асыл бір апта жұмысқа шыға алмайтын болды.

Солай кезекті ай сайынғы төлемнің уақыты келіп, ақша біткенде, Асыл тағы бір қарыз алады.

«Күндіз-түні жұмыс істеймін. Бос уақытымда таксист боламын, бірақ ақша бәрібір жетпейді. Оған қоса пәтер жалдап тұрған соң, пәтер ақысын, коммуналдық қызмет ақысын төлеуім керек. Айына [бұл қызметтің барлығына] шамамен 110 мың теңгедей ($255) шығады. Бірнеше рет несие алуға тура келді, қазір барлығы 6 несием бар. Бұған қоса Kaspi Red бойынша бөліп төлейтінім бар», – дейді курьер. Жақында Асыл жұмыс істейтін компания жалақыны қысқартып, ондағы қызметкерлер ереуілге шықты. Еңбекақысы қысқарған қызметкерлер табысын азық-түліктің өзіне әрең жеткізген. Курьерлердің көбі несиесін жабу үшін қосымша несие ала бастапты.

Асылдың айтуынша, қаржылай көмек үшін банктер мен микроқаржылық ұйымдарға жүгіну әдетте жалғыз шешім: «Басқа кімнен көмек сұрайсың? Туыстарым да түгелімен дерлік жұмыссыз, анам – зейнеткер, әкем жақында көз жұмды. Мемлекет бізге ешқандай көмек бере алмайды, қазір өзінің жағдайы мәз емес».