10749
18 февраля 2022
Ольга Логинова, Дмитрий Мазоренко, суретті Погрангородок бастамашылар тобы түсірген

Бай-бағланмен көрші болу

Құлыбаевтың компаниясы Алматыда тау етегінде тұрғын үй кешенін салмақшы. Бұған тұрғындар да, әкімдік те қарсы болғанымен, әзір ештеңе өзгермеді.

Бай-бағланмен көрші болу

2000 жылдардың басында Тимур Құлыбаевтың компаниясы Алматыда тау етегінен жер алады. Учаске акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы орналасқан аумақта болып шығады. Элитаға арналған тұрғын үй кешенінің құрылысы басталғанға дейін, яғни кейінгі 11 жыл бойы бұл жер олигархқа қатысы бар компаниялар арасында қолдан-қолға өтіп келген. Көрші тұратын көпқабатты үйлердің тұрғындары мен әкімдік өкілдері құрылысты салушымен күресіп келеді, десе де әзірге жеңістің ауылы көрінбейді.

Vласть осы жер теліміне қатысты біраз құжатты зерттеп, бұл жер бұрынғы президенттің күйеубаласының меншігіне қалай өткенін, бірнеше мәміледен кейін мұның құны қалай өскенін және соттың не үшін әркез құрылысты салушы жағына ығысатыны туралы баяндап бермек.

Тау етегінде орналасқан Погрангородок тұрғындары былтырдан бері бұл элиталық тұрғын үй кешенінің құрылысына қарсы шығып, жиі-жиі акциялар өткізіп жүр. Кешен бұрын акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығына тиесілі болған аумақта салынбақшы.

Құрылысты Enterprise Development Group ЖШС салып жатыр. Ол – осы аумақтағы 0,86 гектар жердің иесі. Бұл компанияның құрылтайшылары – олигарх Тимур Құлыбаевқа тиесілі «Кипрос» ЖШС, оның ұлы Алтай Асқар және Артур Арынғазин.

Погрангородок тұрғындары мен құрылысты салушы арасындағы кикілжің айналма жол жоқтығынан, құрылыс техникасының аула ішіндегі шағын жолмен тасымалданып, жолды бөгеп тастағанынан басталды. Құрылысты салушы жер теліміне апарар басқа жол табу үшін тұрғындарды оған жақын орналасқан гараждарды сатуға мәжбүрлей бастады. Оған ешкім келіспегесін, сондай-ақ жұмысына кедергі келтіріп жатқанын көріп, бастамашылар тобына қоқан-лоқы көрсете бастады. Бұл әрекеті жағдайды одан әрі ушықтырғаннан басқа ештеңе берген жоқ, тұрғындар мұндайға пысқырмады.

фото Алмас Қайсардікі

Олар бірнеше рет президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жерді ғылым ордасына қайтаруға өтініш жазды. Тоқаев 2019 жылы-ақ Алматыда бір-біріне жақын құрылысқа тыйым салып, саябақ алаңдарын көбейту керегін мәлімдеген. Тұрғындар әкім Бақытжан Сағынтаевқа да хат жолдаған. Ол бастамашыл топты ғылыми орталық маңында ешқандай құрылыс салынып жатқан жоқ деп сендірген.

Нәтижесі бір сот

Былтыр әртүрлі ведомство сот көмегімен құрылысты тоқтатуға тырысып-ақ бақты. Десе де, құрылысты салушы әркез сотта жеңіп шығып, жұмысын жалғастырумен болды.

Былтыр маусым айында қаланы жоспарлау және урбанистика бөлімі алғаш рет қоғам наразылығына құлақ асып, құрылыс компаниясының рұқсат қағазына шектеу қойды. Ведомство бұл шешімге құрылысты салушының жол қозғалысына қатысты шарттарды орындамағаны себеп болғанын айтады.

2021 жылдың қазан айында Enterprise Development Group ЖШС басқармаға қарсы арыз жазып, жеңіп шықты. Сот бекітілген құжаттарды жоққа шығару заңсыз, ал «тұрғындар наразылығы мемлекеттік органдардың шешім қабылдауына негіз бола алмайды» деген шешімге келді. Үш айдан кейін апелляциялық сот шешімді өзгеріссіз қалдырды.

2021 жылдың тамыз айында қала құрылысын бақылау басқармасы да Алматы қаласы әкімдігінің 2003 жылы ғылыми орталыққа тиесілі жер телімін иеліктен шығару туралы шешімін жоққа шығармақ ниетпен сотқа жүгінген. Ол құжатқа сол кездегі әкім Виктор Храпунов қол қойған. Қала әкімі аппараты Vласть порталына соттың бұл істі тоқтатқанын айтты.

Ал қараша айындағы тағы бір сот отырысында қала құрылысын бақылау басқармасы 2003 жылы Храпунов Ғылыми орталыққа тиесілі жердің 0,86 гектарын «Кит Групп» ЖШС-ға сатты делінген келісімшартты жоққа шығаруға тырысты. Сот алқасы әкімдік жерді пайдаланушы емес, иесі екенін, сондай-ақ, ешқандай заң бұзбағанын айтып, бұл шағымды қабылдамады. Қала құрылысын бақылау басқармасы бұл шешімге апелляция берді, бірақ материалдар сотқа әлі түскен жоқ.

Тимур мен Динара Құлыбаева және олардың ұлы Алтай, фото Sputniknews.kz

Десе де, бір кездері Ғылыми орталыққа тиесілі болған жер телімінің жеке меншікке қалай өтіп кеткенінің жай-жапсары дәл осы кезеңде нақтылана бастады. Дәл осы сот отырысында 2003 жылы Ғылыми орталық меншігінен шығарылған тағы бір 0,53 гектар жер телімі туралы ақпарат тілге тиек етілді. Ол туралы нақты әрі ресми ақпарат жоқтың қасы.

Жер телімінің Құлыбаев меншігіне өтуі: бірнеше нұсқа

2021 жылдың маусым айында Погрангородок тұрғындарының өтінішінен кейін Ауыл шаруашылығы министрлігінің жер ресурстарын басқару комитеті Алматы әкімдігінің шешімдері қаншалықты заңды екенін тексере бастады. Нәтижесінде, аумағы 0,86 гектар жер учаскесін иеліктен шығару кезінде «Жер кодексінің 39-бабының 2-тармағы өрескел бұзылғаны», оған сәйкес мемлекеттік жер пайдаланушының оған сеніп тапсырылған мүлікті иеліктен шығаруға құқығы жоқ екені анықталды.

Комитет Алматы әкімдігі мен оған қарасты ұйымдардың жер телімін «Кит Групп» компаниясына сату туралы қаулы қабылдағанда шынымен де қате жібергенін анықтады. Олар жердің иесі болмағандықтан, Ғылыми орталықтың жерін (жалпы аумағы 5,45 гектар) иеліктен шығаратын құқығы жоқ. Ғылыми орталықтың емдеу-сауықтыру кешенін басқаруға мүмкіндік беретін жерді тұрақты түрде пайдалану құқығы ғана бар.

Тексеріс қорытындысы бойынша, комитет әкімдікке бұл заң бұзушылықты дұрыс шешіп, бұған қатысы бар барлық жеке тұлғаны тәптіптік жауапкершілікке тарту туралы нұсқау жіберді. Ауыл шаруашылығы министрлігі де «сот және арыз бойынша жұмыс жүргізу үшін» материалдарды Алматы қала құрылысын бақылау департаментіне жіберді. Бұдан кейін қыркүйек айында қала құрылысын бақылау басқармасы Алматы әкімдігіне иеліктен шығарылған 0,86 гектар жер телімін бірінші болып сатып алған «Кит Групп» ЖШС мен жердің қазіргі иесі Enterprise Development Group жеке шаруашылық серіктестігіне қарсы сотқа шағым түсірді.

Жер телімін ғылыми орталықтың иелігінен шығарарда жерге кім иелік етті? Ол иеліктен қалай шығарылды? Бұл сұрақтардың нақты жауабы жоқ.

Ғылыми орталыққа өз аумағына билік етуге түрлі құқық беретін екі құжат бар. Бұл құжаттардан жердің жеке меншікке қалай өткеніне сілтейтін екі нұсқа шығады.

Бірінші құжат − жерді пайдалануға құқық беретін акт, мұны Ғылыми орталық әкім Виктор Храпуновтың 2001 жылы 19 қаңтардағы шешімі негізінде алған. Бұл акт бойынша, орталық бұл аумақтың иесі емес, десе де, сонда орналасқан нысандарды басқара алады.

Виктор мен Лейла Храпуновтар, фото forbes.kz

Жер кадастры ісінің ескі құжаттарына сәйкес, 1976 жылы Алматы облыстық еңбекші депутаттар кеңесі 12 гектар жер учаскесін Алматы облысының Талғар ауданындағы Қазақ КСР денсаулық сақтау министрлігі басқармаларының біріне тұрақты пайдалануға берген. Бұл аумақта клиника салынады деп жоспарланған. Қазір ол жердің бір бөлігінде Ғылыми орталықтың медицина және шаруашылық нысандары орналасқан.

2021 жылы қаңтардың 29-ы күні сот талқылауы кезінде Enterprise Development Group ЖШС заңгері Евгений Зеленский мәміле заңды екенін алға тартты. Оның сөзіне қарағанда, жер телімі мемлекет жерін пайдаланушыдан емес, жерді иеліктен шығаруға құқығы бар әкімдіктен сатып алынған. Зеленский Храпунов қала әкімі ретінде қол қойған Алматы қаласы әкімдігінің 2003 жылғы қаулысына сілтеді.

Заңгер Әсел Есентүгелова әкімдік расымен де жер телімін иеліктен шығарған болуы мүмкін дейді. Бірақ жердің иесі әкімдік емес, мемлекет болғандықтан, мұның бәрі Ауыл шаруашылығы министрлігінің жер ресурстарын басқару комитетінің алдынан өтуі керек еді. Әкімдік жер телімін Ғылыми орталық иелігінен шығарарда мемлекеттің жері туралы шешім шығаратын билік органына жүгінуі қажет.

Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты жер ресурстарын басқару комитетінің жоғарыдағы жауабына қарасақ, 0,86 гектар жер телімін сатарда комитетке ескертілмеген.

Оған қоса, екінші құжат бар. Ол – ғылыми орталық қалай алғаны белгісіз жер теліміне меншік құқығы туралы акт. Vласть бұл құжаттың қашан алынғанын біле алмады. Алайда мұндай құжаттың бар екені 2003 жылғы әкімдік қаулысында айтылады. Ол кезде Храпунов бұл актінің күші жоқ екенін айтқан.

Редакциямызда қала құрылысын бақылау басқармасының талап арызы бар. Онда 2003 жылдың 26 қыркүйегінде «Кит Групп» ЖШС мен Ғылыми орталық арасында айырбас шарт жасалғаны айтылады. Оған сәйкес, Ғылыми орталық 0,86 және 0,53 гектар екі жер телімін екі екі бөлмелі және бір үш бөлмелі пәтерге айырбас ретінде «Kit Group» ЖШС-ға беру үшін иеліктен шығарған. Бұл құжатқа Ғылыми орталықтың сол кездегі директоры Нағима Мамедәлиева қол қойған.

Сот отырысы кезінде іс материалдарында Ғылыми орталықтың жер телімін «Кит Групп» ЖШС-ға беруге рұқсат беретін тағы бір хаттың бар екені мәлім болды. Бұл шешім 2003 жылдың 16 қыркүйегінде сол жер телімдерін қабылдау актісіне Ғылыми орталықтың директоры Нина Каюпова қол қойғаннан кейін ұйымдастырылған ұжымның жалпы жиналысында қабылданды.

Vласть сөйлескен заңгерлер сол лауазымдағы Қаюпованың мұндай құжаттарға қол қоюға заңды құқығы жоқ екенін алға тартады. Мұндай құқық сол кездегі басшы Мамедәлиевада ғана бар.

Мамедәлиева Vласть порталына жерді иеліктен шығару Каюпованың кезінде болғанын айтады: «Мен директор қызметіне кіріскенімде жер иеліктен шығарылып қойған болатын. Ал [мен қол қойған] келісімшартта олар бізге сол аумақта кір жуатын орын салып беретіні жазылған. Яғни бұл жер басқа біреудің иелігіне өтіп жатқаны бесенеден белгілі болды. Мұның бәріне кім қол қойғанын білмеймін». Ал Каюпова Vласть тілшісінің қоңырауына жауап бермеді.

Мамедәлиеваның сөзінше, кір жуатын орын мен жедел жәрдем көліктеріне арналған гараж Ғылыми орталықтың аумағына салынды. Ал ол мұның бәрі дұрыс жабдықталуын бақылап жүрген көрінеді. Бұл құрылыстың расымен де 2000 жылдардың ортасында салынғанын спутниктен түсірілген суреттер дәлелдейді.

Десе де, қол қойылғаннан кейін Ғылыми орталықтың жер телімдерін қабылдау және беру актісі Алматы қалалық жер ресурстарын басқару комитетіне жолданды. 2003 жылы қыркүйектің 19-ы күні «Кит Групп» ЖШС екі жер телімін алуға өтініш берді. Кейінірек жер комиссиясы істі «Кит Групп» ЖШС пайдасына шешіп, жерді иеліктен шығарды.

Жер учаскесіне меншік құқығы жоқ болса, айырбастау шартын жасау және қабылдау-тапсыру актісін ресімдеу мүмкін емес еді. Заңгер Есентүгелова бұл келісімшарттың статусы мен заңды күші түсініксіз екенін айтады. Өйткені әкімдіктің Ғылыми орталыққа жер теліміне иелік ету құқығын беретін құзыры болмаған.

2021 жылы желтоқсан айында Погрангородок тұрғындарының баспасөз конференциясында Enterprise Development Group ЖШС заңгері Евгений Зеленский Ғылыми орталықпен арадағы айырбастау туралы келісім еш жерде тіркелмегендіктен, оның заңды күші жоқ екенін айтты. Оған қоса, айырбастау туралы келісімшартта көрсетілген пәтерлердің қазір кімге тиесілі екенін білмейтінін алға тартты.

Иеліктен шығарылған жер телімдерін не істемек еді?

Аумағы 0,86 гектар жер телімінде автотұрағы бар кеңсе салу жоспарланған. Алайда заңгер Әсел Есентүгелова әкімдік әуел бастан ол жерді абаттандыру үшін иеліктен шығарған болуы мүмкін дейді. «Кеңестік құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес, ол жер рекреациялық аумақ саналады. Ғылыми орталық пен тұрғын үй құрылысының арасындағы 50–100 метр жер санитарлық қорғау аймағы болғандықтан, ол жерде тұрғын үй салу екіталай еді. Бірақ мұның өзін тексеру қажет».

Vласть аумағы 0,53 гектар болатын екінші жер телімінің қазіргі жай-күйі туралы ақпарат таппады. Қала әкімдігі редакция сұрақтарына жауап бермеді. Погрангородок тұрғындары Ғылыми орталыққа батыс жақтан жақын орналасқан бұл жерде зәулім үйлер орналасқан дейді.

Сол үйлердің бірінің ішкі көрінісі мынадай: Krisha.kz сайтындағы ақпарат пен спутниктен түсірілген суретке қарағанда, ол үй 2004 жылы салынған. Бұл үйлер әуел бастан Ғылыми орталық аумағына кірмеуі әбден мүмкін. Алайда олар мекеме айналасындағы санитарлық қорғау аймағында орналасқан болса керек.

“Бәрінің артында бір адам”

2003 жылдың соңына қарай, сол кездегі Алматы әкімі Храпуновпен 0,86 гектар жерді жекеменшікке беру туралы келісім жасасқан «Кит Групп» ЖШС толығымен «Фирма Алмэкс» ЖШС-ға тиесілі болды. Ол компанияның негізгі акционерлері бизнесмен Тимур Құлыбаев (50%) және әйелі, Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Құлыбаева (20%) еді.

Жер телімін сату кезінде оның кадастрлық құны 12 миллион теңгеден (шамамен 80 мың доллар) асатын.

Одан кейінгі 15 жыл бойы бұл жер бос тұрды және Тимур Құлыбаевқа қатысы бар және оған жақын адамдар мен компаниялар арасында қолдан қолға өтті. Ақыр соңында, осындай төрт мәміледен кейін, 2014 жылға қарай оның құны 53 есе шарықтап кетті.

«Инфляция деңгейі мен жер құны өскен сайын, оның құнын арттырып, бағасын одан әрі қымбаттату үшін жерді қайта-қайта алып сатумен болды. Сонымен қатар, жерді сату арқылы мемлекеттің көзіне түспеу мүмкіндігін қалт жібермеді», − деп түсіндірді Есентүгелова.

«КИТ Групп» ЖШС 2005 жылы маусым айының соңында екінші тараппен жерді сату-сатып алу келісімшартын жасасты. Оны SAT&Company ЖШС сатып алды. Бұл компанияның бас директоры Нұрлан Әбдуов еді.

Әбдуов 2004-2005 жылдары «Меркурий» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. Vласть тіркеу құжаттарын тауып, компанияны қай жылы кім басқарғаны жөнінде ақпарат таба алмады. Алайда 2006 жылы мұның «Меркурий» АҚ ретінде атала бастағаны белгілі болды. Ал оның жалғыз акционері – Құлыбаев басқаратын «Кипрос» ЖШС.

Сондай-ақ, 2004 жылдың қыркүйегінен 2005 жылдың сәуіріне дейін Құлыбаевтың негізгі бизнес серіктестерінің бірі Кеңес Рақышевтың «Меркурий» ЖШС бас директоры болғаны да қызық көрінді. 2008 жылдың соңына қарай, Рақышев SAT&Company ЖШС директорлар кеңесін басқарды. Ал Құлыбаев 2010 жылы сәуір айында бұл компания акционерлік қоғамға айналғаннан кейін 6,85% акциясын сатып алады.

Ендігіде SAT&Company АҚ 0,86 гектар жер телімін 2014 жылы қаңтар айында ғана сатты. Ал оған дейін жер Қазкоммерцбанкте кепілде болған. Жердің осы компания меншігінде ұзақ болуының себебі де осы көрінеді.

Кейін SAT&Company АҚ-дан бұл жерді «Кипрос» ЖШС сатып алды. Оның 2007 жылдан бергі жалғыз иесі – Құлыбаев. 0,86 гектар жердің сол кездегі құны – 229,75 миллион теңге ($1,2 млн.)

«Кипрос» ЖШС бұл жерді көп ұстап тұрмады, 2014 жылы сәуір айында «Алатау» ЖШС-ға сатып жіберді. Компанияны Раушан Сағадиева басқарған. Ол Құлыбаевтың танысы болып шықты. Сағадиева 2007–2011 жылдар аралығында «Кипрос» ЖШС директоры болған, 2005–2006 жылдар аралығында «Меркурий» ЖШС-де жұмыс істеген.

Десе де, бір айдан соң «Алатау» ЖШС 0,86 гектар жер телімін жердің жартысына иелік ететін Enterprise Development Group ЖШС-ға берді. Ал Enterprise Development Group ЖШС-ның құрылтайшылары – Құлыбаевтың «Кипрос» ЖШС, ұлы Алтай Асқар мен кәсіпкер Артур Арынғазин.

Мәмілеге сәйкес, «Алатау» ЖШС-ның ресми мақсаты Enterprise Development Group ЖШС-ның жарғы капиталын учаскені беру арқылы ұлғайту болды.

2014 жылдың төрт айындағы үш мәміле нәтижесінде жердің нарықтағы құны 3 есеге жуық өсіп, 646,49 миллион теңгеге (3,5 миллион доллар) жетті.

Одан кейін бұл жер бір жыл бос тұрды. 2015 жылы сәуір айында Enterprise Development Group ЖШС әкімдіктің «автотұрағы бар көпфункционалды кешен салу үшін» жердің нысаналы мақсатын өзгерту туралы шешім қабылдауына қол жеткізді.

Бұдан кейін жер телімінің нысаналы мақсаты тағы бірнеше рет өзгереді. Бұған 2019 жылы жер комиссиясы жерасты автотұрағы бар элиталық тұрғын үй кешенін салу үшін соңғы рет қайта профильдеуі тоқтау болды. Ал құрылыс-монтаж жұмыстарының өзі 2021 жылдың 12 мамырында басталды.

2022 жылы қаңтардың соңында негізгі сот отырыстары сәтсіз аяқталғаннан кейін, Погрангородок тұрғындары құрылысқа қарсы тағы наразылық өткізді.

Қала құрылысын бақылау басқармасы архитектура-жоспарлау жұмыстарын тоқтатты. Бірақ, тұрғындардың сөзіне қарағанда, 2022 жылы 19 қаңтар күні Ғылыми орталық маңына жүк көліктері келе бастаған. Vласть порталына әкімдік 20 қаңтар күні сот апелляциялық сатыда құрылыс салушының рұқсат құжатын жоққа шығаруды заңсыз деп танығанын хабарлады.

Қала құрылысын бақылау басқармасының өкілі жоғарыда аталған жүк көліктері қоқыс шығаруға барғанын айтады. «Құрылыс жүріп жатқан жоқ». − Қала құрылысын бақылау басқармасы басшысының орынбасары Олжас Төлебаев шерушілерді осылай деп сендірді.

Сондай-ақ ол өзі басқаратын бөлім Ғылыми орталықтың жерін жеке меншікке беру туралы апелляциялық сатыға шағым түсіргенін, бірақ іс материалдары әлі сотқа жолданбағанын айтты.

Бұл жер телімі Алматының жаңа әкімі Ерболат Досаевтың істің мән-жайы анықталғанша, қаладағы 19 нысандағы барлық құрылыс жұмысын тоқтатуды тапсырған алғашқы шешімінде де айтылды. Ғылыми орталықтың жері әкімдіктің хабарламасында бөлек айтылды.

Әкімнің бұл шешімі уақытша екені белгілі. Бұл құрылысты тек сот тоқтата алады. 2021-де жыл бойы құрылысты салып жатқандардың жағында болған сот шешімін өзгерте ме екен?