6449
28 октября 2022
Владислав Сон, фото Жанар Каримованыкі

«Жаңа» Қазақстанның ауқымды жобалары

Мемлекет саяси реформаның көмегінсіз атом электр станциясының құрылысына кірісе ала ма?

«Жаңа» Қазақстанның ауқымды жобалары

Қазақстанда ауқымды жобалардың басым көпшілігі ақырында жемқорлық дауына ұласып, қоғам талқысына түседі. Бұл сөзімізге бюджеттен миллиардтаған қаражат бөлінген Астанадағы EXPO мен ЛРТ мысал бола алады. Биыл президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде атом электр станциясын салу туралы тағы да айтты. Қазір үкімет дайындық жұмысын бастап кеткен. Тәжірибе мен елдегі саяси жүйе өзгермейінше, мұндай жоба бастаудың мәні бар ма?

Қазақстанда мұндай шешімдер қоғамдық талқы мен көпшіліктің қатысуынсыз қабылданады. Атом электр станциясы туралы шешім де солай қабылданған көрінеді.

2019 жылы Тоқаев президент болып сайланарда елімізде атом электр станциясын салу мәселесін уақытша жабамыз деген. Ал бір жыл бұрын бұл мәселе қайта көтеріле бастады. Шынын айтқанда, Қазақстанда электрмен қамтамасыз ету саласында проблема көп. Былтыр күзде бірнеше өңірде жарық тапшылығы болып, қаңтардың соңында Орталық Азиядағы (ішінде Қазақстан бар) үш елде жаппай жарық өшті.

Бұл жағдайларды ескерсек, президенттің мәлімдемесі орынды көрінеді. Алайда оның сөзі техникалық сұрақтарға, соның ішінде өмірлік маңызы бар сұрақтарға жауап бермейді. Халық пен экономиканы толық қамту үшін елге қанша электр энергиясы қажет? Жетіспеушіліктің орнын толтыра алатын басқа жолдар зерттелді ме? Бұл мәселенің шешімі ретінде неге АЭС таңдалып алынды? Ол қажет пе өзі? Мемлекеттің мұндай жобаға шама-шарқы жете ме? Кім қаржыландырады? Бюджетті кім басқарады? Құрылысты салатын ел мен компанияларды қалай таңдайды? Құрылыс орнын қалай таңдайды? Қажетті кадрлар мен станциядағы жұмыстың қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі? Қандай қауіп бар? Олардың алдын алу қалай болады?

Әзірге бұл сұрақтарға мардымды жауап жоқ. Бұл сұрақтар тәуелсіз сарапшылар мен азаматтық қоғамның талқысына түскен жоқ. Мемлекет диалог туралы айтуын айтқанмен, іс жүзінде диалогқа бармайды. Шешімді өзі қабылдайды.

Мемлекет ашық болмайынша, бұл процеске қоғам араласпайынша, оған мұндай ауқымды жобаны сеніп тапсыра аламыз ба? Жауап айдан анық. Атом электр станциясын салу туралы шешім қабылдарда барлығын қамту керек. Барлық қауіп-қатер ескерілуге тиіс. Өйткені титтей қателік алапат зұлматқа әкелуі мүмкін. Бұған тарих дәлел.

Ал қазіргі саяси жүйеде мұны жүзеге асыру мүмкін емес. Өйткені қоғам мүддесін көрсетуге тиіс президент пен парламент сайлауы әділ өтпейді. Тежеу және тепе-теңдік механизмі жоқ. Инклюзив институттар, сөз бостандығына кепілдік жоқ.

Бейбіт жағдайда атом, бәлкім, энергия жетіспеуін шешіп берер. Алайда мұндай ауқымды әрі қатерлі жобаға кіріспес бұрын Қазақстан шынайы саяси реформадан өтуі қажет.