5795
10 января 2023
Ольга Логинова, Алмас Қайсар, Власть

Қаңтар оқиғасына бір жыл: рақымшылықтан бас тарту, жаңа айыптау, кісі өлтіру орнына «билікті асыра пайдалану»

Қаңтар оқиғасынан бері жыл өтті, азаптауға ұшырағандар мен қаза тапқандардың ісі не болып жатыр?

Қаңтар оқиғасына бір жыл: рақымшылықтан бас тарту, жаңа айыптау, кісі өлтіру орнына «билікті асыра пайдалану»

Қаңтар оқиғасынан бері бір жыл өтті. Қаза тапқандар мен азаптауға ұшырағандардың ісіне қатысты тергеу айлап созылып, ақыры жабылды. Алматыда СИ-18-дегі азаптау туралы бірінші болып айтқандардың үстінен жаңа қылмыстық іс қозғалып, жыл бойы белсенділік танытқан азаматтардың кейбірі қамауға алынды. Сотталғандар мен қаза тапқандардың отбасы әлі күнге дейін қудалау мен қысым көріп отыр.

Власть адвокаттармен, құқық қорғаушылармен, зардап шеккендермен және олардың отбасымен қанды қаңтардан кейін не өзгергені және ел тарихындағы бұл оқиғаны неге жабулы қазан күйінде қалдыруға болмайтыны туралы сөйлесті.

«Біздің аузымызды жабу үшін тағы бір айып тағылды»

2022 жылдың 5 қаңтарында 41 жастағы алматылық барбер Нұртас Қаранеев наразылыққа шыққан Жаңаөзен тұрғындарына қолдау білдіру үшін алаңға бет алған. Бейбіт митинг өтіп жатқанын үйінің жанында кездескен жастардан естіпті.

«Мен алаңға келгенде Сәтбаев көшесімен адамдар көтеріліп келе жатыр екен, – деп еске алады. – Қоршауды (Президент резиденциясының қоршауы – В.) КамАЗ көлігімен бұзып кіріп, адамдар жарақат алып жатты. Мен бір адамға алғашқы медициналық көмек көрсеттім. Бұрын әскери адам болғанмын, бізге мұндай жағдайда не істеу керегін үйреткен. Ол адамды көлікпен медициналық мекемеге алып кетті. Қанды көргенде, мұның бейбіт митинг емес екеніне көзім жетті, мұнда адамдарға оқ атып жатты».

Қаранеев қайтуға бет алғанда, резиденцияға қарама-қарсы алаңда оған оқ тиеді. Содан кейін ауруханаға түсіп, оған операция жасалады. Ал үш күннен кейін оны басқа да бір топ адаммен бірге жаралы күйінде СИ-18-ге алып кетті. Изолятордағы азаптау мен ұрып-соғу туралы кейінірек қаңтарда ұсталғандардың көпшілігі жеткізді.

Нұртас Қаранеев, фото авторы Владислав Сон

«Менен жауап алды, бұрынғы әскери адам екенімді айттым, сондықтан болар, маған қатты тиіспеді, – деп еске алады ол. – Бірақ сол күні, яғни 8 қаңтарда сазайымды тарттым, тоғызы күні де солай болды. Бірақ Ақылжан Қисымбаев, Саят Әділбекұлы және Қосай Маханбаевты қорлағандай қинаған жоқ. Адамдарды ұрып-соғып жатқанын көрдім. Бірақ мені бұлай сындыра алмады, мен кейін бұл туралы объективті және нақты айта алатын хәлде болдым».

Қосай Маханбаев, Ақылжан Қисымбаев «Пережить январь» материалында айтылған басқа да зардап шегушілермен бірге Қаранеев бірнеше ай бойы азаптау туралы тергеу ісіне қол жеткізуге тырысты, сондай-ақ өзі де өміріне қастандық жасалғаны туралы арыз берді. Соған қарамастан, бұл істер бойынша күдіктілер сол күйі табылған жоқ.

«Қосай Маханбаевты, Ақылжан Қисымбаевты азаптау бойынша іс жабылды, – дейді Қаранеев. – Ешкім жауапқа тартылған жоқ. Істі ұрып-соғу, зорлық-зомбылықты көрсететін бейнежазба болмағандықтан тоқтатты. Олар куәгерлердің сөзін есепке алмай отыр. Біз бір камерада бес-алты адам отырдық, ұсталғандардың қорлық көргені, соққыға жығылғаны және біздің айғақтарымыздың есепке алынбағаны туралы куәлік береміз, бірақ оны ескермейді».

Қаранеевке де Қисымбаев пен Маханбаев сияқты жаппай тәртіпсіздікке қатысты деген айып тағылды (Қылмыстық кодекстің 272-бабының 2-бөлігі). Бұл бап мемлекет жариялаған рақымшылыққа кіреді, бірақ Қаранеев пен Маханбаевтың ісі әлі тоқтатылған жоқ, ал жақында оларға тағы бір айып тағылды.

«Рақымшылық бойынша біздің ісімізді тоқтату керек еді, – дейді Қаранеев. – Бірақ, өкінішке қарай, қандай да бір себептермен бізге 269-баптың 3-бөлігі қосылды (ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасау; бұл баптың 3-бөлігі рақымшылыққа жатпайды – В.). Биліктегілер біздің үнсіз отырмағанымызды біледі».

«Биліктегілер біздің үнсіз қалмайтынымызды біледі. Қамаса да қоймаймыз. Өз басым ұрып-соқса да, үнсіз қалмаймын».

2022 жылдың 1 маусымында қаза тапқандар мен зардап шеккендердің туыстарын әділ тергеуге бірнеше рет шақырған Қосай Маханбаев қалалық прокуратура алдында заңсыз митинг ұйымдастырды деген айыппен 15 тәулікке қамауға алынды. Кейін оны жаппай тәртіпсіздікке қатысты қылмыстық іс бойынша қамауға алды.

Нұртас Қаранеевтің айтуынша, азаптауға ұшырағандар мен қаза тапқандардың туыстары осы жағдайлардан кейін басылып қалған, қазір олар қалалық прокуратураға бармайды.

«Біз прокурорлармен бірнеше рет кездестік, олар 1 маусымда келмеуімізді сұрады, – дейді ол. – Біз бұл митинг емес екенін бірнеше рет айттық, осыған дейін прокуратураға қалай келіп жүрсек, солай келеміз, бірақ көп адам боламыз дедік. Прокуратура бізге және туыстары қайтыс болған адамдарға назар аударса дедік. Бірақ олар мұны рұқсат етілмеген митинг деп қабылдады. Бізге нақты шара қолданатынын айтты және солай болды да, Қосайды қамауға алды».

Қосай Маханбаев, фото авторы Алмас Қайсар

Қараша айында Қосай Маханбаевты үйқамаққа отырғызған. Көп ұзамай оның анасы қайтыс болды.

Адвокат Жалғас Сапарханова Маханбаев 269-баптың 3-бөлігі бойынша тағылған жаңа айыпты да, жаппай тәртіпсіздікке қатысты деген айыптауды да мойындамайтынын айтты.

«Оған президенттің резиденциясына шабуыл жасады деп айып тағылды. Олай болған жоқ. Ол мұражай жақта болған. Қылмыстық іс бойынша бірнеше шағым түсірдік. Қазір ол үйқамақта. Іспен танысу енді басталуы керек. Денсаулығына байланысты кейінге қалдыруды сұраған болатынбыз. 29 желтоқсанға дейін ол күндізгі стационарда ем қабылдайды. Жақында том-том іспен таныса бастаймыз», – деді ол.

Жараланып, кейін азаптауға ұшыраған Ақылжан Қосымбаевтың жаппай тәртіпсіздікке қатысу бойынша ісі тоқтатылды. Алайда қараша айында ол тағы да қамауға алынды. Енді оған басқа да бірнеше тұтқынмен бірге сайлау күні "билікті басып алу үшін тәртіпсіздік ұйымдастырды” деген айып тағылып отыр.

«Қаңтар оқиғасына орай қозғалған іс тоқтағаннан кейін Ақылжан жұмысқа орналаспақ бол еді, жолы болмады. Сондықтан ол Жамбыл облысында тұратын туыстарына кетті. Кейін сол жерде ұсталып, қайтадан Алматыға жеткізілді», – дейді адвокаты Ғалым Нұрпейісов. Сол кезде Ұлттық қауіпсіздік комитеті «қылмыстық топ ұсталды» деп хабарлап, олардың құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекемеге шабуыл жасауды жоспарланғаны айтылып, қару-жарақ табылғанын жария етті.

Нұртас Қаранеев пен Ақылжан Қисымбаев, фото авторы Алмас Қайсар

Нұрпейісовтың айтуынша, оның қорғауындағы азамат қаңтар айында СИ-18-де танысқан зардап шегушілерге бірнеше рет қонаққа келген.

«Ол бес рет келді, ал мұнда бақылау қатаң болды, олардың әңгімесі жазылды. Тінту кезінде қару табылғаны мен үшін үлкен құпия болып отыр, табылған қару мен қорғауымдағы азаматтың арасында байланыс бар деп ойламаймын. Күмәнім бар, – дейді адвокат. – Ұлттық қауіпсіздік комитеті діни негізде лаңкестік топтарды ұстап, қамауға ала жүріп тәжірибе жинады ғой, менің ойымша, мұнда да олар дәл сол схема бойынша жұмыс істеген сияқты».

Нұрпейісовтің айтуынша, қамауда отырған Қисымбаевтың да денсаулығы мәз емес.

«Аяғы әлі жазылған жоқ, оған ота жасау қажет. Аяғына тиген оқ тамырға да, жүйке жүйесіне де зақым келтірген, – дейді адвокат. – Біз толық тексеруден өтуге, нейрохирург маманға қаралуға өтініш бердік. Ауруханаға апарғанымен, хирург қана тексеріпті. Хирург жаралы аяғын түртіп көріп, “бәрі жақсы” депті. Бұлай болмайды, ол башпайларын сезбейді, осылай кете берсе, нерв өліп, аяғынан біржола айырылып қалуы мүмкін».

Адвокат Қисымбаев ұсталған сәттен бері оған қатысты тікелей дәлел көрсетілмегенін айтты. «Олар жазып алған әңгімелерді біз әлі тыңдаған жоқпыз, – дейді Нұрпейісов. – Менің ойымша, сол арқылы олардың радикал көзқараста екенін көрсеткісі келеді. Табылған қаруды да соларға телиді. Менің ойымша, бұл экстремизммен күресті көрсету үшін жасалған таза арандатушылық болды».

«Меніңше, олар экстремизммен күресіп жатқан жоқ, бұл биліктегі белгілі бір адамдардың өз халқымен күресуі».

Нұрпейісов қаңтар оқиғасынан кейінгі азаптау бойынша үш қылмыстық іс болғанын және барлығы тоқтағанын айтты.

Адвокат Жалғас Сапарханова да қаңтар оқиғасынан кейінгі азаптау жөніндегі 14 қылмыстық істің 12-сі жабылғанын айтады. Тек екеуі ғана жақын арада сотқа жетуі мүмкін: оның бірі қатты резонанс тудырған Талдықорғандағы Азамат Батырбаевтың, ал екіншісі Ілияс Дүкенбаевтың ісі.

«Жеңісхан Өжет пен Бақыт Оңтайды азаптау бойынша іс жабылды, оларды Есік аудандық полиция департаментінде азаптаған еді. Олар 291-бап бойынша бес жылға сотталғандардың алғашқысы болды (қару ұрлау – В.). Алматыда азаптау бойынша тек Тимур Радченконың соты басталды. Көп іс жабылды. Осы уақытқа дейін мен тек екі адамның ісін жабу туралы қаулы алдым. Қалғанын әлі ала алмадым, материалдармен де таныса алмадым. Біз мұрағатқа сұраныс жолдадық, бірақ олар көшіп жатырмыз, анау-мынау дейді. Сылтау көп. Материалдарын ала алмағандықтан, оларды азаптау бойынша істі қайта бастауды сұрай алмаймын», – дейді ол.

Жалғас Сапарханова, фото авторы Алмас Қайсар

Сапарханованың айтуынша, азаптаумен байланысты істі жапқанда дәлел жоқтығына сілтейді. Ал оның қорғауындағы азаматтар өздерін азаптаған полиция қызметкерлерін беттестіру кезінде таныған.

«Олар дәлел аз деуден танбайды. Бейнежазба талап етеді. Полиция қызметкерлері азаптау кезінде бөлмедегі барлық бақылау камерасын жауып қойған. Олар сұрағандай бейнежазба жоқ. Антикор мен прокуратураның тергеушілері де бізден бейнежазба сұрайды. Қайдағы бейнежазба? Бірнеше адам ұрып-соғып жатса, қалай түсіреді, телефонды қайдан алады? «Түсіріп алайын деп едік, қоя тұрасыздар ма» деп сұрай алмайды ғой. Осындай жағдай көп. Ал беттестіру кезінде полиция қызметкерлері ешкімді азаптамағанын және танымайтынын айтады», – дейді адвокат.

Адвокат 188-бап (ұрлық), 291-бап (қару ұрлау), 287-бап (қаруды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау тасымалдау немесе алып жүру) және 272-бап (жаппай тәртіпсіздік) бойынша қылмыстық істермен айналысып жатыр. Олардың арасында түрлі бап бойынша тоғыз адамның ісі аяқталған. Талдықорғанда екі айыпталушы процессуалдық келісімге қол қойып, бостандыққа шыққан. Рақымшылыққа байланысты қылмыстық мерзімі қысқартылғандар да бар.

«Жеңісхан Өжет пен Бақыт Оңтайдың қамаудағы мерзімін есепке алып, рақымшылық бойынша мерзімін қысқартты. Енді екі айы қалды. Бірақ біз қазір шартты жазаға өзгертуді сұрап жатырмыз. 188-бап бойынша бір-екі жылға шартты жазаға кесілгендер бар. Бес адамның ісі жаппай тәртіпсіздік бойынша қаралуы керек», – дейді ол.

Бақыт Оңтай мен Жеңісхан Өжет, фото авторы Алмас Қайсар

Сапарханованың айтуынша, оның қорғауындағы азаматтар арасында сотталғандар ғана рақымшылыққа келіскен.

«Рақымшылық деген – бос сөз. Мысалы, 23 желтоқсанда Алматыда жаппай тәртіпсіздік бойынша 25 адамның ісі басталды, оның біреуі қайтыс болған. Прокуратураға айыпталушыларға рақымшылық жасау туралы бірнеше өтініш түсті, прокурор ешбірін қабылдамады. Негізі көп адам рақымшылықтан бас тартады, олар ақталуды көздейді. Мәселен, белсенділер Қосай Маханбаев, Қалас Нұрпейісов және Бердах Бекетов рақымшылықты мойындамайды», – дейді Сапарханова.

Алматыда соты болған 25 айыпталушының бірі – Ғалымбек Бесаев. Сапарханованың қорғалушысы. Ол да рақымшылықтан бас тартқан.

«Бастапқыда ол 272-баптың 2-бөлігі бойынша жаппай тәртіпсіздікке қатысу бабымен күдікті болды. Біз оның бұған қатысы жоқ екенін дәлелдеп, істі жабуды талап еттік. Содан кейін іс 272-баптың 3-бөлігі – жаппай тәртіпсіздікке шақыру бойынша қайта қаралды. Филолог маман мемлекеттік сараптама жасап, Ғалымбек Бесаев жаппай тәртіпсіздікке шақырған деп тапты. Бірақ ондай да ештеңе болған жоқ. Біз сараптамаға шағым түсірдік. Сарапшы тергеушіге келіп, шақырудың бар-жоғын нақты айта алмайтынын айтты. Біз тәуелсіз филологқа жүгіндік, ол қорытынды сөзін айтты. 23-і күні алдын ала тыңдау кезінде біз Қылмыстық кодекстің 35-бабына сәйкес, сараптама қорытындысын тіркеуді және істі жабуды сұрадық», – дейді ол.

Бесаев та азаптаудың құрбаны. Ол төрт күн бойы Ұзынағаштағы Жамбыл аудандық полиция департаментінде азапталды. Содан кейін Алматының уақытша ұстау изоляторына жеткізілді. Сапарханованың айтуынша, денесінде ұрып-соғудың белгісі көп болғаны үшін оны тіркегісі келмеген.

«Оған мемлекеттік адвокат тағайындалды, адвокат Бесаевты ұрып-соққаны туралы өтініш берген жоқ. Сол үшін оны изоляторға алмады. Оның орнына бір бөлмеге апарып, ит құсатып батареяға байлап қойды. Онда бес-алты қызметкер тойлап отырған, олардың бірі Бесаевты өлтіремін деп қорқытқан. Бесаев су сұраған, дәретханаға барғысы келген. Әлгі қызметкер ашуланып, тапаншасын алып шыққан. Полиция қызметкері өлтіреді екен деп ойладым дейді. Бірақ Медет есімді екінші бір қызметкер Бесаевты денесімен жауып, оны құтқарып қалған. Содан бастап ол Медет есімде қызметкер кетіп қалмаса екен деп тілеген, өйткені ол сұрағанда су беріп, дәретханаға апарған екен», – дейді адвокат.

Сапарханованың айтуынша, Бесаев олардың әңгімесін мұқият тыңдап, бет-әлпеті мен есімдерін есінде сақтап қалуға тырысқан. Фотокарта көрсеткенде бәрін танып, егжей-тегжейлі айтып берсе де, іс жабылған.

Қорғаушы айыпталушылар саны көп болғандықтан, тергеу ұзаққа созылып жатыр деп ойлаған. Ал төрт тергеу тобымен жұмыс істегеннен кейін, істің «біржақты» тергеліп жатқанына көз жеткізген.

«Сараптаманың барлығы біржақты, көп нәрсені ойдан шығарған. Қаншама қарапайым адам қылмыскерге айналды. Қосай Маханбаев – дәрігер, Қалас Нұрпейісов – тарих пәнінің оқытушысы. 5 қаңтар күні кешке Алматыда әуежайға бара жатқан топпен кездесіп, солармен бірге жүрген. Тарихшы ретінде тарихи сәтті жіберіп алғысы келмеген. Енді оған 269-баптың 3-бөлігі (қылмыстық топ жасаған немесе адам өліміне әкеп соқтырған ғимаратқа шабуыл) және 272-баптың 1-бөлігі (тәртіпсіздік ұйымдастыру) деп айып тағылып отыр. Әуежайды басып алды деген күдікпен ұсталған белсенді Әйгерім Тілеужанның да жағдайы осындай. Маған бұл өте ауыр тиіп жатыр. Олар тіпті бұрын кім болғанына да қарап жатқан жоқ. Қорғауымдағы азаматтар бұған дейін қылмыстық құқық бұзу былай тұрсын, әкімшілік құқық та бұзбаған», – дейді Сапарханова.

Ол қорғалушыларына қарсы дәлелдерді «ойдан шығарылған» деп санайды. Адвокат басқа дәлел болмағандықтан, біреулерді қорқыту және әртүрлі ұсыныс жасау арқылы қарсы куәлік етуге мәжбүрлеген деген пікірде.

«Қалас Нұрпейісовке қатысты осындай жағдай болды. Тергеушілер Тілеужан оған қарсы куәлік бергендей етіп көрсеткен, Нұрпейісовтің де Тілеужанға қарсы куәлік беруін күткен. Тағы бір жағдай бар. Менің көз алдымда 21 жастағы қорғалушым Тұрсынбай Алпысбаевқа СИ-18 тергеушісі Жанболат Мамайға қарсы куәлік беруді ұсынды, айтқанына көнсе, тергеумен келісімге келді деп оның ісін жабатын еді. Нұрпейісовпен бір камерада отырған жігіт екі адамға Нұрпейісовті бәрін бастаушы деп көрсетуді ұсынғанын айтты. Келіскен жағдайда оларды жібереміз деген соң, олар келіскен. Бұл мұндай істердің қалай жүретініне мысал. Менің ойымша, адамдар бір жыл бойы қамауда отырғандықтан да осындай жағдай болып жатыр. Егер кінәлі екенін дәлелдемесе, олар өтемақы талап ете алады, тіпті жауапқа тарта алады. Сондықтан барлық тәсілді пайдаланып, жабуға тырысып жатыр», – деп ойлайды Сапарханова.

Адвокат алты қорғалушысы әлі де Алматыдағы СИ-18-де қамауда отырғанын айтты.

«Олар жаңа жылға дейін бәрі аяқталады деп үміттенді. Шынымды айтсам, мен үшін о бастан-ақ олардың барлығын ешқайда кетпеу туралы қолхатпен СИ-18-ден алып шығу немесе үйқамаққа отырғызу маңызды болды. Бірақ олар әлі де қамауда отыр, бұл мен үшін өте ауыр. Олардың мойнына жаңа баптар ілініп жатыр. Кейінгі екі аптада мүлдем қиындап кетті. Қорғауымдағы Бекет Бердахов 12 желтоқсанда қайтадан қамауға алынды. Бас прокуратураға қабылдауға бардым. «Әлемдегі жағдайды көріп отырсыз. Соғыс, көтеріліс. Қаңтар оқиғасы кезінде Отаным деп шыққан қанша адам түрмеде отырғанын қараңыз. Сіздер оларды қылмыскер қылдыңыздар. Бұл үлкен қателік. Егер елімізге қауіп төнетін болса, Отанымызды қорғайтын солар болады« деп айттым».

Ол жазықсыздар ақталады деп үміттенеді. «Рақымшылық болады дегенге үміттеніп едік, ол да ойдағыдай болмады. Тәуелсіздік күні бір жаңалық болып қалар деп күттім. Енді қаңтардың бір жылдығын күтемін. Мен үмітімді үзбеймін. Қаңтар оқиғасы бүкіл халық үшін өте ауыр болды. Қаншама адам қайтыс болды. Жазықсыз адамдарды, азап көргендерді, зардап шексе де аман қалғандарды босатыңдаршы. Мен олармен кездесемін ғой. Сонда көзінен жеккөру мен ашуды көремін. Билік қолдан қоздырып, оларды қылмыскер жасап отырғандай көрініп кетеді», – дейді Сапарханова.

фото авторы Алмас Қайсар

«Ешкім әділетті шешімге қол жеткізген жоқ»

Азаптаумен байланысты істердің жабылғаны жөнінде Қазақстандағы азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының координаторы Роза Ақылбекова да айтып отыр.

«14 қаладан 190-нан астам адамнан шағым түсті. Қаңтар оқиғасынан кейін азаптауға ұшырап, қатыгездік көргендер. Соның ішінде 11 қалада іс тоқтатылды, шамамен 80-нен аса іс», – дейді құқық қорғаушы. Оның айтуынша, Талдықорғанда тоқтатылған 33 істі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қайта қарай бастапты.

«Өйткені жәбірленушілердің адвокаттары азаптау болғаны, қорғаудағы азаматтар кімдер ұрып-соққанын танығаны туралы көптеген шағым түсірген. Жәбірленушілер өтемақы алуы үшін шағымдардың сотқа дейін жетуі өте маңызды. Өкінішкке қарай, бүгінге дейін ешкім әділетті шешімге қол жеткізген жоқ», – дейді сарапшы.

Ақылбекованың айтуынша, кейбір шағымданушыларға өтемақы түсе бастаған көрінеді. Оларды жәбірленуші деп тапқан. Бірақ өтемақы мөлшері айтуға ұят: «Заң бойынша, өтемақы мөлшері 90 мыңнан 120 мыңға дейін. Үтік басып, мұрныңды сындырып, тісіңді жұлып алған болса, мұндай өтемақы тым аз».

Құқық қорғаушының айтуынша, Талдықорған қаласында бір ғана іс сотқа дейін жеткен. Көптеген жәбірленуші «қызметін асыра пайдаланудың» құрбаны болса да, бұл бап бойынша әлі бірде-бір іс сотта қаралмаған.

Ақылбекова азаптауға ұшыраған жандардың әділдікке қол жеткізуі өте маңызды деп санайды. Оның ойынша, мұндайды жазасыз қалдырудың арты жақсы болмайды. Құқық қорғаушы бір оқиғаны мысалға келтірді.

«Бізге азаптаудың құрбаны болған бір кісі келді. Өзі көпбалалы әке екен, балалары қыркүйек айында мектепке барған. Аудан кішкентай. Оны ұрып-соққандардың бірі балалары оқитын мектепке жасөспірімдер ісі жөніндегі инспектор болып келген. Амнистияны қабылдамағандықтан, ол сотталған болып саналады. Соған орай бас бостандығы шектелген. Соған орай белгілі бір міндеттемесі бар, енді ол өзін ұрып-соғып, азаптаған адамға келіп, белгіленіп жүруі керек. Зардап шеккендер тап басып таныған адамдар әлі жұмыс істеп жүрген болса, басқа не деуге болады?».

Құқық қорғаушы бұндай жағдайда азапталғандар арызынан бас тартуы мүмкін екенін, ал мемлекет қозғалған істі тоқтата алмайтынын айтады. «Прокуратура сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен бұл істерді қайтадан тиісті деңгейде тергеуді талап етуі керек», – дейді Ақылбекова.

фото авторы Алмас Қайсар

«Адам өлтіру ісінің бәрі билікті асыра пайдалану болып шыға келді»

Құқық қорғаушы Бақытжан Төрегожинаның айтуынша, қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқандардың ісін тергеуде 238 адам өліміне қатысты 2-ақ үкім шыққан.

«Біреуі Талдықорғанда, ол жерде әскери қызметші [Марк Злуняев] 6 жылға бас бостандығынан айырылды [24 жастағы Ерназар Қырықбаевты өлтіргені үшін]. Екіншісі – Қызылордада, онда әскери қызметші Мадияр Қайсаровтың өлімі бойынша кәсіпкер Қазыбек Құдайбергенов сотталды. Қалған қылмыстық істер бойынша сотқа дейін жеткені өте аз. Алматы қаласында 139 адам қайтыс болса, соның ішінде 15-тен аса іс құпия деп отыр, көптеген іс тоқтап қалды. Сотқа дейін жеткені – Жасұлан Анафияевтің азаптаудан өлгені бойынша қозғалған қылмыстық іс қана», – дейді ол.

Төреғожина бір жыл өткенде мемлекет қылмыстық істерді қарауды және оларды сотқа беруді әдейі кешіктіріп жатыр деп айтуға болады деген пікірде.

«Немесе олар осы кезеңде бүкіл қаңтар трагедиясын тергеуді тоқтатқысы келеді», – дейді ол.

Құқық қорғаушы әр аймақта жағдай әртүрлі екенін айтады. Қазіргі уақытта Қызылорда, Шымкент және Тараз қалаларында адам өлімі бойынша қылмыстық істер тоқтатылған. Таразда қайтыс болғандардың жаппай тәртіпсіздік пен террорлық әрекетке қатысы бойынша сот ісі жүріп жатыр.

«Андрей Опушиев сотталды (қайтыс болған кезде ол 17 жаста болған). Оның ісі ҚПК-нің 35-бабы 11-бөлігінің бойынша тоқтатылды, ақталуға құқығы жоқ. Таразда қаза тапқан бес адамға қатысты сот талқылауы жүріп жатыр. Сондай-ақ, Қызылордадағы Айтбай Әлиевтің қылмыстық ісі де ҚПК-нің 35-бабы бойынша тоқтатылды. Адам өлімі бойынша 99-баппен (кісі өлтіру) қозғалған негізгі істің барлығы 451-бап (билікті асыра пайдалану) және 362-бап ( лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану) бойынша қайта сараланып, тоқтатылды», – дейді Төреғожина.

Құқық қорғаушы қаңтар оқиғасы кезінде Ақтөбе, Семей, Өскемен, Талдықорған және Алматыда қаза тапқандар болғанын еске салады. Соның ішінде Талдықорғанда ғана қозғалыс бар, онда бір іс бойынша үкім шықты, қаза тапқан Сейітқұловтар отбасына қатысты іс сотқа өтті. Сондай-ақ Алмас Мұқашевтың азаптаудан қайтыс болғаны жөніндегі іс сотқа жетіп қалды. Тағы да екі адамның өліміне қатысты іс атылған қару табылмағандықтан тоқтаған.

«Алматыдағы жағдай өте ауыр. Анафияевтың ісінен басқа кісі өлімі бойынша бірде-бір іс сотқа берілмеген. Ал қаза тапқандар саны жөнінен Алматы бірінші тұр, мұнда ресми нұсқа бойынша ғана 139 адам қайтыс болған. Құқық қорғаушылардың ойынша, одан да көп», – дейді ол.

Алматыдағы қаралы митинг, 13 ақпан, фото авторы Алмас Қайсар

Төреғожина процессуалдық келісімге қол қойғаннан кейін де іс жабылатынын айтады. Алайда, ол көбінесе жарақат алғандарға, тергеудегілерге немесе қамауға алынғандарға қатысты.

«Рақымшылыққа ілінетіндіктен, олардың ісін жақсы аяқталды деуге болады. Алайда рақымшылыққа ілінсе де, қылмыстық іс тоқтамайтын жағдайлар бар, мысалы, рецидив болса. Дәлірек айтқанда, бұрын жауапқа тартылса, қиын. Бұрын 405-баппен (тыйым салынған ұйымға қатысу) жауапқа тартылып, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған немесе жеңілірек жазаға ауыстырылған белсенділерге рақымшылық жасалмайды. Олар нақты мерзімін алады. Мәселен, Шымкенттегі Жанмұрат Аштаевтың «Көше партиясына» мүше болғаны үшін 405-бап бойынша бұрынғы мерзімі аяқталған жоқ», – деп толықтырды Төреғожина.

Ол қаза тапқандардың туыстарына қысым жасап, қылмыстық істі тоқтату туралы құжаттарға қол қоюға мәжбүрлегенін де айтты. Оларды іс сотқа дейін жетсе, туысы террорист деп танылуы мүмкін екенін айтып қорқытқан.

«Туыстарына да оңай емес, олар қазір халық жауы болып отыр. Туысын кім өлтіргенін, қандай қарудан қаза тапқанын да біле алмайды. Уақыт та өз дегенін істейді. Бір жыл ішінде адамдар шаршады, қайғылы жағдай болды, үнемі күйзеліс пен депрессияда жүру өте қиын. Тірі адам әрі қарай тіршілігін істеп, балаларын тәрбиелеуі керек. Көп отбасы жалғыз асыраушысынан айырылды, екі-үш бала қалды. Бұл биліктің қолайына жағып тұр. Олар тергеуді кешіктіруге мүдделі, әбден шаршағандықтан, кейбіреулер қылмыстық істі тоқтатуға келісе салады», – дейді Төреғожина.

Қаза тапқандардың туыстарымен қатар, қаңтар оқиғасынан кейінгі бір жыл ішінде сотталғандардың туыстары да қысым мен қиындыққа тап болды.

Қару ұрлау бабымен алты жылға бас бостандығынан айырылған Әлібек Иманбековтің жұбайы Баян Шырынбекова күйеуі қамауға алынған күннен бастап оны босатуға тырысумен келеді. Сотта ол күйеуінің қорғаушысы болып, адвокатпен бірге айыптау ісінде бұрмалау бар екенін және айыптауда бір-бірімен байланыспайтын жайттар бар екенін мәлімдеді. Иманбековтің өзі сотта азаптап отырып мойындатқанын жария етті.

«Күйеуім тергеушіге: «Отбасың бар ма? Әке-шешең бар ма? Ар-ұятың мазаламай ма? Неге олай істейсің?» – деген еді. Тергеуші көзіне тік қарап тұрып, одан зорғысын істей алатынын, не істесе де, өзіне ештеңе болмайтынын айтты», – деп еске алады Шырынбекова. Ол шағым түсірген, алайда жақында күйеуін азаптау бойынша істің тоқтағанын білген. Күйеуін босату үшін күресе жүріп, Баян Шырынбекованың өзі де түрлі қуғын-сүргінге ұшыраған.

Баян Шырынбекова, фото авторы Ақбота Узбекбай

Сәуір айында басқа да сотталғандар мен қаза тапқандардың туыстарымен бірге ол айыптарды алып тастауды талап етіп, наразылық акциясына шыққан.

«Ол үшін маған айыппұл салды, – дейді Шырынбекова. – Біз жай ғана бостандық үшін шықтық. Ол кезде саясат туралы ойлаған да жоқпын, митинг дегеннің не екенін де білмейтінмін. Ол жерде алғашқылар қатарында бас бостандығынан айырылған Бақыт Оңтайдың анасы Ақмарал Байсейітова да болды. Қарасам, ол кісіні ұстап жатыр екен. Ал күйеуі үкімді естігеннен кейін комаға түсіп, он үш күннен кейін қайтыс болған еді. Бақыт – жалғыз ұлы. Осының бәрін білетіндіктен, қарап тұра алмай, ара түстім. «Қайда апара жатырсыз, ол кісінің жағдайын білесіз бе?» – дедім. Ара түскенім үшін мені де ұстады».

Иманбеков сотталғаннан кейін екі баласы бар Шырынбековадан жалдамалы пәтерді босатуды талап еткен. Ол үйге жақын жердегі базардан қойманы жалға алатын, қойма иелері де сондай талап қоя бастаған. «Үш рет сондай жағдай болды. Қай жерден жалдасам да, үш-төрт күннен кейін босатуды талап етеді. Еш себепсіз», – дейді Шырынбекова. Баян денсаулығына байланысты күніне бірнеше сағат қана сауда жасай алады. Эпилепсиясы бар, айына бірнеше рет ұстайды, мұндай диагнозбен оны ешкім жұмысқа алмайды.

Шырынбекова сауда жасап жүрген күндердің бірінде телефонына әлдебір кондитерлік дүкеннің жеткізу қызметінен қоңырау түскен. Телефонның ар жағындағы дауыс тапсырысты қайда жеткізу керегін сұраған, бірақ Шырынбекова ештеңеге тапсырыс бермеген. Ол курьерге жағдайды келгенде түсіндірмек болған. Алайда, көп ұзамай оған құқық қорғау органының қызметкері келіп, Астанада митинг ұйымдастырды деп күдікке ілінгенін хабарлап, оны полиция басқармасына алып кеткен. Полицей Астанаға алынған әуе билетін көрсеткен, мұны кім сатып алып жүргенінен Шырынбекова бейхабар. Полиция басқармасында бірнеше сағат ұстап, ешқайда кетпейтініне көз жеткізгеннен кейін ғана оны босатқан. Дегенмен, оны ұшу уақытына дейін ұстау жоспарланғанын ескерткен. Тағы бірде СИЗО-дағы жұбайына бара жатқанда такси жүргізушісі Шырынбековаға шабуыл жасап, ұрып-соққан. Содан кейін белгісіз біреу пәтеріне кіруге әрекет етіп, сыртқы есікті былғап кеткен.

Қараша айының ортасында Иманбековтің мемлекет басшысы жариялаған рақымшылыққа ілінетіні белгілі болды. Қазір Шырынбекова күйеуінің қалған мерзімін айыппұлға ауыстыруға тырысып жүр. Ол қаңтар оқиғасы бүкіл отбасына кері әсер еткенін айтады. Күйеуі бостаандыққа шыққан соң елден кетуді жоспарлап жүргенін де жасырмады:

«Көгерген жерлеріме крем жағып қойғандықтан, көрінбей тұр. Қазір ауруым қозып, ұстамам жиілеп кетті. Бүтін тісім қалмады. Қызым менің жағдайымды көріп-біліп отырған соң үш ай жұмыс істеді. “Мама, мемлекет ешкімге көмектеспейді екен, әркім өз проблемасын өзі шешуі керек екен” дейді».

***

Наурыз айында бас прокуратура республика бойынша азаптау және билікті асыра пайдалану фактісі бойынша 243 қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Ал желтоқсан айында Власть сауалына берген жауабында азаптау және билік өкілетін асыра пайдалану фактісі бойынша 235 сотқа дейінгі тергеу жұмысының тоқтатылғанын, оның ішінде 231-і қылмыс құрамы жоқ болуына, ал төрт іс қылмыс оқиғасының болмауына байланысты тоқтатылған.

Азаптаудан қаза тапқан алты адамның үшеуінің ісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмысы аяқталды, оның ішінде бір іс айыптау актісімен сотқа жіберілді, ал қалған істер тараптарды таныстыру кезеңінде. «Бір жағдай бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдері үзілді, екі ісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр», – деп хабарлады бас прокуратура.

Ведомстваның жауабына сәйкес, «қаза тапқан 238 адамның ішінде 186 адамның сотқа дейінгі тергеу жұмыстары тоқтатылған». Қаза тапқандардың үшеуін қылмыстық іске кінәлі деп тауып, қайтыс болғандықтан қылмыстық жауапкершіліктен босатқан.