5895
9 января 2023
Алмас Қайсар, иллюстрацияларын Владислав Сон дайындады, Власть

Қаңтардың он күні

Власть Қазақстандағы қаңтар оқиғасының хронологиясын еске түсіреді.

Қаңтардың он күні

Маңғыстауда газ бағасының көтерілуіне қарсы тура бір жыл бұрын басталған наразылық Қазақстанның қазіргі тарихындағы жалпыхалықтық және ең қайғылы оқиғаға ұласты. «Қанды қаңтардан» бір жыл өткен соң 238 адамның опат болғаны, мыңдаған адамның зардап шеккені және жүздеген адамның сотталғаны я сотты күтіп отырғаны белгілі.

Власть 2022 жылғы қаңтардың он күнін – наразылықтың басынан оқиғаның күшейіп, саябырсыған кезіне дейінгі хроникасын жариялайды.

2 қаңтар

Күндіз

Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында газ бағасының көтерілуіне қарсы наразылық акциясы басталды. Наразылық білдірушілер газдың құнын әр литріне 120-дан 60 теңгеге дейін төмендетуді талап етті, өйткені жаңа баға көпшілікке сол кездегі жалақы мөлшерімен ауыр тиген еді.

Жергілікті билік газдың қымбаттауына оның толықтай электрон биржасы арқылы сатыла бастағаны себеп болғанын айтты. Біршама уақыттан кейін энергетика министрлігі мемлекет газдың бағасын қадағалай алмайтынын, өйткені оның құны нарықта қалыптасқан жағдайға байланысты реттелетінін хабарлады.

Кешке

Наразылыққа шыққандар кеш түскенде де Жаңаөзен көшелерінен тарамады, бір бөлігі сонда түнейтінін айтты.

***

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке өңірдегі жағдайды тез арада қарастыруды тапсырды.

3 қаңтар

Түнде

Ақтауда 2 қаңтардан 3 қаңтарға қараған түні ондаған адам наразылық акциясына шықты. Олар кейінірек полиция түні бойы кеттлинг әдісімен ұстағанын – құрсауға алып, босатпағанын айтты.

Күндіз

Үкімет Жаңаөзенге министрлер кабинетінің үш мүшесі – вице-премьер Ералы Тоғжановтың, энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиевтің және бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Серік Жұманғариннің баратынын хабарлады.

***

Жаңаөзендегі митингіде түстен кейін үш мыңға жуық адам жиналып, наразылыққа жергілікті кәсіпорын жұмысшылары қосыла бастады.

***

Ақтаудағы орталық алаңда наразылық басылмады. Бұған қоса, Маңғыстау облысындағы ауыл тұрғындары видеоүндеулер жасады.

Алматы мен Астанада тіркелмеген екі партия – Демократиялық партия мен «Ел тірегінің» жақтастары Маңғыстау облысындағы наразылыққа шыққандарды қолдау мақсатында бірнеше акция өткізді. Кейін полиция астанада үш адамды және Алматыда диссидент Арон Атабекті еске алу асынан шыққан 20-ға жуық адамды ұстады. Атырауда 2016 жылғы жер митингілерінен кейін сотталып, түрмеден шыққан азаматтық белсенді Макс Боқаев ұсталды.

Ақтаудағы наразылық, фото авторы Иса Тяженбаев, ТАСС

Атырау облысындағы Құлсары, Индер қалалары мен Индербор ауданында жаңаөзендіктердің талабын қолдау митингілері өтті. Ақтөбе тұрғындары да ниеттес екенін білдіріп, акция өткізді, ал Оралда 80-ге жуық автокөлік иесі қалалық әкімдік ғимаратының алдына жиналды.

***

Алматыда күндіз интернеттің жиі істемей қалғаны және қала орталығында полицияның айтарлықтай күшейе бастағаны байқалды. Республика алаңында жүру, тіпті оны айналып өту бірнеше сағат бойы мүмкін болмады.

Кешке

Жаңаөзендегі алаңға жиналған жұрт алдына Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев келді. Ол билік бағаны төмендету үшін жанармай құю станцияларына иелік ететін кәсіпкерлермен келісімге келгенін, газдың құны 80-90 теңгеден аспайтынын айтты. Жиналғандар бұған разы бола қоймады. «Газ бағасы 50 теңге болсын!» дейтін ұран кеңінен тарады. Азаматтар саяси талаптарын да – экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы саясаттан кетсін дегеннен бастап, әкімдерді сайлауға дейін айта бастады.

4 қаңтар

Таңертең

Жаңаөзендегі митингіге жиналғандардың қарасы көбейе түсті. Мұнда микрофондар мен дыбыс күшейтетін аппаратуралар қойылды. Жергілікті белсенділер «бейбіт митингіні қолдау» қорын құрды және жиналған қаражатқа киіз үйлерді жалға алып, тамақ тарату туралы шешім қабылданды. Азаттықтың хабарына қарағанда, алаңға жиналғандар билік тарапынан 2011 жылғы мұнайшылардың бірнеше айлық ереуілін басып-жаншыған қайғылы оқиға құрбандарын еске алды.

***

Тоқаев «еліміздегі тұрақтылықты сақтай отырып, туындаған мәселе бойынша өзара тиімді шешім шығаратын» үкіметтік комиссия құрылғанын айтты және демонстранттарды «жауапкершілік танытып, диалогқа дайын болуға» үндеді.

Күндіз

Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Ақтаудағы алаңда наразылық білдірушілердің алдына шығып, сөз сөйледі. Ол Маңғыстау облысының тұрғындары үшін сұйытылған газдың литрі 50 теңгеге дейін арзандайтынын мәлімдеді.

***

Алматыдағы «Жетісу» базары аумағында наразылық шарасын видеоға түсіріп жүрген Азаттықтың Алматы бюросының басшысы Қасым Аманжол ұсталды.

***

ҚазТАГ ақпарат агенттігінің сайты және Orda.kz порталы бұғатталды. Негізгі мессенджерлер – Telegram, WhatsApp және Signal жұмыс істемеді, оларға тек VPN арқылы кіру мүмкін болды. Алматының орталығында мобайл интернет істемеді.

***

Атырауда, Оралда және Ақтөбеде мыңдаған адам жиналған митингілер өтіп жатты.

Атырауда 5 мыңға жуық адам «Аламан» базары маңына жиналып, топ болып Исатай және Махамбет алаңына беттеді. Қалада наразылық білдірушілер мен олардың қозғалысына кедергі жасамақ болмақ күш құрылымдары арасында қақтығыс басталды. Митингілер Құлсарыда да болды, ал Атырау облысындағы «Теңізшевройл» ірі мұнай консорциумының қосалқы мердігерлік ұйымдары қызметкерлерінің бір бөлігі ереуілге шықты. Оралда «Дина» гипермаркетінің маңына 500-ге жуық адам жиналып, кейін алаңға қарай жүрді. Полиция оларға жарық-шу шығаратын гранаталармен тойтарыс бермек болды.

Талдықорғанда, Шымкентте және Қызылордада наразылыққа шыққандарды ұстап жатқаны туралы хабар тарай бастады.

Әр өңірде наразылыққа шыққандар ең қажетті азық-түлік бағасын реттеу, несиелендіру мәселесін шешу, жалақыны көтеру, жұмыссыздықпен күресу cияқты әлеуметтік-экономикалық проблемалардан бастап, үкіметтің отставкаға кетуі және 1993 жылғы Конституцияны қайтаруға дейін талап етті.

Кешке

Наразылық күшейіп, митингілер еліміздің түкпір-түкпірінде – Қарағандыда, Көкшетауда, Таразда, Қызылордада, Талдықорғанда және Шымкентте болды. Астанада шеру түрінде өткен митинг тарады.

Oyan, Qazaqstan! саяси реформалар қозғалысының белсенділері сағат 20:00 шамасында Алматыдағы тұңғыш президент саябағына жиналды. Оларға жастар тобы қосылып, бәрі орталыққа қарай шерулетіп баруға тырысты. Mega сауда орталығының аумағында ондаған адамнан тұратын наразылық білдіруші топ ұсталды.

Қазақстанның тіркелмеген Демократиялық партиясы Алматыдағы Almaty Arena спорт кешені маңында ұйымдастырған тағы бір митингіге жүзге жуық адам жиналды. Мұнда наразылық білдірушілерді полиция аяусыз ұстай бастады, ұсталғандардың арасында партия жетекшісі Жанболат Мамай да бар.

Almaty Arena-да адамдарды ұстап жатқанына қарамастан, мұнда жиналғандардың саны айтарлықтай жылдам көбейе берді. Олар 22:00-ден кейін жолды жауып тастап, автобустарды тоқтатты, полициямен алғашқы қақтығыстар басталды. Осыдан кейін кемі бірнеше жүз адамнан тұратын топ Алматының орталығына қарай беттеді – олар шамамен 13 шақырым жүріп өтуі керек еді.

***

Тоқаев демонстранттарды «еліміздің тұтастығы мен бірлігіне сызат түсіруді көздейтін деструктив топтардың үндеуіне құлақ аспауға» шақырды. Ол басқа да әлеуметтік-экономикалық талаптар ертеңгі астанада өтетін кеңес барысында жеке қарастырылатынына уәде берді.

5 қаңтар

Түнде

4 қаңтардан 5 қаңтарға қараған түні Алматыдағы Республика алаңында бірнеше мың адам жиналды (әр жерде 5 мыңнан 10 мыңға дейін екені айтылды). Полиция жиналғандарға қарсы жарық-шу шығаратын граната мен көзден жас ағызатын газ қолданды, алаңда және оған жақын маңдағы көшелерде адамдар полициямен қақтығыса бастады, полицияның бірнеше көлігі өртенді. Демонстранттар қысымнан кейін алаңнан кетіп, полициямен қақтығысып жатқан қаланың өзге аудандарына қарай тарай бастады.

Елдің әртүрлі қаласындағы митингілер шерулерге, содан кейін күш құрылымдарымен қақтығысқа ұласты. Толқулар негізінен елдің оңтүстігін қамтыды. Тараз бен Шымкентте наразылық білдірушілер әкімдік ғимараттарына шабуыл жасады. Оралда наразылыққа шыққандар жарық-шу шығаратын гранаталардың көмегімен таратылды.

***

ІІМ наразылыққа шыққандар тас, таяқ, жарық-шу шығаратын граната, көзден жас шығаратын газ және тұтандырғыш қоспасы бар бөтелкелерді пайдаланғанын хабарлады. Соның салдарынан Қазақстан бойынша ішкі істер органдарының 95 қызметкері жарақат алып, 37 қызметтік көлік бүлінді. Сонымен бірге 200-ге жуық адам ұсталды.

***

Тоқаев түнде жасаған мәлімдемесінде «билік құламайтынын» және «қақтығыс емес, өзара сенім мен диалог» керек екенін, сонымен бірге азаматтық және әскери мақсаттағы қызметтік ғимараттарға шабуыл жасауға үндейтін ұрандар мүлдем заңға қайшы келетінін айтты. Бұған қоса, ол жастарға қарата «жарқын болашақтарыңа балта шаппаңыздар» және «жақындарыңыз бен туған-туысқандарыңыздың жағдайын ойлаңыздар» деді.

Шымкенттегі наразылық, фото радио Азаттық

Таңертең

Тоқаев таң атпастан үкіметті отставкаға жіберді. Мемлекеттік хатшыны (Қырымбек Көшербаевтың орнына Ерлан Қаринді) және ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасарын (Мұрат Нұртілеу) жаңадан тағайындады. Алматыда, Алматы және Маңғыстау облыстарында төтенше жағдай режимі енгізілді. Тоқаев төтенше жағдай режимінен кейін Алматыдағы және Маңғыстау облысындағы ахуал біртіндеп тұрақтанып келе жатқанын айтты.

Президент, бұған қоса, газ, жанар-жағармай және азық-түлік бағасын мемлекеттік реттеуді, сонымен бірге коммуналдық қызметтерге тарифті көтеруге уақытша мораторий енгізуді тапсырды. Бұған қоса, ол «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заңды әзірлеуге кірісуді, жеке және мемлекеттік көздер есебінен қаржыландырылатын денсаулық сақтау мен балалар проблемаларын шешетін «Қазақстан халқына» қоғамдық қорын құруды тапсырды.

***

Алматыда қоғамдық көлік пен такси қызметі тоқтады, дүкен мен кафенің көпшілігі жабық болды. Қалада мобайл интернет жұмыс істемеді. Республика алаңын әскери қызметкерлер мен бронетранспортерлер қоршап тұрды.

Таңертең Алматының әр түкпірінде шерулер және күш құрылымдары қызметкерлерімен қақтығыстар жалғасты. Наразылық білдірушілер әскери жүк көліктерін басып алып, жолдарды жауып тастады. Демонстранттардың саны көбейе түсті, олар қаланың әр қиырынан орталыққа қарай бағыттады. Негізгі топ қаланың шеткі аймағынан Төле би көшесімен жүріп өтті, Сайран көлі маңындағы биліктегі Nur Otan партиясының аудандық филиалының терезелерін сындырды.

Күндіз

Алматы көшелеріндегі мыңдаған наразылық білдіруші күннің ортасына қарай Республика алаңына беттеді. Алғашқы топ алаңға сағат шамамен 14:00-ге қарай жетті, мұнда бронетранспортерлер болмады және қауіпсіздік күштері өте аз еді. Демонстранттар қала әкімдігінің ғимаратына шабуыл жасады, ғимараттың кемі бір бөлігінде өрт шықты. Наразылық білдірушілер жақын маңда орналасқан президенттің бұрынғы резиденциясына шабуылдауға кеткен. Наразылыққа Өскемен, Семей, Қостанай, Павлодар, Петропавл, Жезқазған, Балқаш және Сәтбаев тұрғындары да қосылды. Орталық Қазақстанда жергілікті өнеркәсіп орындарының қызметкерлері ереуілге шыға бастады.

Қалалардың кейбірінде жергілікті полициямен қақтығыстар болды. Ақтөбедегі, Атыраудағы және Семейдегі әкімдіктерге шабуыл жасалмақ болды. Ақтау мен Жаңаөзендегі алаңдарға 10 мыңнан 20 мыңға дейін адам жиналды – акциялар бейбіт түрде өтіп жатты.

***

Алматы әкімдігі алдындағы наразылық кезінде белгісіз біреулер Демпартия жетекшісі Жанболат Мамайға тапаншамен шабуыл жасаған және ұрып-соққан. Ол жиналғандардың және партия белсенділерінің көмегімен қорғанып және қашып үлгерді.

Алматыдағы наразылық, 5 қаңтар, фото авторы Алмас Қайсар, Власть

Кешке

Алматыда кешке таман прокуратура, қалалық әкімдік ғимараттары, президент резиденциясы мен алаң маңында орналасқан екі телекомпания кешені өртенді. Демонстранттардың арасында қарулы адамдар пайда болды. Алаң аумағындағы атыстан алғашқы жараланғандар мен қаза тапқандар байқалды.

Талдықорғанда митингіге шыққандар бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін құлатты, облыс әкімдігінің ғимараты өртенді. Таразда, Шымкентте және Қызылордада қиян-кескі қақтығыстар болып жатты. Семейдегі, Өскемендегі, Оралдағы, Петропавлдағы және Павлодардағы митингіге жиналғандар арнайы құралдардың көмегімен таратыла бастады.

***

Global Check бұғаттау мониторингінің халықаралық желісі Қазақстан бойынша интернет тегіс өшірілгенін хабарлады.

***

Тоқаев бүкіл ел бойынша төтенше жағдай режимін енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Әр қалада комендатуралар құрылып, блокпостар орнатылды, коменданттық сағат енгізілді және емін-еркін жүріп-тұру шектелді. Бейбіт жиындар мен ереуілдерге де тыйым салынды.

6 қаңтар

Түнде

Алматыдағы әуежайды басып алды. Белгісіз біреулер полиция департаменті мен ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимаратына шабуыл жасады. Дәл осы кезде қалада құқық қорғау органдарының қызметкерлері жоғалып кеткендей болды. Сауда желілері, дүкендер мен банктер тонала бастады.

Тараздағы Nur Otan партиясының (қазіргі Amanat) филиалы мен жергілікті полиция департаменті ғимараттарына шабуыл жасалды. Шымкентте қалалық әкімдік ғимараты, мәдениет үйлері, көрме орталығы, драма театры және полицияның түрлі бөлімшесі бүлінді. Қызылорда мен Талдықорғанда полиция және ҰҚК департаменттеріне шабуыл жасалды.

Кейін бас прокуратура Алматы және Жамбыл облыстарындағы полиция департаменттерінің қызметкерлері қарсылық көрсетпестен, ғимараттарды тастап шыққанын мәлімдеді. Алматыдағы, Алматы және Қызылорда облыстары ҰҚК департаменттерінің лауазымды қызметкерлері де қол қусырып, ештеңе істей алмады.

***

Тоқаев бұған дейін бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевқа өмір бойы тиесілі болған қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметін өзіне алды.

ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов қызметінен босатылды, мемлекеттік күзет қызметінің басшысы және ҰҚК төрағасының бірнеше орынбасары тағайындалды.

Алматыда терроризмге қарсы арнайы операция басталды. Комендатура «Алматыдағы қарақшылардың жоғары деңгейдегі ұйымшылдығы олардың шетелде арнайы дайындықтан өткенін аңғартады» деді.

Тоқаев «бұзақы топтар әскери қызметшілерді ұрып-соғып, оларды көшеге жалаңаш шығарып, мазаққа айналдырып жатқанын, әйелдерді зорлап, дүкендерді тонап жатқанын» мәлімдеді, сонымен бірге жоғары деңгейде ұйымдастырылған топтардың әрекеті «қаржыландырылған бүлікшілердің жан-жақты ойластырылған жоспары екенін» айтты.

фото авторы Владимир Третьяков, АР

Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше Ресей, Беларусь, Армения, Қырғызстан және Тәжікстанның мемлекет басшыларынан көмек сұрады. Ол елде болып жатқан жағдайды «террористік қауіп, тіпті мемлекеттің тұтастығына нұқсан келтіретін және ең бастысы – біздің азаматтарға жасалған шабуыл» деп мәлімдеді.

ҰҚШҰ іле-шала Қазақстанға әскер жіберу туралы шешім қабылдады.

***

6 қаңтарға қараған түні Қазақстанда 3-4 сағатқа интернет пайда болды, содан кейін ол біржола өшті.

Таңертең

Екінші деңгейдегі банктер мен қазақ қор биржасының қызметі тоқтады.

***

Әртүрлі елді мекендердегі тәртіпсіздіктер кезінде жергілікті тұрғындар жиналып, көшелерді күзетті. Власть Алматы облысының Белбұлақ, Тұздыбастау, Шамалған, Ұзынағаш, Райымбек, Абай ауылдарындағы және Қаскелең қаласындағы осындай патрульдер туралы жазды. Посттар құрылды, онда 50-70 адамнан кезекшілік етті. Қаскелеңге кіреберісте 200-ге жуық жасақшы жиналды.

Күндіз

Сауда желілері одағының қатысушысы Дмитрий Шишкин Magnum Cash&Carry-дің 12, Алматы мен Талдықорғанда «Технодомның» 14, Sulpak-тың 11, Alser-дің 7, KIMEX/Grazie-нің 11, Алматыда Mon Amie-дің 8 дүкені, Оралдағы, Алматы мен Шымкенттегі «Спортмастер Қазақстанның» шамамен 20-25-ке жуық дүкені тоналғанын хабарлады. Сонымен бірге Intertop және Evrika дүкендері де зардап шекті.

Алматы, Ақтау және Ақтөбедегі әуежайлар жұмысын тоқтатты. Дәл осы уақытта шетелде 7,5 мың қазақстандық демалып жүрді.

***

Қазақстан бойынша наразылықтар Жаңаөзенде, Ақтауда, Жезқазғанда және Ақтөбеде жалғасты. Ақтөбеде демонстранттарға қарсы тағы да көзден жас ағызатын газ және жарық-шу шығаратын гранаталар қолданылды.

Алматыда түстен кейін Республика алаңына бірнеше жүздеген адам «Қарапайым халықпыз, біз – террорист емеспіз!» дейтін плакатпен шығып, наразылық акциясын өткізді.

6 қаңтар күні Алматыдағы Республика алаңына жиналған наразы топ, фото Тимур Нүсімбековтыкі

Алматы полициясының мәліметінше, полиция департаментінің ғимаратына жасалған шабуылға тойтарыс берілді және үш әкімшілік ғимарат орналасқан жерде ұрыс жүріп жатты. Комендатура Алматыдағы бірінші және жетінші ауруханаларды белгісіз біреулер қоршап тұрғанын хабарлады.

Алматы ІІД баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек кейінірек терроризмге қарсы операцияның нәтижесінде ондаған шабуылдаушы ұсталып, олардың жеке басы анықталып жатқанын мәлімдеді. Бұған қоса, комендатура қаза тапқан полиция қызметкерлерінің саны 13-ке жеткенін, олардың екеуінің басы кесілгенін хабарлады. Кейінірек қаза болған кейбір полицейдің басы кесілгені туралы ақпаратты ешкім растай алмады.

Ал опат болған наразылық білдірушілер туралы ештеңе айтылмады.

***

Тоқаев ауыс-түйісті жасауды жалғастырды. Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің жаңа басшысын, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысын және мемлекеттік күзет қызметі басшысының орынбасарын тағайындады.

Кешке

ҰҚШҰ бөлімшелері – оның ішінде Ресейдің әуе-десанттық әскерлері Қазақстанға келді.

***

Мемлекеттік арналар эфирінен бұған дейін басып алынған, дәл сол уақытта азат етілген нысандарды: Жамбыл облысы мен Семей әкімдіктері, Ақтөбе әуежайы, Тараздағы Nur Otan кеңсесі және Жамбыл облысының полиция департаменті түгенделіп шықты. Сонымен қатар Алматы полициясының баспасөз қызметі ПД ғимараты маңындағы террористердің ұсталғанын мәлімдеді.

Қаза болған күш құрылымдары қызметкерлерінің саны 18 адам болды. Өңір әкімдіктеріне қаза тапқан полиция қызметкерлері мен әскерилердің отбасына тиісті материалдық көмек беру тапсырылды.

ІІМ «Алматыдағы Республика алаңы қылмыстық топтардан тазартылғанын» хабарлады. Одан кейін «Хабар 24» телеарнасының эфирінде президенттің бұрынғы резиденциясы мен қала әкімдігі азат етілгені айтылды.

***

Республика алаңындағы митингіге шыққан белсенділер түстен кейін бейбіт демонстранттарға оқ жаудырылғанын, әскерилер атқан оқтан бірнеше белсендінің анық қаза болғанын айтты.

Опат болған наразылық білдірушілердің саны әлі де хабарланбаған еді. Қаладағы полиция органдарына 2 мыңға жуық адам ұсталып жеткізілді.

Алматыдағы Республика алаңында әскерилер, фото Reuters

7 қаңтар

Түнде

Global Check Қазақстанның көп өңірінде мобайл интернет әлі де істемей тұрғанын хабарлады.

***

Алматының әр түкпірінде атыс пен жарылыс дауысы естілді.

Таңертең

3000-нан астам адам ұсталды, қарулы күштер 26 адамның «көзін жойды».

Қазақстанның барлық өңірінде террористік қауіптің «қауіпті қызыл» деңгейі және терроризмге қарсы операция режимі белгіленді.

Дәл осы кезде Ақтау мен Жаңаөзенде митингілер болып жатты. Ақтөбеде резеңке оқтар мен газ қайтадан қолданыла бастады, осыдан кейін наразылыққа шыққандар ақыры тарап кетті. Оралда ұсталғандардың туыстары жақындарын таба алмай жатқанын айтты.

***

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі сұйытылған газдың алты көтерме сатушысына қатысты тергеуді бастады. Компаниялардың тізімінде «ҚазМұнайГаз» АҚ», Petrosun ЖШС, «Қазгермұнай» БК», «Қазақойл Ақтөбе» және «ҚазГӨЗ» ЖШС бар.

***

Алматы, Талдықорған, Орал, Шымкент және Тараздан өзге өңірлерде сауда нысандары штаттық режимде жұмыс істеді. Бүкіл ел бойынша жолаушылар мен жүк пойыздарының қозғалысы қалпына келді.

***

Ресейдің қорғаныс министрлігі ресейлік бөлімшелер «тапсырылған міндеттерді орындауға және бітімгершілік контингенттің негізгі күштерін қабылдау мен орналастыруды қамтамасыз етуге» кіріскенін хабарлады. Ұйымның бас хатшысы Станислав Зась ҰҚШҰ әскери күштерінің саны 2,5 мыңға жететінін мәлімдеді.

Сонымен бірге президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев ҰҚШҰ контингенті мемлекеттік нысандарды қорғауға және күзетуге жауапты екенін айтты. Олар жауынгерлік әрекеттерге қатыспайды.

Күндіз

Алматы комендатурасы Республика алаңындағы «Мир» телеарнасының ғимараты басып алынғанын хабарлады. Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев қаладағы телемұнараны басып алуға және екі рет эфирге шығуға әрекет жасалғанын айтты. Алматының әр түкпірінде әлі де атыс пен жарылыс дауысы естіліп жатты.

Талдықорғанда тергеу изоляторына шабуыл жасалды, бірақ шабуылға тойтарыс жасалды.

***

Ұсталғандар саны 4000 адамға дейін жетті, олардың арасында «Дикий Арман» лақап атымен қылмыс әлемінің танымал серкесі Арман Жұмагелдиев те бар.

Оралда жергілікті «Орал апталығы» басылымының редакциясынан шыққан белсенділер ұсталды. Сонымен бірге оралдық журналист Лұқпан Ахмедияров та ұсталды.

***

Тоқаев халыққа үндеу жасады. Ол құқық қорғау органдары мен армияға ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін айтты, өйткені «қылмыскерлермен, қанішерлермен ешқандай келіссөз болуы мүмкін емес». Ол бұл адамның бәрі қатаң қылмыстық жауапкершілікке тартылады деп уәде берді. Бұған қоса, ол кейінгі күндері тек Алматының өзіне «20 мың содыр» (бұл дерек сол күйі құжат жүзінде дәлелденбеді) шабуыл жасағанын айтты.

Ол «еліміздегі қайғылы жағдай демократия мен адам құқығы мәселелерінің жаңа қырын ашып көрсеткенін, демократия дегеніміз – жүгенсіздік, әсіресе арандатушылық емес» екенін айтты. Алайда ол бұл «азаматтардың бостандығы мен адам құқығын шектеу деген сөз емес» деді.

Президент өздерін заңнан жоғары қоятын кейбір «құқық қорғаушы» мен «белсенділерді» айыптай сөйледі және солардың кесірінен «интернет бұғатталып», миллиондаған азамат пен отандық бизнес зардап шегіп отырғанын айтты.

Бұған қоса, ол өздерін «еркін» бұқаралық ақпарат құралдарымыз деп санайтындар мен «сырттағы қайраткерлер» құқықтық тәртіпті бұзуға ықпал етіп, арандатушылық рөл атқарғанын айтты.

Тоқаев Қазақстан осы бір қиындықты тез арада еңсеретініне ешқандай күмән келтірмейтінін айтты және ең бастысы – «болашақта мұндай оқиғалардың қайталануына жол бермеу керек» деді.

Кешке

ІІМ ұсталғандар туралы ақпараттың егжей-тегжейін айтты. Қылмыс әлемінің серкесі «Дикий Арман» Алматыдағы Ritz-Carlton қонақүйінде ұсталған, тексеру кезінде одан атыс қаруының арсеналы: әртүрлі маркалы және калибрлі жартылай автомат тапаншалар, суық қарулар, газы бар гранаталар және әскери оқ өтпейтін жилеттер тәркіленді.

Сонымен бірге ұсталғандардың өзге бірнеше тобынан оғы бар «Сайга» аңшылық карабині, резеңке және металл таяқтар, бензині бар бес литрлік ыдыстар, алтын бұйымдар, пышақ пен тапаншалар тәркіленді.

ҰҚШҰ бітімгер күштері Алматыда, фото авторы Валерий Шарифулин, ТАСС

8 қаңтар

Түнде

Алматыда терроризмге қарсы операцияның өтіп жатқанына бір тәуліктен асты. Мұндай іс-шара Талдықорғанда, Таразда және Қызылорда облыстарында да қызу жүріп жатты.

Global Check-тің хабарына қарағанда, Қазақстандағы барлық дерлік оператордың интернеті әлі де істемей тұрды.

***

Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігіне терроризмге қарсы операциялар аясындағы «ескертусіз оқ ату» бұйрығын дереу алып тастауға үндеді. «Бұл Қазақстанның өмір сүру құқығын құрметтеу және қорғау жөніндегі халықаралық «құқықтық міндеттемелерін бұзады», – делінген хабарламада.

Таңертең

Полиция органдарына ұсталған 4266 адам жеткізілді. ІІМ олардың арасында шетел азаматтары бар екенін мәлімдеді. Алдын ала мәліметтер бойынша – «көрші мемлекеттің азаматтары».

Сонымен бірге El Tiregi тіркелмеген партиясының төрағасы Нұржан Әлтаев пен оның орынбасары – тәжік-ауған ардагерлері одағының төрағасы Мұрат Мұхамеджанов 15 тәулікке қамауға алынды. Оралда азаматтық белсенді Бекнұр Сражанов пен журналист Лұқпан Ахмедияров 10 тәулікке қамалды. Оларға заңсыз митингіге қатысқаны үшін әкімшілік бап тағайындалды.

ІІМ хабарлауынша, БҚО-ның блокпостардың бірінде «деструктив діни ағымдарды ұстанатын ұрылардың» автокөлігі ұсталды. Көліктен пышақ, көзден жас ағызатын граната, тегіс ұңғылы қару-жарақ оғы, 50-ден астам жаңа смартфон, 6 планшет, 23 смарт-сағат және басқа да гаджеттер мен аксессуарлар табылды. Ұсталғандар граната мен оқтарды таныстарынан сатып алғанын, смартфондар мен басқа да заттарды ұрлап алғанын айтты.

Орталық Азиядағы Еңбек Құқықтары жөніндегі Халықаралық мониторингтік миссия тәуелсіз кәсіподақтар көшбасшыларының, атап айтқанда, отын-энергетика кешені қызметкерлерінің кәсіптік одағының белсенділері Құспан Қосшығұловтың, Тахир Ердановтың, Әмин Елеусіновтың жоғалып кеткенін хабарлады. Сонымен бірге Әмин Елеусіновтың отбасы мүшелері де жоғалып кетті.

***

ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов мемлекетке опасыздық жасау дерегі бойынша ұсталды. Сонымен бірге осы қылмысты жасады деген өзге де тұлғалардың да ұсталғаны хабарланды.

Күндіз

Ақтау мен Жаңаөзендегі соңғы митингілер аяқталды. Дәл осы кезде ІІМ Қазақстанда жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырған 11 азаматты ұстағанын хабарлады. Бұған қоса, ведомство елдің әр түкпірінен табылған қару-жарақтар туралы баяндады.

***

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин Қазақстанда екі баланың оқ тиіп, қаза тапқанын хабарлады.

***

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Қазақстанда интернетті еркін қолдану шектелгенін айтты, өйткені террористік топтар іс-қимылдарды үйлестіру және жоспарлау кезінде байланыс құралдарын пайдаланады.

***

Назарбаевтың баспасөз хатшысы экс-президенттің астанада екенін және президент Тоқаевпен тікелей байланыс жасап, бірқатар кездесу өткізетінін мәлімдеді.

***

Бәсекелестікті қорғау агенттігі сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада сатумен айналысатын 180 кәсіпкерге қатысты тергеу басталғанын хабарлады. Ведомствоның хабарлауынша, барлық өңірде монополияға қарсы тергеу жүргізуге сұйытылған мұнай газы бағасын бекіту және ұстап тұру бөлігінде бағаны келісіп белгілеу себеп болған.

***

Тоқаев Twitter-дегі «20 мың содыр» туралы жазбасын өшіріп тастады. Ол кейін бұл мәліметті өзіне жергілікті құқық қорғау органдарының басшылары бергенін айтты және бұл санды мүлдем айтпай қойды. Ол «содырлардың» орнына «қарақшылар, тонаушылар, зорлаушылар мен қанішерлер» дейтін сөздерді қолданды.

***

Қазақстанның кейбір өңірінде бірнеше сағатқа интернет қосылды.

Кешке

Лондон, Будапешт, Прага, Львов, Тбилиси, Берлин және Мюнхендегі қазақстандықтар қолдау акцияларын өткізді. Олар Қазақстандағы интернетті қосуды, демократияландыруды талап етті және 1986, 2011 және 2019 жылғы оқиғаларды еске алды.

Лондондағы қаңтар құрбандарын еске алу акциясы, 13 ақпан, фото авторы Данияр Мусиров

9 қаңтар.

Таңертең

Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров қаладағы ахуал тұрақтанып жатқанын, алайда «қарсылықтың өршу қаупі бар» деп мәлімдеді.

***

Бизнеске келген жалпы залал 92,3 млрд теңге деп бағаланды, Алматыдағы кәсіпкерлер ең көп зардап шеккен – 90,7 млрд теңге. Еліміздің 10 өңірінде 1181 бизнес субъектісі зардап шекті, ең көбі Алматыда – 935.

Күндіз

Алматының орталығында коммуналдық қызметтер көшелерді тазалауға кірісті, осы күндері қаланың әр түкпірінде өртенген және бүлінген автокөліктер шығарылды. Кейінгі төрт күнде алғаш рет қаладағы қоқыс шығару қызметі іске қосылды.

***

ІІМ 5800 адамның ұсталғанын хабарлады. Ведомство сонымен бірге Алматыға дайындықтан өткен 20 мың адам келгенін тағы да айтты.

«Олар ешқандай талап қойған жоқ және келіссөздер жасамады, құқық қорғау органдары мен әскерилердің киімін тартып алып киді және күш құрылымдары қызметкерлері мен қарапайым азаматтарға қарай оқ жаудырды», – деп хабарлады ІІМ.

Ведомство өңірлерде 500-ден 4000-ға дейін адам әкімдіктер мен басқа да әкімшілік ғимараттарға шабуыл жасағанын айтты.

Президенттің баспасөз қызметі ұсталғандардың арасында «шетелдіктердің едәуір көп екенін» хабарлады. Олардың бірі Қырғызстан азаматы, джаз музыканты Викрам Рузахунов болуы мүмкін. Ол мемлекеттік телеарнаның эфирінде бүліктерге қатысқаны үшін өзіне 200 доллардан сәл көп төлегенін мойындаған. Оның бетінен соққы іздерін анық көрінді. Оны туыстары мен достары танып қалып, ол содан кейін босатылды.

***

Тоқаев ҰҚК төрағасының тағы екі орынбасарын ауыстырды. Ол сонымен бірге тәртіпсіздіктер кезінде қаза тапқан құқық қорғау органдарының 16 қызметкерін наградтады.

Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай «экс-президент қауіпсіздік кеңесінің төрағасы лауазымын Тоқаевқа өз еркімен беру туралы шешімді қабылдағанын» мәлімдеді.

***

Тоқаевтың қатысуымен өткен жедел штаб отырысында еліміздің барлық өңірінде жағдай тұрақтанғаны хабарланды. Бұрын басып алынған әкімшілік ғимараттың бәрі азат етілді, коммуналдық нысандар мен тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің жұмысы қалпына келді. Бұл ретте елді мекендерді тазарту жалғасып жатыр.

Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда тәртіпсіздіктер кезінде 164 адам қаза тапқанын мәлімдеді. Біршама уақыттан кейін бұл ақпараттың «техникалық қате» екені айтылып, теріске шығарылды. Осылайша, мемлекет қаза тапқандар мен зардап шеккендердің жалпы саны туралы ақпаратты жария етпеді.

фото авторы Владимир Третьяков, АР

10 қаңтар.

Күндіз

Қазақстанда тәртіпсіздік салдарынан қаза тапқандарды аза тұту күні жарияланды.

***

Алматыда қоғамдық көлік жұмысы біртіндеп қалпына келе бастады.

***

ІІМ жедел штабы ішкі істер органдарына 9 900 адам жеткізілгенін хабарлады. Кейінірек қамауда болған азаматтар өздерін әскерилер азаптағанын, ал кейбір жаралыларды 8 қаңтарда ауруханалардан әкеткені туралы мәлімдемелер мен үндеулер тарай бастады.

ҰҚК Алматыдағы тәртіпсіздіктерге қатысқан екі экстремистік ұйымның көзін жойғанын хабарлады. Ведомство топ жетекшілерінің бірі шетелдегі террористік ұйымдармен байланысы бар өзге ел азаматы екенін мәлімдеді.

ІІМ Жамбыл облысы полициясының басшысы Жанат Сүлейменовтің өлімін растады, ал ҰҚК астанада ҰҚК полковнигі Азамат Ыбраевтың қаза болғанын хабарлады.

***

Шымкентте бірнеше адам әкімшілік қамауға алынған адамдарға арналған қабылдау орнына туыстарын іздеп барды, ал Семейде азаматтар қамауға алынған жақындарымен байланыса алмай жүргенін айтты. Алматыдағы мәйітхана алдында ондаған адам жоғалған туыстары мен жақын адамдарының мәйітін іздеуге жиналды.

Ақтөбеде наразылық кезінде хабар таратқан журналист Ардақ Ерубаеваның үйін тінтіп, тергеуге алып кетті.

***

Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин «Хабар 24» телеарнасының эфирінде «Қазақстанға жасалған лаңкестік әрекеттің түпкі мақсаты мемлекеттік төңкеріс жасау болды» деді.

***

ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс сессиясында Тоқаев ұйымның бітімгершілік күштері терроризмге қарсы операция аяқталған бойда Қазақстаннан кететінін айтып сендірді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, фото akorda.kz

11 қаңтар.

Күндіз

Отставкаға кеткен Асқар Маминнің орнына Әлихан Смайылов Қазақстанның жаңа премьер-министрі болды. Оның кандидатурасын Қасым-Жомарт Тоқаев мәжіліс отырысында ұсынды, фракция мұны қолдады. Сейсенбіде Тоқаев жаңа үкіметті құру туралы жарлыққа қол қойды.

***

Тоқаев мәжіліс отырысында лаңкестікке қарсы негізгі операция аяқталғанын, ал екі күннен кейін ҰҚШҰ бітімгерлік күшінің кезең-кезеңімен шығарылатынын хабарлады.

Тоқаев кейбір мемлекеттік органдардың сәтсіз жұмысын сынап, билік құрылымдарының өкілдерінде азаматтардың өмірі туралы бұрмаланған көрініс қалыптасқанын, теңсіздік проблемасы жағдай жылдан жылға ушығып бара жатқанын айтты.

«Мемлекеттік қолдау жүйесінде досыма бәрін, ал қалғандарына заңмен беремін деген жүйе қалыптасқан», – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы бұрынғы президенттің кіші қызы Әлия Назарбаева басқаратын «ӨКМ операторы» компаниясының жұмысын тоқтатуды тапсырды. Ол сонымен бірге Астанадағы ЛРТ жобасын сынға алып, мұны «жемқорлықтың иісі мүңкитін» жоба деп атады, «Самұрық-Қазына» қоры және «Қазақстанның даму банкін» де сынады, кейінгісін шын мәнінде қаржылық-өнеркәсіптік және құрылыс топтарын басқаратын санаулы адамның «жеке банкіне» айналғанын айтты.

Ол сонымен қатар министрлердің, депутаттар мен әкімдердің жалақысының көтеруге, ұлттық қауіпсіздіктің бүкіл жүйесін түбегейлі қайта құруға бес жылдық мораторий жариялады, халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеуді, жұмыссыздықты азайтуға назар аударуды және инфляцияны бақылау бойынша шаралар кешенін әзірлеуді тапсырды.

Президент тағы да ҰҚК-ны ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіпті елемеді деп айыптады.

«Ұлттық қауіпсіздік кеңесі уәкілетті орган ретінде бұл іріткіге нақты баға бере алмады және бергісі де келмеді. Ұлттық қауіпсіздікке төнген маңызды қауіпті елемеді (...) бірақ құрал ретінде автогаз бағасының өсуіне байланысты халықтың наразылығы қолданылды», − деді ол.

Ол сонымен бірге әлеуметтік әділет өзекті мәселе болып қала беретінін және «тұңғыш президент – елбасының арқасында елде өте бай компаниялар тобы және халықаралық өлшеммен алғанда өте бай адамдар пайда болғанын» айтты. Тоқаев қазақстандықтарға көмектесетін «Қазақстан халқына» қоғамдық қорын құруды тапсырды.

Президент сонымен бірге саяси модернизация жалғасады және саяси реформалардың жаңа пакеті қыркүйек айындағы халыққа жолдау кезінде ұсынылады деп уәде берді.

***

Жергілікті Altaynews.kz сайтының редакторы Дарын Нұрсапар заңсыз митингілерге қатысты деген айыппен 15 тәулікке қамалды. Ол 5 қаңтарда Өскемендегі наразылықтан хабар таратқан.

Мақаланы дайындау кезінде Radio RFE/RFL, «Ақ Жайық» және «Наша Газета» (Қостанай) материалдары пайдаланылды.