3824
28 марта 2024
Салтанат Жаненова, фото nazarbayevfund.kz

Назарбаев университеті туралы мифтер немесе бюджеттің ақшасы қайда кетіп жатыр?

Оқу орны халықаралық серіктестер қызметі мен шетелдік оқытушыларға қомақты ақша төлегенмен, шығынның ашықтығына мән бермейді

Назарбаев университеті туралы мифтер немесе бюджеттің ақшасы қайда кетіп жатыр?

2024 жылғы 22 ақпанда Назарбаев университетінің (NU) бұрынғы президенті Шигео Катсудың «Либерал құндылықты қорғаушылар Назарбаев университетіндегі саботажды айыптауы керек» деген мақаласы жарық көрді. Бұл мақала Қанды қаңтар оқиғасынан кейін ақпарат құралдары мен жалпы қоғамда өзекті бола түскен оқу орнының айрықша мәртебесі мен ондағы айқындықтың жоқтығы туралы әңгіме қайта көтеріле бастағаннан кейін басшылық ауысқанда жарық көрді.

Read this article in english

Читайте этот материал на русском.

Катсу сол кездің өзінде үкіметке жақын қазақстандық басқарушылардың келуіне және оқу орнын қаржыландыру көлемі қысқаруы мүмкін екеніне алаңдады.

«Қазірдің өзінде университет ауыр жағдайда тұр, жақын арада мүлдем құруы мүмкін. […] NU университет басшылығына келген, үкіметпен тығыз байланысы бар адамдардың ықпалына түсті», – деп жазды ол жуырда жарық көрген мақаласында.

Алайда, сәл ілгеріде университет басшылығы құрамында жоғары лауазымды шенеуніктердің болуы Катсуды алаңдата қоймаған, ол кезде ешқандай күдігі болған емес. Мәселен, Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Кәрім Мәсімов пен бұрынғы вице-премьер Ербол Орынбаев NU жоғары қамқоршылар кеңесі құрамында болған.

Нұрсұлтан Назарбаев билікте отырған жылдары жоғары лауазымды шенеуніктер NU шетелдік менеджментіне ұдайы қолдау көрсетіп, қаржы, кадр жағдайы мен академиялық мәселелерді шешуде оларға еркіндік берген болатын.

Бұған қоса, бұрынғы президенттің саяси жақтастарына жақын болу Катсу мен университеттің шетелдік менеджментін мемлекеттік уәкілетті органдардың қаржы мәселесін тексеруінен босатқаны белгілі.

Ақорданың баспасөз қызметінің фотосы

Катсу қазір де NU президентінің кеңесшісі қызметін атқарады, оқу орнының қамқоршылар кеңесі құрамында.

Дегенмен, NU-ға қоятын сұрақ расында да көп. Қоғам әлі күнге дейін оқу орны мемлекеттен алып жатқан миллиондаған қаржыны қайда жұмсайтынын біле алмай келеді, сонымен бірге университеттегі жағдайға Катсу неліктен шетелдік оқу орындарының назарын аудартып, NU-ға «саботаж» жасауды айыптауды сұрап отырғаны түсініксіз.

NU-да жұмыс істеген жеке тәжірибеме сүйене отырып, осы сұрақтарға жауап беріп көрейін. Сонымен бірге, Катсу оқырманға таңып отырған үш мифке жауап берсем деймін.

1-миф: Шетелдік серіктес оқу орындары болмаса, NU дами алмайды

Катсу мақаласында NU-дың дамуына шетелдік серіктес оқу орындарының қосқан үлесінің маңызды екенін айта келіп, бұл қарым-қатынастың болашағы күмәнді екеніне алаңдайды. Қазіргі сәтте NU-дың осындай 10 стратегиялық серіктесі бар.

Катсудың мақаласынан үзінді келтірейік: «Әр факультет немесе Мектеп шетелдік университетпен серіктес болды. [...] Олар бізге шетелдік оқытушыларды тартуға, оқу бағдарламасын жасауға көмектесіп, біз үшін маңызды сұрақтар бойынша және басқа да көптеген мәселеде кеңес берді».

Университетті дамытудың мұндай тұжырымдамасы бастапқы кезде тиімді болғаны рас. Танымал шетелдік оқу орындары жас университетті серіктес деп жариялау арқылы оның өкілеттігін мойындап қана қоймай, ақысына қомақты сый-сияпат та алды.

Өткен 13 жылда NU халықаралық «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің және әлемнің әр түкпірінен шақырылған ғалымдардың арқасында оқытушылар құрамын айтарлықтай күшейтіп алды. Қазір барлық Мектептің оқу бағдарламасы апробациядан өткен, оқытушыларға жүйелі түрде тренингтер өткізіліп тұрады. Бірнеше Мектеп халықаралық аккредитация алған.

Стратегиялық серіктес оқу орындары миссиясын орындады, өте қымбатқа түсетін әріптестікті әрі қарай жалғастырудың қажеттілігі әлдеқашан өтті.

Ал Катсу басшылық ететін халықаралық менеджмент тәуелсіз аудит жасап, нәтижені бағалап алмай, шетелдік серіктестермен келісімшартты ұзартуды жалғастырып, қаржы ресурсын тиімсіз пайдалануға жол берген.

Шетелдік серіктестермен келісімшарт жасауда ашықтық пен есеп беру жоқ. Серіктестік келісімін жүзеге асыру үшін берілетін қаржы мөлшері туралы ақпарат аса құпия ұсталады.

фото linkedin.com сайтынан

Мысалға 2013 жылғы тамыздан 2021 жылғы тамызға дейін өзім жұмыс істеген Мемлекеттік саясат жоғарғы мектебін (МСЖМ) келтірейін.

2012 жылдан бастап Ли Куан Ю атындағы Сингапур мемлекеттік университеті МСЖМ-ның серіктесі болып келеді. 2015 жылы МСЖМ бірінші деканы Нил Коллинз кеткеннен кейін Сингапур жағы Катсумен келісе отырып, Мектептің уақытша деканы қызметіне вице-декан Венг Тат Хуэйді жіберді.

Жаңа деканның қызметіне конкурс күні бүгінге дейін жарияланған жоқ.

Шигео Катсудың желеп-жебеуімен 8 жыл бойы NU-да ашықтан-ашық мүдде қайшылығына жол беріліп келеді – МСЖМ деканы өзі профессоры болып отырған серіктес жоғары оқу орнына қаржы бөлу туралы шешім қабылдауға қатысады. Қызметкерлердің келісімшартты қайта қарап, серіктес оқу орнын ауыстыру туралы ұсынысын қабылдамаған декан мұны өз атына айтылған сын деп біледі.

Бюджет қаржысын бұлайша тиімсіз пайдалану NU-дың басқа Мектептерінде де болуы ықтимал.

Қазіргі сәтте NU шетелдік серіктес оқу орындары үшін «сауын сиыр» болып отыр. Алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибеге сай, NU шетелдік оқу орындарына консалтинг қызметі үшін қыруар қаржы жұмсау орнына, ғалымдар арасындағы бірлескен зерттеу, гранттар, Болон процесі шеңберінде студент алмасу сияқты әріптестік орнатуы қажет еді.

2-миф: NU шетелдік менеджменті қазақстандықтармен салыстырғанда әлдеқайда тиімді және ашық

NU-ға қаржы беру жағынан артықшылық жасаған уақытта Қазақстан үкіметі уақыт өте келе университет өзін-өзі қаржыландыруға көшеді деп күткен болатын. Қазақстаннан ғана емес, басқа да елдерден ақылы оқуға студент тартады; білім беру және зерттеу бағытында ұйымға табыс әкелетін кең көлемді қызмет көрсетеді деген болжам болған.

Мемлекеттік бюджеттің сәл ғана қолдауымен өзін-өзі қаржыландыру принципі батыс әлеміндегі көптеген университетте кеңінен қолданылады. Мысалы, британиялық оқу орындары халықаралық студенттердің көптеп келуіне мүдделі, себебі олардың төлейтін жоғары ақысы қызметкерлердің жалақысын төлеуге, зерттеулерді қолдауға және университеттің инфрақұрылымын дамытуға жұмсалады.

Катсу мақаласында NU мемлекеттік бюджеттен тәуелсіз болуға барынша талпынғанын айтады: «Жаңа бастаған уақытта ауқымды стратегия шеңберінде қаржыландырудың балама инновациялық үлгілерін пайдаландық. [...]».

13 жыл өтті, ал NU әлі де 100% мемлекеттік бюджетке тәуелді болып отыр. Катсу айтқан «қаржыландырудың балама үлгілері» айтарлықтай нәтиже беріп отырған жоқ.

2023 жылға дейін NU жылына 60 млрд теңге көлемінде қаржы алып отырған, бұл – еліміздегі жоғарғы білімге жұмсалатын бюджет қаржысының үштен бірі. Студенттердің 95%-дан астамы мемлекеттік грант алады. 7000 студенттің ішінде тек 3%-ы ғана грант негізінде оқитын алыс және таяу шетел азаматтары.

фото nu.edu.kz сайтынан

Бұл 13 жылда NU мемлекеттік тапсырысқа арқа сүйеп, білім нарығына шықпағанын көрсетеді. NU оқу ақысын төлеуге дайын студенттерді тарту үшін басқа университеттермен бәсекеге түспейді.

Мұның барлығы оқу орнының Қазақстанның шынайы жағдайынан алыстауына алып келді, шетелдік менеджмент табысты жұмыс істеп, басқа оқу орындарынан асып түстік деген «көпірме атақпен» өмір сүріп жатыр. Мысал үшін айтсақ, жыл сайын МСЖМ магистратура мен докторантура шеңберінде 100-ге жуық студентті оқытады. Олардың барлығы дерлік мемлекеттік грант алады. 2011 жылдан бастап NU-да бір студентке оқып жатқан бағдарламасына қарай 4–9 млн теңге көлемінде қаржы жұмсалады (9–20 мың АҚШ доллары).

Мұндай жайлы жағдай болып тұрғанда МСЖМ де, NU басқа Мектептері де студенттерді тартып, табыс әкелуге ынталана қоймайтыны анық.

Қызметкерлерді жұмысқа алу кезінде еңбек ресурсын анықтау үшін студенттер саны есепке алынбайды. Мәселен, МСЖМ-де оқитын 100 студентке 13 тұрақты оқытушы, 5 шақырылған профессор мен 10 әкімшілік қызметкерінен тұратын ұжым жұмыс істейді. Мектеп басшылары қатарында декан, екі вице-декан, атқарушы директор және бас менеджер бар.

Оқытушылардың жүктемесі өте төмен: жылына екі-үш курс қана өтеді, бір топтағы студенттер саны 7-ден 20-ға дейін. Оқытушылардың жүктемесімен қатар, Мектептің ғылыми белсенділігі де өте төмен деңгейде. Ал NU оқытушыларының жалақысы басқа оқу орындарындағы оқытушылардың табысынан 8–10 есеге дейін артық болуы мүмкін.

Мектептің Қазақстанның мемлекеттік саясат саласын дамытуға қоғамдық маңызы бар үлес қосып жатқаны да күмәнді. МСЖМ үкіметке арнап аналитикалық жазбалар дайындамайды; мемлекеттік басқару саласын реформалау бойынша өкілетті мемлекеттік органдарға кеңес бермейді; басқа қазақстандық оқу орындарымен тәжірибе алмасу да жоқ.

Мысал үшін айтсақ, британиялық жоғары оқу орындары ғылыми оқытушылық қызметінен бөлек, «Зерттеудің ықпалы» («Research Impact») критерийі бойынша да жоғары нәтиже көрсетуі керек. Бұл Ұлыбританияның Мемлекеттік саясат институты орталық және жергілікті мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдармен серіктестік қарым-қатынас аясында аналитикалық және методологиялық қолдау көрсету арқылы «қоғамның және экономиканың дамуына таңдаулы зерттеулер түрінде нақты үлес» қосуы қажет дегенді білдіреді.

Кейінгі уақытқа дейін қазақстандық оқытушыларға шетелдік әріптестерінен гөрі 2-3 есе төмен жалақы төлеп келу Қазақстан азаматтарын азаматтығы бойынша алалауға жатады. NU-дегі жалақы туралы ақпарат университет қызметкерлерінің өзіне де айтылмайды. Тағы да мысал үшін айтсақ, британиялық оқу орындары веб-сайттарында еңбекақы төлемінің мөлшерін ашық жариялайды.

Жоғары жалақыға қоса шетелдік оқытушыларға бай әлеуметтік пакет ұсынылады: қызметкердің өзіне және отбасы мүшелеріне жылына екі рет туған еліне барып-қайту үшін әуе билетінің ақшасы төленеді; балаларының біліміне ақша бөлінеді (әр балаға жылына 5000 АҚШ доллары көлемінде); қымбат медициналық сақтандыру беріледі; Астанадағы қымбат тұрғын үй кешендері мен университет қалашығында тегін тұруға мүмкіндік беріледі.

фото nu.edu.kz сайтынан

Шетелдік оқытушылар миллиондап жалақы алып отырып, жеке шығындарын (баспана жалдау, балаларын оқыту, отбасы мүшелерінің әуе билеттері) неге өзі төлемейді? Кампус аумағында көппәтерлі үйлер мен коттедж қалашығы әлдеқашан салынғанына қарамастан, неліктен NU шетелдік менеджментіне «Хайвил» тұрғын үй кешенінен қымбат пәтерді жалға алуға мемлекеттік бюджеттің ақшасы жұмсалады?

Елорданың салтанатты орындары мен мейрамханаларында өтетін бітіру кештері мен банкеттерге де ақша мемлекеттік бюджеттен бөлінеді. Шетелдік менеджмент пен шетелдік қызметкерлер қазақстандық салық төлеушілердің арқасында шалқып-тасып жүр, ал елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал күрделі.

Басқару құрамының бірнеше сатылы құрылымы, әкімшілік қызметкерлерінің шектен тыс көптігі, штат санының студенттер санына қатыссыз көп болуы, шетелдік қызметкерлерге оңды-солды артықшылық беру, балама қаржы көздерінің болмауы, халықтың ақшасын «желге шашу». NU шетелдік менеджментінің «тиімді және ашық» басқаруының нәтижесі осындай.

3-миф: Шетелдік менеджмент либерал құндылықтарды ұстанады, ал қазақстандық менеджмент «кеңестік» стильмен басқарады

Катсу мақаласында NU қазақстандық басшылығын «қасақана саботаж» жасап, «дәстүрлі кеңестік стильмен» басқарып отыр деп сынға алады, шетелдік менеджмент ұстанатын либерал құндылықтардың маңызына тоқталады. Либерал құндылықтар деген академиялық еркіндікке, ой-пікір еркіндігіне, теңдік пен әділдікке қатысты болуы керек.

Катсу либерал құндылықтар туралы айтқанмен, университет әлі де автократ Назарбаевтың атымен аталып келеді, мұны, мәселен, британдық әріптестеріме түсіндіру қиын.

NU шетелдік менеджменті шетелдік мамандар мен қазақстандық мамандарға теңдей қарамауы да қалыптасқан дағды.

Бұл қызметкер таңдауға, қызметте өсуге, сыйақы мен еңбек келісімшартын жасауға қатысты. Жағдайы бірдей үміткерлер арасында конкурстық іріктеу болғанда (білім деңгейі, оқыту тәжірибесі, ғылыми мақалаларының болуы) көп жағдайда «сырттай» шетелдік үміткерге басымдық беріледі.

Шетелдік оқытушылардың қызметте өсуі қазақстандық әріптестерінен гөрі әлдеқайда жеңіл әрі жылдам. Гендерлік стереотип те жоқ дей алмаймыз, себебі Білім жоғарғы мектебінен басқа Мектептердің бәрінің деканы шетелдік ер адамдар.

Қазақстандық ғалымдар белсенді түрде мақалаларын жариялап, грант жеңіп алып, шетелдік әріптестеріне бәсеке тудыра бастаса, шетелдік менеджмент жергілікті кадрларды «жайлап» ығыстырып шығару саясатына жүгінеді. Кейінгі үш жылда МСЖМ ұжымынан осындай саясаттың салдарынан төрт қазақстандық оқытушы кетті.

фото Nazarbayev University Facebook парақшасынан

Сондай мысалдың бірі – 2022 жылы МСЖМ-ден доктор Мақсат Қасеннің жұмыстан кетуі. Фулбрайт стипендиясының иегері (Иллинойс университеті, АҚШ), 2018 жылы – Scopus, ал 2020 жылы Web of Science үздік ғылыми марапаттарының иесі Мақсат Қасен қазір – Astana ІТ университетінің профессоры.

Есесіне, ғылыми мақала жарияламаған, оқыту сапасының төмендігіне қатысты студенттер шағымданып жүрген шетелдік әріптестер МСЖМ деканының қолдауына ие. Олардың еңбек келісімшарты нәтижені есепке алмастан ұзартылады.

Әділетсіз және тиімсіз кадр саясатын жүргізу салдарынан кәсіби білігі жоғары қазақстандық мамандардың кетуі университетте жиі болады. NU жүйесінен көңілі қалған көптеген қазақстандық ғалым шетелге (АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Қатар, Польша және т.б.) кетеді. Ал қазақстандық ғалымдардың көпшілігі «Болашақ» бағдарламасының арқасында алдыңғы қатарлы оқу орындарын бітірген, олардың оқуына Қазақстан азаматтарының ақшасы жұмсалған.

NU-да «Қайықты шайқама!» (“Don’t Rock the Boat!”) деген жазылмаған ереже бар. Бұл тыныш отыр, пікіріңді айта берме, белсенді болма, менеджментке құрметпен қара дегенді білдіреді.

NU-да әр үш-төрт жыл сайын декан ауыстыру деген атымен жоқ, ал британдық жоғары оқу орындары, мәселен, үш-төрт жыл сайын Мектеп қызметкерлері арасынан немесе ашық конкурс жолымен декан сайлайды. Британ университеттерінде үш жыл қызмет еткеннен кейін декандар әдетте ғылыми оқытушылық қызметіне оралады.

NU шетелдік менеджменті «екіжүзді Янус құдайы» сияқты, алдынан қарасаң, жас, амбициясы зор университет сияқты. Ал оның шынайы болмысы артында жасырылған, онда қазақстандық қоғамның мүддесі қаржылық қызығушылықтың тасасында қалып тұр.

«Шетелдік» болса, «өзіміздікінен» жақсы деген көзқарас ескірді, оны бұзатын кез келді. Халықаралық деңгейде бәсекеге түсуге қабілетті қазақстандық ғалымдар өсіп жетілді.

Сондықтан келесідей өзгертулер енгізуді ұсынамын:

- Бюджет қаржысын тиімсіз жұмсауды қысқарту.

- Тәуелсіз аудит ұйымдастырып, шетелдік серіктес оқу орындарымен келісімшарттарды қайта қарап, NU пайдасына шешу; Университеттің Болон процесіне мейлінше белсенді араласуын қамтамасыз ету.

- NU-дың Қазақстанның және Еуразия аймағының білім нарығына шығып, ақылы негізде студенттер тартуына қол жеткізу (талантты студенттерге мемлекеттік тапсырыс берумен қатар).

- NU бүкіл Мектебін мемлекеттік органдармен, Үкіметтік емес ұйымдармен, бизнеспен байланыстыру.

- NU бүкіл Мектебі мен басқа жоғары оқу орындары арасында методологиялық және ғылыми қолдау көрсету мақсатында тәжірибе алмасуды қамтамасыз ету.

- Кадр іріктеу саясаты мен қызметте өсуді сіңірген еңбегіне қарай (төлқұжатына қарап емес) қайта қарастыру. Еңбек келісімшартын созу кезінде халықаралық дәрежеде мойындалған журналдарда ғылыми мақалалардың жарық көруі негізгі критерий болуы керек.

- Шетелден қазақстандық ғалымдарды белсенді түрде шақыру.

- Алдыңғы қатарлы батыс университеттерінің әр 3-4 жыл сайын декан ауыстыру тәжірибесін енгізу.

Салтанат Жаненова, Назарбаев университетінің бұрынғы оқытушысы, Бристоль университетінің (Ұлыбритания) мемлекеттік саясат лекторы