4302
1 апреля 2024
Ольга Логинова, Данияр Мүсіровтың фотосы

«ЛГБТ-дан қорқу – отаршылдық таңған өнім»

ЛГБТК жасөспірімдерге арналған Selftanu сайтын құрушы Мүтәлі Москеу сайттың бұғатталуы туралы

«ЛГБТ-дан қорқу – отаршылдық таңған өнім»

Ақпан айында мәдениет және ақпарат министрлігі ЛГБТК жасөспірімдерге арналған Selftanu сайтын бұғаттады. Шенеуніктер онда балалардың денсаулығы мен жетілуіне зиян келтіретін материалдар шығады деп есептейді. Власть сайттың негізін қалаған Мүтәлі Москеумен квир белсенділіктің отарсызданумен байланысы, осалдық және Ресей пропагандасы туралы әңгімелесті.

Read this article in English.

Читайте этот материал на русском.

Мүтәлі Москеу Шымкентте дүниеге келген. Көбі квир белсенді деп қабылдағанмен, негізі өзін ең алдымен медиа жобалар жасаушы деп санайтынын айтты. Біз Мүтәлімен оның сондай жобаларының бірі — ЛГБТК жасөспірімдерге арналған Selftanu ағарту сайты мәдениет және ақпарат министрлігінің шешімімен жабылып қалғаннан кейін бір аптадан соң кездестік.

Өзіңді түйсіну және белсенділік туралы

«Өзімнің квир екенімді балалық шағымнан сезіне бастадым, — деп бастады сөзін Мүтәлі. — Алайда бұның қалай аталатынын білген жоқпын. Сол кезде «гей» деген сөзді білдім деп ойлаймын, бірақ өзімді солай сезініп, «геймін» деуге бара алмадым. Бұған себеп ретінде ол кезде ешқандай ақпараттың болмауын, репрезентация болмағанын айтуға болады. Тек «Бүкір тау» фильмі бар еді, оның да оқиғасы қайғылы».

Бағдарын сезінуіне кино әсер еткен. Фильм кейіпкеріне қарап отырып, Мүтәлі оның көңіліне жақын, тартымды болып көрінетінін түсінді:

«Бұл менің бір бөлігім екенін, бірақ бұл туралы айту қауіпті екенін бірден түйсіндім. Бағыма қарай бұдан емделу керек деген ой ешқашан болмапты, бұл осындай болмыс екенін, оны қабылдап, өмір сүру керек екенін бірден түсіндім. Тек сол кезде бұны жасыру керек деп ойладым».

Әйтсе де жоғары сыныптарда және студент шағында Мүтәлі достарына ақырындап айта бастайды, сосын өзінің бағдары туралы жақын құрбысына айтып береді. Ол қызмет ететін маркетинг саласы мейлінше ашық орта саналатындықтан, айтарлықтай проблема туындамаған. Ата-анасымен түсінісу қиындау болған.

«2020 жылы TikTok желісіне видео түсіріп, квир және әлеуметтік тақырыпта ашық айта бастадым, — дейді Мүтәлі. — Сол кезден бастап қоғам алдында ашық болдым. TikTok тез дамып, бір уақытта қолданушыларым 100 мыңға дейін жетті. Мені танитын аудитория пайда болды, бірақ бұл кезде ата-анама әлі камиң-аут жасамаған едім».

Отбасы оның бағдары туралы туысымен ұрыс-керіс кезінде білген.

«Ата-анам бұл туралы менімен сөйлескісі келген жоқ, бірақ өзара талқылапты. Мен мұны біліп, олармен байланысқа шықтым. Отбасының әр мүшесімен сөйлестім. Әкеммен сөйлесу қиын болды, екеуміз ұрсып қалдық, — деп еске алады ол. — Ата-анам дін жолында. Осы оқиғаның бәрі Рамазан айы кезінде болған еді. Қасиетті ай кезінде жақындарыңды кешіру керек дегеннен шығар, әкем біраз уақыттан кейін жұма күні “сен менің ұлымсың, мен сені жақсы көремін” деген хат жазып жіберді. Содан кейін ата-анаммен бұл тақырыпты аса қозғаған жоқпыз».

«Қазақы квир»

Мүтәлі квир белсенділікпен айналыса бастағанда, оның айналасындағы адамдар да көбіне белсенділер болды.

«Сол кезде отарсыздану туралы кеңінен айтыла бастады, бұл туралы біз көбірек айтып, толғана бастағанда гомофобия мен ЛГБТ фобия отаршылдық арқылы таңылған нәрсе екенін түсіндім, — дейді ол. — Отарлау құрбанына айналатын адамдар, топтар отарлаушыға қашанда мейлінше түсінікті және белгілі бір ұғымға сәйкес келуі керек. Отарлаушы үшін бинарлық болу маңызды, яғни міндетті түрде әйел болуы керек, міндетті түрде еркек болуы керек, олар осындай стереотип ойға сәйкес келуі керек. Демек, отарлаушы ешқандай квирліктің болуына мүдделі емес».

«Гомосексуалдық үшін өлім жазасын немесе басқа да ауыр жаза қолданатын елдердің бәрі дерлік бұрын Британ империясының отары болған».

«Мен бұл туралы зерттеушілер, ғылым өкілдері гомофобия деген жаман, одан гетеросексуал адамдар да зардап шегеді деп түсіндіретін жоба жасағым келгенде ойлана бастадым», — дейді Мүтәлі.

Сөйтіп ол «Қазақы квир» деген деректі фильм түсірмек болды, фильмде ол әлеуметтану, антропология мен адам құқықтары саласындағы алты зерттеушімен қазақтың түп-тамырын квир оптика тұрғысынан қайта пайымдайды.

Елде көп адам орыс тілінде сөйлейтіндіктен, Қазақстан әлі де Ресеймен бір ақпарат алаңында өмір сүріп жатқанын айтады.

«Көпшілік медиада ЛГБТ-ның жөнді репрезентациясы жасалмайтындықтан, адамдар ЛГБТ — ресейлік пропаганда, бізде ешқашан болмаған, бізге таңылған батыстың нәрсесі деп ойлайды, — деп санайды Мүтәлі.— «Қазақы квир» фильмі арқылы квирлік барлық уақытта болғанын көрсету маңызды болды».

Фильмде белсенді әрі зерттеуші Жанар Секербаева мен суретші Самал Қаңтар қазақ фольклоры мен орындаушылық өнер дәстүрін атап өтеді.

«Қазақтың халық өнері негізінен ауызша болды, — дейді Мүтәлі. — Оны қағазға түсірген кезде, орыс тілінде жынысқа бөлу бар болғандықтан — «она», «он» деп жазылды. Ал қазақ тілінде тек «ол» деген ғана бар. Бұл есімдік жынысқа бөлінбейді, оны кез келген жыныс өкілі қолдана алады. Аударған кезде де көп нәрсе жоғалып, мағынасы жойылады».

«Біз, квир белсенділер, қазақ тілі орыс тіліне қарағанда өте квир-френдли деп әзілдейміз», — деп жымиды Мүтәлі.

Қазір Мүтәлі командасымен бірге қазақ және орыс тілдерінде ЛГБТК жасөспірімдерге, олардың жақындарына, ата-аналар мен мұғалімдерге арналған ағарту материалдары бар Selftanu сайтын қалпына келтіруге талпыныс жасап жатыр. Сайтты ресейлік ЛГБТК белсенді және ағартушы Саша Казанцевамен бірлесіп ашқан.

Ақпанда Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрлігі балалардың денсаулығына зияны бар деп сайтты бұғаттап тастаған.

«ЛГБТК адамдар өте осал, ЛГБТК жасөспірімдердің жағдайы тіптен қиын, өйткені олар өз бойындағы өзгерісті түсіне бермейді», — деп түсіндірді Мүтәлі. Қазір ақпарат көптеп шығып жатыр, бірақ олардың көбі жүйеленбеген дейді ол.

«TikTok арқылы, әдебиет арқылы білуге болады, медиа бар. Бірақ бұның бәрі жүйеленбеген, кейде аса сенімді емес және мұқият қарастырмаған ақпарат көздері болады», — дейді ол. Оның үстіне қазақ тілінде ақпарат жоқ десе де болады.

«Біздің жоба негізгі ақпарат молынан жиналған, жасөспірімдер арасында танымал және барлық сұраққа жауап таба алатын хабқа айналғанын қаладық», — деді Мүтәлі.

Жыныстық ағарту бөлігіне қоса, сайтта қалай танысу керек, сезіміңді қалай білдіру керек, айырылысуды, бас тартуды қалай еңсеру керек, достар қалай табу керек деген сұрақтарға арналған түрлі материал болды. Сонымен қатар, ата-аналар мен достарға арналған бөлімдер болды, ата-анамен, мектеппен, университетпен, достармен әлеуметтік контексте қарым-қатынас құру туралы жасөспірімдерге арналған бөлім болды. Сондай-ақ ЛГБТК жасөспірімдерге психолог немесе заңгер көмегі, түрлі консультация алуға немесе жыныстық жолмен таралатын инфекцияларға тест тапсыруға болатын ұйымдар мен бастамалардың байланыс ақпараты бар жеке парақша болды.

Мүтәлінің айтуынша, сайт материалдары ересек қолданушыларға да пайдалы болып шықты.

«Сайтты ашқаннан кейін бізге “менің жасөспірім кезімде осындай сайт болғанда ғой” деп жазған ересек адамдар өте көп болды, — деді ол. — Бізге ата-аналар да жазды, “мен квир баланың анасымын, балама сіздің сайт туралы міндетті түрде айтамын” деген хаттар да болды».

Сайт ашылғаннан кейін екінші күні сайтқа тыйым салу туралы петиция пайда болды.

Алғашқы үш күнде сайтқа 10 мың қолданушы кірген — жоба иелері мұндай көрсеткішке бір жылда жетеміз деп ойлаған. Сайттың кеңінен таралуымен бірге негатив пікір жазғандар да көбейді, мұндай пікірлер, әсіресе, аудиториясы көп медиа жариялаған материалдардың астына көп жазылды. Сайт туралы ақпарат пайда болғаннан кейін ресейлік БАҚ-та хейтерлер іске белсенді түрде кірісті:

«Ертесіне бізге “Мужское государство” секілді бір ресейлік оңшылдар чатынан скриншот келді, ол жақта адамдар: “осы күні осындай уақытта шабуыл жасаймыз” деп талқылап жатыр екен».

«Бізбен ешкім байланысқан да жоқ»

Сайттың бұғатталуы мүмкін екенін сайт иелері заңгерлермен тыйым салу туралы петиция пайда болысымен бірден талқылаған. Әйтсе де, ақпар тосыннан келді.

«Бізбен ешкім байланысқан жоқ, ешқандай ескертпе келген жоқ, “сіздерде осындай мақалалар бар, олар заңды бұзады, алып тастаңыз” деп ешкім айтқан жоқ. Медиа өкілдері сауалдар жіберді, оларға министрлік бір мақалаларды алып тастаса, біздің сайтты қалыпқа келтіреді деп жауап берген», — дейді Мүтәлі.

Сайт қай материалға бола бұғатталғанын сайт иелері хостинг компанияларға келген хаттардан білген:

«Онда секстегі жетекші және қабылдаушы рөл туралы мақала болды. Сосын “Түрім ЛГБТК адам сияқты болуы міндетті ме?” деген мақала болды. Шынын айтқанда, кейбір мақалалардың заң талабына қалайша қайшы екенін толық түсіне алмадық».

Қазір сайт иелері мәдениет және ақпарат министрлігіне хат дайындап жатыр, алайда бұғаттауды сотта даулауға дайын болулары керек.

«Мен ағартушылықпен айналысқым келеді, идеям көп, көп нәрсе жасағым келеді, бірақ күш-қуатымды заңсыз бұғаттаумен күресуге жұмсап жатырмын», — дейді Мүтәлі.

Ол мемлекеттік органдардың ресурсты бұғаттау туралы шешім қабылдауына, бір жағынан, ЛГБТ туралы хабардар болу деңгейінің төмендігі, екінші жағынан, гендерге қарсы топтардың, соның ішінде отбасы мен тұрмыстағы зорлық туралы заңның қабылдануына қарсы шығушылардың қысымы себеп болды деп есептейді.

«Осындай шешімді қабылдайтын мемлекеттік қызметкерлерді де түсінуге болады: олар бюрократия шеңберінен шыға алмайды. Олар кейбіреулер қатты наразылық білдіріп жатыр, бұғаттап тастаймыз деп ойлайтын шығар», — деп түйеді Мүтәлі.

Сайтты бұғаттағанға дейін де, кейін де болған оқиғалар легі — ЛГБТК адамдарға жетімдерге тәлімгер болуға тыйым салуды, сондай-ақ ЛГБТК-ға тыйым салу туралы арнайы заң қабылдауды талап еткен наразылық акциясын Мүтәлі алаңдатарлық тенденция деп атайды. Бірақ бұндай мәлімдемелер болып тұратынын, соның ішінде депутаттар да айтып жүргенін еске алды.

«Бұл көңілімді түсіреді, бірақ бәрінен үміт үзіп, әлі болмаған нәрсеге бола қатты уайымдаудың қажеті жоқ, — деп санайды ол. — Бізде, бақытымызға орай, пропаганда туралы, әсіресе [ЛГБТК] экстремизм туралы заң жоқ».

«Қазақы квир» фильмінде сарапшылар ЛГБТК-ға деген өшпенділік көбіне жасанды екенін, саясат тұрғысынан құрастырылатынын атап өтті. Мүтәлі бұған қоса қауымдастық өкілдерінің өзі ашық және кемсітуге ұшырайтын басқа да топтарды қолдауға дайын екенін айтады.

«Квир бастамалары Қаңтар оқиғасы болғанда әрекет етті. Сол кезде көп адам азапталды, олардың туыстары қаржы жинады, оларға көмек қажет болды. Сол кезде көптеген квир бастама оларға ақша жинағанын білемін, — дейді ол. — Сондай-ақ Qazaq Genius жобасымен бірге квиз бен жәрмеңге ұйымдастырып, жинаған қаражаттың бәрін азап көрген адамдарға бердік».

Мүтәлі болашақта қаналған түрлі топтар арасында ынтымақ көбірек болады деп үміттенеді.

«Мен бұған келеміз деп ойлаймын, — дейді ол. — Бұрынғыға қарағанда қазір одақтастар көбірек екенін көріп жүрмін. Петиция басталған кезде [Selftanu сайтына қарсы], “зейнетақы өссін деп петиция бастасаңдаршы”, “жемқорлыққа қарсы петиция бастайтындар бар ма?” — деп жазып жатты. Билігі бар адамдар бізді зұлым етіп көрсеткісі келгенімен, адамдар ондай емес екенімізді түсінетіні қуантады».