3693
9 апреля 2024
Власть редакциясы, иллюстрация Данияр Мүсіровтікі.

Шындық пен насихаттың текетіресі

Үкімет ақпарат құралдарының жазатын тақырыбын шектемек

Шындық пен насихаттың текетіресі

Amanat партиясының екі депутаты «дәстүрлі емес сексуалдық бағытты» бұқаралық ақпарат құралдары жазбауға тиіс тақырыптар қатарына қосуды ұсынды. Егер «Масс-медиа туралы» жаңа заңға бұл түзету енгізілетін болса, «дәстүрлі емес жыныстық бағдар» порнография, діни экстремизм және ұлтшылдық үстемдікпен теңестіріледі.

Жергілікті ақпарат құралдары бұл ұсынысқа бірден назар аударып, мұны баспасөз бостандығына қарсы тағы бір құрал деп атады. «Пропаганда» онсыз да баспасөзге қарсы құрал ретінде қолданылып жүрген. Енді тағы да қайталанбақ.

Репортерлер, редакторлар мен баспагерлер нені жазуға немесе жазып таратуға болатынын, ал қандай тақырыптарды жазудың қажеті жоқ екенін этика жағынан да, кәсіби тұрғыдан да жақсы түсінеді. Бұл кез келген құқықтық ережеден маңызды: оқырманға шындықты жеткізу және процесс барысында зиян келтірмеу – журналистиканың негізгі қағидасы. Кейіннен мемлекет өзінің билігін сақтап қалу үшін қосымша ережелер, яғни шектеулер қабылдады. Осы себепті де БАҚ туралы заң әр елде әртүрлі.

Қазақстанның құқықтық жүйесінде «насихат» ұғымының нақты анықтамасы жоқ, ал ең бастысы кез келген «дәстүрлі емес сексуалдық бағыт» заңсыз емес.

Жариялауға болатын және қоғамдық тәртіпке қауіп төндіретін тақырыптар аясы Конституцияда нақты белгіленген, ол «әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, таптық және рулық араздықты қоздыруға» тыйым салады, бірақ онда жыныстық бағдар туралы ештеңе айтылмаған.

«Дәстүрлі емес сексуалдық бағытты насихаттауға» тыйым салу туралы бұл норма алдымен 2013 жылы Ресейде, содан кейін 2021 жылы Венгрияда қабылданған нормалардың көшірмесіне ұқсайды.

Сайып келгенде, нақты айтылмағанына қарамастан, бұл ЛГБТ+ қарсы заңдар.

Мұны ультраконсерватив және гомофоб заң шығарушылар Қазақстанның заң жүйесіне енгізуге бірнеше рет талпыныс жасады. «ЛГБТ+ насихатына» тыйым салуды қамтитын 2015 жылғы «Балаларды қорғау туралы» заң жобасы конституцияға қайшы деп танылды. 2018 жылы «Ақпараттық өнімдердің жас ерекшелігін анықтау әдістері мен ережелері» деп аталатын тағы бір заң жобасынан қабылданар алдында баспасөз бостандығын қорғайтын ұйымдар мен ақпарат агенттіктерінің қысымына байланысты ЛГБТ-ге қарсы бөлігі алынып тасталды.

БАҚ әрқашан шындықты жеткізуге тырысады. Біз ЛГБТ+ қатарындағы адамдар мен олардың құқығы тең болуы, құқықтары сақталуы жолындағы күресі туралы талай рет жаздық, бұл туралы халықаралық медиа да жазды. Оқырман белгілі бір ойды дәлелдеу үшін біржақты көрсетіп, соған сай дәйексөздер мен деректерді ұсынатындарды бірден байқайды. Бұл – журналистика емес, насихат.

«Дәстүрлі емес сексуалдық бағытты насихаттауға» түсініксіз жолмен тыйым салу арқылы билеуші партия ақпарат агенттіктерін «насихаттады» деп айыптай алады, оның ішінде заңсыз саналмайтын «дәстүрлі емес сексуалды бағдар» туралы тақырыптар да болуы мүмкін.

Бұл қазірдің өзінде қысым мен шектеуден зардап шегіп отырған медиа кеңістіктегі қауіп-қатер мен өзіндік цензураны күшейтеді.

Читайте этот материал на русском.

Read this article in English.