3480
12 апреля 2024

Қостанайдағы тасқын: «Су үйіміздің шатырына дейін жетті»

Иттердің панажайы, супермаркеттер мен үйлер су астында қалды

Қостанайдағы тасқын: «Су үйіміздің шатырына дейін жетті»

Ольга Лихограй, Қостанай, «Наша газета», арнайы Власть үшін, фото авторы Ксения Ребик

Қостанай өңірі нағыз дүлей апатпен бетпе-бет келді, облыс орталығы ғана емес, оған жақын аудандар да су астында қалды. 6 сәуір күні облыста төтенше жағдай режимі жарияланды, одан екі күн бұрын-ақ кейбір инфрақұрылым нысандарын, саяжайлар мен жер үйлердің ауласын су баса бастады. Негізгі тасқын 6-7 сәуірге түсті, демалыс күндері көп мөлшердегі су бірден үш тараптан – орталықтан, солтүстіктен және оңтүстіктен келді. Сол үшін де бірден Қостанайды көрші Тобыл қаласымен және Қостанай ауданымен байланыстырып тұрған екі көпірде қозғалысты тоқтатуға тура келді. Ауданда да көптеген үй су астында қалды. Қаланың орталығындағы Үлкен көпір ғана ашық болғандықтан, қалада ұзын-сонар кептеліс пайда болды. Ал 7 сәуір күні кешкілік облыс орталығын су басу қаупі шарықтау шегіне жетіп, орталық көпірді де жабуға тура келді. Осылай оң жағалау мен сол жағалаудың арасындағы байланыс үзілді.

Читайте этот материал на русском.

Тасқынға дайындық

Қаланың солтүстігіндегі Корей көпірі ауданында, оңтүстіктегі КЖБИ көпірі жақта және Қостанайдың орталығындағы Үлкен көпір маңында үйлерге су тола бастады. Бұл аудандарда су басу қаупі жыл сайын болады. Кейде еріген қар суынан, ал кейде Ресей жақтан келетін ағын көбейгенде жергілікті су қоймалары суды көп мөлшерде жібергенде аулаларды су басатындықтан, азғантай суға мұндағы тұрғындар үйренген. Алайда, дәл осы жолғыдай көп су келетінін ешкім күткен жоқ.

4 сәуір күні қаладағы өзен жағалауында орналасқан Колесный ряд ауданы жақтағы жағажайды су басқандықтан, күндізден-ақ тұрғындарға қауіпсіз жерге көшуге дайындалу керегі ескертілген. Сол күні кешкісін өзеннен жиырма метрдей ғана қашықта орналасқан теннис орталығының ғимараты маңына құм салынған қаптар қойылып, өзеннен жаяу жүргіншілер өтетін кішкене көпірді (үлкен автокөлік көпіріне қарама-қарсы) бөлшектеп, сүйеніштерін алып, жарық беретін бағандарды бұза бастады.

«Сеңге жол ашып жатырмыз, – деді сол жерде жұмыс істеп жатқан құтқарушылар. – Мұз кептелісіне жол бермеу керек».

Алайда, екі күннен кейін бұл әрекеттің бәрінен еш пайда болмағаны белгілі болды: теннис орталығы ортан беліне дейін суда қалды, жаяу жүргіншілер көпірін өзен ағысы жауып қалды, ал Колесный ряд тұрғындарының үйін су басты. Қостанайдың оңтүстік жағында (КЖБИ) жағдай тіптен мүшкіл еді. Мичурин саяжайы маңындағы адамдар тіркелген және тұрақты тұрып жатқан үйлердің шатыры ғана қалды, Қостанайдағы ең танымал екі жеке жағажай – Mojito мен Малибу түгелдей су астына кетті, 130 жануары бар иттердің панажайы бұзылды. Бұған саяжайдағы кішігірім үйлерді қосыңыз.

Астанаға барар жолдың бір бөлігін де су басып, оңтүстік көпірдегі қозғалыс тоқтады.

Солтүстікте Корей көпіріндегі қозғалысты тоқтатуға қоса, оған апарар жолдың біраз бөлігін су ағып кетуі үшін қазуға тура келді.

6 сәуірден 7 сәуірге дейін бір тәулік бойы бүкіл қозғалыс Үлкен көпір арқылы жүріп жатты, ал кешкілік ол көпірді де жабуға тура келді. Алдымен жүк көліктерін өткізбей, кейін жеңіл көліктің жүруіне де шектеу қойылды. Тек қана арнайы техника мен құм тиеген тракторлар жүріп жатты. Көпірдің оң жағына тұтастай құмнан бөгет жасалды, Park Residence элиталық кешеніне қарама-қарсы бетке үйме-үйме құм төгілді. Волонтерлер, оқушылар, полиция қызметкерлері мен прокурорлар үздіксіз жұмыс істеді. Самауыр қайнатып, вагондарда бутерброд жасап, су таратылып жатты.

Тракторлар құм салынған қаптарды басып әкеліп, Тобыл қаласы жақтан Қостанайға кіреберісті бекітті. Бұл жақта «Апельсин» сауда үйі, Food Park тез тамақтану орны және Қостанайдың бұрынғы әкімі Ахметбек Ахметжановтың мейрамханасы белуардан суда тұрған болатын. Бірнеше жыл бұрын әкім жемқорлыққа жол берді деген айыппен 13 жылға сотталған. Мейрамхананы тәркілеп, мемлекет есебіне өткізген, алайда ол жерде жаңадан ештеңе ашылған жоқ.

Қостанайдың бұрынғы әкімінің мейрамханасын да су басты

Үлкен көпір маңындағы жолға 7 сәуірдің түнінде бір тынбастан бекініс жасалды. Бұл уақытта Қостанайға үш су қоймасынан келетін су (Жітіқара ауданындағы Желқуар, Лисаков айданындағы Жоғарғы Тобыл, Рудный ауданындағы Қаратомар) жоғарғы деңгейді көрсетті. Қостанайға жақын Қаратомар су қоймасы 98%-ға толып, одан секундына 3500 текше метр су жіберіле бастады, осының өзі тарихта болмаған жоғарғы деңгей екені айтылды. Бұл уақытта Қостанай тасқынның бұдан да ауыр зардабын күтіп жатты.

Ал әлеуметтік желіде ағын судан Қостанайдағы Корей көпірі мен Рудныйға жақын Константиновка ауылы маңындағы көпірге шығып алған құндыздардың видеосы пайда болды. Желідегі жұрт: «Ресейде сүңгігеннен Қостанайда су бетіне шықты», – деп пікір жазып, поляктардың құндыз туралы әйгілі мемін еске алып жатты. Көпірде жүрген құндыздар осы кештегі ең жағымды көрініс еді.

«Спортзалға орналасқан лолылар қауымы»

8 сәуір күні таңертең су қоймаларынан келетін су біртіндеп азайды, алдымен секундына 100, 300, содан кейін 500 текше метрге дейін кеміді. Шын мәнінде Қостанайда судың беті қайта қойған жоқ, дегенмен жаңадан да ағын келмеді. Үлкен көпірдегі қозғалыс қалпына келтірілді. Басқа екі көпір әлі де жабық болды.

8 сәуір күні таңертең біз Қостанай ауданының Тобыл қаласындағы халық ең көп орналасқан екі эвакуация бекетіне бардық. Оның бірі №2 негізгі мектепте болса, екіншісі Наушабаев гимназиясында еді.

«Қостанай ауданынан 4000-нан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді, – деді бізге сол жерде жүрген аудан әкімі Берік Таңжарықов. – 1500-ге жуық орын дайындалды, бірақ эвакуация бекеттерінде шамамен 222 адам бар, қалған халық туыстарының үйіне кетті. Аудандағы төтенше жағдай тұрақталды, дегенмен әлі де қауіп бар. Қазір Тобыл қаласын су басудан қорғайтын дамбыны күшейту жұмысы жүріп жатыр. Набережная көшесінен бастап, Октябрьдің 40 жылдығы көшелеріне дейінгі маңда тұратын халық қауіпсіз жерге көшірілді. Су басу қаупі бар аймақта әлі де 18-дей көше бар».

№2 мектептің атшаптырым спорт залында Мунчан және Михай отбасынан тұратын тұтас бір лолылар қауымы орналасқан. Олардың тұрғылықты мекенжайы «Магистраль» кафесінің маңындағы «Весна» бау-бақша қоғамы аумағында болған. Үйлерін толықтай су басып қалған.

«Біз 10-11 үйде, бәріміз қатар-қатар тұратынбыз. Барлық үйді іргетасынан бастап өзіміз салғанбыз, – дейді Данила Мунчан. – Үйлеріміз жақсы болатын, әрқайсы 130–160 шаршы метрден, жақсы жөндеу жасалған. Біздің табырымыздағы 75 адам сонда тұратынбыз».

«Әрқайсымыздың алты-жетіден баламыз бар, – дейді Анжелика Михай. – Бізді 6 сәуір күні таңғы сағат 6-да көшірді. Бала-шаға бар, қиын болды. Үйімізді тастап шықтық, жиһазымыз, люстраларға дейін су астында қалды. Қазір балаларымыз осы мектепте оқып жатыр, күніне үш мезгіл тамақ береді. Бізді осы жерге орналастырған мектеп директорына алғысымыз шексіз».

75 адамнан тұратын, соның ішінде 25 баласы бар лолылар қауымы қазір мектептің спорт залындағы үлкен матрацта жатып жүр. Ең кішкентай балалармен психолог жұмыс істеп жатыр.

«Балалармен бірге ашық түстермен әдемі суреттер саламыз, қағазға және интерактив тақтаға гүл мен жүректің суретін бейнелейміз. Күйзелістен арылып, жақсы көңіл-күй қалыптастырғымыз келеді. Әрі балалар маған сыған тілін үйретіп жатыр», – дейді Тобылдағы №2 мектептің психологы Елена Мирзанурова. Сөйтті де, үйренген сөздерін айтып берді: «Милибиф то» – «Мен сені жақсы көремін». «Бахтали зурали» – «Сау-саламат бол!»

Эвакуация бекетін мекен еткен тағы бір тұрғын мұндайды бұрын-соңды көрмегенін айтады. Мэлс Мұхатов Тобылда 22 жылдан бері тұрып келе жатыр екен.

«Менің үйімді әзірге су басқан жоқ, бірақ қауіп бар болғандықтан, осы жерге көшірді. Қостанайды дәл осылай су алған кезі есімде жоқ. Ал Тобылды үнемі дамбы құтқарып қалатын».

«Қостанайда мұндай тасқын болғаны есімде жоқ»

Қауіпсіз жерге көшіп, қазір Наушабаев гимназиясында уақытша тұрып жатқан Нина Иванованың айтуынша, Тобылдағы дамбы 1997 жылы салыныпты.

«Біз 1996 жылы көшіп келдік, дамбыны 1997 жылы салды, – дейді ол. – Қалаға қоныс аударып, 8 март көшесіндегі қазіргі үйімізге көшіп келгенімізде ештеңеден хабарсыз едік. Үйді жөндеп, әбден орналасып алғаннан кейін көршілер бұл үйді терезенің тұсына дейін су басқанын айтты. Қабырғаны әктегенде судың ізін байқағанмын, оны ұзақ ағартқаным есімде. Ал содан бергі уақытта су дамбыдан қайтатын, одан асып төгілуге жарты метрдей жетпей қалатын. Бұл жолы да бізді құтқарып қалды. Ал Қостанайда мұндай тасқын болғаны есімде жоқ».

Наушабаев гимназиясында жасы жетпістен асқан Валентина мен Анатолий Зиновьевтер де тұрып жатыр. Зейнеткерлер 10 жыл Тимирязев саяжай қоғамы аумағында тұрып, сол жерде тіркелген екен.

«Сәуірдің басында бізді қауіпсіз жерге көшіре бастады, ал бірнеше күн өткеннен кейін бәрін су басып қалды, – дейді зейнеткерлер. – Біздің үйіміз қарапайым лашық болатын, сонда да обал. Шатырына дейін су басып қалды. Бұрын барлық көпірдің маңында мұзды уақытында жаратын, сондықтан 30–40 жылда мұндай тасқын болған емес. Қазір сауда үйлері, супермаркеттер мен жағажайлар орналасқан жерге бұрын ештеңе салмайтын, су қорғау аймағы деген түсінік болатын».

Қостанай тұрғыны, Нариманов ауданындағы Дачная көшесінен қауіпсіз жерге көшірілген Хамит Қалиев пен зайыбы Тойбала Бұзабақова облыс орталығында орналасқан Ш.Қабылбаев атындағы ҚР ІІМ академиясындағы эвакуация бекетіне орналасқан беті екен.

«Біз түнде 4 мың текше метрдей су келді дегенді естіген соң, бірден үйден кетіп қалдық, – дейді Қалиев. – Заттарымыз қалды, мысығымыз бен итіміз қалды. Обал. Итті босатып үлгердік, қашып кеткен шығар, білмеймін. Кейін көршілерден сұрағанымда, судың бір демде келгенін, бір сағаттың айналасында бәрін су алып кеткенін айтты...»

Мемлекет үй салуға көмектеседі дегенге ерлі-зайыптылар күмәнмен қарайды. «Құрылыс материалын берсе, өзіміз салып алар едік, ал салып бере қояды дегенге күмәнім бар, – дейді Қалиев. – Біздің ағашкаларды білесіз ғой. Ақшаны бөлісіп, одан қалғанын бөліп берем дегенше...»

Академиядағы эвакуация бекетінен бір жасар қызын емізіп отырған жас келіншекті кездестірдік. Аты-жөні – Мила Мамедова. Қостанайдан 10 шақырым жердегі Әлжан ауылындағы үйі тұтастай суға кетіп қалғанын айтады.

«Ол жерде бір-ақ жыл тұрып үлгердік. Көршілердің айтуына қарағанда, 2000 жылы қатты тасқын болған екен, бірақ ол кезде де су дүкенге кіргенімен, үйге жетпепті, – дейді Мамедова. – Біз орталық көшеде тұрамыз. Өзеннің жағасы емес қой, орталыққа су келе қоймас деген. Әкім уайымдамаңыздар, су баспайды деп кеткен, сөйткен үйіміздің шатырына дейін су көтерілді. Тауығымыз көп еді, бәрі өліп қалған шығар. Итіміз өліп қалыпты. Босатып үлгеріп едік, малти алмапты».

Мұны Мила күйеуінен естіпті. Ол бір-екі күн бұрын қайық алып, үйіне дейін барып қайтқан екен. Ит суға батып өліпті, ал тауық күркенің есігін сол күйі аша алмапты. Тауықтар да тірі қалмаған шығар. Мила күйеуінің белуардан суда тұрған үйіне қайықпен бара жатқан суретін көрсетті.

«Мынау судың кеткені ғой, әйтпесе шатырға дейін жеткен! – дейді Мила. – Бастапқыда қаладан пәтер жалдасақ па деп ойладық. Қолымызда кішкентай баламыз бар. Бірақ пәтер бағасы ұшып тұр екен».

8 сәуір күні көпірдің арғы бетінде қалған көршілес Тобыл қаласына, Мичурин және Заречное ауылдарына апаратын такси бағасы да аспандап кетті. «Яндекс» екі көпірдің жабылғанын, қаладағы кептелісті есепке алып, Рудный арқылы айналып келуге (Қостанайдан 40 шақырым жерде) 10 800 теңгеден бастап 13 000 теңгеге дейін сұрап тұрды. Бұл – бір бағыттың ақысы. Әдетте Үлкен көпір арқылы бару бағасы 1200 теңге.

«Толқын қоршаудың сыртына лақтырып жіберді»

Үйлер, жағажайлар, сауда үйлерімен қатар, Қостанайда иттердің панажайлары да су астында қалды. «Сердце чистой породы» деп аталатын панажайды иттердің ұясы, қоршауы, бүкіл құрал-жабдығымен ағызып әкетіпті. Пана қаланың оңтүстік жағында, тасқыннан қатты зардап шеккен бөлігінде орналасқан. Қайта қалпына келтіру мүмкін емес.

«Су 6 сәуірден 7 сәуірге қараған түні келді, – дейді иттерге арналған панажайдың иесі Людмила Берестова. – Толқынның күшті болғаны соншалық, мені бір жаққа лақтырып жіберді. Күйеуім болмағанда, аман қалуым неғайбыл еді. Біздің панажайда ұясымен 130 ит бар болатын. Тез арада оларды көшіре бастадық, көмекке келген жандарға мың алғыс. 100 итті анық құтқардық, екеуі ағып кетті, қалған отызға жуық иттің жағдайын білмеймін. Қаланың ішіне қарай қашып кетті. Панажайдың аумағын әлі де толықтай су басып жатыр».

Оншақты итті Hope.kst панажайына ауыстыруға мүмкіндік туды, ол жерге ел-жұрт болып көмектесті. 7 сәуір күні халықтан ақша жинауды бастап, панажайға генератор сатып алыпты. Ескісі тасқын кезінде күйіп кеткен. Генератор әкелген соң жарық қосылып, құралдар іске қосылған. Қазір солардың көмегімен иттерге арнап ұя жасалып жатыр. Үй жануарларына тамақ, су, қарғыбау алып келгендер де бар.

«Етті таратып болдық, суды құйдық!», «Сенбернарларға берме, оларды қожайын өзі тамақтандырады!», «Тағы да 5 ұя жасау керек!»... Еріктілердің айғайына иттердің үргені қосылып, айнала азан-қазан. Hope.kst тасқын кезінде иттерге ғана емес, мысықтарға, тіпті қояндарға да пана болған жалғыз орын.

«Бізде шамамен 100–110 ит бар еді, тағы 10 ит әкелді, бұған қоса суық тиіп, клиникаға түскендер бар, – дейді панажайдағы волонтер Полина Бобренко. – 50 мысық пен бірнеше қоянды қарауымызға алдық. Жақында бір ата хабарласып, 300-дей балапанға пана сұрады. Оларға кәдімгідей үлкен аумақ керек. Мен мына сарайды ұсынғанмын, бірақ қазір жол жабық болғандықтан, балапандарды жеткізу мүмкін болмай тұр. Жұрт өз басын құтқарумен әлек болып кетті».

Ең қиыны артта қалды

Су алып кеткен жекеменшік панажайдың иесі мемлекеттен көмек бола қоярына аса сенбейді, ірі бизнес өкілдері де сол. Шенеуніктер де әзірге ештеңе айтып жатқан жоқ.

«Бізге тасқын болады деп ешкім ескерту жасаған жоқ, – дейді жекеменшік Mojito жағажайының иесі Махмұт Тұрсынов. – Ағаштан салынған моншалар, кейбірі жақында ғана жөндеуден өткен үйшіктер толықтай су астында қалды. Инфрақұрылымның біраз бөлігі ағын сумен кетті. Шығын әлі есептеліп болған жоқ, ондаған миллионға дейін баратын шығар деп отырмын. Әкімдіктен хабарласты, дегенмен қазір нақты бір көмек туралы айтуға ерте. Жағажай жазда жұмыс істей ме деген сұрақ бар. Істейміз деп үміттенемін. Соған дайындық жасап жатырмыз».

8 сәуір күні кешкілік Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов тасқынның беті қайтқанын, ең қиыны артта қалғанын мәлімдеп, 587 отбасына 107 млн теңгеден астам қаржының көмегі көрсетілгенін айтты. Алайда, 100-ден астам елді мекенде әлі күнге дейін жарық жоқ, өйткені бағандар суда тұр. Су астында қалған жекеменшік иттер панажайы, ірі сауда орталықтары, кафелер мен жағажайларға көмек бола ма деген сауалға облыс әкімі жауап бермеді.

Қала әкімдігі сол күні кешке кәсіпкерлер әзірге өз күшіне иек артқаны жөн екенін айтып, «әркіммен жеке жұмыс істейміз» дегенді қосып қойды.

«Қазіргі сәтте заң талабына сай төтенше жағдай кесірінен келтірілген залалды өтеу тек жеке тұлғаларға қатысты, – деп түсіндірді Қостанай әкімі аппараты заң қызметінің жетекшісі Әсел Қуандық. – Заңды тұлғаларға келген залалды өтеу заңмен реттелмеген. Бірақ біз бұл мәселені қосымша қарастырамыз».

8 сәуір күні кешкілік облыс орталығындағы жағдай реттелгендей болды. Қостанайдың оңтүстік және солтүстік бөлігіндегі көпірлер әлі де жабық, бар салмақ Үлкен көпірге түсіп тұр. Дүйсенбі күні кешкі мезгілде ол көпірдің де 9 сәуір күні түнгі сағат 1-ден 3-ке дейін жабылатыны туралы хабарлама келді. Тасқыннан жағдай ушығады деген есеппен 7 сәуір күні кешкілік қойылған құбырларды бұзу үшін жабылатыны айтылды. Осы сәттен бастап қостанайлықтардың көпшілігі енді мол су келе қоймас деп, еркін тыныс алды.