5668
10 апреля 2024
Бейімбет Молдағали, Алмас Қайсар, фотолар Алмас Қайсардыкі

«Судан қорқатын болдым. Қашанға дейін бұлай өмір сүреміз?»

Екі рет су басқан Ақтөбеден репортаж

 «Судан қорқатын болдым. Қашанға дейін бұлай өмір сүреміз?»

27 наурызда Ақтөбе облысы тұрғындарының үйі мен ауласын су басты. «Күтпеген жерден» келген кезекті тасқын кесірінен халықты дереу қауіпсіз жерге көшіруге тура келді, түгел ауылдарды су басты. Облыс орталығы Ақтөбеде және облыстың бес ауданында ТЖ режимі жарияланды. Қаладағы су қайтқанмен, бірнеше күннен кейін «күтпеген жерден» тағы да айналып соқты.

Власть журналистері 1 сәуірден 4 сәуірге дейін Ақтөбеде болып, жергілікті халықпен және мемлекеттік органдармен тасқын туралы сөйлесті.

Читайте этот материал на русском.

«Екінші дубль»

Ақтөбенің іргесіндегі «Рассвет» бау-бақша ұжымына алып бара жатқан такси біз таңдаған мекенжайға бірнеше көше жетпей тоқтады. Алдымызда – айдын. Жуырдағы тасқыннан кейін кілемдері мен киім-кешегін жайып қойып, онысы үйімен қоса су астында қалыпты.

Су кіре қоймаған үйлердің бірінен шыққан жергілікті тұрғын бізді көргенде таңданысын жасыра алмады. Есімі Дәурен екен. Жолды үйлердің ауласы арқылы айналып өтуге болатынын айтып, жол көрсетіп жіберді.

Алдымыздан қоқыс, ағаш бұтақтары мен түрлі заттардың қалдығы қалқып жүрген тағы бір шалшық су кезікті. Дәурен Алматыдан ешкімге айтпай «тосын сый» жасап келгенін, ақырында өзі «тосын сыйдың» құрбаны болғанын айтып күлді.

Ақтөбе — елдің батысында орналасқан, халық саны бойынша Қазақстандағы төртінші қала (560 мыңдай адам).

Ақтөбеде болған тасқыннан жергілікті бау-бақша ұжымдары бәрінен көп зардап шекті, өйткені олар Жайыққа құятын Қарғалы және Елек өзендерінің жағалауында орналасқан. 27 наурыздағы тасқын дәл осы жерден басталды. Тұрғындар біртіндеп үйіне оралып, тазалап, аман қалған заттарын кептіре бастаған болатын. Алайда 2 сәуірдің түнінде тасқынның екінші толқыны басталды.

Апаттан кейін пайда болған «жағалауға» біртіндеп халық жинала бастады, өзара әзілдесіп те қояды.

«Тағы басталды ма?» — деп әзілдейді балдағына сүйенген Дәурен.

«Екінші дубль», — деп жауап берді үйін толық су басқан Андрей Актауов.

Артынша жанымызға Андрейдің әйелі Әсия Актауова мен тағы бірнеше жігіт келді. Тасқыннан көбірек зардап шеккен жерлерге бару үшін жиналғандармен бірге қайыққа отырдық.

«Ағыс қайда баратынын көрейік, — дейді Андрей. — Президент келеді дей ме? Келсе де, Mega жаққа дейін апарып, сол аудандарды көрсетеді, мына жерге әкеле қоймас».

Андрей де, басқа жігіттер де комбинезон киген. Су әзірге белуарға жетпейтіндіктен, қайықтарды сүйреп келе жатыр. Біз олардың үйіне қарай «жүзіп» барамыз.

Әсия жедел жәрдем стансасында ауысыммен жұмыс істейді. Бір тәуліктен кейін жұмыстан шығып, үйінің тасқыннан кейінгі жай-күйін көруге келе жатқан беті. Бұл үйді ерлі-зайыптылар үш жыл бұрын сатып алыпты.

27 наурызда ол әкімдіктің «бәрі бақылауда» деген сөзіне сеніп, ұйқыға жатқан. Сол түні тұрғындар Елек жақтан келетін суды қадағалағанмен, таңертең су Қарғалы жақтан келген. Келесі күні, 28 наурызда күндізгі сағат 12-нің кезінде су үйіне дейін кірген. Ал сағат үшке таман үй ортан белінен суда тұрыпты.

«ТЖМ қызметкерлері бізді көшірді. Жалғыз ғана техника — тиегіш болды, оның өзі құмды өте баяу тасыды. Су көтерілгенде оның шопыры енді бірнәрсе істеуден пайда жоқ екенін айтып, кетіп қалды. Су шатырға дейін жеткен. Ішке кіру мүмкін емес еді», — деп еске алады Әсия.

Олар құжаттары мен киім-кешегін алып үлгерген. Тасқыннан кейін Әсия отбасы үшін көптің көмегіне жүгінуге тура келгенін айтады.

«Өмірі ешкімге алақан жайып көрген жоқ едік. Қазір де жұрт бірдеңе беріп жатса, өзімді ыңғайсыз сезінемін, — дейді ол көз жасын әрең тыйып. — Үйде ештеңе қалған жоқ. Техника, диван, кілем, бәрі құрыды, су терезе тұсына дейін көтерілді. Көршілердің көлігі гаражда қалды. Біз 30 наурызда келіп, тағы біраз затымызды алдық. Бәріне құм-топырақ араласып кеткен».

Андрей мен Әсияның екі қызы бар. Үлкені төртте, кішісі екі жаста. Әсия тасқынға дейін оларды туыстарына жіберіп үлгерген. Қыздар әлі үйді көрмеген, бірақ Әсия үлкен қызына фото мен видео жіберіпті.

Сол жақтағы Әсия

«Үлкен қызым жылап, енді қайда тұрамыз деп сұрап жатыр. Мен мұндай реакция күтпеп едім. Қазір ұйықтап жатып тысыр еткен дыбыс шықса, терезеге жүгірем. Судан қорқатын болдым. Қашанға дейін бұлай өмір сүреміз?!»

Алға қарай жүзген сайын су да тереңдей түсті, міне, шағын дуалдардың деңгейіне дейін жетті. Ара-арасында құлаған ағаштар мен қопарылған балшық үйіндісі бар, шалшық су аралас шағын аралдар кездеседі.

Екі «көлдің» арасымен бізге қарай Разия келе жатыр. Судың арғы жағында адамдар бар-жоғын сұрады. Залалды бағалайтын облыстық комиссияны күтіп жүр екен: «Жүректен жүрек қалмады. Үйіміз су астында қалды. Эвакуация бекетінде түнеп жүрмін дегенім болмаса, есіл-дертім үйімде».

Андрейдің үйі жақта су тереңдеу, комбинезоннан асады. Ол енді қайыққа отырып, әрі қарай ескек есуге кірісті.

Артқы жақтан қайықпен тағы бір ер адам келді. Стас деген осы азамат бұл жерде сегіз жылдан бері тұрады екен.

«Бөгетті үш жыл бұрын өз күшімізбен тұрғызып едік. Осы кезге дейін суды жақсы ұстап тұрды. Әкімдік оны бұзып тастап, жай топырақтан бөгет жасады. Олардың бөгетін санаулы секундта су шайып кетті!» — деп батпақ үйіндісін көрсетті.

Стас бізді өзінің үйіне қарай алып жүрді, қайықтың тұмсығын қақпа алдына қаңтардық. Көтерілген су үстінде тұрғандықтан, бәрін дуалдың сыртынан-ақ көрдік: су бүкіл ауланы басып, терезеге дейін жетіп қалған.

«Жинаған-тергеніміз, киім-кешек, техника, баланың ойыншықтары, бәрі қалды. Үстіміздегі бір қабат киімнен басқасы су астында қалды. Жеті жыл ішінде мұндай тасқын 2017 жылы болды, бірақ ол кезде су мөлшері біраз аз еді», — дейді ол.

Стас жүк көлігін жүргізеді, алысқа қатынайды. Наурыздағы тасқын кезінде Орынборда болыпты. Келе сала су басқанын көріп, ит-мысықты, марғауларды және кейбір заттарын алып шығып үлгеріпті.

«Осы жолы су өте жылдам келді, қауіптің беті сұмдық болды. Мына үйді енді қалай кептіреміз, бұл жерде қалай тұрамыз? Ешқандай ескерту жоқ, мұнда ТЖМ өкілдері де жоқ. Еңбегіміз еш кетті. Біз қарапайым халықпыз, тірнектеп жинаған дүниеміз. Осы үйге салғаным түгел зая кетті. Неге үйді өзенге жақын салдыңдар дейді. Жетіскеннен салған жоқпыз ғой», — дейді ол.

Бір-бірінің көңілін аулап, арасында өзара әзілдесіп те қояды. Бірақ әзілдің өзі зілді.

«Осы көшелермен жүзіп жүремін деп ойламап едім», — деп күледі Стас.

«Қармақ салайық, мангал құрайық, ауа райы да демалысқа шақырып тұр екен», — дейді Андрей.

Біз Ақтауовтардың үйіне жақындап келеміз — қайықты қақпадан өткізу үшін дуалға асыла тұруға тура келеді. Аулада үйден басқа ештеңе көрінбейді, бәрі су астында қалған. Андрей әупірімдеп жүріп ісініп кеткен есікті ашып, бәріміз ішке кірдік. Су тізеден жоғары.

Тасқынға дейін үйдің қандай болғанын елестету қиын: әр жерде шабадандар, сөмкелер, баланың ойыншығы, кілемдер, жиһаздың бөліктері, отбасылық фотосуреттер мен басқа да тұрмыстық бұйымдар қалқып жүр. Бүлінген мүлікті жан-жаққа ысырып, әрі қарай өттік. Кейбір жерде еден көтерілген.

Келесі бөлмеде су болған мақтау қағаздары, кубок, медаль сияқты заттар жатыр. Бұл – каратэден 2014 жылғы Азия ойындарының чемпионы және Азияның бес дүркін чемпионы Актауовтың марапаттары.

«Балаларға әкесінің жетістігі деп көрсететін ештеңе қалмады. Мына үйді де сол жетістіктердің арқасында алып едік. Андрей 9 жасынан спортпен айналысып, Қазақстанның намысын қорғаған», — дейді Әсия.

Андрей Ақтауов

Бүгін ерлі-зайыптылар үйден Андрейдің бала кезіндегі фотосуреттерін және тойда түскен отбасылық альбомды алып шықты.

Судың көтерілу қарқыны жоғары, ал «жағада» жергілікті халық жиналып қалыпты. Олардың көбі үйіне жете алмай тұр. Судың көбеюі кесірінен олар әлсін-әлсін көліктерін әрірек апарып қоюмен әуре.

Тұрғындардың қай-қайсы да мемлекеттік қызметтің жұмысына риза емес, «бізді адам құрлы көрмей отыр» деп санайды: үйлерді тонап кетеуі үшін күзетуі керек қой, ондай жоқ, ТЖМ қызметкерлері де жоқ. Тұрғындардың айтуынша, тасқынның алғашқы күндері келген қызметкерлердің керек-жарағы түгел болмаған.

«Кеше кеште полиция келіп, көшу керегін айтты. Онсыз да үйімізді су алып, тұруға жарамай қалды ғой. Үйімізге жақындай да алмаймыз. Бәрі дайынбыз деп қоймайды, неменеге дайын? Қаланы су басты, әуежайды су басты», — дейді «Рассвет» тұрғыны Виталий.

Олар алғашқы залалды есептеумен айналысатын облыстық комиссияның келуін күтіп отыр. Кездесу орнына келген комиссия құрамына «Қазақстан Қызыл жарты ай» ұйымының екі қызметкері, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының өкілі және қоғамдық кеңес мүшесі кірді деп түсіндірді бізге бау-бақша ұжымының төрағасы Асылбек.

«Менің бақылауымдағы «Зеленстрой» бау-бақша ұжымының барлық үйін су басты, кейбірінде су деңгейі 1,5–2 метрге жетті. Олардың ішінде 11 үй дәл қазір толығымен су астында», — дейді Асылбек.

Тұрғындарға толтыратын қағаз үлестірді. Онда іргетас, қабырға, еден, кейбір техника мен жиһаздың бүлінуі туралы сұрақтар бар. Комиссия мүшелері фото және видео дәлелдерді WhatsApp арқылы жіберуді сұрады. Стас комиссия тұсқағаз бен басқа да заттардың бүлінуін ескермегеніне наразы. Андрей кеше Қызыл жарты ай өкілдерімен кездескенін айтты. Қағазды неліктен тағы да толтыру керегін түсінбейді.

Өзіңе ғана сену керек

Қаланың басқа бөліктерінде жағалауды бекіту жұмысы жүріп жатыр. Өзендер арнасынан асып, қаланың орталық бөлігін басқаннан кейін қатпар-қатпар балшық пен лай қалды, ал саябақтарда шалшықтар пайда болған. Тұрғындар қала «бомбы түскендей» болып жатқанын айтады.

Екінші тасқыннан бір күн бұрын өзеннің келесі бетінде тұратындар эвакуация бекетінен бау-бақша ұжымындағы үйіне орала бастады. Бұл жерде жұмыс күшейтілген режимде жүріп жатқан сияқты, әскерилер мен полицей патрулі қараусыз қалған үйлерді тонап кетуден қорғап жүр.

Олардың орналасқан жері мейрамхана маңында, сол жерде тамақ беріледі. Жалғыз биодәретханаға кезекке тұрады.

Жер әлемнің барлығы лай, бірден аяқкиімге жұғады. Тайғанақтап жүру мүмкін емес, шалшықпен жүрген әлдеқайда жеңіл. Өзен айналасына құм салынған қапшықтан бөгет қойылған.

Көп үйдің бірінде Сергей заттарын жинастырып жүр. Ауласын реттестіріп, тасқынның салдарын сәл де болса қалыпқа келтірген түрі. Осы жерде 17 жылдан бері тұрады екен.

«Жеті жыл сайын тасқын қайталанады. Мына жерге бөгетке құм үйді, техника жұмыс істеді, бірақ шамасы келген жоқ. Түнде су жарған жерлерге құм төгілді. Бір жерде екі қоршауды жарып кетіп, сол жақтан су қарқынмен келді», — деді ол.

Ол жеті жыл бұрын су алғанда берілген көмектің сиқы бір келі күріш, үш келі макарон, бір қорап тұз бен бір шөлмек сұйық май болғанын айтады. Биыл «екі келі күріш беретін шығар» деп әзілдеп қояды.

Алексей екеуі көрші тұрады. Ол адам жалдап, шкафтарды бөлшектеп, бүкіл жиһазды үйден шығарып жатыр. Не болғанын сұрағандарға жауап бергісі жоқ, ештеңе айтқысы келмейтінін аңғартты.

Дегенмен, артынан бір ауыз ойын жеткізді: «Уәде беріп келе жатқалы қанша болды, жарық деді, кәріз деді, қала статусын береміз деді, сонымен қалды. Алдында өтемақыға жазылдық, нәтиже болған жоқ».

Өзен маңында бір жыл бұрын үй сатып алып, жөндеу жүргізген Ержан мен Розаның отбасы тұрады. Сол кезде оған бұл жерде тасқын болмайды, арғы бетте болады деген екен.

«Кешке бізге көшу керегін айтты, біз он бірге дейін шыққан жоқпыз. Болмайтын шығар деп ойладық, бұрын болған жоқ қой. Балалар заттарды екінші қабатқа таси бастады. «Неге бәрін тасып жатсыңдар? Ертең сендер жұмысқа кеткенде бәрі маған қалады ғой» деп ұрсып едім», — деп күлді ол.

Розаның үйіне жақындадық. Киім-кешек, кілемдер, картиналар мен фотосуреттерді далаға жайып қойыпты. Жерде түскен сылақ шашылып жатыр.

«Ұлым 16 жаста, ол ешқайда барғысы келмеді. Ал түнде әкесіне қоңырау шалып, үйден шыға алмай қалғанын айтты. Бұл жолғы тасқын сұмдық болды, су жан-жақтан кірді», — дейді ол.

Олар еденді жуып, барлық затты көтеріп қойыпты. Есіктер құлап қалыпты. Еденде сымдар жатыр. Тасқыннан кейін жарық сөніп, Ержан мен Роза генератор қосыпты.

«Қазір жарықты қалыпқа келтіруге ақша жинап жатырмыз. Өзіміз жасамасақ, үкімет көмектеспейді. Төрт ұжым 800 мың жинап жатырмыз», — дейді ол.

Арғы беттегі жағажайды тұтастай су басып қалған, оның ар жағында шалшық толған шұңқырға құлап, қисайып қалған электр бағанасын жөндеп жатқан жұмыс бригадасы жүр.

Эвакуация бекеті және тұрғындарды өзеннен алысқа көшіру

Тасқын басталғаннан бері Ақтөбеде он эвакацуация бекеті жұмыс істеп тұр, бәрі де мектепте. Қарғалы қазақ орта мектебі суға кеткендерді алғаш болып қабылдады. Мектеп іші тыныш. Бұл жерде бізді жергілікті мұғалімдерден құралған тіркеушілер қарсы алды. Олар аяққап киюді өтінді.

Бекет басшысы, мектеп директоры Жасұлан Төремұратов мұнда жалпы алғанда 108 адам келгенін, қазір 67 адам бар екенін айтты. Оның жартысы балалар. Қырқынан шықпаған нәресте де бар.

«Біз мұның қанша уақытқа созылатынын білген жоқпыз. 28 наурызда Елек көтерілді, сол кезде мұндағы адамдар саны 97-ге жетті. Кәсіпкерлер мен облыстық әкімдік көмектесті. ТЖ жарияланғаннан кейін еріктілер мен демеушілер қосылды», — дейді Төремұратов.

Алғашқы күндері халық көп келгендіктен, бекет тәулік бойы жұмыс істеген. Төремұратовтың директор қызметін атқарып жүргеніне бес жыл болыпты. 2017 жылғы тасқын кезінде де осы мектепке көмектескен екен.

«Жыл сайын тасқынды күтеміз ғой, бірақ бұл менің тәжірибемдегі алғашқы жойқын әрі ауқымды тасқын. Бұған дейін эвакуация 2-3 күнге созылып, әрі кеткенде 30 адам болған еді», — дейді Төремұратов.

Директордың кабинетіне қала тұрғыны, осы жерде уақытша тұрып жатқан Шынар кірді. Жүзі шаршаңқы. Ол мұғалімдердің тез арада көмек көрсеткенін, жетпеген заттарды үйлерінен әкеп бергенін айтты.

Шынар эвакуация бекетін аралап көрсетуге келісті. Мұнда үлкен асхана және ерлер мен балалы әйелдерге арналған бөлек жатын бөлмелер бар. Жуынатын бөлме аз, жетпейді. Бірақ жақында жергілікті моншаға апарып келіпті. Монша иелері тегін түсіруге келісіпті.

Шынар жаңа ғана комиссиямен кездесуден келіпті, әлі де көңілі орнына түспегенін айтты. Үйі сыз, балаларының тыныс жолы ауырып, демікпе пайда болыпты.

«Түк жоқ. Бәрі құрыды. Бәрін су басып қалды. Су деңгейі шамамен бір метрдей болды. Заттарымыздың бәрі шіріп жатыр. Жыл сайын жөндеу былай тұрсын, еденді қайтадан құямыз. Қажет нәрсенің бәрін күзге дейін алып қоямыз, ал көктемде бәрі тасқынның кесірінен пайдаға жарамай қалады», — дейді ол.

Тоғыз жыл бұрын күйеуі екеуі екі баласымен жер үйге көшіп, бар жиған-тергенін сол үйге салыпты. Айтуына қарағанда, үйі осымен жетінші рет су астында қалып отыр. Үй Қарғалы өзенінен 60–70 метр жерде тұр.

«2017 жылы ТЖ кезінде қайықты өзіміз жалға алдық. 2018 жылы түн ортасында басталған топан кезінде ешкім келген де жоқ. 2019, 2020 және 2021 жылдары таксимен өзіміз көштік. Биыл облыстарда жаппай су тасиды деп ескертілді. Ескертуге қарамастан көшіруге арналған көлік, қайық дайын емес. Соның кесірінен мектеп директоры мен мұғалімдер бізді өздері тасыды. Билік дайынбыз дейді, бірақ сөзі мені ісі сәйкес келмейді», — дейді Шынар.

Шынар биыл көшуге 15-ақ минут уақыттары болғанын айтады.

«Өзіммен бірге ештеңе алған жоқпын. Көршілерді уайымдадым. Екі айлық, төрт айлық және сәл үлкендеу нәрестелер бар. Дүние туралы мүлдем ойлаған да жоқпыз», — дейді ол.

Шынар көршілерімен бірлесіп, үйлерді жоғарыдан түсіру үшін және роликтерді әлеуметтік желіде тарату үшін дрон жалға алмақшы, өйткені «халықтың үні су астынан жетпей жатыр» деп санайды.

Қазір Шынар мен оның көршілері қауіпсіз жерге көшуге көмек талап етіп жатыр. Былтыр оларға үй салуға басқа жерден орын берген, алайда ол жерді де биыл су басыпты.

«Біз төмен пайыздық мөлшерлемемен үй беруді сұраймыз. Балаларымызға, отбасымызға баспана сұраймыз», — дейді Шынар.

Шынар

Келесі күні біз Шынарды облыстық әкімдіктің азаматтарды қабылдау орталығында кездестірдік. Үйін су басып қалған 6-7 әйелмен бірге келіпті. Олар облыс әкімімен немесе орынбасарларымен кездесуді талап етті. Кейбірі емізулі баласымен келген. Олар әкімдік есігінің алдында 7 сағаттай күтті, кешке таман Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Қуантайұлы шықты.

Әкімнің орынбасары әйелдерге үйлерін бағалаушылар мен техникалық қадағалау қызметкерлері қарайтынын хабарлады. Қуантайұлының айтуынша, үкімет қаулысы бойынша жаңа үй бұрынғы баспанасы 80 пайызға бұзылғандарға беріледі.

Сондай-ақ ол мемлекет төтенше жағдайға тап болған адамдарға 300 мың теңге көлемінде бір реттік төлем беретінін айтты.

«300 мың теңгені 3 миллион құсатып несіне айтып отырсыз? Маған қауіпсіз жерден баспана керек! Мен мектепте мәңгі бақи тұрмаймын. Алдыңғы жылдары біздің үйді 7 рет су басты. Бәрі жинала береді ғой. Бұл ескеріле ме? Балалар шіріген үйде тұрады. Барлық жер сыз!» — деді ызаға булыққан Шынар.

«Қауіптің беті қайтты»

ТЖ ескерту бөлімінің бастығы және азаматтық қорғаныс майоры Тарас Коваленко бізге облыста тұтастай су тасу және еріген қар суы басу қаупі болғанын айтты. Бұған қыс мезгілінде күздегі жауын-шашынның ылғалы үш есе көп болғаны себеп.

«Наурыздың соңына қарай температура күрт көтеріліп, қар тез еріді де, су қозғалды. Тасқынның үдеу кезеңі қазір аяқталса да, жылғалар мен сай-салада мұз қабаты қалғанын көріп отырмыз», — деп түсіндірді.

«Қазсушардың» облыстық филиалының басшысы Ринат Шәуенов Елек пен Қарғалы өзендерінің арнасына жақын орналасқан қаланың кейбір бөлігін Ақтөбе су қоймасына келген тым көп мөлшердегі судың кесірінен су басқанын айтады.

Оның айтуынша, тасқын алдында су қоймасы жартылай бос болған, бірақ 27 наурыздан 28 наурызға қараған түні су қоймасына 105 миллион текше метр бос орынға 200 миллион текше метр су құйылған. Түрлі мемлекеттік орган кіретін жедел штаб бөгет бұзылып, Ақтөбені толық су алмасын деп суды ағызып жіберуге шешім қабылдады.

«Бізге қаланы толық су басу мен өзендер жағасындағы кейбір учаскелерді су басу арасында баланс сақтауға тура келді. Бір түнде 200 миллион текше метр су келді! Мен сізге айтайын: су қоймасы 1988 жылы салынды, осы су қоймасының тарихында мұндай қатерлі жағдай болған емес. Қазгидромет кемітілген болжам берді. Біз жұмыс кестесін осы болжамға сай құрдық», — дейді Шәуенов.

Коваленконың айтуынша, тасқынмен күресу шараларына департаменттің жеке құрамы 100% тартылған, бірақ барлық учаскені қамтуға адамдар сонда да жеткіліксіз.

«Бүкіл облыстан 3 мыңнан астам адам жұмылдырылды. Соның ішінде Ұлттық ұлан да, полиция да, еріктілер мен әскерилер де бар. Біз бәрін қамти алмағандықтан, адамдар өзі қоңырау шалып хабарлауы керек», — деп түсіндірді ол.

Ол облыста 759 тұрғын үйді су басқанын айтты, бірақ комиссия жұмысынан кейін бұл көрсеткіш өсуі мүмкін.

«Рассвет» бау-бақша ұжымындағы бөгет туралы сұраққа Коваленко оқиға болған учаскелерді есепке алатынын, солар бойынша жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыс атқаратынын айтты.

«Барлық оқиға актіге түседі және оларды реттеу бойынша хат жазылады. Қазір төтенше жағдайдың өзін реттеумен қарбаласып жатырмыз. Қауіптің беті қайтты. Ауқымды жөндеу жұмысын жүргізу керек. Тасқынның нәтижесіне қараймыз, болжам бойынша тасқын 11 сәуірде аяқталуға тиіс», — деп қорытты Коваленко.

***

Біз Ақтөбеден кеткеннен кейін бір күннен соң облыста Хромтау ауданында орналасқан Мағажан су қоймасының бөгетін су бұзып кетті. Содан бір күн бұрын қала әкімі Ақтөбе су қоймасына «келіп жатқан су көлемі көп болғандықтан», шлюзді ашуға «мәжбүр» екенін хабарлады. Ол Елек өзені мен Қарғалы өзеніне жақын орналасқан бау-бақша ұжымдарының тұрғындарынан үйден кетуді сұрады.

Әсия Актауова бізге үйін үшінші рет су басқанын айтты.

Премьер-министр Олжас Бектенов тасқын салдарын жойғаннан кейін гидротехникалық құрылғылар (облыс бойынша 206 құрылғы) тексерілетінін мәлімдеді.