3729
20 мая 2024
Алмас Қайсар, Власть, фото «Обожаю» телеграм-арнасынан

Құлсарыдағы наразылық. Негізгі мәселе

Үйін су басқан тұрғындар өтемақыны арттыруды талап етіп отыр

Құлсарыдағы наразылық. Негізгі мәселе

Сәуірдің басында Атырау облысындағы 60 мыңдай тұрғыны бар Құлсары қаласына жойқын су тасқыны келді: халқының жартысы эвакуацияланды, 3000 үй мен түрлі нысан су астында қалды.

Мамырдың ортасында Құлсарының орталық алаңында тасқыннан зардап шеккендердің наразылық акциясы басталды. Олар қираған баспана үшін өтемақыны арттыруды және оны ақшалай қолға беруді талап етті.

Читайте этот материал на русском.

Read this article in English.

Не болды?

15 мамырда үйін су басқан жүздеген адам Құлсарыдағы Жылыой аудандық әкімдігінің алдына жиналды. Сол күні халық әкімдік алдында түнеді, оларға жергілікті және облыстық әкімдіктің өкілдері кезектесіп шығып сөйлесті. Келісімге келе алмаған құлсарылықтар алтыншы күн қатарынан наразылық білдіріп жатыр.

Осы уақыт аралығында полиция алаңға өтпек болған жедел жәрдемнің жолын бөгеп, шатыр тігуге тосқауыл болғаннан кейін немесе биліктің шаршы метріне 240 мың теңге деген ұсынысына келісуге үгіттеген кейбір тұрғындардың сөйлеген сөзінен кейін бірнеше рет жағдай шиеленісті.

Наразылықтың екінші күні Құлсарыда интернет пен ұялы байланыс өшірілді. Кейін Атырау облысының тұрғындары да интернеттің жылдамдығы бәсеңдегеніне шағымданды.

Халықтың талабы қандай?

Жиналған жұрт өтемақыны шаршы метріне 400 мың теңгемен есептеуді, ақшаны қолға немесе шотқа делдалсыз беруді талап етіп отыр. Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев әкімдік шаршы метріне 200–240 мың төлеуге дайын екенін жеткізді. Наразылық білдірушілер бұл ұсынысқа келіскен жоқ.

Құлсарылықтар тасқыннан зардап шеккендерге салынатын үйдің сапасына сенбейді. Тұрғындар Жылыой ауданы Сарықамыс кентіндегі 2002 жылғы оқиғаны еске алды, сол кезде тұрғындардың бір бөлігі Атырауға көшірілген болатын. Қоныс аударушылар баспана құжаттарын ұзақ уақыт ала алмай жүрді, үйлердің сапасы нашар болды.

«Біз көше кезіп, біреудің үйінде тұрып жатырмыз, бізге вагон да берілген жоқ, құр уәде берумен келеді. Жаңа үйлерді салып болғанша қанша уақыт өтеді? Сол ақшаны қолға берсін», – деді наразылық білдірушілердің бірі «Тіл кеспек жоқ» редакциясына.

Олар шаршы метріне 400 мың теңгені әділ баға деп санайды, өйткені 200–240 мың үй құрылысына ғана жетеді, ал есігіне, еденіне, жиһаз бен басқа да заттарға жетпейді.

«400 мыңға моральдық және материалдық залал кіреді», – деді наразылық білдіруші «Азаттық» радиосына.

Ақпараттық соғыс

Наразылықтан кейін мемлекеттік және билікшіл БАҚ наразылық білдірушілердің талаптары туралы ештеңе айтпай, жергілікті тұрғын Жайлаш Мұқанованың «400 мың деген ауадан алынған ақшаны сұрамаймын», шаршы метрді 240 мыңға бағаласа да риза боламын деген сұхбатын тарата бастады.

Осыдан кейін Атырау облысының ресми тұлғалары тұрғындардың бағалауға келіскені туралы ақпарат жариялай бастады. Олардың ақпараты бойынша, 17 мамырда жүз шақты адам келіскен. Бұндай жазбалардың астында міндетті түрде тұрғындар өтемақы көлеміне риза деген сипаттағы пікірлер болады.

Тасқынның себебі

5 сәуірде, Құлсарыдағы Жем өзені арнасынан тасыған кезде тұрғындар қаланы қорғауға ұмтылып, бөгет тұрғызды. Бұған дейін аудан әкімдігі жағдай бақылауда деп мәлімдеген еді. Ақырында Құлсары тұрғындарының жартысы қаладан көшірілді.

Құлсары тұрғындары, сондай-ақ облыс мәслихатының депутаты Сырымбек Сәрсенбаев өзен бойындағы заңсыз бөгеттер бұзылғанда, өзен арналары тазартылып, түбін тереңдету жұмыстары жүргізілгенде, тасқын салдары осыншалық жойқын болмас еді деп есептейді.

Кейін құрамына Құлсары кіретін Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражанов су көлемі біз күткеннен де көп және оңтүстік-шығыстан келгендіктен су жарып өтті деп мәлімдеді. Қаражанов заңсыз бөгеттер салу фактіс бойынша тиісті органдар тексеру жүргізеді дейді.