3923
9 июля 2024
Паоло Сорбелло, Дмитрий Мазоренко, фото: Ақорданың баспасөз қызметі

ШЫҰ-ның кеңеюі Қазақстанның халықаралық сахнадағы орнын күшейте ме?

Қазақстанның БРИКС-ке кіру ықтималдығы оған қалай әсер етеді?

ШЫҰ-ның кеңеюі Қазақстанның халықаралық сахнадағы орнын күшейте ме?

Read this article in English.

Читайте этот материал на русском.

Өткен аптада Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) оныншы мүше етіп Беларусьті қабылдады. Осы арқылы ұйым алдағы уақытта да кеңею бағытында әрекет ететінін көрсетті.

Ұйымның жыл сайынғы саммиті биыл Астанада өтті, онда Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Иран, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан мен Өзбекстан басшылары кездесіп, көпполярлы әлемдік тәртіп идеясына қолдау білдірді.

Үндістанның премьер-министрі Нарендра Моди саммитке қатысудан бас тартты. Бақылаушылар мұның себебін Үндістан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың шиеленісуімен байланыстырды.

1996 жылы «Шанхай бестігі» ретінде құрылып, құрамына Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей мен Тәжікстан ғана кірген ШЫҰ бүгінде Қытай мен бұрынғы Кеңес одағы елдерінің аумағынан тыс аймақтарды да қамтитын дипломатиялық платформаға айналды.

Кеңейіп, қатысушылар саны 10-ға жетуіне орай ШЫҰ-ның дипломатиялық миссиясы арта түсті. Жыл сайын бақылаушылар ұйымның саммиттеріне назар аударып, батыстық емес державалардың бірегей кездесулерінде сөз алатын ел басшыларының әр сөзіне мән беріп, олардың не айтпақ болғанын сарапқа салады.

Биылғы саммит Қытай президенті Си Цзиньпин үшін «қырғи-қабақ соғыс менталитетінің қаупіне» қарсы тұру мүмкіндігі болды.

«ШЫҰ мүшелері күш біріктіріп, ұйымға қатысушы елдерді бөліп, сырттан араласу қаупі секілді сыртқы күштердің ықпалына бірлесе қарсы тұруы керек». – Синьхуа агенттігі оның сөзін осылай келтірді.

Ресей президенті Владимир Путин де ұйым мүшелерін жаңа тәртіпке көңіл бөлуге шақырды: «Жекелеген мемлекеттерге ғана басымдық беретін бұрынғы еуроцентристік және еуроатлантикалық үлгі ескірді, оның орнына Еуразия аймағына қауіпсіздік пен даму ажырамай бірге жүретін ынтымақтастықтың жаңа үлгісі керек».

Қытай басшысы Си Цзиньпиннің ШЫҰ саммиті алдындағы Қазақстанға ресми сапары кезінде. Фото: akorda.kz.

Берлиндегі Герхард Меркатор қытайтану институтының (MERICS) сыртқы саясат және Қытайдың қауіпсіздік саясаты бойынша аналитигі Ева Сайверт Астана саммиті Қытай мен Ресейге басымдық беретін бағыттарын анықтап, оны жариялауға көмектесті деп санайды.

«Биылғы саммит Ресейге әлемнен оқшауланып қалмағанын тағы бір рет көрсетуге мүмкіндік берді. Қытай мен Ресей ШЫҰ тек қана бірлесе шешетін жергілікті мәселелерге назар аударатын аймақтық ұйым болып қалмай, оларды «жаңа халықаралық тәртіп» идеясын көрсететін геосаяси блокқа айналдыруды көздейді», – деді Сайверт Власть редакциясына.

«Көпполярлы әлем шынайылыққа айналды», – деді Путин кездесу кезінде.

Лондондағы SOAS университетінде Орталық Азияның саясатын оқытатын аға лектор Бхавна Даве ШЫҰ-ның кеңеюі ұйым мүшелері арасындағы қарым-қатынастың дипломатиялық қайшылығын ашып көрсетуі мүмкін дейді.

«ШЫҰ мүшелерінің бәрі көпполярлы тәртіп дегенге сенеді, олардың бәрі де ШЫҰ батыстық үлгіге балама болатын жүйе екеніне сенімді. Алайда, ұйымның ішінде әртүрлі көзқарас пен мүддені көздейтін көптеген топ бар», – деді Даве Власть журналистеріне.

«Қазіргі ынтымақ пен ұйымды кеңейту жоспары – ШЫҰ-ның аймақтағы және одан тыс ойыншыларға жіберіп жатқан белгісі, – дейді Даве. – Дегенмен, ШЫҰ-ның нақты маңызы аса түсінікті емес. Біз ШЫҰ мүше мемлекеттер арасындағы экономикалық әріптестік пен сауда серіктестігін қалай дамытып жатқанын білмейміз».

БРИКС ше?

ШЫҰ жиыны алдында Си Цзиньпин саммитті ұйымдастырушы – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті.

Инвестиция және сауда саласында жаңа мәмілелер жасауға уағдаластықтан бөлек, тараптар Астанадан Пекиннің тіл және мәдениет университетінің (BLCU) филиалын ашу жөнінде келісімге келді. Бұл маңызды әрі мәні бар дипломатиялық қадам, оның үстіне Тоқаев 1980 жылдардың басында дәл осы BLCU-де бір жыл бойы қытай тілін оқыған.

Лондон экономика мектебі халықаралық қатынастар департаментінің ғылыми қызметкері, Қытай мен Орталық Азияның қарым-қатынасын зерттеуші Джулия Шиоратидің айтуынша, Қытай мен Қазақстанның серіктестігі барған сайын нығайып келеді.

«Қазақстанның беделді халықаралық ойыншы ретінде қалыптасуына көмектесу Қытайға аймақтық тұрақтылықты нығайтуға көмектеседі. Пандемиядан кейінгі бірінші сапары кезінде Си Цзиньпиннің Қазақстанның аумақтық тұтастығын сақтауда Қытайдың маңызды рөл ойнайтынын айтуы тегін емес», – дейді ол.

Тоқаевпен келіссөз кезінде Си Цзиньпин Қытай Қазақстанның БРИКС-ке мүше болуын қолдайтынын мәлім етті. БРИКС - батыс елдерінен басқа мемлекеттер саясатын үйлестіру үшін пайдаланатын тағы бір платформа саналады.

Бұл, Шиоратидің айтуынша, «Пекиннің блокты кеңейтсем деген ниетіне сай келеді».

«Қытай Жаһандық Оңтүстіктегі және көршілес елдер арасындағы неоколониал держава деген аттан арылуға тырысып, бұл жолда айтарлықтай саяси капитал жұмсап отыр, бұл мақсатта БРИКС сияқты топтарды дамытып, нығайтуды да назарда ұстайды», – деді Шиорати Власть редакциясына.

Бразилия, Ресей, Үндістан мен Қытай (және бір жыл кейін, 2010 жылы қосылған Оңтүстік Африка) сияқты құрылтайшы мемлекеттерден бөлек, биыл БРИКС тобы Иран, Египет, Эфиопия, Біріккен Араб Әмірлігі сияқты жаңа мүшелерді қабылдады.

Сайверт Қазақстан БРИКС-ке мүше болып жатса, бұл оның халықаралық деңгейдегі дәрежесін арттырады деп санайды.

«БРИКС те ШЫҰ сияқты мейлінше кеңеюге тырысатын сияқты. БРИКС-ке мүше болу Астана үшін дипломатиялық жеңіске тең болары сөзсіз, бұл Қазақстанның Орталық Азия аймағындағы жетекші ел ретіндегі орнын нығайтар еді», – дейді Сайверт Власть редакциясына.

Зерттеушілер Қазақстанға мұның дипломатия жағынан да, экономика тұрғысынан да берері көп деген пікірде.

«БРИКС сияқты топтар тұрақтылық пен инклюзияны көрсетеді», – дейді Шиорати.

«Қазақстан да БРИКС нарығына кіру арқылы оған мүше елдерден шетелдік инвестиция тартуға үмітті сияқты, сонымен бірге Қытай мен Ресей сияқты әлемдік маңызды ойыншылармен тұрақты түрде өзара қарым-қатынас жасайтын тағы бір платформа артық болмайды», – дейді Сайверт.

Дегенмен, БРИКС-тің аясын кеңейту батыстық емес державалардың бірауызды екенін көрсететін тиімді тетік емес, жай ғана жарнама болуы да мүмкін.

«Қазақстан сияқты жаңа мүшелердің қосылуы бұл топтың халықаралық деңгейде таныла түсуіне алып келеді, сонымен бірге барлық мүше елдің ортақ ұстанымға қол жеткізуін бұрынғыдан бетер қиындата түседі», – деп атап өтті Сайверт.

«БРИКС көбінесе өзін Жаһандық Оңтүстіктің үні ретінде көрсететінін ескерсек, оның қатарына неғұрлым көп елдің қосылуы, соның ішінде түрлі аймақтан қосылуы осы имиджді бекіте түседі»

Даве бұған да күмәнмен қарайды.

«БРИКС тобы нақты немен айналысады және қандай әріптестікті ұсынады деген сұрақ әлі де маңызды. Ұйым мүшелері арасында географиялық байланыс жоқ. Бұл аздай, оған мүше елдер экономикалық, демографиялық және әскери жағынан бір-біріне тең емес».