6525
22 октября 2024
Дмитрий Мазоренко, Паоло Сорбелло, Власть, Жанар Каримованың фотосы

Қазақстан бюджетінің кірісін қалай арттыруға болады?

Сарапшылар Қазақстандағы мемлекеттік қаржыны дағдарыстан алып шығудың ықтимал тәсілдерін талқыға салды

Қазақстан бюджетінің кірісін қалай арттыруға болады?

Кейінгі бірнеше жылда Қазақстанда бюджет дефициті тұрақты түрде артып келеді. Қаржы министрлігінің мәліметі бойынша, 2023 жылы ол 2,2 трлн теңге деңгейінде болды. Ал Halyk Finance аналитиктерінің бағалауы бойынша, Ұлттық қордың қаражатын есептен шығарса, 11,6 трлн теңге болды.

Бюджет дефицитін жабатын басты көз Ұлттық қор болып қалып отыр: соңғы үш жылда қордағы қаржы шығынның 20 пайызын жапты.

Read this article in English.

Читайте этот материал на русском.

Жиналатын салықтың үкімет күткен көлемнен аз болуынан және экономиканы қолдауға, инфрақұрылымды жөндеуге, әлеуметтік бағдарламаға және мемлекет қарызына қызмет етуге мемлекеттік шығындардың өсуінен қордағы қаржыға қол салу жиілеп отыр.

Сарапшылар қазіргі ахуалдан шығу жолдарын талқыға салып жатыр. Ең танымал ұсыныс ретінде шығындарды, соның ішінде әлеуметтік шығынды қысқарту айтылады. Алайда бұл әлеуметтік инфрақұрылым сапасының нашарлауына және азаматтардың көп бөлігінің өмір сапасының төмендеуіне әкеледі. Халық саны өсіп жатқан кезеңде бұл ерекше қауіпті.

Сонымен қатар сарапшылар қазір қалыптасқан саяси және экономикалық ахуал кезінде республикалық бюджеттің кірісін қалай арттыруға болатынын талқылай бастады.

Мысалы, Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығы (AERC) қосымша құн салығын (ҚҚС) басқару сапасын жақсартуға және салық жеңілдіктерін алып тастауға ден қоюды ұсынды. Бұдан бюджетке жыл сайын 5–6 трлн теңге түсуі мүмкін.

«Власть» сөйлескен сарапшылар бұл екі шараны дағдарысқа қарсы шешім ретінде қарауға болады дегенмен келісті. Ал мамандардың бір бөлігі олардың әлеуеті шектеулі деп санайды.

Жанар Каримованың фотосы

1-ұсыныс: Салықты басқаруды жақсарту және жеңілдіктерді қысқарту

Қаржы кеңесшісі Расул Рысмамбетов салықты басқаруды жақсарту бюджетке 2 трлн теңге әкеле алатын, бюджет тапшылығына лайық жауап деп санайды. Бірақ бұл шараны ірі бизнесті кішігірім кәсіпорындарға ұсақтау мүмкіндігін азайтумен үйлестіре білу керек.

Салық жеңілдіктеріне келсек, бұл тетікті мемлекеттік дамыту бағдарламаларына бағыттаған дұрыс. Рысмамбетов Қазақстан 5 жылдан кейін экономикасы қандай болғанын көргісі келетінін анық ұғуы керек, қалаған мақсатына жетуі үшін және саясатты жыл сайын өзгерте бермес үшін, басынан-ақ барлық шарты мен жеңілдігін ойластыруы керек деп отыр.

Рысмамбетовтың айтуынша, «тау-кен және мұнай секторы кәсіпорындарының экономикалық құндылығын мемлекет үлесін көбейту арқылы арттыру» осы шараларды толықтыра түсер еді, бірақ бұл елдегі ірі жобаларға қатысты саясатты өзгертеді.

Halyk Finance басқарма төрағасының кеңесшісі Мұрат Темірханов салық жеңілдігін қысқартудан түсетін қаржыны 4–5 трлн теңгеге бағалап отыр. Бұл шара ең алдымен ірі компаниялардың инвестициялық келісімшарттарына қатысты болуы керек. Мемлекет солардан көп көлемдегі салықты қажетінше ала алмай отыр, ал бұл жеңілдіктер кімдерге беріліп отырғаны және олар бюджетке жыл сайын қандай салмақ салып отырғаны туралы ақпарат қоғамда жоқ.

«Бұрын барлық салық жеңілдігіне экономиканы әртараптандыру, бизнесті «көлеңкеден» шығару және Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру шаралары желеу болды. Бірақ осы бағыттар бойынша нақты прогресс болған жоқ, ал бюджеттің мұнайдан тыс кірісі осы шаралардың кесірінен күрт төмендеп кетті», — дейді Темірханов.

Әйтсе де, салықты басқаруды жақсартуды Halyk Finance тиімділігі аз шара деп санайды. Қазақстан ҚҚС цифрлау мен электронды шот-фактура бойынша көп іс атқарып тастады, сондықтан бұдан салық жинау кенет артып кетпейді.

Контрабандамен және көлеңкелі импортпен күресуден әлдене күтуге болады. Темірхановтың айтуынша, 2023 жылдың өзінде Қытайдың Қазақстанға импорты бойынша мәліметтердің қайшылығы $9,3 млрд болған. Бұл — соңғы 20 жылдағы ең жоғары шама. Контрабанданың және импорт құнын төмендетіп көрсетудің нәтижесінде бюджетке өте көп мөлшердегі қосымша құн салығы түспей қалады.

Жанар Каримованың фотосы

2-ұсыныс: Салықты өсіру

Экономист Алмас Чукин осы екі шара қазіргі дефициттің тек 20–30 пайызын жаба алады дейді. Қазіргі салық мөлшерлемесінің төмен екенін ескерсек, бұл проблеманы шешпейді.

Оның айтуынша, қазір жиналатын салықтың жалпы ішкі өнімге қатынасы 13%, ал батыс елдерінде 30% және одан да жоғары. Қазіргі саясат өзгеріссіз қалса, Қазақстан бюджет кірісін оның шығындарының өсуіне сай дәрежеде арттыра алмайды, 2025 жылы шығын 2,5 трлн теңгеге көбеймек.

Сондықтан салықты өсіруді Чукин мемлекеттік қаржы дағдарысын еңсеру үшін негізгі қадам деп санайды: «Мөлшерлемені көтермесек, ел дамымайды. Адамдарға ауыр тиеді, әсіресе әлеуметтік жағынан қорғалмаған санатқа қиын болады, өйткені бюджет өзінің әлеуметтік теңсіздікті бәсеңдеткіш рөлін орындауға қауқарсыз болып қалады».

Басқа сарапшылар да бұл пікірді қолдайды. Темірханов үкіметтің есебіне сүйене отырып, ҚҚС мөлшерлемесін 12 пайыздан 16 пайызға көтеру бюджетке 2,5 трлн теңге әкелетінін айтады. Ал жеке табыс салығының үдемелі межесінің дұрыс конфигурациясы, соған сәйкес ауқаттылардың салықты көбірек төлеуі бюджетке тағы 1–1,5 трлн теңге қосады.

Рысмамбетов жер қойнауын пайдаланушыларға арналған салық жүктемесіне тоқталды: «Жер қойнауын пайдаланушылардың бәрі бірдей жақсы төлеп жатқан жоқ. Кейбірі нашар төлейді. Жер қойнауын пайдаланушыларға салық жүктемесі аз, біздің нарыққа кіргені үшін мемлекеттің алғысы солай болып отыр. Бұл мәселеде Еуропа елдеріне қарауымыз керек».

Жалпы алғанда, Еуропа елдері өндіру саласындағы компанияларға бізге қарағанда жоғары салық мөлшерлемесін қолданады және ҚҚС бойынша жеңілдікті азырақ береді.

Жанара Каримованың фотосы

3-ұсыныс: Экономикалық даму үлгісін қайта қарау

Экономист Қуат Әкежанов Қазақстанның бюджет дефицитіне қатысты пайымын қайта қарау керек деп санайды. Қазақстанда бюджет көп жылдан бері дефицит болып келе жатыр, бұл қалыпты нәрсе, әйтпесе экономикалық және әлеуметтік салалар тиісті деңгейде дамымас еді.

«Әлемдік тәжірибеге қараңыз: АҚШ, ЕО, Жапония және басқа да дамыған елдер үлкен дефицитпен өмір сүріп жатыр. Бірақ оларды ешкім банкрот болады деп қорқытып жатқан жоқ, ал Қазақстан сияқты дамушы елдерді қорқытады. Сондықтан мұндай ережемен ойнауды доғаруымыз керек», — деп санайды ол.

Осыған орай Әкежанов Ұлттық қор да қайта қаралуы керек деп есептейді. Ол экономика қызып кетпеуі үшін артық ақшаны шығарып алып отыру үшін құрылды. Бірақ мұнайдың ақшасы үлкен салық түрінде тиісті пайда әкелместен және азаматтар өмірінің сапасын жақсартпастан, экономикаға қызмет етіп, инфляцияны арттыруды жалғастырып келеді.

Сондықтан Қазақстан Ұлттық қордың қолда бар активін азаматтар өмірін елеулі түрде жақсарта алатын өндіріс құруға жұмсау үшін экономикалық даму үлгісінің өзін қайта жасауы керек.

Әкежановтың пікірінше, қазір елді дамытуға билеуші топтардың өзін байытуға бекініп алғаны кедергі. Сондықтан тәуелсіздік алған сәттен бері Қазақстанда өнеркәсіп кері кетіп бара жатыр, ал экономикалық жүйе дағдарыспен күресуге қауқарсыз. Қазіргі тәртіпті сақтап қалу үшін Ұлттық қорға жиі жүгінуге тура келеді.

Бұл көбінесе президенттің тапсырмасына сәйкес болып жатыр, ол Ұлттық қор қаражатын қалауынша және қоғам бақылауынан тыс жарата алады. «Қажет кезінде президент банкті құтқарады, сосын балаларға арналған бағдарлама ұйымдастырады. Ал оның тиімділігі қандай? Бұған шектеу қою қажет. Кез келген қоғамдық қор азаматтардың бақылауында болуы керек, әйтпесе дағдарысты ешқашан жеңе алмаймыз», — деп қорытты Әкежанов.