Атом электр станциясының салынуына қарсы шығып, «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болды» деп айыпталған бес белсендіге бас бостандығын 4 жылға шектеу жазасы берілді. Сот оларға бес жыл қоғамдық қызметпен айналысуға да тыйым салды.
Жанат Қазақбай, Нұрлан Жауылбаев, Фазылжан Сыдықов, Айдар Мүбәраков және Нұрлан Темірғалиев былтыр қыркүйекте ұсталып, бір жылға жуық уақыт тергеу абақтысында отырды.
«Власть» сот процесі бір жарым айда қалай өткенін және айыптау не нәрсеге негізделгенін баяндайды.
10 шілдеде белсенділер Нұрлан Жауылбаев, Жанат Қазақбай, Фазылжан Сыдықов, Нұрлан Темірғалиев пен Айдар Мүбәраковтың сот процесі басталды. Олар 9 ай бұрын АЭС референдумы қарсаңында ұсталған еді.
Бірінші отырысқа олардың туыстары мен жақтастары келді. Сотталушылар туыстарын айдауыл ажыратқанға дейін құшақтап үлгерді.
Осы отырыста ғана олар туыстарына жақынырақ отырды. Кейінгі отырыстар үлкен залда өтіп, айыпталушылар бөлек қоршалған орынға жайғасты.
Бірінші отырыстың алдында адвокаттар белсенділердің туыстары мен жақтастарынан сотқа қарата ұран, ауыр сөз айтпауды, плакаттар әкелмеуді сұрады. Мұндай әрекет бес сотталушының тағдырына әсер етуі мүмкін десті.
Адвокаттар соттан бұлтартпау шарасын өзгертуді және қорғауындағы азаматтардың жасын, денсаулығын ескеріп, үйқамаққа жіберуді сұраған. Судья Ернар Қасымбеков бұған негіз жоқ деп есептеді:
«(Сотталушылардың – В.) денсаулығы нашарласа, тергеу изоляторында медицина бөлімшесі бар, сонда емделуге болады», – деді ол.
Баспасөз қатыса алмаған сот
24 шілдеде сот бастала сала тосыннан Qazaq Times журналисі Қойшыбек Мүбарак пен әлеуметтік желіде арнасын жүргізетін журналист Абзал Достиярды залдан шығарды.
«Өткен сот отырысының қорытындысы бойынша, Qazaq Times журналисі мен оның жанындағы блогер (әлеуметтік желідегі – В.) жазбалары арқылы сотқа қысым көрсетті. Олар судьяны қорлайтын видео жариялап, өз пікірін айтып, сотты қорлады», – деп түсіндірді судья.
Содан кейін Мүбарак пен Достиярды процеске кіргізбей қойды.
7 тамызда тағы бір журналисті сот залынан шығарды: «Дат» газетінің тілшісі отырысты диктофонға жазып отырған, судья мұны видео деп шешіп, журналистен залдан шығуын өтінді. Журналист оны жай ғана жазба дегенмен, судья бұл жазбаны Абзал Достиярға бермеу керек деді. «Мен неге оған беруім керек?» деген журналиске сот жауап бермеді.
Ал 25 тамызда сотталушылар соңғы сөзін айтатын кезде судья Қасымбеков журналистерге видео түсіруге тыйым салып, оларға сот залынан шығуды бұйырды. Журналистер түгел шығып кеткен соң сотталушылар соңғы сөзін айтты.
Алматы қалалық мәслихатының депутаты Еркінбек Рақышев судьядан журналистерді неге қуып жатқанын нақтылауға тырысып еді, оның да залдан шығуын сұрады.
Сот үкімі оқылатын күні судья сот залынан басқа басылымдардың журналисін «білмей» шығарып жібергенін айтты. Ол Абзал Достияр мен Қойшыбек Мүбаракты «блогер» деп атап, екеуін отырысқа кіргізгісі келмегенін мәлімдеді.
Судьяға қарсылық
Сотта Қасымбеков адвокат Ғалым Нұрпейісовке ескерту жасады, судьяның айтуынша, адвокат журналистерге берген бір сұхбатында іс бойынша сараптамаға баға беріп, сол арқылы сотқа қысым жасаған.
Басқа отырыста адвокат Төлеген Берліқожа қосымша куәлардан жауап алу туралы өтініш білдірген. Адвокат куәлар сотқа келіп қойғанын ескеріп, судьяның қылмыстық іс жүргізу кодексінің 362-бабы 4-бөлігіне сәйкес олардан жауап алуға міндетті екенін айтқан.
«Міндетті болса, міндетті шығар. Олардан жауап алмаймын. Ал, не істей аласыз?» – деді судья.
Айдар Мүбәраков судьяға қарсылық білдіргісі келетінін айтқан.
«Тағы ойланып көріңіз. Бізде қазір үш судья ғана бар. Екеуі басқа процестерде. Олай болса, бұл іс келесі бейсенбіге қалады», – деп жауап берді судья.
Мүбәраков «сонда кінәсіз екенімізді қалай дәлелдейміз?» деп сұрап еді, Қасымбеков «дәлелдемейсіздер» деп жауап берді.
«Қарсылық білдірсеңіз, мені ауыстырады деп ойлайсыз ба? Шынын айтқанда, ауыстырмайды да. Қарсылық білдіргеніңізді ғана қарастырады, сонымен болды. Кейін (істі қарауды – В.) мен жалғастыра беремін ғой», – деді судья.
«Біз әділ сотты 10 ай күттік, мұндай әділетсіздік болып жатса, тағы 10 ай күте аламыз», – деп атап өтті Темірғалиев.
«Судья келіп, бақылаушыларды, журналистерді шығарып тастап, кейін менің әріптесім Нұрпейісовке қысым жасады, менің қорғауымдағы азаматқа «тағы ойланыңыз» деді. Өзіне қарсылық білдірген соң қысым көрсетпей, орнынан тұрып, шығып кетуі керек еді. Мұндай жағдайда сот отырысын қарау мүмкін емес деп санаймын», – деді қарсылық себебін түсіндірген адвокат Жанар Балғабаева.
Қасымбековтың болжамы дәл келіп, судьяға қарсылық қабылданған жоқ.
«Тәртіпсіздік жасауға үгіттеу»
Прокуратураның нұсқасына сәйкес, 2023 жылғы желтоқсанда сотталушыларда жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру туралы ой пайда болған. Тергеудің мәліметінше, сотталушылар 2024 жылғы 6 қазанда атом электр станциясын салу жөніндегі республикалық референдум кезінде тәртіпсіздік ұйымдастыруды жоспарлаған.
«Қасақана жоспарын жүзеге асыру үшін олар қоғам белсендісі және тәуелсіз журналист Думан Мұхаммедкәрімнің ісіне қатысты Қонаев қаласындағы жабық сот отырысына наразылық білдіруге келді», – деді айыптау актісін оқыған прокурор Асылхан. Оның нұсқасына сәйкес, белсенділер сол кезде біріккен.
24 тамыз күні олар «Наурыз» кафесіне жиналған. Айыптау нұсқасы бойынша, белсенділер референдум кезінде жаппай тәртіпсіздік жасауға үгіт жүргізген. Прокурордың айтуынша, тәртіпсіздік кезінде күш қолданылып, мүлікті қиратып, бүлдіріп, сондай-ақ билік өкілдеріне қарсылық көрсетілуі керек болған.
Белсенділер сол күні Украинаның тәуелсіздік күніне орай жиналдық деп мәлімдеді. Алдымен олар Тарас Шевченко ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, содан соң кафеде кездескен, онда Украинадағы соғыс пен алдағы референдумды талқылаған.
Прокуратураның мәліметінше, белсенділер Жанат Қазақбайдың көлігіне отырып Талғарға бара жатқан жол бойында тағы бір кездесу өткен. Сол кезде олар «Аспара» бизнес орталығына бет алған. Кейін 5 қыркүйекте олар Нұрлан Жауылбаевтың үйінде, келесі күні «Партнер» бизнес орталығында, одан кейін «Март» сауда үйінде жиналған.
Айыптаушы тараптың мәліметінше, бұл кездесудің бәрі тәртіпсіздікке дайындық жиналысы деген сипатқа ие болған. Сонымен қатар прокурор белсенділер айналасына мүмкіндігінше көп адамды тарту үшін АЭС туралы жалған ақпарат таратқан дейді.
Айыптау актісі Абдулла Мирзаходжаевтың психологиялық-филологиялық сараптамасы негізінде жасалған. 7 жылға сотталған тәуелсіз журналист Думан Мұхаммедкәрімге шыққан үкімге де осы сарапшының қорытындысы негіз болған.
Мирзаходжаев қорытындыда сотталушылардың сөзінде «халықты митингіге дайындау қажет деген ой бар» деп айтқан. Оның сөзінше, онда «әскер даярлау қажет деген ойлар, экстремистік идеялар мен көзқарастарды насихаттау, ҚДТ (Қазақстанның демократиялық таңдауы – В.) экстремистік ұйымының қызметіне қатысу, сондай-ақ экстремистік ұйымды қаржыландыруға шақыру» бар.
Сондай-ақ айыптау актісінде белсенділер «АЭС-ке қарсымыз» деген жазуы бар брошюралар жасаған, полиция олардан 2200 данасын тәркілегені айтылған.
Айыптау актісіндегі қайшылық
Сотталушы Нұрлан Жауылбаев барлық кездесудегі әңгіменің егжей-тегжейін (аудиожазбаларды) жариялауды талап етті. Айтуынша, ол «Наурыз» кафесінде, Талғарда және «Март» сауда үйінде болмаған. Алайда судья өтінішті қабылдамай, шешімін «бұл тергеушінің жұмысы болған» деп түсіндірді.
«Ол сіздің өтінішіңізді қабылдамаса, одан жоғары прокурорға және тергеу сотына жүгінуіңіз керек еді. Мен тергеушінің жұмысын істемеймін. Сот тек дайын дәлелдерді қарап, соның негізінде үкім шығарады. Әңгіменің егжей-тегжейі бойынша өтініш қабылданбайды», – деді судья Қасымбеков.
Жауылбаев 86 мың теңге зейнетақы алатындықтан, қосымша жұмыс істегенін айтты. Оларды ұстаған кезде Жауылбаев танысының үйінде жұмыста болған.
«Мұндай жаста бізді кім қаржыландырады? Қаржыландырса, мен неге қосымша жұмыс істеп жүрмін? Неліктен біреудің үйін жөндеп жүрдім? Бірдеңе жоспарлағымыз келсе, бірінші кезекте бізге ақша керек. Халық арасында танымал болу керек. Біздің арамызда қайсы танымал, соны айтыңызшы?» – деп сұрады ол.
«Менің 7 балам, 24 немерем бар, олардың болашағын ойламады деп санайсыз ба?» – деді ол.
Жанат Қазақбай да айыптау актісімен келіскен жоқ, айтуына қарағанда, 2023 жылғы желтоқсанда басқа сотталушылармен таныс болмаған. Айдар Мүбәраковпен «Наурыз» кафесінде, ал басқа сотталушылармен журналист Думан Мұхаммедкәрімге үкім шыққан күні танысқан.
Жауылбаевтың айтуынша, олар «Аспара» бизнес орталығына жиналған, онда «Мұқалмас» қоғамдық бірлестігі референдум бойынша тренинг өткізген.
«Менің жеке азаматтық ұстанымым – сайлау учаскесінде (АЭС құрылысына – В.) қарсы дауыс беру. Бірақ мен үгіт жүргізген жоқпын. Менің ойымша, әркімнің құқығы бар», – деді ол.
Айдар Мүбәраков та Талғарда және Нұрлан Жауылбаевтың үйінде болғам жоқ, тіпті оның қайда тұратынын да білмеймін деп айтты. Айтуына қарағанда, ол тек «Наурыз» кафесінде болған.
Мүбәраков онда Жанат Қазақбаймен және Нұрлан Темірғалиевпен танысқанын айтты. Алайда бір-бірінің нөмірін алмаған, оларды ұсталған соң ғана көрген.
«Бізге аудио және видео жазбаларды тыңдауға мүмкіндік бермеді, бұл – заң бұзу. Біз бұл жерде болдық па, ол біздің сөзіміз бе, жоқ па, соны білу үшін тергеушіден сұрадық», – деді ол.
Фазылжан Сыдықов сотқа Талғарда, «Аспара» бизнес орталығында және «Март» сауда үйінде болмағанын айтты. Оның сөзінше, «Наурыз» кафесінде белсенділер Украинаның тәуелсіздігін атап өтпек болған, ол жерде жаппай тәртіпсіздік туралы талқыламаған. «Сол жерде біреуі «Қаңтар оқиғасы қайталанса, не істейміз?» деп тосыннан сұрақ қойған», – деді ол айыптау актісінде «анықталмаған әйел» деп көрсетілген кісіні меңзеп.
«Трактор ісінде» қорғауымыздағы азаматтарды қорғаған кезде арандату мақсатында жасалған кез келген әрекетті дәлел ретінде алуға болмайтынын айтқан едік. Қазір дәл сондай істі көріп отырмыз», – деді адвокат Жанар Балғабаева «Власть» басылымына.
Осыдан кейін сотталушылар мен олардың адвокаттары Мирзаходжаевтың сараптамасын заңсыз деп тануға және оны іс материалдарында ескермеуге өтініш білдірді. Прокурор бұл өтінішті қабылдамауды сұрады. Сол кезде сот залында болған журналист Думан Мұхаммедкәрімнің әкесі Алмас Тілепов ұлын Мирзаходжаевтың сараптамасы негізінде дәл осылай соттағанын айтып айғайлады. Осыдан кейін Тілеповті сот залынан шығарып жіберді.
Мемлекеттік айыптаушы Асылхан белсенділер Жауылбаевты, Қазақбайды, Сыдықовты, Темірғалиевты және Мүбәраковты Қылмыстық кодекстің 272-бабы 1-бөлігі және 24-баптың 3-бөлігі бойынша кінәлі деп тануды және оларды 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Белсенділердің тергеу изоляторында отырған бір күнін бір жарым күн деп санауды ұсынды.
«Мән-жай анықталған соң айыптау басқа жаза сұрауы мүмкін деп үміттенген едім. Өкінішке қарай, олай болмады», – деді адвокат Төлеген Берліқожа прокурордың сөзіне пікір білдіріп.
«Сондай-ақ істе жазылған сөздерде де «сындырып, өртеп жібереміз» деген сияқты үндеу жоқ», – деді ол.
Оның айтуынша, Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігіне сәйкес, қылмысқа оқталу оны істеуге дайындық деп есептеледі. Бірақ мұнда «қылмыс та, оған қатысушы да, куәлар да, бүлінген дүние де, қару да, қылмыс жоспары да жоқ» деді ол.
Сотталушы Фазылжан Сыдықов іс қозғауға үш эпизод негіз болды және оның екеуінде АЭС бойынша референдум күні әлі белгісіз болған деді.
«2023 жылғы желтоқсанда референдум [6 қазан 2024 жылы] болатынын қайдан білдік? Кейін 2024 жылғы тамызда біреу: «25 адам жаман нәрсе жоспарлап отыр» деп жазды. Сол уақытта митингіні 6 қазанға ұйымдастыруды жоспарлағандай көрінеміз. Бірақ референдум күнін ешкім білген жоқ. Қасым-Жомарт Тоқаев оны тек 2 қыркүйекте хабарлады. Референдумда қалай бақылаушы болатынымызды 5 қыркүйекте талқыладық. Сол кезде жиналып, оны талқылағанымыз рас», – деді ол.
Адвокат Жанар Балғабаеваның сөзінше, прокурор айыптау актісінде қорғауындағы азаматтарды экстремистік ұйымдарға қатысқан деп оқыған. Оның айтуынша, прокурордың бұл әрекеті дұрыс емес, өйткені экстремистік ұйымдарға қатысты деген айып бірден алынған.
Құпия куәлар
Сотта «Тәуелсіз бақылаушылар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бесжан Төлеубекұлынан да жауап алды. Оның айтуынша, референдум күні сотталушылар митинг өткізуді жоспарламаған, басқаларды шақырмаған, керісінше, бақылаушы болғысы келген.
«Менің ойымша, референдум күні бақылаушы немесе мобильді топта болып, бақылаушыларға көмектескісі келген азаматтарды қорқыту мақсатында алдын ала ұстады», – деді ол.
Қорғау жағы сотқа басқа да белсенділерді шақырды, бірақ судья олардың бәрін мақұлдамады, сотта жауап алынғандар арасында тәуелсіз бақылау бойынша дәріс өткізуге кеңсені жалға берген әйел, сондай-ақ сотталушылар көмектескен бірнеше қоғам белсендісі болды.
Іс материалдарын қарап жатқан кезде прокурор айыптаушы тарап шақырған басқа куәлардың сөзін оқыды. Солардың бірі Жанат Сембекұлы 24 тамызда кешкі бес шамасында «Наурыз» кафесінде болғанын айтқан. Оның сөзінше, белгісіз адамдар темекі шегіп тұрғанда алдағы референдумды талқылаған.
«Сондай-ақ олар референдум кезінде төңкеріс жасау туралы талқылады. Яғни, референдумның аяғы Қаңтар оқиғасына ұқсас болады деп болжады, бірақ егжей-тегжейін естіген жоқпын», – деді куәнің сөзін оқыған прокурор.
Куә онда 25-ке жуық адам болды, арасында ерлер мен әйелдер бар деп айтқан. Ол сотталушылардың бірі белсенді Нұрлан Темірғалиевты таныған, ол әлеуметтік желілерде белсенді болып, әртүрлі үндеу жариялады деген. Осыдан кейін куә «мұны өзінің азаматтық парызы деп санап», құқық қорғау органдарына жүгінген.
Батыр Батыров делінген тағы бір куә сол кафеде болған және көрші үстелде 20–25 адам отырғанын байқаған. Оның сөзі Сембекұлының айтқанымен сәйкес шықты.
Батыров та сондағы белсенділер арасынан Нұрлан Темірғалиевты таныған, оны бұрын интернетте көрдім деп айтқан. Бірінші куә сияқты ол да бұл туралы полиция қызметкерлеріне хабарлаған.
Осыдан кейін сотталушылардың адвокаттары бұл куәларды сотқа шақыру туралы өтініш білдірді. Адвокат Ғалым Нұрпейісов куәлар жиналғандарға жалпылама сипат берген, сол күні нақты кім және ол не айтқанын, куәлар Темірғалиевты қайдан білетінін анықтау маңызды деді. Алайда судья өтінішті қабылдамады.
Судья мұны куәлардың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен байланыстырды.
Жарыссөз кезінде адвокат Төлеген Берліқожа бұл құпия куәлар Темірғалиевты жаппай тәртіпсіздікке шақырды деп айтқанымен, оның түр-келбетін сипаттай алмағанын мәлімдеді.
Оның сөзінше, «Наурыз» кафесіндегі видеожазбаларда Темірғалиевтың ештеңе айтпағаны көрінеді.
«Агенттер, осы құпия адамдар қылмыстық ұйым құрып жатқан сияқты көрінбек болды. Мұның ешқайсы шықпаған соң біздің қорғауымыздағы адамдар туралы талқылады», – деді адвокат Жанар Балғабаева.
«Сотталушылар тек субъективті пікір айтқан»
Отырыстардың бірінде адвокаттар соттан балама, тәуелсіз сараптаманы да қарауды сұрады. Кейін оны іс материалдарына қосты, сарапшы Абай Қайыржановтан жауап алынды.
Оның қорытындысы Мирзаходжаев қолданған стенограммаға емес, ашық көздерден алынған видеожазбаларға негізделген. Прокурор «адвокаттардан ол материалдарды неге сұрамадыңыз?» деп сұраған, сарапшы сотталушылар осы тақырыпта сөйлесіп, талқылағаны көрінетін видеожазбаларға нақты сұрақтар мен сілтемелер алдым деп түсіндірді.
«Сонымен қатар маған (Мирзаходжаевтың да – В.) қорытындысын берді. Мен оны қарап шығып, оның мұндай тұжырымдарды қайдан жасайтынына таңғалдым. Бұл материалдар бойынша ондай ештеңе жоқ», – деді ол.
Қайыржановтың қорытындысы айыптау актісіндегі қорытындыға керісінше шықты. Оның қорытындысына сәйкес, сотталушылар тек субъективті пікірін айтқан.
Қолындағы материалдарына сүйенген сарапшының айтуынша, Жанат Қазақбай атом электр станциясының құрылысына қарсы баспасөз мәслихатында сөйлеген кезде апат болса, Балқаш көлінде қиындық туып, радиациядан ластануы мүмкін деп айтқан. Ал Фазылжан Сыдықов басқа адамдармен бірге тұрып «Қарсымыз!» деп айғайлаған.
Нұрлан Темірғалиев TikTok-қа салған видеосында елде жұртты атом электр станциясын салуға дауыс беруге шақыратын топ бар деп айтқан.
«Қазақстан – Ресей жері емес. Халық АЭС құрылысына қарсы наразылық білдіруі керек. Мұндай құрылыс Путиннің Украинаға қарсы соғысын қолдайды. (…) Президенттен атом электр станциясын салмау туралы шешім қабылдауын сұраймын», – деді ол видеода.
Айдар Мүбәраков әлеуметтік желіде екі жазбаны бөліскен. Онда АЭС құрылысы бойынша келісімнің бәрін тоқтату қажет деп айтқан, сондай-ақ онда «Тоқаев қазақтарды Ресейдің ядролық тұзағына неге тартып жатыр?» деген тіркес бар.
Тәуелсіз сарапшыға ұсынылған материалдардың ішінде тағы бір видео болды. Онда Фазылжан Сыдықов АЭС құрылысына қарсы екенін айтқан. Содан соң Айдар Мүбәраков президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда демократиялық қоғам құрылады деген сөзін еске алады. Бұған жауап ретінде экранның арт жағындағы біреу: «Тоқаев елдің дамуына кедергі жасап отыр» дейді. Сарапшының айтуынша, Мүбәраков бұл сөзге қосылмаған. Содан кейін экранда Қазақбай, Жауылбаев пен Темірғалиевтың аты-жөні, ал одан соң «халықтың жағдайы нашарлады, елде саяси тұтқындар бар, оларды босату керек, өйткені олар кінәсіз» деген мәтін шығады.
Қайыржановтың сөзінше, сотталушылар АЭС құрылысына қарсы шығып, бұл жобаны «Росатомға» сеніп тапсыруға болмайды деген. Олардың сөзінше, апат бола қалса, Орталық Қазақстан, Балқаш пен оның іргесінде орны толмас қасірет болуы мүмкін.
Сарапшы өзіне ұсынылған материалдарда митингіге, қаржы жинауға, қарулы құрылымдар құруға немесе конституциялық құрылысты бұзуға бағытталған идеяға шақыру жоқ деді. «Психолингвистикалық талдау барысында мұндай үндеулерді таппадым», – делінген қорытындыда.
Қайыржанов сотталушылардың мәлімдемесі әртүрлі формада болған деді. Кей тұста олар ғалымдар мен мамандардың сөзіне сілтеген, бұдан бөлек, сұрақтар да қойған.
Сарапшының пікірінше, Нұрлан Темірғалиевтың, Фазылжан Сыдықовтың, Жанат Қазақбайдың, Айдар Мүбәраковтың және Нұрлан Жауылбаевтың басты әрі жалғыз мақсаты Қазақстанда АЭС құрылысын тоқтату болған.
Үкім
26 тамызда Алмалы аудандық сотына әдеттегідей сотталушылардың туыстары мен жақтастары жиналды. Үкімді күтіп отырған сәтте олар «сот белсенділерді босататын болса, гүл алып келу керек еді» деп жатты.
Үкімді оқыған судья Ернар Қасымбеков сотталушылардың бәріне 4 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Ол белсенділер АЭС-ке қарсы брошюра таратып, жұртты тәртіпсіздікке шақыру үшін жиын өткізгенін жоққа шығармады және олар мұны қылмыс деп санамайды деді.
«Бірақ сот олардың зейнеткер екенін ескеріп, жұртты митингіге шақыруын қойды деп шешті және енді бұлай заң бұзбайтынын айтқан соң, пробация қолдануға шешім шығарды», – деді ол.
Адвокат Төлеген Берліқожа қорғауындағы азаматтар алдағы уақытта апелляциялық шағым түсіретінін айтты.
«Алдымен бостандыққа шықсын, кейін апелляциялық, кассациялық шағым түсіреміз, Жоғарғы сотқа да береміз», – деді ол соттан кейін Азаттық радиосының тілшісіне.
Адвокат Жанар Балғабаева бас бостандығын шектеу жазасын алған белсенділерді осы істегі басқа жеті белсенді сияқты қылмыс құрамы жоқ болуына байланысты босатуы керек еді деп санайды.
«Билік оларды 11 ай ұстады, ешкімді босатпады, бұл мерзім, менің ойымша, бер жағы ғана. (...) Үкім бір бөлек, ал шектеу мүлдем басқа жайт. Тыйым мен қосымша жаза бұл азаматтардың не үшін жауапқа тартылғанын көрсетеді. Мақсат олардың қызметін шектеу болған. Бұл басқаларға байқап жүруді ескерту», – деді ол «Власть» басылымына.
Поддержите журналистику, которой доверяют.