2668
10 октября 2025
Ғалия Байжанова, киносыншы

Нағыз детектив: «Қазақтың қорқынышты ертегілеріне» шолу

Әділхан Ержанов «Твин Пикстің» дала нұсқасы мен қазақтың қорқынышты ақиқатын өзгеше тоғыстырған фильм түсірді

 Нағыз детектив: «Қазақтың қорқынышты ертегілеріне» шолу

Алматыда Әділхан Ержановтың «Қазақтың қорқынышты ертегілері» атты сериалының премьерасы өтті. «Нағыз детектив» (True Detective), «Твин Пикстің» дала нұсқасы және қазақтың қорқынышты ақиқаты араласқан тосын туынды сәтті шыққан. Қазақы мистикалық детектив — Ержановтың кейінгі уақытта шығарған ең үздік жұмыстарының бірі.

Freedom Media деген жаңа стриминг платформасына арнап түсірілген сериалдың алғашқы үш сериясы Орталық Азиядағы тұңғыш Almaty Series Festival фестивалінің ашылу салтанатында көрсетілді. Бұл шара өткен апталарда аяқталған 10-шы Baiqonur халықаралық кинофестивалі аясында өтті.

Сериалда бір нәрсеге сілтеме болса, ол «Субстанция», «Бөтен», «Қоңырау» туындыларына емес, керісінше, қорқынышты фильмдер классикасына, яғни Род Серлингтің «Тұманды аймақ» фильміне және жапонның рухтар мен елестер туралы фильмдері — кайданға меңзейді. Дәлірек айтсақ, 1964 жылғы Масаки Кобаяси түсірген классикалық «Кайдан: тылсым әрі қорқыныш туралы хикая» фильміне сілтеме бар. Бір новелладағы кейіпкердің бетіне будда сутраларын тұмар іспетті жазған сахна осы сериалға референс болғаны таңғалатын дүние емес, мұнда иероглифтердің орнына біздің руна жазуын қолданған. Сериалдағы кейіпкерді орап, демін қысатын шаш, кейін пайда болады делінген қарға айнала алатын әйел кейіпкер сол туындыдан алынған секілді.

«Қазақтың қорқынышты ертегілері» сериалы не туралы?

«Қазақтың қорқынышты ертегілері» — Әділхан Ержанов түсірген он сериялы жаңа сериал, режиссер онда «хоррор» жанрына қайта оралған. Бұған дейін оның пост-хоррор жанрындағы «Кадет» туындысы шыққан, соғыс құбыжықтары туралы сәл шашыраңқы фильмді сериалға айналдыруға да болар еді. Онда режиссерге ойын толық жеткізуге экран уақыты жетпей қалғанын байқасақ, мұнда бәрі жеткілікті. Оқиға желісі (кем дегенде алғашқы серияларында) жүйелі шыққан, бір таңғаларлығы, жанр киносының барлық ережесіне сай жасалған нәрселер, қазақтың бай мифологиясы және бізді толғандыратын сыбайлас жемқорлық, отбасындағы зорлық-зомбылық, аяғы ауыр болып қалған жасөспірімдер және тағы басқа мәселелер бір-бірімен үйлескен.

Сериал Біржан (тамаша актер Қуантай Әбдімәди) есімді жас тергеуші туралы, тағдыр оны Қаратас кентіндегі перзентханаға апарады. Сол жерде біртүрлі оқиға болады — қараңғы кештердің бірінде босанған әйелдердің бәрі қансырай бастап, кейбірін аман алып қала алмайды. Біржан Қаратас кентінің жергілікті тұрғындарымен — полицейлермен (cancel-ден соң Шәріп Серікті бұлыңғыр еткен), бас дәрігермен (Азиз Бейшеналиевтің тамаша рөлі) және сондағы балгер Сарамен (Анна Старченконың жарқын рөлі) танысады да, мұның бәрі мәселенің ұшар басы ғана екенін түсінеді. Мұнда жұмыс та, құпия да шаш-етектен, ал мүрделер, соның ішінде нәрестелердің мәйіті өте көп. Өйткені Қаратаста әлемдегі ең сұмдық полицейлер ғана емес, сонымен бірге албастылар, су перілері, жезтырнақтар мен басқа миф жаратылыстары да бар болып шықты.

Сериал авторының айтуынша, біздегі мифтерде жындардың 80 пайызы — әйел адам. Ержанов сериалда бұл неге осылай болғанына және «ондағы қара күштер неліктен әйел табиғатына тән болып көрінеді?» деген сұраққа жауап беруге тырысады.

Сериалдың құрылымы қандай?

Әділхан Ержанов сұрқай Қаратасты талай жыл ерекше ықыласпен ойластырған екен. Қолында билігі бар адамдар сияқты ең қорқынышты жаратылыстар тұратын кентте бір күні нағыз жындардың пайда болары уақыт еншісіндегі мәселе еді. Осындай қорқынышты жерге «Қап-қара адам» фильміндегі Данияр Алшыновтың кейіпкері сияқты билікпен ғана емес, тылсым күштермен де күресетін тағы бір қазақ тергеуші келетіні анық болды. Ержановтың жаңа тергеушісі бұрынғысына қарағанда қызығырақ көрінді. Ол адамдарға немқұрайлы қарамайды, керісінше, бәрін көріп-білгісі келеді, оны «сурикат» деп атайтыны бекер емес. Бірақ жақсылық пен жамандықтың арасын көрсетпесе, кейіпкердің қатыгез жағын ашпаса, Әділхан болмас еді.

«Қазақтың қорқынышты ертегілері» сериалының алғашқы үш сериясы қазақ мифологиясындағы ең танымал жаратылыстың бірі — албастыға арналған. Қартаң, толық, шашы жалбыраған, үш көзі бар, ұзын тырнағымен және салбыраған кеудесімен адамды өлімші етіп ұратын деп сипатталатын кейіпкер. Әділханның командасындағы суретші Ермек Өтегенов, грим істейтін Андрей Цирульник және оператор Еркінбек Птыралиев оны шамамен солай қорқынышты етіп жасаған. Кейбір көрерменге ол былтыр шыққан «Субстанция» фильміндегі құбыжықты еске салды.

Бір қызығы, «Қазақтың қорқынышты ертегілерін» түсірген топ миф бейнесін істейтін кезде компьютер графикасын назарға алмай, бәрін құбыжықтар туралы ескі фильмдер стилінде жасап, күрделі грим, аниматроник және механикалық эффектілер сияқты дәстүрлі әдістерді қолданған. Бір жағынан, бұл «балалық шақтағы» ескі фильмдердегідей өте әсерлі, ал екінші жағынан, мұның бәрі даладағы зұлымдық ежелгі, ол техника мен арнайы эффектілер жоқ кезде де өмір сүрген дегенді меңзейді.

Ержановтың өзі премьерада қазақ мифологиясында әйел кейіпкер көп екенін байқағанын таңдана айтты, ал неге солай деген сұраққа сериалда жауап беруге тырысқан. Ескерту, спойлер бар! Қуаныш Бейсектің «Дәстүр» фильміндегі сияқты, мұнда да әйелге жасалған қылмыстан соң құбыжық пайда болады, зұлымдыққа түрткі болады. Әттең, бұл тақырып біздің елде әлі де өзекті. Бірақ үміттенбесе де болады, Қаратас әлемі әйелдер туралы дәстүрлі қатал көзқарасын өзгертпеген.

Маңызды емес деталь сияқты көрінгенімен, осы сериалда инфекциялар кенет гендерлік сипат алады, алайда микробтардың жынысы жоқ екені белгілі. Кейіпкерлер құбыжықтың тісінен «үлкен көлемдегі вульвовагинит» табады, кейін оны «әйелдердің бактериясы, оларды күміспен емдейді» деп түсіндіреді.

Ержановтың «Қазақтың қорқынышты ертегілерінде» жасаған әлемі шынымен де қорқынышты, бірақ қызық, құпияға толы әрі әдеттегідей біздің ерте замандағы үрейлерге, Кафка мен Ницше сюжеттері мен дәйексөздеріне, сондай-ақ нуар эстетикаға толы шыққан. Линчтің фильміндегі қолына ағаштың діңін ұстаған әйел немесе бір қолы жоқ ер адам сияқты оғаш кейіпкерлер орнына, мұнда көліктің үстіне орындық қойып алған, кейіпкердің әкесі үнемі балта ұстап жүреді.

Әділхан кабуки театры актерлерінің түріне ұқсайтын сәукеле киген қыздарды, үнді бас киімін киіп алған әжелерді араластырып түсірсе де, материал шынайы қазақ өнімі болып көрінеді. Тұмар, күміс зергер бұйымдарын және түйенің арқанын алып жүретін кейіпкерлер жақын сияқты сезіледі.

«Қазақтың қорқынышты ертегілері» — керемет актерлік қойылымға толы калейдоскоп

Сериалдағы актерлік жұмыс керемет, әсіресе Қуантай Әбдімәдидің трансформациясы қуантады, ол сары плащ киген, артына қалған қалдықты лақтырып жіберуге болатын ұялшақ жігіттен, дерматин күрте киген қатал, қорқынышты құбыжыққа айналады. Қуантайдың «ARTиШОК» театрында он жыл ойнағаны байқалды, камера түсіргенде ол сахнада өзін жалғыз сезініп, әлемде ешкім жоқтай ойнайды. Оның мимикасы әр серия сайын жабайы бола түседі, пластикасы, жеңілген «қарсыласының» қабірінде билегенінің бәрі таңғалдырды.

Анна Старченконың бұл жолғы рөлі қорқақ, күйзелген, кедей, қайтадан әділетсіздікке қарсы күресетін әйел емес. Ол ерекше әсер қалдыратын сиқыршы Сараның рөлін сомдайды. Бірақ оны да оңай басқара алу үшін кейіпкеріне сценарийде осал тұс берілген: сюжетке сәйкес, ол көлік ұрлау, есірткі сату сияқты жаман іске араласады, үйсіз-күйсіз жүреді. Анна Старченконың кейіпкері өзіне келген есірткі сатушының біріне «Маған бұны істеуге тыйым салған» дейді. Теоман Хостың кейіпкері: «Кім тыйым салып жатыр? Әкімдік пе?» — деп одан да қорқынышты күштер бар екенін түсінбей, ашу-ызаға булығады. Ал Қаратас әлеміндегі басты табынатын адамдар мен зұлым құдайлар — жемқор полиция және жергілікті атқарушы билік.

Әділхан сериалдағы басты экран жұбына Біржан мен Сара есімін таңдағаны қызық, осы тұста тарихымыздағы ең танымал жұптардың біріне сілтеме берген. Сондай-ақ тергеуші мен Шах-Мұрат Ордабаев ойнаған патологоанатом дуэті де керемет шыққан.

Азиз Бейшеналиевтің рөлін оның карьерасындағы ең үздік жұмыстардың бірі десе болады. «Қазақтың қорқынышты ертегілерінде» мінсіз, дұрыс адам рөлін тастап, шынтағына дейін қолы қанға малынған кейіпкерді сомдаған. Осы рөлде ол өзіне керемет сенімді көрінеді. Сондай-ақ экраннан ұзақ уақыт көрінбей кеткен Динара Бақтыбаева да жақсы ойнап шыққан. Ол үнемі көңілі толмай жүретін Біржанның әйелін сомдайды.

Еркен Губашев, Әсел Қалиева, Данияр Алшынов, Санжар Мәди және Айбар Салы түскен жаңа сериялардың шыққанын күтеміз.

Сериалдың керемет музыкасын да атап өту керек, Анжело Бадаламенти жазған танымал «Егіз шың» фильмінің музыкасы сияқты мистикалық болмаса да, өз атмосферасы бар. «Егіз шыңдағы» секілді Жули Круздың Falling әніндегі қорқынышты, жанды баурап алатын үні жоқ шығар, бірақ жас Dóreki! ұжымы шығарған бұзақы стильдегі, драйвқа толы қазақ музыкасы бар.

Сериал туралы қысқаша айтсақ

«Қазақтың қорқынышты ертегілері» сериалының әлем бойынша премьерасы Монреальда 17 шілдеден 3 тамызға дейін өткен әйгілі Fantasia жанр киносы фестивалінде болды. Жыл сайын бүкіл әлемнен ең үздік хоррор, триллер және фэнтези үлгілерін жинайтын шарада Ержановтың жұмысы назардан тыс қалмады. Керісінше, батыс басылымдары бірауыздан сериалды мақтап, онда «қорқыныш, қазақтың мәдени кодтары және қара әзіл бірегей үйлесім тапқан» деді. Сериалды Франциядағы Letrange Festival және Германиядағы Seriesly Berlin фестивальдерінде көрсетіп, оң пікірге ие болды. Сонымен қатар Freedom Media сериалын Австриядағы Slash film festival фантастикалық кино фестивалінде көрсетті. Енді оны тамашалауды қазақ көрермені де күтіп отыр.