11043
1 июля 2022
Назерке Құрманғазинова, Власть, фото авторы Кира Прейс

Үнсіз сайлау

Щучинскіде қала әкімін сайлау қалай өтті?

Үнсіз сайлау

26 маусым күні Ақмола облысындағы Щучинск қаласының тұрғындары әкімін тікелей сайлады. Бұған дейін әкімдері тағайындалып келген шағын қала үшін бұл – жаңа үрдіс. Власть тілшілері 45 мың халқы бар қалаға осымен үшінші рет барып, әкім сайлауын бақылап қайтты.

Бос жәшік. Демалыс күні

Сайлау қарсаңында, 25 маусым күні Щучинскіде кез келген үгітке тыйым салынып, үнсіздік жарияланған. Қалада бір күннен кейін сайлау болатынын еске салатын жалғыз белгі – әкімдік жанындағы жарнама қалқанында ілініп тұрған үміткерлердің сайлауалды бағдарламасы мен әкім қызметіне үмітті Жанарбек Оразалиннің үлкен баннері ғана.

Биыл Щучинск қаласы әкімінің лауазымына үш үміткер ұсынылды. Олар – сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Жасқанат Дүйсенов, «Шидай» ЖШС директоры Олжас Нұрмағамбетов және «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы Бурабай филиалының бұрынғы басшысы Жанарбек Оразалин.

Аумақтық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, 26 маусым күні Щучинск қаласында барлығы 22 сайлау учаскесі жұмыс істейді, сайлаушылар саны – 32 545. Соның ішінде Власть тілшілері 19 сайлау учаскесін аралап шықты.

Таңғы 7-де дауыс беру орындары жұмысын бастап кетті. Алайда сайлауалды үгіт-насихат кезеңінен басталған үнсіздік сайлау күні де жалғасқандай. Дауыс беруге асыққандар аз. Қалада сайлау болып жатқаны тек дауыс беру учаскелерінде ғана сезіледі: мерекелік көңіл-күй, барлық жерде ән ойнап тұр, енді бірі дауыс бергендерге тәтті сыйлық та дайындап қойған. Бірақ бұл да келушілер санын арттыра қоймады.

«Шыны керек, әлі көп адам дауыс бере қоймады. Біз көбірек адам келеді деп күттік. Референдум кезінде дауыс берушілер көбірек болған. Ал қазір таңнан бері 4 адам ғана келді. Әкім таңдауы – өте өзекті мәселе. Біз үшін бұл маңызды деп ойлаймын. Бүгін демалыс күні, адамдар ұйықтап жатқан шығар. Кейінірек келеді деп үміттенеміз», – дейді №321 сайлау учаскесінің комиссия төрағасы Қорлан Әлімова. Мұнда бүгін 2638 адам дауыс беруі керек.

Барлық сайлау учаскесінің комиссия төрағасы белсенділік аз болуын бірауыздан сайлаудың жексенбі күнге тұспа-тұс келуімен, әрі бұл уақытта қалада жастар күні болуымен байланыстырды. Олардың айтуынша, демалыс күні тұрғындар көбіне табиғатқа шығып кетеді.

Орталықта орналасқан №317 сайлау учаскесінің комиссия төрағасы, 2015 жылы алты ай Щучинск қаласының әкімі болған Галина Бичунның сөзіне қарағанда, әкімді сайлау жүйесі әлі толығымен қалыптаса қоймағандықтан, белсенділік төмен болуы мүмкін.

«Республика деңгейінде сайлау болғанда азаматтар белсенді болған. Ал әкім сайлауы бірінші рет болып жатыр. Әлі толық қалыптаспаған жүйе, көбіне өзін-өзі ұсынған үміткерлер. Ал халық арасынан біреуді іріктеп алу бойынша алдын ала жұмыстар жүргізілмеді», – деп жауап берді №317 дауыс беру учаскесінің төрағасы Галина Бичун.

Белсенділік жоғары болған учаскенің бірі – 2541 сайлаушысы бар №325 сайлау учаскесі. Бұл аймақта қарттар үйі мен кадет корпусы орналасуына байланысты жоғары көрсеткіш қамтамасыз етілген. Әрі мемлекеттік қызметкерлер де көп тіркелген аумақ – мемқызметкерлерге сайлауға баруды міндеттеу билік жиі қолданатын тәсіл. Комиссия төрағасы Мақпал Капарованың айтуынша, қарттар үйінде – 95, кадет корпусынан 157 сайлаушы бар.

«Сайлау учаскемізде негізінен мемлекеттік қызметкерлер, мұғалімдер көп, ата-аналарымыз да бар, үнемі дауыс беретін қариялар бар. Сондықтан бізде сайлаушылардың қатысуы әрқашан жоғары», – деді комиссия төрағасы.

Дауыс берушілер саны салыстырмалы түрде көп болған техникалық колледж ғимаратында орналасқан №316 учаскенің комиссия төрағасы Марина Табакова «барлығы өз еркімен дауыс беріп жатқанын, ешқандай міндеттеу болмағанын» атап өтті, колледж орталықта орналасқан соң, белсенділік жоғары болғанын да жасырмады.

Мақпал Капарова

Түстен кейін кейбір учаскелерде болмаса, жалпы белсенділік арта қоймады. Сайлау комиссиясының мүшелері референдум кезінде халық әлдеқайда белсенді болғанын айтты, себебі «конституцияға өзгеріс енгізу маңызды».

Әкім сайлағанда халық неге белсенді емес деген сұрағымызға №330 сайлау учаскесінің комиссия төрағасы Оралсын Тәжібаева: «Біз де неге аз екенін түсінбей, қызық жағдайда отырмыз. Жеке өзім бұл жаз мезгілі, әрі жастар күнімен бірге болып қалуына байланысты деп ойлаймын. Көбі бұл күнді атап өтеді. Таныстарым демалыста, көбінде еңбек демалысы. Ал бұл жолы қала әкімдігіне үміткерлерге үгіт-насихат жүргізуге, халықты ақпараттандыруға өте аз уақыт берілді. Басқа алып-қосарым жоқ», – деп жауап берді.

«Ең бастысы, сайлау таза, заңды түрде өтуі керек»

Біз таң ата барған сайлау учаскесінің көбінде үш үміткердің де сенімді тұлғалары болмады. Тек дауыс беру басталғаннан кейін жарты сағат өткенде үміткер Жанарбек Оразалиннің атынан бақылаушылар қатыса бастады. Тіпті олардың бірі дауыс беру жәшігінің жанына бақылау камерасын қойыпты. Власть барған 19 сайлау учаскесінің сегізінде кандидат Нұрмағамбетовтің бақылаушысы болды, ең көп бақылаушы Оразалиевте – 12 учаскеде, ал үшінші үміткер Жасқанат Дүйсеновтен ешкім бақыламады. Сондай-ақ, «Партиялық емес бақылау орталығынан» (әкімдіктен – В.) бес бақылаушы болды, олардың біреуі біз барғанда ұйықтап отыр екен.

«Әзірге заңбұзушылық болған жоқ. Өз атымыздан камера қойып қойдық. Барлығы таза. Әлі белсенділік жоқ, жұрт ұйықтап жатқан шығар. 7:30-да келдім. Ең бастысы, сайлау таза, заңды түрде өтуі керек, кім жеңіп шығатыны маңызды емес», – дейді үміткер Оразалиннің атынан №316 учаскені бақылап отырған Біләл Сәкенов.

Сағат сегізде №314 сайлау учаскесінде де бақылаушылар болмады. Бұл – ең көп сайлаушы бекітілген учаскенің бірі. Тіркелген 2182 адамның осы уақытқа дейін тек бірнешеуі дауыс беріп үлгерген.

«Әзірге ешқандай бақылаушы келмеді. Бәрін өзіміз ашуға тура келді. Күттік, неге екенін білмеймін, бақылаушылар болмады. Бізге келеді деп хабарланған. Кейбір учаскелерде бақылаушылар бар екен», – деді учаскелік комиссия төрағасы Мария Балгужина. Осы сәтте Оразалин атынан бір бақылаушы келіп тіркелді. Одан кешігу себебін сұрап едік: «Сайлау 8-ден басталады ғой, 7-де тек тіркелу. Кешке дейін боламын», – деп жауап берді.

Кейбір учаскелерде комиссия мүшелері «бақылаушылар бар, бірақ сыртқа шығып кетті» деді. №322 сайлау учаскесіндегі комиссия мүшесі бір бақылаушының тіркелгеннен кейін кетіп қалғанын айтты. Біз сөйлескен бақылаушылардың көбі өз учаскесінде қанша сайлаушы бар екенін білмеді.

Тәуелсіз бақылаушы

Бұдан бөлек Щучинскіде тәуелсіз бақылаушылар да болды. «Еркіндік қанаты» қоғамдық қорынан екі тәуелсіз бақылаушы қатысты. Оның бірі – қаңтар оқиғасынан кейін Қасым-Жомарт Тоқаевқа үтік бермекші болған белсенді Владимир Прокопьев. Ол №322 сайлау учаскесін бақылаған.

«Заңбұзушылықтар болды, бірақ оны комиссия төрағасына хабарлап отырдым. Көзі нашар көретіндерге арналған трафарет болмады, пандус негізгі кіреберісте емес және ешқандай нұсқаушы бағдар болмады. Кейін мұнда бір бақылаушы келді, комиссия оны құжаттары болмаса да тіркеді. Мен бұған назар аударып, акт толтыратынымды айтқанда, олар оны шығарып тастады. Қазір менің қозғалуыма тыйым салмақ болды, бірақ бірден бұл заңға қайшы екенін айттым. Осымен бітті», – деді Прокопьев.

Биыл қаңтар оқиғасынан кейін 13 ақпанда Владимир Прокопьев Щучинск әкімдігіне «Тоқаевқа және КО» деген жазуы бар үтік алып келіп, оны ел президентіне сыйлауды жоспарлаған. Белсенді әкімдік қызметкерлерімен кездесуге үлгермей, үтікті әкімдік ғимаратының жанына қалдырып кетеді. Оған қарсы әкімшілік іс қозғалады, сондай-ақ ол «қорғануға құқығы бар» куәгер ретінде қылмыстық іске шақыртылған, кейін бұл екі іс те қысқартылды.

Владимир Прокопьев

Прокопьев бірінші рет болып жатқан әкім сайлауында халықтың билікке деген сенімі оралғанын қалайды. Оның айтуынша, бұрынғы аудан, қала әкімдері халықтан алшақ болды, ал олар қабылдаған шешімдердің «халықпен еш байланысы жоқ». Сонымен қатар, ол халықтың саясатқа қызықпайтынын атап өтті. Сағат 12-де бақылаушының учаскесінде тіркелген 2,5 мыңнан астам адамның тек 60-ы ғана дауыс берген.

«Мен халықты дауыс беруге шақырдым, бірақ олардың бұған уақыты жоқ – бау-бақша, демалыс. Бұл онжылдықтар бойы қалыптасқан нәрсе, билік белсенділіктен қашып, халық көмек күтуден қалды. Сайлау өтіп жатыр, бірдеңе өзгертуге болар еді, бірақ адамдар оған әсер ете алатынына сенбейді… Саябақ құрылысына қарсы халық наразылық білдірді, мәдениет үйін де халықтан сұрамай бұзып тастады. Адамдармен ақылдаспайды, ал бұл менің ойымша, ең негізгі нәрсе. Мен үшін ең маңыздысы – демократия мен заңдылық орнауы», – деп түсіндірді белсенді.

Прокопьевтің айтуынша, үгіт-насихатты айтпағанда, сайлау өтетіні жайлы ақпарат аз таратылған, мың тиражы бар «Бурабай» газетінде де тек соңғы күндері ғана ақпарат жазыла бастапты. Белсенді бұрын әкім сайлауы таза өтетіне күмән келтірсе, осы жолы қандай да бір үміт бар екеніне сенімді. Дегенмен ол түбегейлі өзгерістер болады деп күтпейді.

«Үш үміткер де билікшіл, олар жүйеге сай жұмыс істейді. Егер келесі сайлауда оппозициядан үміткерлер болса, өзгеріс болып қалуы мүмкін», – деді ол.

№324 сайлау учаскесі

Әкім болудан үміттілер

Әкім лауазымына үмітті жаттықтырушы Олжас Нұрмағамбетов әйелімен бірге таңғы 9-да қала шетіндегі өзі тіркелген №332 учаскеге дауыс беруге келді. Ол комиссия мүшелерімен құшақ жая амандасып, өз бюллетенін алып дауыс беруге кірісті. Бұл учаскеде Нұрмағамбетовтің атынан келген бақылаушысы да отыр.

«Көңіл-күйім бүгінгі күн сияқты керемет. Ең лайықты үміткерге дауыс бердім», – деді ол.

Сайлау учаскелерінде оның атынан бақылаушылар неге жоқ екенін сұрағанымызда: «Қазір жүз пайыз бақылаушымен қамтылған. Баспасөзде сайлау учаскелері сағат сегізден ашылады деген ақпарат болған, сол себепті бақылаушылар сегізде барды», – деп жауап берді.

Ал сағат 11-де дауыс беруді жоспарлаған тағы бір үміткер, сәулетші Жасқанат Дүйсенов веложарысқа байланысты жолдар жабылып қалғандықтан Бурабайдан шыға алмай, дауыс беруге сағат үште келді. Ол кенеттен өз дауысын қарсыласына бергенін мәлімдеді.

Ешбір жерде бақылаушылары болмағанына қатысты сауалымызға: «Сайлау әділ өтеді, сондықтан бақылаушылар қажет емес деп ойлаймын. Иә. Жаңа Қазақстан. Әрқашан сену керек. Адамдарға сену керек», – деді Дүйсенов.

Бақылаушылары белсенді болғанымен, бұл күні үміткер Жанарбек Оразалинмен кездесу мүмкін болмады. Ол қайда және қашан дауыс беретінін хабарлаған жоқ.

«Әкімдік бір адамды алға шығарса, бұл үміткер олар үшін тиімді»

Демалыс күні таңертең ерте дауыс беруге барған Щучинск тұрғыны Александр есімді азамат үміткерлерді жақсы қасиетіне байланысты таңдағанын, жақсылық күтетінін айтты. Александр өзге тұрғындар сияқты қаладағы басты мәселе – жол мен тротуар деп есептейді. Ол жыл сайын сайлауда дауыс беретінін айтты. Сөзін аяқтай келе: «Әйелім сайлауға бар деп қоймады. Ол осы жерде (мектеп – В.) жұмыс істейді», – деп күлді.

Таңғы сегізде Александрдан басқа көшеде екі баласын ертіп келе жатқан әйелді көрдік. Одан сайлау туралы сұрап едік, «жоқ, әрине» деп таңдана жауап қатты.

Біз сөйлесуге тырысқан Щучинск тұрғындарының көбі бұл сайлау түбегейлі өзгеріс алып келетініне күмәнмен қарайды. Дауыс беруден гөрі қонаққа баруды жөн көрген ерлі-зайыпты Светлана мен Андрей «біз бармасақ та бәрі шешіліп қойған» десті.

«Мұның бәрі ақымақтық. Үміткердің бірі №6 мектепте оқыды емес пе?! (Нұрмағамбетов оқыған мектеп – В.) Мектеп сол үміткерге дауыс береміз деген үгіт-насихат жүргізген», – деді Светлана.

Оны қолдаған күйеуі Андрей: «Біз оны танымаймыз да. Мен бүгін сайлау болып жатқанын бірінші рет естідім. Үнемі жұмыстамын. Мәселе бастан асады, олар қолынан келгенін жасап алсын, ал нақты ештеңе бітірмейді. Көреміз не болатынын», – деп жауап қатты.

Атын атаудан бас тартқан орта жастағы әйел де дауыс беруге бармаған, оның бұған «уақыты жоқ».

«Сайлау туралы да естідім, үміткерлерді де танимын. Қарапайым адамдар, бастысы қала үшін әрекет жасаса болды, басқалар жақсы көретіндей қалтамыздан қақпаса болды. Балалар ойнайтын алаң, саябақтар, жолдар, тротуар, тегін аттракциондар болса. Балаларды апаруға болатын дайындық курстары болса. Жақсы өзгерістер күтеміз», – деді ол.

Ал Щучинскіде 26 жылдан бері тұратын 50 жастағы Мұрат Қанжаұлы әкім сайлауы болып жатқанына қуанышты. Өзі Көкшедегі облыстық оңалту орталығында шаруашылық жағын басқарады. Көп адам сайлауға түсуді ұсынғанын айтқан ол келесі сайлауда бақ сынап көрмекші. Ал осы жолы өзіне ұнаған үміткерге дауыс берген. Оның айтуынша, жаңа әкім шешуге тиіс бірінші мәселе – тазалық мәселесі.

«Халық әкімді таңдауы керек. Халық дұрыс адамды таңдайды деп ойлаймын. Жұмыс орындарын байқап, көше тазалығын сақтауға шақырса. Адал жұмыс істесе, халық оны ұмытпайды. Мұнда Қазақстанның түкпір-түкпірінен адамдар келеді. Кіреберіске жақсы қазақша жазумен баннерлер қойса… Үміткерлердің бағдарламасын қарадым, таныстым. Бірақ жастың аты – жас. Осы жердің тумасы істеген дұрыс деп ойлаймын. Бұрын жұмыс істеген жері бар, көзқарасы өзгеше адам болса. Жастар жұмыс істемейді демеймін, олар да жақсы жұмыс істейді. Кім болса да, осы тұрып жатқан жерімізді өркендетсе деймін», – деп қосты Қанжаұлы.

Щучинск қаласының мәселесін көтеріп жүрген белсендінің бірі – Игорь Савченко. Ол жол мәселесінен бөлек, қалада жағажайлардың жекеменшікке өтуіне, орманды даланың құрылыс алаңына айналып бара жатқанына алаңдайды. Белсендінің айтуынша, қарапайым халық үшін Щучье өзеніне жол жабық, өзен жағасына гольф клубы мен Rixos қонақүйі салынған. Бүгінгі күні Савченко жекеменшікке өткен қайың тоғайының орнына үйлер салынбауы үшін күресіп жүр.

Ол сайлауда дауыс беретін болса, үш үміткердің ішінен сәулетші Жасқанат Дүйсеновті таңдайтынын айтты. Бірақ, белсендінің айтуынша, оның жеңіске жетуі екіталай.

«Әкімдік өзінің бұқаралық ақпарат құралы арқылы Олжасты (Нұрмағамбетов – В.) насихаттап жатқаны анық. Оны насихаттау төрт ай уақыт бұрын басталған. Кейін әкім қызметінен кететінін хабарлағанда мәслихат депутатын (Нұрмағамбетов екі жылдан бері мәслихат депутаты – В.) ұсынуға кірісті. Менің түсінігімше, қарсылас үміткерлердің дауысын бөлу үшін тағы екі адамды қосқан», – дейді Игорь Савченко.

«Әкімдік бір адамды алға шығарса, бұл кандидат олар үшін тиімді, ал қала үшін тиімсіз деген сөз”

Игорь Савченко

Савченко әкім болатын адамның мемлекеттік қызметте тәжірибесі болуы керек деп санайды, ал ондай тәжірибе жаттықтырушыда жоқ.

«Әкімдік бір адамды алға шығарса, бұл кандидат олар үшін тиімді, ал қала үшін тиімсіз деген сөз”

“Жалпы, әрине, қандай да бір тәуелсіз үміткерді көргім келеді. Қолымнан келгенше ақпарат тараттым, бірақ үміткер болуға ешкімнің батылы бармады. Менің айтайын дегенім, үміткер партиядан емес, қала тұрғыны болуға тиіс».

Айта кетсек, Олжас Нұрмағамбетовтің жеңісі бірнеше ай бұрын «жоғарыда келісілгені» жайлы ақпаратты Щучинск әкімдігі мен үкіметшіл құрылымдарға жақын, бірақ бір-бірімен байланысы жоқ тағы екі адам Власть журналистеріне хабарлады.

Дауыс нәтижесін санау

Щучинскіде сағат 20:00-де барлық сайлау учаскесінде дауыс беру ресми түрде аяқталып, дауыс санауға кірісуі керек. Біз үш сайлау учаскесінің дауыс санауына қатыстық.

Таңертең барғанда сайлау жәшігі бос тұрған №315 учаскеде бұл уақытта жәшік толып қалыпты. Бақылаушылардан тек Жанарбек Оразалиннің адамы жүр, қалғаны кетіп қалған. Ол телефонына сайлау жәшігін ашу процесін түсіріп жүрді.

Сайлау учаскесі жабылғаннан кейін комиссия мүшелері дауыс беру жәшігін ашып, бірінші әр үміткерге берілген дауысты санап, кейін қолданылмаған бюллетень санын есептеп, оларды жойды. Комиссия төрағасы барлық цифр сәйкестігін тексергеннен кейін, қағазын қалқалап, нәтижені жазып жатты. Кейін хатшысы хаттама толтыру үшін бөлек бөлмеге шығып кетті.

№315 учаскедегі сайлау комиссиясы мүшелерінің есептеуі бойынша, 943 сайлаушының 754-і дауыс беруге қатысқан, яғни 80 пайызға жуығы. Бұл нәтиже басқа учаскелермен салыстырғанда анағұрлым көбірек. Мысалы, тәуелсіз бақылаушы Владимир Прокопьевтің учаскесінде сайлаушылардың қатысуы 6,4 пайыз болған, 2493 адамнан тек 162 адам дауыс берген. Оның ішінде Дүйсеновке 11, Нұрмағамбетовке 119, Оразалинге 24 адам дауыс берген және тағы үшеуі «барлығына қарсымын» нұсқасын таңдаған. Бұзылған бюллетень саны – 5.

Власть тілшісі қатысқан №314 учаскеде фото-видео түсіруге ескерту жасап, өздері сайлау уақыты бітпей жатып қолданылмаған бюллетеньдерді санай бастаған. Мұны тек «өздері үшін ғана» деп түсіндірді. Бұл учаскедегі сайлаушылардың қатысуы – 15%.

Ал дауыс беру аяқталуына 15 минут қалғанда барған тілшіні №317 сайлау учаскесінің комиссия мүшелері қобалжи қарсы алды. Сағат кешкі сегізде қолданылмаған бюллетеньді жоя бастады, бірақ оның саны неше екені белгісіз – комиссия оны санамады. Кейін жәшіктегі басқа бюллетеньді комиссия мүшелері бақылаушы мен журналистке көрінбейтіндей етіп, сыбырлап санай бастады. Дайын болғанда барлығын басқа бөлмеге алып кетіп, 40 минуттан кейін нәтижесін хабарлады. Бұл жерде де Нұрмағамбетов 461 дауыспен алда болған, аз ғана қалып қойған Оразалинде – 424 және Дүйсеновте 13 дауыс.

Сағат төртте №5 мектеп ғимаратында орналасқан №324 учаске сайлаушылар саны аз болғанымен, соңғы нәтиже бойынша мұнда Дүйсеновке 11 адам, Нұрмағамбетовке 1500 адам және Оразалинге 43 адам дауыс беріп үлгерген.

Жаңа әкім

Ертеңінде, 27 маусым күні Аумақтық сайлау комиссиясы сайлауға 14392 сайлаушы қатысқаны туралы қорытынды хаттамаға қол қойды. Оның ішінде Нұрмағамбетовке 9775 адам, Оразалиевке 2352 адам, Дүйсеновке 1162 адам дауыс берген. 180 сайлау бюллетені жарамсыз деп танылып, 923 сайлаушы «барлығына қарсы» болған.

Жеңіске жеткенін білгенде кандидат Олжас Нұрмағамбетов: «Сайлау күні қатты уайымдадым, қазір де уайымдап тұрмын. Күнде әкім бола бермейсің», – деді.

Олжас Нұрмағамбетов

Ол, сондай-ақ, бірнеше ай бұрын кандидатурасы облыс деңгейінде келісілгені жайлы ақпаратты жоққа шығарды.

«Бұл туралы маған да айтқан. Бір ай бұрын да мен жеңеді дегенді айтып жүрді. Бірақ сайлау ашық түрде, үміткерлердің сенімді тұлғаларының қатысуымен өткенін өздеріңіз де көрдіңіздер. Қазір бұл туралы айту өзекті емес деп ойлаймын. Онда кешіріңіздер, бұл сайлаудың қажеті не еді?!» – деді Щучинскінің жаңа әкімі.

Нұрмағамбетовтің алдын ала келісілгені жайлы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын Бурабай ауданының әкімі Әсет Мұздыбаев та айтты.

«Түсінесіз бе, мұның бәрі қандай да бір әңгіме, өсек деңгейінде. Себебі, мысалы, біздің сәулетші жігіт те қатысты. Ол әкімдік жүйесінде жұмыс істейтін сауатты жігіт. Оразалин де ұзақ уақыт мемлекеттік құрылымда жұмыс істеген. Ал Нұрмағамбетов әкімдікте мүлдем істемеген, ол жай ғана танымал жергілікті жігіт», – деді Мұздыбаев Власть тілшісіне.

Сайлауға түскен үміткер Жасқанат Дүйсенов сайлау нәтижесімен «жартылай келіспесе де», халық таңдауына еш қарсылығы жоқ екенін білдірді. Ол, тіпті, жаңа әкімге көмектесуге дайын екенін атап өтті.

«Қолынан келмей жатса көмектесеміз, – деп күлді Дүйсенов. – Қолдаймыз, ешқандай араздығымыз жоқ. Бірлік үшін. Оны жолдан тайдыру деген сияқты ой жоқ. Қаланың игілігі үшін бірге жұмыс істейміз. Келесі сайлауға міндетті түрде қатысамын», – деді Дүйсенов.

Сайлау нәтижесі бойынша екінші орында тұрғған Жанарбек Оразалин: «Барлығы өтті, енді ештеңе өзгерте алмайсың», – дейді. Оның сөзінше, кей жердегі дауыс беру нәтижесі күмән келтіреді.

«Сайлау қалай өтсе, солай өтті. №5 мектепте сонша адам дауыс берді деп ойламаймын. Онда бұған дейін мұншалықты дауыс жиналмаған. Білмеймін, мүмкін бәрі дұрыс», – дейді Оразалин.

Осымен Щучинскідегі әкім сайлауы аяқталды. Жақын арада Аумақтық сайлау комиссиясы жаңа әкімнің өкілеттігін бекітеді.