4239
29 сентября 2022
Вячеслав Абрамов, суреттерді Алмас Қайсар түсірген.

Тарихтан сабақ алмасақ

Зұлматты зерттемей, құрбандарды еске алумен шектелу жеткіліксіз

Тарихтан сабақ алмасақ

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев қыркүйек айында мемлекеттік мерекелер туралы заң жобасын таныстырып, бұдан былай 16 желтоқсан “Желтоқсан оқиғасы құрбандарын еске алу күні” болатынын айтты. Бұл өзгерісті азаматтық және саяси белсенділер жылдар бойы талап етіп келе жатыр. Мұны жақында ғана тағы бір зұлматты бастан кешкен ел үшін алға жылжу деп айту қиын.

16 желтоқсан – Тәуелсіздік күнін 1986 жылғы оқиғаларды еске алуға арналған күн ретінде бекітуді биыл ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынды. Президент те, министр Абаев та сол күні болған басқа тарихи оқиғалар туралы ләм-мим демеді.

2011 жылы желтоқсанның 16-сы күні билік Жаңаөзен мұнайшыларының жеті айға созылған ереуілін атыспен басып-жаншыды. Ресми дерек бойынша ғана 15 адам қаза тапты, жүздеген адам репрессияға ұшырады.

Желтоқсанның 16-сы күні Желтоқсан құрбандарын (қаза болғандарды, сондай-ақ репрессияның кесірінен өмірі астаң-кестең болғандарды) ғана еске алып, Жаңаөзен құрбандарын елемей кетуді елестету қиын. Бұған Қанды қаңтар құрбандарын қосыңыз. Биліктің сөзіне сенсек, ресми дерек бойынша қаза болған 238 адамның өлімі әлі зерттеліп жатыр.

Қазақстанның жаңа тарихындағы бұл қанды оқиғалар жазықсыз құрбандардың көптігімен ғана ерекшеленеді дей алмаймыз. Сонымен қатар, қоғам шын кінәлілер туралы ештеңе білмейді.

Мұның бәрі әдейі соңына дейін зерттелмеген. Оған қоса, тарих оқулықтарында толық айтылмайды немесе мүлде жазылмаған.

Тәуелсіздік күні мәртебесін ресми түрде өзгерту өткеннен сабақ алудың, 1986 және 2011 жылдың желтоқсаны мен 2022 жылдың қаңтарындағы оқиғаларды толыққанды зерттеудің, одан кейін шын жүректен кешірім сұраудың алғашқы қадамы болар еді. Оған ел билігінің шамасы жете ме?

Тоқаев Қанды қаңдардан кейінгі сөздерінде “өткенге үңілмей”, “өткенді қараламай”, болашаққа қадам жасауды ұсынған. Дәлірек айтсақ, бұрынғы президентке қатысты сұрақтарға осылай жауап берген.

Әйтсе де, елдің басынан өткерген жағдайды, оған кім жауапты екенін, олардың қандай жауапкершілікке тартылмағанын білмейінше, болашаққа нық қадам жасау өте қиын.

Нәтижесі де айтарлықтай болмайды. Кейінгі жылдардағы саяси реформалар сияқты, бұл да бір адым алға, бірнеше қадам артқа шегініс болуы мүмкін.