4065
2 марта 2023
Ақбота Узбекбай, суретті Алмас Қайсар түсірген

Үміт орны

Жұбаныш іздеп барып, қылмыстық іс пен қудалауға тап болады

Үміт орны

Туыстарыңыз Шыңжаңдағы “қайта тәрбиелеу” лагерінде екенін білсеңіз, олармен екі жыл кездесе алмай жүрсеңіз, қайтер едіңіз? Ондаған қазақстандық екі жыл бойы Алматыдағы Қытай консулдығы маңына барып, жақындарын босату мен әділетті шешім талап етіп келеді.

“Қазіргі жалғыз жұбанышымыз да осы болып қалды. Осы жерге келсем, жүрегім елжірейді. Құдды осы жерде ғана үміт бар сияқты”, – дейді наразылыққа шығып жүргендердің бірі. Шыңжаңдағы туыстарының бостандығын талап етіп жүрген ондаған адамның консулдық алдындағы күресіне екі жылдан аса уақыт өтті. Олар онда жұбаныш іздеп барып, қылмыстық іс пен қудалауға тап болады. Екі жыл ішінде Қазақстан билігі оларға жалпы сомасы 6 миллион теңге айыппұл салған. Ал олардың зорлық пен қудалауға ұшыраған туыстарының күресі бұдан да ұзаққа созылып жатқаны анық. Қазақстан үшін Шыңжаң төңірегіндегі мәселенің бәрі - ыңғайсыз тақырып. Алайда этникалық қазақтардың өміріне қатысты “Қытайдың ішкі ісі” қандай да елдің ішкі ісі болудан қалады.

Шекара ашылды, пандемия бітті. Алайда туысымен қауышқандар бірен-саран. 8 ақпан күні, белсенділердің наразылық акциясына шығып жүргеніне екі жыл болғанда, этникалық қазақ Сәрсенбек Әкбар алты жылдан кейін отбасына оралды. Ол 3 жыл “қайта тәрбиелеу” лагерінде, бірер жыл үйқамақта болған. 2021 жылы тағы бір этникалық қазақ Рахыжан Зейнолла 13 жыл түрме, 1,5 жыл “саяси түзеу” лагерінен кейін Отанына оралды. Олардың әйелі Гүлнұр Қосдәулет мен Фарида Қабылбек консулдық маңындағы акцияларға қатысқан.

Сарапшылардың болжамына қарағанда, Қытайдағы “қайта тәрбиелеу лагерлерінде” 1,2 миллион ұйғыр, қазақ, қырғыз мен өзге де мұсылман және этникалық азшылық өкілі қамалған. Қытайдағы туысын іздегендердің көбі байланыстың 2017 жылы үзілгенін айтады. “2017 жылы Қытай 4 айлық оқу деп үш баламды әкетті. Кейін үш келінімді қамады. 14 немерем жетімханадан табылды”. Бұл – оқиғаның бір парасы ғана.

БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары Мишель Бачелет жариялаған баяндамада «айлар бойы жаппай ұстау лагеріндегі жағдай, онда қанша уақытқа қамалғанын және не үшін ұсталғанын білмегенін» айтатын адамдардың сөзі келтірілген. Айтпақшы, Қазақстан осы құжатты талқылауға қарсы дауыс берген елдердің қатарында.

Шыңжаңдағы тұтқындардың мұндағы туыстарының күресіне екі жылдан аса уақыт куә болып келеміз. Оларды ауа райының қолайсыздығы, денсаулық жағдайы мен жұмыссыздық та тоқтата алмады. Жалғыз тосқауыл – бейбіт күреске кедергі келтіріп келе жатқан өз елі. Бұл аралықта олар бірнеше рет қамалып, қомақты айыппұл да төледі. Қазақстанның өз азаматтары мен шетелдегі этникалық қазақтарын қорғау төңірегіндегі бұлыңғыр позициясы “үміт” сыйлайтын орыннан адамдарды қуалауға себеп бола алмайды.