4430
15 марта 2023
Вячеслав Абрамов, суретті Данияр Мусиров түсірген.

Демократия сабағы

Қазақстандықтар саясатпен қайтадан танысып жатыр

Демократия сабағы

Билік өкілдерінің сөзіне қарағанда, қазіргі парламент сайлауы – билік институттарының жаңару кезеңін аяқтайтын “сайлау циклінің соңы”. Шындығына келгенде, бұл сайлау – Қазақстан азаматтарының саясат ұғымымен қайта танысу процесінің бастамасы ғана.

Жасы 20-дағы жазушы Ильяс Юсупжанов Алматы мәслихатының депутаттығына үміткерлердің ең кішісі. Ол да көптеген адам секілді алдымен үміткер ретінде тіркеліп, кейін ойдан шығарылған сылтауға бола сайлау науқанынан шеттетілді.

Мұндай мысал жетерлік. Қисынсыздығы жағынан сылтаулар бірінен бірі асып түседі. Санаулы үміткер ғана сот алдында сайлау құқығын қорғай алды.

Жүйеге қарсы бұл күрес – демократия сабағының құны. Бұл қазір сайлауға қатысатын үміткерлерге ғана емес, жалпы елімізге қатысты.

Кейінгі жиырма жылда Қазақстанда саясат тоқырауға ұшырады. Бір-бірінен аумайтын партиялар ұқсас үміткерлерін таныстырып, сайлаушыға бірыңғай бағдарламасын ұсынды.

Билік біртіндеп оппозиция мен саясатты жойып, парламентті сәндік құралға, ал мәслихатты не үшін қажет екені белгісіз орынға айналдырды.

Ондаған үміткердің саясатқа талпынып жатқаны анық, өйткені жиырма жылда бірінші рет бұған мүмкіндік беріліп отыр. Олардың көбінің 19 наурыздан кейін нәтижеден көңілі қалады (дауыстарды санау сайлау науқанынан маңыздырақ), алайда көпшілігі қоғамдық саясатқа араласуын жалғастырады. Сонда ғана келесі сайлауда сайлаушылар бюллетеньдегі адамдардың кім екенін түсіне алады.

Қазақстандағы сайлау туралы бұдан да маңызды жайттар бар.

Сайлау науқаны бір айға ғана созылуы – қисынсыз. Ол сайлаудан келесі сайлауға дейін жалғасуы керек. Сайлаушы өзінің не істеп жатқанын және саясаткерлердің не айтып жатқанын түсіне алуы керек.

Шынайы оппозициялық күш емес, жас кәсіпкерлер немесе жалған “жасылдар” секілді жасанды партиялар тіркеле берсе, сайлауда бәсеке мүлде болмайды, әділетсіз өтеді. Үміткерлер ойдан шығарылған себеппен шеттетіле берсе, сайлау әділ өтпейді. Сайлау комиссияларын билікке және билік партиясына адал адамдар бақылайтын болса, әділдік болмайды. Дауысты қолмен емес, автоматты түрде санайтын электронды жүйе енгізілмейінше, сайлау ашық өтпейді.

Бұл тізімді тоқтамастан жалғастыра беруге болады. Дәл сол секілді демократия жолы қандай болуы керек дейтін пікірталас та бітпейді. Бұл тұрғыда Қазақстан билігі өз таңдауын баяғыда жасады деуге болады. Олардың түсінігіне сай, қозғалыс баяу, ал процесс бақылауда болуы керек. Ал кеше ғана сайлауда қазіргі президентті бір кісідей қолдағандар оппозицияның кейпін танытады.

Әйтсе де, бұл сайлаудан сәл де болса үміт бар.

Аз болса да, тәуелсіз кандидаттар сайлау күніне дейін жетіп отыр. Олар сайлау күнгі бақылаудың маңызды екенін түсінеді әрі әр дауыс үшін күресуге әзір. Одан да маңыздысы, олардың сайлауға қатысуы азаматтар үшін саясатты анағұрлым қызық әрі маңызды ете түседі. Келер апта жаңа парламентіміз жаңа болмай шықса да, бұл демократия сабағының маңызы зор болады. Өйткені “Жаңа Қазақстан” дегеннің өзі бізге сабақ болатын кез келді.