4483
11 января 2024
Ольга Логинова, суретті Данияр Мүсіров түсірген

Дезинформация эпидемиясы

Мемлекет қоғамның денсаулығына қауіп төндіретін фейктерді елемей, өз саясатын сынаған белсенділерді қудалайды

Дезинформация эпидемиясы

Сейсенбі күні премьер-министр Әлихан Смайылов қызылшаның өршуі туралы айта келе, кей аймақта қызылшаға қарсы вакцина бола тұра, екпе алғандар аз екенін хабарлады. Әлеуметтік желіде вакцина туралы жалған ақпараттың таралуын қадағалап, оған қатысты жедел әрекет жасау керек деп тапсырды. Ал шындығында кейінгі жылдары мұндай сипаттағы ақпарат бойынша бірде-бір қылмыстық іс сотқа дейін жеткен жоқ, ал “көрінеу жалған ақпарат тарату” бабы көбіне саяси белсенділерге қарсы қолданылып келеді.

Мемлекет қоғам мен оның денсаулығына қауіп төндіретіндерге қарағанда, өзінің әрекетін сынағандардың сөз бостандығын шектеуге ынталы.

Кейінгі екі жылда ІІМ екпе немесе оның салдары туралы көрінеу жалған ақпарат таратуға қатысты алты қылмыстық істі тергеген. Оның бәрі қылмыс құрамы жоқ болғандықтан жабылған.

2020 жылы коронавирус пандемиясы мен оған қатысты жалған ақпараттар өршіп тұрған тұста қасақана жалған ақпарат тарату бойынша ең атышулы оқиға белсенді Әлнұр Ильяшевтың ісі болды. Белсенді төтенше жағдай кезінде Nur Otan партиясын сынағаны үшін үш жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Былтыр әлеуметтік желіде президент саясатын сынаған азаматтық белсенді Назым Табылдиеваны да дәл осы бап бойынша жауапқа тартып, бас бостандығын шектеді.

Конституцияның 20-бабында сөз бостандығына кепілдік берілгеніне қарамастан, белсенділерді жеке пікірін білдіргені үшін жазалайды.

Сөйте тұра 2021 жылы әлеуметтік желіде коронавирусқа қарсы екпе туралы көптеген фейк ақпарат тарағанда, сотқа ол туралы бірде-бір іс түспеген.

Дезинформацияны «сөз еркіндігі» деп атау қисынға келмейді. Мемлекет қоғам денсаулығына қауіп төндіретін жалған ақпарат тарату құқығын қорғамауы керек.

Әсіресе иммундау қаупі туралы ақпараттар мемлекет саясатын сынаудан гөрі әлдеқайда көп зиян келтіруі мүмкін болса да, құқық қорғау органдарының назарынан тыс қалып жатыр.

Халықаралық және жергілікті органдардың дерегіне сүйенсек, Қазақстанда қызылшамен ауыратындар саны артып келеді. 2023 жылы 30 мыңнан астам жағдай тіркелген, бұл көрсеткіш кейінгі жеті жылда қызылша жұқтырғандардың жалпы санынан асып түседі.

Дүниежүзілік сақтау ұйымының мәліметі бойынша (2022 жылы ДСҰ сайты үш айға бұғатталған еді), қызылшадан қорғанудың жалғыз жолы – вакцина. Оны емдейтін дәрі жоқ және қызылшаның зардабы ауыр болуы мүмкін, тіпті өлімге әкеледі. Ал Денсаулық сақтау министрлігі қызылшамен ауырған балалардың көбі вакцина алмағандар екенін мәлімдеді.

Бұған қоса, ата-аналардың екпеден бас тартуына байланысты Қазақстанда 800 мыңға жуық бала дифтерия, полиомиелит, туберкулез және тағы басқа қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы екпе алмаған – басқа елдерде бұл аурулардың кейбірін екпенің арқасында әлдеқашан толықтай жеңген.

Ең алдымен саяси режимнің тұрақтылығына алаңдаған мемлекет қоғамдық денсаулықты елеусіз қалдырып, халықты екпеге қарсы топтардың жалған ақпаратынан қорғай алмады.

Читайте этот материал на русском.

Read this article in English.