3871
18 апреля 2024
Ольга Логинова, Паоло Сорбелло, фото авторы Данияр Мүсіров

Қазақстандық депутаттар «ЛГБТ-ны насихаттауға» тыйым салу жоспарынан бас тартты

Депутаттар «Масс-медиа туралы» заңға енгізбек болған түзетулердің астарында не жатыр?

Қазақстандық депутаттар «ЛГБТ-ны насихаттауға» тыйым салу жоспарынан бас тартты

Сәуірдің басында Amanat билік партиясының мәжілістегі депутаттары Асхат Аймағамбетов пен Жанарбек Әшімжанов БАҚ туралы заңға «ЛГБТ-ны насихаттауға» тыйым салатын түзету енгізу жөнінде ұсыныс тастады. «Насихат» жасаған медианың жұмысы уақытша немесе толықтай тоқтатылуы мүмкін еді.

Алайда, 17 сәуірде екініші оқылымға ұсынылған құжатта бұл түзетулер жоқ болып шықты. Сенаттың мақұлдауына жіберілген заң жобасы баспасөз бостандығына қауіп төндіруі мүмкін ұсыныстан түбегейлі шегінгенін көрсетті.

[Ескерту: Бұл 17 сәуір күні заң жобасының қабылдауына дейін орыс тілінде шыққан мақаланың жаңартылған нұсқасы. Сондай-ақ, жаңартылған нұсқасын ағылшын тілінде де оқи аласыз]

Осы тектес түзетулер Сенатта қайта талқылануы мүмкін екенін ескере отырып, белсенділер мен құқық қорғаушылар Власть редакциясына берген жауабында ұсыныстың кемшін тұстарын, ол бұқаралық ақпарат құралдарын қалай шектейтінін, қазақстандық заңнамаға да, халықаралық заңнамаға да қайшы келетінін айтады.

17 сәуірге дейінгі нұсқасында бұл заң жобасына жауапты депутаттар ұсынылған түзетудің мақсаты – «дәстүрлі емес жыныстық бағдардың үгіт-насихатына жол бермеу» деген еді. Бұл тыйым «дәстүрлі емес жыныстық бағдарды» порнографияға, бір ұлтты өзгелерден артық қоюға және діни экстремизмге теңейді.

Сонымен қатар, өткен аптада депутаттар кенеттен «ЛГБТ-ны насихаттауды» қылмысқа теңеуді талқыға салып, оны Қылмыстық кодекстің әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру туралы экстремистік бабына жатқызуды ұсынды. Олар «дәстүрлі емес жыныстық бағдарды» насихаттауды тіпті ұлттық қауіпсіздікке қатер деп тануды ұсынды.

Депутаттар Қылмыстық кодекске түзету енгізу туралы соңғы ұсынысын кенеттен алып тастады. Тек соңғы сәтте ғана БАҚ-қа қатысты заң жобасындағы тыйымнан бас тартты.

Десе де, өткен аптада қол қойылған тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы заңға «дәстүрлі құндылықтарды қорғау» деген құқық тұжырымдамасы енгізілді, бұл келешекте «ЛГБТ-ны насихаттауға» тыйым салуға әкелуге негіз болуы мүмкін.

17 сәуір күнгі заң жобасының тыңдалымына дейін сарапшылар бұл түзетулер Қазақстанның заңдарына да, Қазақстанның халықаралық құқықтық міндеттеріне де қайшы екенін, ЛГБТ+ қауымдастық өкілдеріне қарсы зорлық-зомбылықтың артуына әкелуі мүмкін екенін айтқан еді.

Насихат деген не?

Адам құқықтары бойынша халықаралық құқық кеңесшісі Татьяна Чернобиль халықаралық құқықта «ЛГБТ-ны насихаттау» деген түсінік жоқ екенін айтады.

Ол Қазақстанның БАҚ туралы қолданыстағы заңында да, ұсынылып отырған заң жобасында да сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік берілгенін, ал цензураға тыйым салынғанын атап өтті. Бұл нормалар Конституцияда да жазылған. Әйтсе де, Қазақстан балалар арасында «ЛГБТ насихатына» заңды түрде тыйым салуға бұрын да тырысқан, алайда 2015 жылы конституциялық кеңес заң жобаларын Конституцияға қайшы деп таныды.

«Конституцияда насихаттың қай түріне жол берілмейтіні көрсетілген, олар — республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық астамшылықты, сондай-ақ қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттау немесе үгіттеу», — дейді Чернобиль.

Құқық қорғаушы депутаттардың бұл ұсынысы цензураны заңдастыруға, БАҚ туралы заңды Конституциядан және Қазақстанның адам құқықтары бойынша халықаралық міндеттерінен алшақтата түсуге деген талпыныс болды деп есептейді.

«ЕҚЫҰ-ның БАҚ еркіндігі мәселелері бойынша өкілі болған Дуня Миятович 2015 жылы айтқандай, “цензура бір басталса, ешқашан тоқтамайды”. Егер депутаттардың ұсынысы қабылданса, бізді дәл осы күтіп тұр», – деп қауіптенеді ол.

«Егер депутаттар мемлекеттік қызметкер болса, олардың атқарып отырған лауазымына лайықтығы жөнінде мәселе көтеруді ұсынар едім, – дейді құқық қорғаушы. – Қалай болғанда да, бұл сайлаушылар мен осы депутаттарды ұсынған партияларды ойлантуға тиіс жағдай».

Асхат Аймағамбетов Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірінші мерзімі кезінде білім және ғылым министрі болды. Ал 2023 жылы наурызда депутат болып сайланды. Жанарбек Әшімжанов — бұрынғы журналист және билікке жақын газеттің бас редакторы болған адам.

Фото Юна Коростелеванікі

«Егер депутаттар мемлекеттік қызметкер болса, олардың атқарып отырған лауазымына лайықтығы жөнінде мәселе көтеруді ұсынар едім, – дейді құқық қорғаушы. – Қалай болғанда да, бұл сайлаушылар мен осы депутаттарды ұсынған партияларды ойлантуға тиіс жағдай».

Асхат Аймағамбетов Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірінші мерзімі кезінде білім және ғылым министрі болды. Ал 2023 жылы наурызда депутат болып сайланды. Жанарбек Әшімжанов — бұрынғы журналист және билікке жақын газеттің бас редакторы болған адам.

Түзетулер неліктен заңсыз?

БАҚ туралы заңға 2017 жылы өзгерту енгізілгеннен кейін кез келген «заңда тыйым салынған ақпаратты» насихаттауға тыйым салынды.

Қазір заңда порнография, есірткі заттары, психотропты заттар, олардың баламасы мен прекурсорларын, жарылғыш заттар мен қолдан жасалған құрылғыларды, сондай-ақ суицидті насихаттауға тыйым салынған.

«Демек, осы түзетулерге дейін БАҚ туралы заң сүйенетін Конституцияда тыйым салынған әрекеттер тізімі ұсынылды. Насихат анықтамасы енгізілгеннен кейін, Конституцияда көрсетілгеннен бөлек, заңнама тыйым салатын нәрсенің бәрін насихаттауға тыйым салынды. Егер заң арқылы кез келген нәрсеге тыйым салуға болатынын ескерсек, бұл насихаттауға тыйым салынған нәрселердің тізімін шектеусіз дәрежеге дейін кеңейтеді», — дейді Чернобиль.

Заңнамада порнографияға, есірткі мен прекурсорға тыйым салынғанымен, «дәстүрлі емес жыныстық бағдарға» тыйым жоқ.

Құқық қорғаушы Қазақстан қабылдаған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге сәйкес, тек қана соғысты насихаттауға және «ұлттық, нәсілдік немесе діни өшпенділікке» сүйенген «кемсітуге, қастыққа немесе зорлыққа азғыратын түрлі мәлімдемеге» тыйым салынатынын атап өтті.

Басқасы жағдайға қарай, негіз болғанда және қауіптің алдын алуға орай шектелуі мүмкін.

«Көріп тұрғанымыздай, насихатты соғыс немесе өшпенділікке сүйенген қылмыс сияқты бәрін бүлдіретін жайттар ғана ерекшелейді, – дейді құқық қорғаушы. – Ал қазір біз сол депутаттардың өзі мәлімдеме жасау арқылы Конституция бойынша қорғалатын адамның бірегейлігіне қарсы шығып, өшпенділік қана емес, жеккөрініш тудырғанын көріп отырмыз. Конституция жыныстық бағдар ғана емес, гендерлік бірегейлік бойынша да кез келген жағдайда кемсітуге тыйым салады».

ЛГБТ белсенді және ЕҚЫҰ академиясының «Адам құқықтары және тұрақты даму» бағдарламасының магистранты, астаналық Азият Агишев те БАҚ қызметін уақытша тежеу немесе тоқтату сөз еркіндігіне зиян тигізетін қисынсыз шара деп санайды.

«Қоғамға қатерлі»

ЛГБТ өкілдері үшін адам құқықтарын сақтау мәселесімен айналысатын ИЛГА-Еуропа халықаралық ұйымының атқарушы директоры Хабер «Власть» тілшісіне берген пікірінде парламенттегі бұл бастамалар алаңдататынын айтты, өйткені «олар ЛГБТ өкілдері ұлттық қауіпсіздікке немесе әлеуметтік тұтастыққа қатер төндіреді деген жаңсақ пікір таратады».

«ЛГБТ қауымдастыққа мұның салдары ауыр болады, бұған қоса бүкіл қоғамның тұтастығына зиянын тигізеді. Биліктің мұндай әрекеттері ЛГБТ өкілдеріне қарсы зорлықтың артуына әкеледі», – деп ескертеді Хабер.

Азият Агишев те ЛГБТ туралы ақпараттың қоғамға ешқандай зияны жоқ екенін айтады.

«Осы күнге дейін ЛГБТ өкілдері туралы ақпарат төңірегіндегі адамдардың құқығына қиянат жасайды немесе мемлекеттік қауіпсіздікке, қоғамдық тәртіпке, халықтың денсаулығына немесе адамгершілігіне нұқсан келтіреді деген бірде-бір ғылыми, объективті дәлел келтірілген жоқ», – дейді Агишев.

Сондықтан депутаттар ұсынған тыйымның заңды мақсаты да жоқ деген ойда.

Фото Данияр Мүсіровтыкі

Теріс үлгі

«ЛГБТ насихаты» деген түсінікті әркім қалауынша түсіндіріп, өзіне ыңғайлы нұсқада қолдануы мүмкін, мұны 2013 жылы заңнамаға осыған ұқсас тыйым енгізген Ресейдің мысалынан көруге болады.

Ресейдегі ЛГБТ+ құқықтарын қорғайтын «Сфера» қоры коммуникация бөлімінің басшысы Ноэль Шайданың түсіндіруінше, онда насихатқа тыйым біртіндеп енгізілді – 2011 жылдан бастап аймақтарда «сынап» көріп, сосын тұтас елге таратты.

«Тәжірибемізге сүйеніп айтар болсақ, “насихат” бабы барлық жерде қолданылған жоқ, тек қорқытудың қосымша факторы болды деуге болады, – дейді ол. – Полиция тек “насихатқа” ғана тиіскен жағдай сирек кездеседі. Бұл белсенділерді “көрнекі түрде жазалаумен” шектеліп қалмай, кез келген контентті бұғаттай алатын үлкен цензура машинасының кеңінен таралуына алып келді».

Ресейлік «Медиазона» редакторы Егор Сковорода да ЛГБТ+ туралы нәрсенің барлығы Ресейде балаға зиян ақпарат деп танылды, сосын қауымдастық туралы кез келген нәрсеге тыйым салынды дейді.

«Кейін олар “халықаралық ЛГБТ экстремистік қозғалысын” ойлап тауып, ЛГБТ+ қылмысқа теңеу тәсілін ойлап тапты, енді кез келген нәрсені осы ойдан шығарылған эктремистік қозғалыстың қызметіне жатқызуға болады», – дейді ол.

Бір жыл бұрын ресейлік билік ЛГБТ насихатының белгілерін бекітті және ЛГБТ қозғалысын «экстремистік» деп таныды.

Енді Ресейде әйел кейіпкерді еркек ойнайтын қарапайым сатиралық қойылымды да, әншілердің музыкалық клиптерін де «насихат» бабымен тексеруге болады. Тіпті ол әншілер саяси режимді жақтаушы болса да. Көңіл көтеру бағытындағы медиаға да айыппұл салынуы мүмкін: музыка арнасына макияж жағып, әшекей таққан бишілер үшін, онлайн кинотеатрға «Афера столетия» фильмі үшін миллион рубль айыппұл салынды.

«Дәл осы желеумен Ресей тіл үйренуге арналған Duolingo сервисін ел ішінде бұғаттамақшы», – дейді Агишев.

Тіл үйренуге арналған танымал Duolingo ресурсы жаттығуларында инклюзив тілді қолданады.

Жауапкершілігі жоқ дәстүр

17 cәуір күні заң жобасын талқылаудан бұрын депутат Жанарбек Әшімжанов бұқаралық ақпарат құралдарына арналған тыйым мұндай қатынасты «дәстүрлі қатынастан» да жақсы деп көрсететін біржақты ақпаратқа қатысты деп түсіндірген.

«Ақпараттың қаншалықты біржақты» екеніне кім және қалай сараптама жасайтыны белгісіз болған еді.

Агишев «дәстүрлі» және «дәстүрлі емес» деген кең мағыналы терминдерді заңнамаға енгізу заңдарды практикада қолданғанда үлкен қиындық тудыратынын айтады, айталық, әйелді ұру – дәстүрге сай келеді, ал кейбіреулер үшін бұл өрескел зорлық.

«Заң адамына қарай түрліше қабылдауға болатын анықтамаларға емес, нақты, объектив терминдерге сүйенуі керек, ал жаңағыдай тұжырымдар заңның құқық аясында қолданылу практикасына нұқсан келтіреді», – деп санайды Агишев.

Әйтсе де «дәстүрлі отбасы құндылығы» ұғымы заңнамаға енгізіліп қойды. Жақында Тоқаев қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң неке туралы кодекске түзету енгізеді.

Соған сәйкес, неке және отбасы заңнамасы енді «дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғау, сақтау, нығайту және дамыту» принциптеріне сүйенеді, ал балалар «дәстүрлі, мәдени және отбасылық құндылықтарды құрметтеу» рухында тәрбиеленуі керек.

Жаңа өзгерістер «біржынысты некені насихаттау (...) бірінші кезекте дәстүрлі құндылықтарға нұқсан келтіруге, отбасын бұзуға бағытталғанын» алға тартады.

«Интернетте біреу ЛГБТ өкілдері туралы айтқаннан ерлі-зайыптылар ажырасып кетпейді», – дейді Азият Агишев сенімді түрде.

Заң жобасын дайындаған жұмыс тобында болған заңгер әрі құқық қорғаушы Халида Әжіғұлова The-Village басылымына берген пікірінде өзге сарапшылармен бірге мағынасы айқын емес «дәстүрлі құндылықтар» туралы норманы алып тастауды ұсынғанын айтты. Ол «дәстүрлі құндылықтарды» «батыстың құндылықтарына» қарсы қою үшін қолданатын Ресейді айтпағанда, әлемнің басқа ешбір елінде заңда бекітілген мұндай түсінік жоқ екенін жеткізді.

ЕСКЕРТУ: «Масс-медиа туралы» заңға енгізілуі мүмкін түзетулер қабылданған жағдайда, бұл мақала «Власть» редакциясына қысым жасауға негіз болуы мүмкін еді.

«Насихат яки пропаганда» ұғымының нақты анықтамасы жоқ болғандықтан, «ЛГБТ-ны насихаттау» деген ұғымды қисынсыз түсіндіруден туатын қауіп пен оның ел басшылығын сынайтын масс-медиаға тигізер залал-қатері туралы арнайы бағаннан оқи аласыздар.