564
26 декабря 2024
Вячеслав Абрамов, Светлана Ромашкина, Власть. Басты фотоны түсірген Азамат Сәрсенбаев

«Ұшақ біртүрлі жағдайға тап болды»

Ақтау түбінде құлаған Azerbaijan Airlines ұшағына қатысты үш нұсқа

«Ұшақ біртүрлі жағдайға тап болды»

Читайте этот материал на русском.

Read this article in English.

Кеше Ақтау маңында Бакуден Грозныйға бет алған Azerbaijan Airlines ұшағы құлады. Ұшақ апатынан 38 адам қаза тапты, ал апаттың себебін зерттеу мен тергеуді Қазақстан билігі қолға алды. Әзербайжаннан және Embraer ұшағының отаны Бразилиядан да мамандар тартылмақ.

Апаттың жай-жапсары әлі де анық емес, алайда құлау алдында ұшақ ішінен түсірілген видео мен ұшақтың жағдайына қарап мамандар апаттың үш негізгі себебін айтып отыр: ұшаққа ресейлік әуе қорғанысы жіберген зымыранның тиюі; құстарға соғылу немесе беймәлім техникалық ақау.

Ұшу жолының кенеттен өзгеруі мен Ақтауға айналма жол

Azerbaijan Airlines ұшағы Бакуден сәрсенбі күні таңертең ұшып, тез арада Грозныйға жетуі керек болған (тіке рейс әдетте 1 сағат 20 минут). Flightradar дерегі ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін шамамен жарты сағаттан кейін Ресей аумағымен ұшып бара жатқанда радардан жоғалып кеткенін көрсетеді. Одан кейін сигнал үш рет пайда болып, қайта жоғалып кеткен, бұл GPS-ті тұншықтырмақ болғанын көрсетуі мүмкін.

Ұшақ ауа райының қолайсыздығына байланысты деген желеумен Грозныйға қона алмаған. Алайда, сол уақытта қаланың үстінде Украинаның ұшқышсыз ұшақтарына шабуыл жасалғанын үш дереккөз көрсетіп отыр, соның ішінде Шешенстан Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы да бар. Дәл сол уақытта Ингушетия мен Солтүстік Осетия аспанында да украин ұшақтарын атқан.

«Неліктен Грозныйға үш рет қона алмағанын түсінбеймін, білмеймін. Бәлкім, автоматты қону жүйесінде немесе осы жағынан басқа бір тұста қиындық болса, GPS сигналын тұншықтармақ болса, GPS-ты тұншықтыруға орай авиақұрылғылардың дұрыс жұмыс істеуі мүмкін болмаса, ұшақ қона алмауы мүмкін, Грозныйға қона алмаған себебі осылардың бірі болуы мүмкін», – дейді ұшқыш Алексей Гарваш өзінің арнасында.

Азамат Сәрсенбаев

Ақтаудағы әуе апатынан аман қалған Субхонкул Рахимовтың айтуынша, ұшқыштар Грозныйға қонуға үш рет әрекет еткен, бірақ «үшінші рет бірдеңе жарылған». «Жарылыс болды, ұшақтың ішінде бірдеңе жарылды деп айта алмаймын. Мен отырған тұста ұшақтың беткі қабаты ұшып кетті», – дейді ол.

Аман қалған жолаушылар ұшақ ішінен түсірген видеолар Ақтауда құлағанға дейін-ақ ұшақтың ішінде оттегі маскалары түсіп, жолаушылардан құтқару желетін киюді сұрағанын көрсетеді. Кейбір жолаушының үсті-басы қан, көмекке мұқтаж болғаны көрінеді, ал ұшақтың ішіндегі беткі қабаттың кей тұстары бүлінген.

Ұшақтың жүйесінде ақау болғанын Каспий үстіндегі ұшу траекториясы мен Ақтауға жақындаған кезде бірнеше айналым жасауы да көрсетеді.

«Не болып жатқаны белгісіз, ұшақ әлдебір түсініксіз нәрселер болып жатқанын көрсетеді. Тангаж жөнінен де, қисаю жағынан да қатты ауытқу байқалады. Биіктігі де, жылдамдығы да қатты өзгеріп, ұшақ апатты жағдай деп белгі бергендей көрінеді», – дейді Гарваш.

Әуе қорғанысы, құстар немесе ақау

Ұшақ құлағаннан кейін бірнеше сағат өткенде ресейлік әскери бағыттағы Телеграм арналар апатқа ұшыраған ұшақтың видеосын жариялады, онда ұшақтың арт жағы мен қанатындағы тесік анық көрінеді. Мұндай тесік оқ атудан болады және ол ұшақты зенит зымырандар атқанын көрсетеді.

Ұшақ құлай салысымен Маңғыстау облысының медициналық қызметі ұшақ ішіндегі оттегі баллоны жарылған болуы мүмкін деп хабарлады. Зымыранның соққысын баллон жарылды деп қабылдаған болуы ықтимал.

Қазақстан ТЖМ фотосы

Қазақстан билігі бұл нұсқаны жариялауға асыққан жоқ. Апаттың себебін зерттеу жөніндегі үкіметтің комиссиясын басқаратын вице-премьер Қанат Бозымбаев алдын ала қандай да бір болжам жасауға ерте деп мәлімдеді.

Ал ұшақ апатының себебі ретінде ресейлік Росавиация айтқан алғашқы нұсқа, яғни құстарға соғылудың ықтималдығы төмен. Ұшақтар құстармен жиі соқтығысады, ол апаттық қонуға алып келуі мүмкін болса да, ұшақ апатына соқтыратын кезі өте сирек кездеседі.

«Құстарға соғылды дегенге, шынымды айтсам, сенбеймін. Embraer сенімділігі өте жоғары деңгейдегі тамаша ұшақтар шығарады, олардың қауіпсіздік деңгейі, меніңше, Boeing, Airbus ұшақтарынан да жоғары. Бұл ұшақтарда өмірді сақтап қалу жүйесі түгелдей қос-қостан. Электроника істен шыққан жағдайдың өзінде тікелей басқаруға мүмкіндік бар. Бұл ұшақтарды қолмен басқаруға болады. Сондықтан құстарға соғылып, соның салдарынан ұшақтың бүкіл басқару жүйесі істен шығып қалыпты дегенге сену қиын», – дейді Алексей Гарваш.

«Менің болжамым бойынша (...), бәлкім қателесуім де, соқтығысу болған, бірақ құстармен емес», – дейді ол.

Embraer ұшақтарының сенімділігі жоғары деңгейде болатыны ұшақ бортында техникалық ақау болды деген нұсқаға да күмән тудырады. Ресейлік ақпарат агенттіктерінің атын атап көрсетпеген дереккөздері осы нұсқаны айтқан болатын.

«Бүгінгі күні авиацияның деңгейі өте жоғары, бірдеңе бола қалса да, ол авиация жұмысына сырттан араласу немесе ықтималдығы өте төмен басқа да факторлардың бір сәтте тоғысуынан ғана болуы мүмкін», – дейді Гарваш.

Қазақстан ТЖМ фотосы

Қазақстан билігі Ақтау түбіндегі әуе апатын тергеп-тексерудің шамамен қай кезде аяқталатынын да айтпай отыр. Ол бірнеше аптаға немесе бірнеше айға созылуы мүмкін.