6715
26 февраля 2025
Дмитрий Мазоренко, Алмас Қайсар, Власть

Үкімет ҚҚС реформасын жариялаған кезде қандай қате жіберді?

Сарапшылар бұл шешімнің неліктен қоғамның қатысуынсыз және
стратегиялық басымдықтардың сыртында қабылданғаны туралы сөз қозғайды

Үкімет ҚҚС реформасын жариялаған кезде қандай қате жіберді?

Қосылған құн салығы (ҚҚС) реформасы мемлекеттің қоғаммен байланыс және мемлекетті басқару жүйесінің түрлі деңгейіндегі байланысқа қатысты ескі проблемасын ашып көрсетті.

Кейінгі екі аптада шенеуніктер кәсіпкерлермен кездесу үшін біраз өңірді аралап шықты. Алайда бұл реформаның мазмұнын алдын ала талқылау үшін емес, қабылданып қойған шешімге заңды күшін беру мақсатында жүзеге асты.

«Власть» әңгімелескен сарапшылар Қазақстан билігі үшін бұл қалыпты жайт дейді. Билік қоғамды белгілі бір саясаттың өзгерісіне қатысты талқыға қатыстырмай, сыртынан шешім қабылдауды құп көреді. Парламентте және басқа да мемлекеттік органдарда азаматтардың шынайы өкілінің болмауы оларды қабылданатын шешімнің басқа кезеңдерінде ықпал ету мүмкіндігінен айырады.

Мұндай тәсіл мемлекетке ұстанымын оңай өзгертуге мүмкіндік береді. Қанды Қаңтардан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев ірі бизнесті елді дамытуға көбірек үлес қосуға итермелеймін деп уәде бергеніне қарамастан, салық реформасының ауыртпалығы негізінен шағын және орта бизнеске және тұтынушыларға түседі.

Әрі шешім қабылдаудың астыртын тәсілі де сабақтастықпен ерекшелене алмай тұр. Президенттің үкіметке ҚҚС логикасын қайта қарау керек деген тапсырмасына қарамастан, экономикалық блок мөлшерлемені көтеру керек деген ұсыныс қана айтты. Сарапшылардың ойынша, министрлер кабинеті ұсыныс берген кезде белгілі бір салмақты үлгіге сүйенген жоқ, оған ұзақ мерзімді экономикалық саясат тұрғысынан қарамады.

Нәтижесінде азаматтарға дұрыс жобаланбаған реформа ұсынылды, бұл халықтың әл-ауқатын төмендетіп қана қоймай, экономиканың табиғи ресурстар экспортына тәуелділігін арттыруы мүмкін.

Өңірлерді аралау

Ақпан айының басында президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке салық реформасын бизнеспен мұқият талқылауды тапсырды. Бірақ қосымша құн салығын 16 пайызға көтеру туралы шешім 10 ақпанда қабылданып қойды. Осы кезде премьер-министр Олжас Бектенов бастаған үкіметтің экономикалық блогы түсіндіру жұмысын жүргізу үшін өңірлерге аттанды.

Кездесу кезінде ұлттық экономика министрлігінің өкілдері, ішінде министр Серік Жұманғарин де бар, мына сөзді қайталаумен болды: «Қазақстан ҚҚС мөлшерлемесі әлемдегі ең төмен елдің бірі», ал оны көтеру және салық төлеушілер шеңберін кеңейту «тең бәсеке жағдайын» қалыптастырады және бюджеттің кіріс бөлігін арттырады.

Дмитрий Мазоренко түсірген сурет

Алайда бәрі үкіметтің жоспарына қайшы болып шықты. Жергілікті бизнеспен кездесу наразылық көрініс беретін орынға айналды — ондағы кәсіпкерлердің көбі ҚҚС көтеруге қарсы шықты.

Жетісу облысындағы кездесуде кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің мүшесі Баниямин Файзулин бұл шешім тұтынудың азаюына және көп азаматтың тұрмыс деңгейінің нашарлауына әкеледі деп мәлімдеді.

«2019 жылы ҚҚС мөлшерлемесі 18 пайыздан 20 пайызға дейін өскен Ресейде инфляция 2,9 пайыздан 5 пайызға дейін көтерілді. Қазақстандағы болжам да көңіл көншітпейді: азық-түлік, дәрі-дәрмек және коммуналдық қызмет бағасы өскеннен кейін алғашқы жылы ең төменгі көрсеткіш 8–12 пайызға жетіп, халықтың сатып алу қабілеті 10–15 пайызға төмендеуі мүмкін», — деді Файзулин.

Оралдағы кездесуде «Эмили Групп» консалтинг компаниясының басшысы Фарид Бахтиозин ұсынылған реформада нақты көрсеткіш пен есеп жоқ екенін айтты. Сақтық шарасы болмауынан көп кәсіпорын банкротқа ұшырауы мүмкін.

«Бүкіл шағын және орта бизнесті бірыңғай салық салу аясына бірден кіргізуге болмайды. ҚҚС — өте күрделі салық. Кәсіби бухгалтер ретінде өзіме де оның барлық түйткілін түсіну біраз қиын болып жатады», — деді Бахтиозин.

Ақмола облысындағы кездесуде кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесінің төрағасы Валентина Геращенко үкіметтің ҚҚС пайыздық мөлшерлемесін белгілеуіне кейіді.

«Бастапқыда ҚҚС 20% болады деген әңгіме айтылды, қазір 16% туралы айтылып жатыр. Неліктен 14% немесе 15% емес? Неліктен кейбір сала үшін мөлшерлеме 10%? Егжей-тегжейін түсіндіру қажет. Бұл қаржы министрлігіндегі іргелі проблеманың көрсеткіші», — деді Геращенко.

фото primeminister.kz

Қостанайда Жалпыұлттық социал-демократиялық партия филиалының кеңсесінде жиналған кәсіпкерлер үкімет шешім қабылдаған кезде кәсіпкерлердің төлем қабілетін ескеруі керегін баса айтты.

«Ірі бизнес пен байларға бір мөлшерлеме, ал микробизнеске басқа мөлшерлеме [болуы керек]. Қазіргі 12% ҚҚС қатты сезіледі. <...> Кәсіпкерлердің 80 пайызы сатушы міндетін өзі атқарып жүр. Неліктен? Кадр жетіспейтіні былай тұрсын, қызметкерлер айлық көбейіп отырғанын қалайды, ал инфляция мен коммуналдық қызмет ақысы тоқтаусыз өсіп жатыр», — деді кәсіпкерлердің бірі.

Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлерімен кездесуде «Северный Бройлер» құс фабрикасының бас директоры Сергей Домаев аграрлық сала өндірістік тізбектің барлық деңгейінде ҚҚС төлеуден босатыла ма, әлде олай емес пе, әлі түсініксіз күйі қалып тұрғанын атап өтті.

«Еліміздің агрокәсіпорындары импортқа аса сезімтал. Инвестициялық жобалар мәселесі шиеленісіп тұр, өйткені оларды жүзеге асыру үшін көп жағдайда шетелдік жабдық қажет. Бұрын бірқатар тауар мен жабдыққа ҚҚС есепке алу әдісімен төленді. Жаңа жағдайда ол қалай төленеді? Осының бәрі өнімнің өзіндік құнына әсер етеді», — деп сөзін жалғады кәсіпкер.

Осыған ұқсас мәселені Ақмола облысындағы «Строй Тех IC» ЖШС басшысы Мұхтар Есенов те көтерді. Ол ҚҚС көтеру құрылыс материалдары мен қызметтердің құны қымбаттауына әкеледі, соның нәтижесінде баспана мен коммерциялық жылжымайтын мүлік бағасы өседі деген қаупін жеткізді.

«Тұрғын үй мен инфрақұрылым объектілері бағасының өсуі тұрғын үйдің қолжетімді болуына және мемлекеттік тұрғын үй салу бағдарламаларын іске асыруға кесірін тигізеді. Қосымша салық шығындары құрылыс компанияларын қызметкерлерді қысқартуға немесе тіпті жұмысын тоқтатуға мәжбүрлеуі мүмкін, бұл өңірдегі жұмыссыздықтың көбеюіне әкеледі», — деді Есенов.

Нашар коммуникация

Өңірлерде өткен әр кездесудің соңында шенеуніктер үкімет барлық пікірді ескереді, бизнесті қолдау мен бюджетті толтыру қажеттігі арасында тепе-теңдік болады деп уәде берді.

Бұл жерде проблема парламентке Салық кодексіне ҚҚС мөлшерлемесі 16% деп өзгерту енгізу шешімі облыстарды аралап келгеннен кейін бірден қабылданғанында емес, сонда айтылған ескертулерді зерделемеуінде. Сондай-ақ, мемлекеттің салықты көтергісі келетін ниетін қоғаммен талқылау реформаны жариялағанға дейін болуы керек еді.

фото primeminister.kz

Саясаттанушы Димаш Әлжанов мемлекеттің қоғаммен кеңесуден жалтаруын, әсіресе бастапқы шешім қабылдау кезеңінде ескермеуін қалыпты практика деп атады. Себебі қоғамның билік органдарында өкілдігі жоқ. Соның кесірінен ол парламент пен үкімет деңгейінде араласудан сырт қалып отыр.

Сарапшының айтуынша, Тоқаев әкімшілігі үшін ҚҚС көтеру шешімінің маңызы жоғары: «Олар саяси қатерді түсінеді, қарсылық деңгейін төмендету үшін қазір шенеуніктерді түсіндіру жұмыстарын жүргізуге жіберіп отыр. Міндеті — наразылықтың өршуіне жол бермеу».

Әлжановтың түсіндіруінше, үкіметте саяси дербестік жоқ. Оны президент жасақтайды, соның тапсырмаларына иек артады. Парламентте де министрлерді ауыстыратындай, сенімсіздік білдіретіндей және үкіметті тиімді іске итермелейтіндей саяси дербестік жоқ.

Осының салдарынан саяси шешімдерді президент пен оның әкімшілігі астыртын қабылдайды. Ал шенеуніктерге көпшіл және бастамашыл болу тиімсіз, ол үшін опық жеп қалуы мүмкін.

«Премьер-министрдің орынбасарлары Мұрат Нұртілеу, Қанат Бозымбаев сияқты президентке жақын тұлғалар екеніне таңғалудың қажеті жоқ. Олар ҚҚС бойынша қайшылыққа толы шешімдерге байланысты негативтің бәрі Бектеновпен бірге кетуін күтіп отыр», — деді Әлжанов.

Бұл проблеманың тағы бір жағы — Қанды Қаңтардан кейін азаматтардың материалдық жағдайын — салық түрінде де, инвестиция түрінде де ірі бизнес көмегімен жақсартамын деген президент уәдесінің орындалмауы. Қазір біз мүлдем кері процесті көріп отырмыз.

Экономист Қасымхан Қаппаровтың айтуынша, ұсынылған ҚҚС реформасы ірі бизнеске емес, шағын және орта бизнеске және халыққа көбірек әсер етеді. Бұған бірінші себеп — ірі бизнес онсыз да ҚҚС төлеуші болып келді, оған бухгалтерия жұмысын түбегейлі өзгертудің қажеті жоқ. Сонымен қатар оның салық ауыртпалығының артуына төтеп бере алатын ресурсы көбірек.

Ақорда баспасөз қызметінің фотосы

Оның үстіне үкімет экспортшыларға ҚҚС қайтару механизмі сақтала ма, оның әрекеті қалай өзгереді деген мәселені түсіндірген жоқ.

«Салықтың жиналуы үкімет жоспарынан төмен, ал ҚҚС қайтару міндеті жоғары болатындай ахуал қалыптасуы да мүмкін. Демек, ҚҚС негізінен шикізат экспортымен айналысатын ірі бизнеске қайтарылып, ал салық ішкі нарықта: саудада, сервис және басқа салада істейтін ұсақ компаниялардан алынуы мүмкін», — деді экономист.

Экономист және Zertteu Research директоры Шолпан Әйтенованың ойынша, ірі бизнестің салық ауыртпалығын шектеу шешімі шағын және орта бизнесте жоқ лоббистік күшпен де, төтенше жағдайларда пайдалану үшін қаржы резервін ірі бизнесте қалдыруды ойлаған мемлекеттің ниетімен де байланысты болуы мүмкін, былтырғы су тасқыны кезінде солай болған еді.

Әйтенова, сондай-ақ, мемлекеттің корпоративтік табыс салығын арттыруға әлеуеті бар екенін айтты, оны негізінен ірі бизнес төлейді. Қазақстан практикасында оның мөлшерлемесі 30 пайызға дейін жеткен кездер болды. Бірақ үкімет басқа бағытта ойлайды.

«ҚҚС — салық жинаудың ең жеңіл түрі. Оның үстіне көп заңнамалық актіні өзгертудің қажеті жоқ», — деп түсіндірді ол.

Өзара келісім жоқ

Тағы бір проблема — реформа жоспарлау кезінде түрлі мемлекеттік басқару деңгейінің арасындағы коммуникация.

Үкімет Салық кодексін өзгерту қажеттігі туралы 2022 жылы айта бастады. 2023 жылы қыркүйекте ол қосымша құн салығына 4 пайыздық тармақ қосып, 16 пайызға жеткізуді ұсынды. 2024 жылдың басында президент Қасым-Жомарт Тоқаев инфляция өседі, көлеңкелі экономиканы арттырады деп қауіптеніп, бұл идеяны қабылдаған жоқ. Бұның орнына ҚҚС логикасын қайта қарауды қажет деп шешті.

Бірақ 2025 жылғы қаңтарда үкімет мөлшерлемені 20 пайызға дейін көтеру және есепке алу шегін 78 миллион теңгеден 15 миллион теңгеге дейін төмендету идеясын ғана ұсынды. Сол кезде де президент мөлшерлеме көп екенін айтып, экономика саласындағы ерекшеліктерді ескере отырып саралануы керек деді. Нәтижесінде Ұлттық экономика министрлігі 16% туралы жариялады.

фото primeminister.kz

Әйтенова салық реформасын әзірлеудегі осындай жаңылысуды үкіметке шұғыл түрде бюджеттің «жыртығын жамау» қажет болып отырғанымен байланыстырады. Оның айтуынша, мемлекет қаржысын басқарудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында ҚҚС көтеру қарастырылған жоқ.

«Бұл үкіметтің эмоцияға құрылған, шұғыл саясатына ұқсайды. Бізде 2009 жылға дейін 20% мөлшерлеме болған. Бірақ ол кейін 12 пайызға дейін төмендетілді. Бұл контрциклдік бюджет саясатының аясында жасалды, уақыт өте келе үкімет бұны ұстанбайтын болды», — дейді Әйтенова.

Қаппаров та бюджет дағдарысын бәсеңдетуге арналған салық реформасының конъюнктуралы сипатын атап өтті.

«Бұндай тәсілдің болашағында плюстен гөрі минус басым. Басты сұрақтың бірі: ҚҚС көтеруден тұрақты нәтиже бола ма? Ол проблеманы шеше ме, әлде кейін тағы салықты көтеруге тура келе ме? Фискалдық саясатқа қатысты нақты бір түсінік жоқ», — дейді ол.

Бұл реформаның құбылмалы болуы, оны түсіндіру үшін өңірлерге жасалған сапарлар, Әйтенованың пікірінше, қоғамның реакциясына байланысты.

«Үкімет қазір өртті сөндіріп, шиеленісті бәсеңдетіп жатыр, бірақ шешімінен бас тартып отырған жоқ. Біз шешім қабылдар алдында ұсыныстарды жинау, реформаны модельдеу және оны талқылау секілді жария саясаттың классикалық циклін байқаған жоқпыз», — деді сарапшы.

Ол да Қаппаров сияқты ҚҚС көтеру шешімі есепке сүйенбей, ұзақ мерзімді экономикалық саясатпен байланыссыз қабылданды деп санайды. Өңірлерде түсіндіру жұмыстары жүргізілгеннен кейін де реформа түсініксіз күйінде қалды.

фото primeminister.kz

Қаппаровтың айтуынша, әсіресе, ҚҚС мөлшерлемесін саралау логикасы түсініксіз күйі қалды: «Өзгелерге қарағанда көбірек шағымданған салаларға жеңілдік берілетін сияқты көрінеді. Ал бұл қойылған міндетке қалай әсер ететіні үлкен мәселе. Егер біраз сала шығып қалса, мемлекет қанша салық жинай алады? Осы жағы әзірге түсініксіз».

Әйтенованың айтуынша, табиғи фискалдық саясат логикасына сүйенетін болсақ, Қазақстан шынымен салықты көтеруі керек. Бірақ бұны ертерек, экономика дағдарыстан шыққан сайын іске асырып отыру керек еді. Осының арқасында мөлшерлемені біртіндеп көтеруге болар еді, онда қоғамда қазіргідей қарсылық тумас еді.

Әйтпесе Қазақстан 2008 жылғы дағдарыстан кейін ұқсас реформаны іске асырған Ұлыбритания тәжірибесін қайталауы мүмкін. Ел үкіметі біраз салаға мөлшерлемені саралап қоюды қарастырды, бірақ бұл инфляция және халықтың өмір деңгейінің төмендеуі түрінде жағымсыз әсер берді.

«Қазақстанның жағдайында қандай әсер болатынын болжау қиын. Есепке алу шегі қатты төмендетілетінін ескерсек, салық жинау артады. Бірақ бұл қаншалықты орынды деген сұрақ туады. Салық түсімінің құрылымында ҚҚС үлесі 26%. Еуроодақта ол жоғары мөлшерлеме бойынша 30%. Бұл арқылы нені көздейтініміз түсініксіз», — деп қорытты ол.