4703
14 февраля 2022
Назерке Құрманғазинова, Vласть

Қаңтар оқиғасына 40 күн. Рұқсат етілген әйелдер шеруі. Жұмысшылар шеруінің нәтижесі

Өткен аптадағы наразылық акциясына шолу

Қаңтар оқиғасына 40 күн. Рұқсат етілген әйелдер шеруі. Жұмысшылар шеруінің нәтижесі

13 қаңтар, жексенбі күні Алматыда қаңтар оқиғасының құрбандарын еске алу акциясы өтті. Еске алу шарасы өткен Республика алаңына 500–600 адамдай жиналды. Олар қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болған азаматтарға құран бағыштап, Тәуелсіздік монументіне гүл шоқтарын қоюмен қатар, майшам да жақты. Кейін ортаға микрофон қойып, жиналғандар кезек-кезек сөйлей бастады. Ортада жиналғандар “Халық террорист емес” деген жазуы бар үлкен плакат ұстап тұрды.

Құрбандарды еске алу

Алаңға қаңтарда қаза тапқан, қамауға алынған азаматтардың туыстары да келді. Олар жақынының жазықсыз екенін айтып, әділ тергеу жүргізуді, түрмедегі азаптауларды тоқтатуды талап етті. Сонымен қатар, еске алу шарасына қоғам белсенділері де келіп, билікке талабын айтты.

Демократиялық партияның жетекшісі Жанболат Мамай қаңтар оқиғасында қаза тапқандардың отбасына өтемақы төлеу керек деп есептейді. Сонымен қатар, ол саяси партияларды тіркеуге, азаптауға кінәлі құқық қорғау органдарын жазалауға шақырды.

Саясаткер, бизнесмен Болат Әбілов Тұңғыш Президент туралы заңның күшін жоюға және Нұрсұлтан Назарбаевты барлық артықшылықтан айырып, Алматыдағы Назарбаев даңғылын "Қантар" атауымен атауға шақырды.

Республика алаңында және оның айналасында сағат 12:00-де интернет бұғатталды. Алаңды жан-жақтан полиция қызметкерлері бақылап тұрды, көлік қозғалысы тоқтатылған жоқ.

Фото авторы: Алмас Қайсар

Еске алу шарасында Денис Станчук есімді азамат арт-перфоманс өткізді. Ол Тәуелсіздік монументінің артында жерге 227 ақ парақ төсеп, оның әрқайсына алма қойды, 227 парақ билік ресми түрде атаған қаңтар оқиғасында қайтыс болғандардың санын білдіреді. Ол Vласть тілшісіне “елде болып жатқан жағдайға үнсіз қалу мүмкін емес” екенін айтты.

Түстен кейін жиналғандар қала әкімі Ерболат Досаев шықпайынша, алаңнан кетпейтінін мәлімдеді. Оларға әкімдік өкілі Айдар Есенбеков пен қала прокурорының орынбасары Назар Ыбраймолдаев келіп, еске алу шарасы заңсыз митингіге ауысып бара жатқанын ескертті. Алайда жиналғандар билік талаптарын тыңдап, ұсталған үш адамды босатпайынша, алаңнан тарамайтынын айтты. Прокурор орынбасары оларды босатуға уәде беріп, азаптауларға қатысты өтініштері болса, прокуратураға жазуын ұсынды. Жиналғандар бұл ұсыныспен келісіп, алаңды босатты. Артынша он адам прокуратураға кетті.

Ал бұл күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев астанадағы “Әзірет Сұлтан” мешітінде қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болған азаматтардың рухына құран бағыштау рәсіміне қатысты.

Әйелдер шеруіне рұқсат берілді. Ал Талдыкөлге рұқсат жоқ

Алматы әкімдігі 8 наурызда қалада әйелдер шеруін өткізуге рұқсат берді. Биылғы шерудің тақырыбы – әйелдердің мемлекеттік басқару ісіне араласуы.

“Әкімдік митинг жайлы хабарлама мен шеру өткізуге өтінішті қабылдап, 9 ақпан күні “митингіге рұқсат етілгені” туралы жауап жолдады”, – делінген ұйымдастырушылардың ресми парақшасында.

Фото авторы: Дәнияр Мүсіров

Ұйымдастырушылар 7 ақпан күні жаңа өтінішін жолдаған. Бұған дейін былтыр қарашада феминистік бастама топ өкілдерінің шеру өткізу туралы тағы бір өтінішін әкімдік кері қайтарған еді, мұның себебін “қалада мерекелік шара жоспарланған” деп түсіндірген.

Биылғы 8 наурызда марш пен митинг ұйымдастыру комитетіне Фариза Оспан, Лейла Зулейха Махмудова, Татьяна Чернобиль, Мира Унгарова, Жәмила Қасымхан, Гүлзада Сержан және Жанар Секербаева ("Феминита" қазақстандық феминистік бастамасы), Елена Иванова ("FemPoint") және Арина Осиновская ("Қазфем") кіреді.

Былтыр әйелдер шеруі алғаш рет "әкімдікпен келісілді" (жаңа заңға сәйкес, бейбіт жиналыстар ескертілгеннен кейін өтеді және келісуді қажет етпейді) және шеруге мыңға жуық қатысушы жиналған болатын.

Ал астанадағы “SOS.Taldykol” бастамашылар тобы 12-13 ақпан күндері Кіші Талдыкөлді қорғау үшін бейбіт митинг өткізу туралы өтінішіне кезекті рет рұқсат берілмегенін хабарлады. Топтың хабарлауынша, бұған дейінгі 5 өтінішке де әкімдік бас тартып жауап берген. Ондағылар эпидемиологиялық жағдайға байланысты митинг өткізу мүмкін емес екенін айтқан.

Жұмысшылар шеруі

Қазақстанда ақпан айының басынан бері түрлі ұйымдардың жұмысшылары шеруге шығып жатыр. Шерудің басым бөлігі Маңғыстау облысында өтті, олар жалақыны көбейтуді талап етуде.

Сейсенбі күні Маңғыстау облысында KMG-Security күзет фирмасының қызметкерлері ереуілге шығып, жалақыны көтеруді және әлеуметтік кепілдік беруді талап етті. Осыған ұқсас талаптарды сәрсенбіде "Бұрғылау" ЖШС мұнай сервистік фирмасы, "Сары-Арқа" ЖШС теміржол компаниясы және "Маңғыстауэнерго" МКК энергетикалық кәсіпорнының қызметкерлері бейнеүндеулерінде айтып өтті. Сондай-ақ, ереуілге шығуы мүмкін екенін "Емир-Ойл" ЖШС және "РЦКУ-Актау" ЖШС мұнай-газ кәсіпорындарының қызметкерлері де ескертті.

KMG-Security қызметкерлерінің бірі Мұратбек Төлеген “Азаттық” тілшісіне былтыр жазда өткен ереуілдер қорытындысы бойынша жасалған шартты компания басшылығы орындамайтынын айтты. Сондықтан сейсенбі күні кешке олар ереуілге шығып, өздері орнатқан киіз үйде түнеген.

«Біздің жағдайымыз елордада орналасқан KMG-Security делдалдық қызметіне байланысты қиындап кетті. Ұйымымызды қайтадан «Өзенмұнайгаздың» құрылымдық бөлімшесіне айналдыруды сұраймыз. Сондай-ақ, жалақымыз 200 мың теңгеден кем болмауын және биылдан бастап есептелген 10 пайыздық үстеме ақыны төлеуді талап етеміз. Демалысқа шыққанда зиянды өндірісте жұмыс істегініміз үшін өтемақы төлеуді, азық-түлік пен логистикаға, балалардың жазғы демалысына жолдама, мүмкіндігі шектеулі балаларға 8 наурыз және 1 маусымда бір реттік сыйлықақы беруді сұраймыз. Сонымен қатар, жұмысшылардың қудаланбауын талап етеміз», – делінген жұмысшылардың ұжымдық хатында.

Дүйсенбі күні Ақтауда наразылыққа "МАЭК–Қазатомөнеркәсіп" ЖШС жұмысшылары шығып, жалақыны 100%-ға арттыруды талап етті. Екі күн митинг өткізгеннен кейін олар төрелік комиссияны күтіп, жұмыс орындарына оралды.

Сейсенбі күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев қызметкерлердің барлық талабын сараптап, кәсіподақтар мен компания иелері арасында диалог орнатуды тапсырды. Ал Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өңір тұрғындарын тұрақтылық пен диалогты сақтауға шақырды.

Қаңтардың аяғында жалақыны көтеруді талап етіп шеруге шыққан “Қазақтелеком” жұмысшыларының талабы орындалатын болды. Сәрсенбі күні «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев жаңа ұжымдық шартқа қол қойылғанын, бұл компанияның өндірістік қызметкерлерінің «еңбек табысын айтарлықтай арттыратынын» айтты. Сондай-ақ, оның айтуынша, әлеуметтік пакет те кеңейеді.

Жалақыны көбейтуді қарастыруға мүдделі екенін Air Astana компаниясы да білдірді. Әуе компаниясының баспасөз қызметі жолаушыларды ақпараттандыру және қызмет көрсету орталығының механиктері мен агенттерінің жалақысын қарастырып жатқанын хабарлады. Бұған дейін ҚазТАГ агенттігі Air Astana әуе компаниясының қызметкерлері жалақыны көтеруді талап етіп, митингіге шығуға дайын екенін хабарлаған болатын. Әуе компаниясының қызметкерлері барлық табысы «несие, тамақ, ұсақ-түйек шығындарды өтеуге ғана жететінін» айтқан.

Ал Жаңаөзенде бір апта бойы шеруге шыққан жұмыссыз азаматтарға байланысты Маңғыстау облысының әкімі ақпан айының соңына дейін 100 адам жұмысқа орналасатынын хабарлады. Әкімдіктің мәліметі бойынша, қазіргі таңда қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы «Өзенмұнайгаз» АҚ-да 100 және қызмет көрсететін серіктестіктерде 61 жұмыс орны ашылған. Бұл орындарға халықтың осал топтарына жататын азаматтарды жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр. Әкімдік хабарламасында арнайы комиссияның шешімімен ақпан айында қолданыстағы алгоритм негізінде кезекте тұрған 100 адам, жыл соңына дейін барлығы 400-ден астам адам жұмысқа орналасатыны айтылған.